Қазақстан үшін жаңа тарихи кезең туындап отыр

Kazakstan-640x350

          Бір ғана Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағының бүгінгі жағдайы өте күрделі. Өйткені XIX ғасырда Ресей мен Ұлыбритания империялары арасындағы тайталас ретінде көрініс тапқан «Ұлы ойынның» қазір, яғни XXI ғасырдың басында «Жаңа ұлы ойын» ретінде қайталана бастағаныны туралы пікірді әлемдік саясаттың ең беделді мамандары бірауыздан жария етіп жатыр.

     Бұл туралы түсінік тіпті анықтамалық басылымдарға да еніп үлгерген. Мәселен, Батыста өте танымал болып табылатын «Википедия» энциклопедиясында осы тақырыпқа қатысты мынадай сөздер бар: «Ұлы ойын дегеніміз – Орталық Азияда үстемдік ету мақсатында Британ империясы мен патшалық Ресей империясы арасындағы болған бәсекелестік пен стратегиялық қақтығысты суреттеу үшін қолданылатын термин… Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, «қырғиқабақ соғыс» басталысымен Америка Құрама Штаттары әлемдік держава ретінде Ұлыбританияның орнын басты… 1997 жылы Збигнев Бжезински «Үлкен шахмат тақтасы: Американың бірінші болушылығы және оның геостратегиялық императивтері» деген еңбегін жариялады, онда Ұлы ойынның XXI ғасырдағы версиясы туралы түсінік насихатталады». Яғни бұрын АҚШ президентінің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болған атышулы саяси қайраткердің өзі Орталық Азияның қайтадан әлемдік талас түйініне айналғанын растайды. Ал бұл аймақтың бүгінгі күндегі ең маңызды мемлекеті – Қазақстан. Демек, басты талас біздің елімізге экспансия таратып, ықпал жүргізу үшін болмақ.

     Осы орайда мынаны да айта кету керек. Ресми Астананың сыртқы саясаты туралы тұжырымдардың бірі «ол Ресей, Қытай және АҚШ үшеуінің Орталық Азия мен Қазақстанға өз ықпалын таратпақ болған ұмтылыстарын өз мақсаты үшін мейлінше тиімді пайдалануға тырысады» дегенге саяды. Әрине, бұл — жақсы нәрсе. Бірақ ұлы мемлекеттердің аты – ұлы мемлекет. Олар ерте ме, кеш пе өз дегендерін істетпей қоймайды. Тарихтың сабағын естен шығармаған жөн.

 Бәрі де экономика байланысты

      Осыдан 200-300 жыл бұрын қазақ билеушілерінің көрші екі алып державаның өзара бәсекесін пайдаланып, біресе біреуінің, біресе екіншісінің ыңғайына көнген болып, тәуелсіздікті сақтап қалмақ болған саясатынан түбінде не шыққаны белгілі. Ақырында бұлардың сол кездегі күші басым болғаны үш жүзді де өз қол астына алып, бағындырды. Ол уақытта Ресей бірте-бірте күшейіп, Қытай бірте-бірте әлсіреп бара жатқан. Осы үрдіс XVIII-XIX ғ.ғ. барысында жалғыз Қазақстан ғана емес, бүкіл Орта Азияның тарихи дамуы барысына шешуші әсерін тигізді. Ол кезде де аймақ үшін таласқан үшінші алып держава да болған. Айтқалы отырғанымыз – Ұлыбритания. Ол оңтүстік жақтан Кашмир мен Ауғанстанға дейін келді. Британдықтардың бұдан берірек келуіне Ресей жол бермеді.

     Қазір Орталық Азия мен Қазақстанға Ұлыбританияның орнына үшінші ұлы держава ретінде ықпалын жүргізуге талпынатын күш – Америка. АҚШ – бүгінгі таңда Қазақстан экономикасына ең көп инвестиция құйған ел.

     Бірақ американдықтардың бұнда көптеп келіп, ел өміріне тікелей араласа бастауға құлығы жоқ. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, АҚШ Ресей мен Қытайға бәсекелес болып табылмайды. Аймаққа, оның ішінде, әсіресе, Қазақстанға тікелей ықпалын жүргізуге талпынатындар американдықтар емес, көрші екі ұлы держава. Ресей мен Қытай. Сондықтан осыдан 200-300 жыл бұрынғы жағдай қайталанып жатыр десе де болатын шығар.

     Тек сол уақыттағымен салыстырғанда, бір ғана айырмашылық бар.  Қазір енді барған сайын күші өсіп, қанаты кеңірек жайылып жатқан Ресей емес, керісінше, Қытай. Бастысы – экономикалық даму көрсеткіші.

     2013 жылдың қорытындысы бойынша Қытайдағы ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) көрсеткіші 9 трилл. 240,270 млрд. долларды, Ресейдегі ЖІӨ көрсеткіші 2 трилл. 096,777 млрд. долларды, Қазақстандағы ЖІӨ көрсеткіші 224,415 млрд. долларды құраған. Бұл сол уақытта Қытай экономикасы Ресей экономикасынан 4,5 еседей Қазақстан экономикасынан 41 еседей үлкен болған дегенді білдіреді. Ресей экономикасы, өз кезегінде, Қазақстан экономикасынан 8 еседен астам үлкен болған.

 Қытайлықтар әлемде 2-інші орынға шықты…

      Сол өткен 2010 жыл барысында Қытай экономикасының көлемі жағынан әлем бойынша екінші орынға шықты. Оның даму барысы көрсеткіші — айтарлықтай ірі экономикалардың ішінде дүние жүзі бойынша ең жоғары көрсеткіш.

     2010 жылдың нәтижесі бойынша, ол Жапония экономикасынан басып озып, әлем бойынша 2-інші орынға шыққан. Оның алдында қазір тек АҚШ экономикасы ғана қалған екен.

     Физикада массасы үлкен дене өзіне массасы кішкене денені тартады деген түсінік бар. Бұл экономикалық географияға да тән құбылыс болса керек.

     Мәселен, Ресеймен жүздеген жылдар бойы бір мемлекетте болған тарихы бар Украинаның өзі Мәскеу ұсынған Кеден одағы және Еуразиялық экономикалық одақ идеясына онша қызықпай, ақыры Еуропалық Одақ құрамына кіруге ынтығып отыр. Өйткені 2013 жылдың қорытындысы бойынша, ол жақтың жалпы экономикасының көлемі 17 триллион 350,853 млрд. долларды құрайды. Ал Ресейдікі –  2 трилл. 096,777 млрд. доллар ғана.

     Сол сияқты Қазақстан экономикасын қазірдің өзінде Қытай экономикасы Ресей экономикасынан гөрі қаттырақ тарта бастады. Әзірге бұл процестің қарқынды дами бастауын тежеңкіреп отырған екі тарихи жайт қана бар. Бұл – біріншіден, Қазақстан экономикасы мен Ресей экономикасының бұрыннан келе жатқан тығыз байланыстары. Екіншіден, Қытай Халық Республикасының біздің елімізбен қаптарлас аудандарының кейінгі уақытта ғана дұрыстап дами бастағаны.

 Қытайдың «Батысты дамыту саясаты»

      Бірақ бұл екі жайт та ендігі жерде өзінің маңызын бірте-бірте жоғалта бастамақ. Өйткені Ресейдің Қазақстанмен шектес Сібір аймағындағы облыстарының өзі қазір Қытай экономикасының ықпалына түсе бастады. Бұны  бір деңіз.

     Екіншіден, ҚХР басшылығы қазір елдің батыс бөлігіндегі аудандарды дамытуға көп күш жұмылдырып жатыр. Бұл туралы «Батыс Қытайдың әлеуметтік және экономикалық атласы» (“A Social and Economic Atlas of Western China», Compiled by Jin Fengjin and Qian Jinkai, China Intercontinental Press) деген жинақтың оқырмандарға арналған алғысөзін жазған Қытай Ғылым Академиясының академигі  Чень Шупень былай дейді: «Батыс Қытайды дамыту – Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитеті мен Мемлекеттік Кеңесінің жаңа ғасырға арнап дайындаған стратегиялық бағдарламасы». Бұл стратегия қазірдің өзінде қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр.

     Иә, осы мемлекеттiң Еуропа және КСРО мен ТМД ауқымындағы байырғы түсiнiктерге негiзделген бiздiң санамызға таң көрiнетiн бiр ерекшелiгi осынадай. Ондағы дамыған аймақтар батыста емес, шығыста орналасқан.

     Ал мемлекеттiң қазба байлықтары, ормандары мен гидроэнергетика ресурстарының басым бөлiгi дамуы жағынан кейiнде қалған болып есептелетiн батыс аймақтарда шоғырланған. Бiздiң елiмiз құрамынан кеше ғана шыққан бұрынғы патшалық Ресей мен кейiнгi КСРО ауқымында аз ұлттардың басым бөлiгi шығыс пен оңтүстiк жақта орналасқан болса, Қытайда ондайлар, керiсiнше, батыс пен солтүстiк жақта орналасқан. Басқаша айтқанда, бәрi тура керiсiнше.

     Уақытында патшалық Ресей мен КСРО экономикалық даму барысын батыстан шығысқа қарай таратса, қазiр Қытай тап сондай үрдiстi шығыстан батысқа қарай қарқындата дамытып жатыр. Және де ҚХР үкiметiнiң «Батысты дамыту саясаты» деп аталатын бағдарламасы қамтитын Қытай Батысы дейтiн атау жалпылама кеңiстiктi емес, тура нақты географиялық және саяси-экономикалық аумақты бiлдiредi.

     Ол 12 провинциалдық бiрлiктен (яғни провинциядан және автономиялық ауданнан) тұрады. Олардың жалпы көлемi 6,86 млн. шаршы километрдi құрайды. Бұл дегенiңiз — бүкiл Қытай Халық Республикасы жерiнiң 71,45% немесе үштен екiден астамы. 2001 жылдың аяғына таман осыншама ғаламат кеңiстiкте 364,5 млн. адам тұрған. Бұл — КХР халқының 28,1%. Яғни үштен бiрiне де жетпейдi.  Бұл — Қытай мемлекетінің стратегиялық резерві.

     Ол елдің батыс аудандары, оның ішінде, мәселен, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы экономикалық дамуы жағынан Орталық Азияның барлық мемлекеттерінің алдына шыққан кезде 2 жақ – ол жақ пен бұл жақ – арақатынасының жағдайы өзгереді. Осы шақта жалпы Қытайдың біздің аймаққа, оның ішінде Қазақстанға да, тікелей экономикалық ықпалын тарата бастайтын уақыты келмек. Бұндай жағдай алдымен еліміздің шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарында қалыптаспақ. Одан соң осы үрдіс әрі қарай тарамақ.

      Ақас ТАЖУТОВ,

№50-51, 2014 ж.