Арпа-бидай ас екен. Қазақстан ұлы бидай өндiрушi держава статусын сақтап қала ала ма?!

graos

 Дүниежүзілік сауда ұйымына кірер алдындағы еліміздегі ауыл шаруашылығының жағдайы туралы әңгіме

 Жақында Дүниежүзілік сауда ұйымыың (ДСҰ-ның) бас директоры Роберто Азеведо келер жылдың басында Қазақстанды ұйымға қабылдау туралы шешімнің жариялануы мүмкіндігін мәлімдеді. Бұрындары жарияланып жүрген ресми мәлімдемелерге қарағанда, біздің еліміз онда Ресеймен бірге қатар кіруге тиісті болатын. Бірақ ресми Мәскеу бұл шаруаны бізден бұрын және өз бетінше шешіп алды. Ресми Астана әзірше осы орайда одан қалып келеді. Бұл жерде, басқасын былай қойғанда, бір «гәп» бар. ДСҰ-ның белді-белді мүшелерінің Қазақстанның алдына оны осы ұйымға крігізерден бұрын қойған басты шарттарының бірі еліміздегі ауыл шаруашылығы жағдайына қатысты болатын. Бұрындары «Ауыл» бағдарламасының ойдағыдай орындалғанын жария етілген. Уақытында бұның да, Жер кодексінің де қабылдануы Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болып кіруге дайындығы ауқымында жүзеге асырылған. Орысша айтқанда, бұның біріншісін «пряник», екіншісін «кнут» деп бағалауға келетін сияқты. Олай болса, «пряниктің» заманы өтіп, енді «кнуттың» ғана уақыты қалған сияқты. Және осы кейінгіге Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі нәтижесінде пайда болатын қосымша мәселелер қосылмақ.

     Осы мәселелер тек Қазақстанға ғана емес, барлық дамып келе жатқан елдер қауымдастығына тікелей қатысты. Солар туралы әңгіме   — кезінде Гонконгте өткен ДСҰ-ның алтыншы министрлік конференциясында талқыланған басты тақырып болды.  Қазақстанға осының бәрінен келіп-кетер не бар екен? Соған назар аударайық.

     Бiздiң лауазымды адамдар Қазақстандағы қоғамдық пiкiрдiң ДСҰ-ға кiру қадамына қатысты қауiбiн сырттан шақырылған ақылшылардың тұжырымдарына сүйене отырып сейiлткiсi келедi. Бiрақ бiздiң, яғни қазакстандық жұртшылықтың, «Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледi», — деген атадан калған ескертудi ұмытпағанымыз жөн. Бiз, онын iшiнде қазақтар, аштықтан көп қасiрет шеккен халықпыз.

     Бiзде «Арпа-бидай ас екен, алтын-күмiс тас екен», — дегендей атадан қалған ақылды сөздер бар. Сондықтан алысқа бармай, осы арпа-бидайдың, жалпы ауылшаруашылықтың жағдайын ДСҰ-ға кiру перспективасымен байланыстыра отырып қарайық. Бiздегi лауазымды адамдар осы ұйымға кiруге байланысты ең болмаса сол егiн шаруашылығы мен мал шаруашылығына қатысты Қазақстанға қандай талаптың қойылып отырғанын да ашықтан-ашық айтпайды. Бiр бiлетiнiмiз – осыдан біраз уақыт бұрын 3-жылдық ауыл шаруашылығы кезеңiнің болып өткені. Оның барысында экономиканың осы саласына 150 млрд. теңгедей көмек көрсетiлетiнi айтылған. Кейін шындығында осы көмектің көлемі 200 млрд. теңгеге жеткен деген хабар таратылды. Дұрыс делік. Ал енді соның нәтижесі қандай? Және әрі қарай не болмақ?

Шындығында осы тұсқа дейiн бiздiң ел алдымен бүкiл әлемдегi мұнай не басқа бiр табиғи шикiзатты өндiрушiлердiң емес, ауылшаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiлердiң қуатты конкурентi ретiнде танылды. Осының дәлелi ретiндегi мына бiр таблицаға назар аударып көрелiк.

2010 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегi ең iрi бидай экспортерлерi (UN Food and Agriculture Organization ұйымының мәлiметтерi бойынша құрастырылған):

1. АҚШ 35,4 млн. тонна
2 Франция 19,2 млн. тонна
3 Канада 17,5 млн. тонна
4 Австралия 13,5 млн. тонна
5 Аргентина 8,5 млн. тонна
6 Украина 5,5 млн. тонна
7 Қазақстан 5 млн. тонна
8 Ресей Федерациясы 4 млн. тонна
9 Түркия 3 млн. тонна
10 Бразилия 1,1 млн. тонна

      Өзiңiз байқағандай, Қазақстан әлемдегi сыртқа ең көп бидай сататын ең iрi 7-лiктiң iшiндегi жалғыз ғана Азия мемлекетi. Осы жетiлiктiн iшiндегi озық дамыған ұлы экономикалық державалар қатарына жатпайтын екеуi-ақ бар. Олар – Аргентина мен Қазақстан. Бiрақ Аргентинаның әлемдегi ең iрi бидай жане ет өнiмдерiн өндiрушiлер қатарына кiргенiне 100 жылдан асты. Бұл – бiр. Екiншiден, ол Оңтустiк Американың жерiнiң көлемi жағынан екiншi орын (Бразилиядан кейiн) алатын мемлекетi. Үшiншiден, ол халқының саны жағынан алғанда да, Қазақстаннан әлдеқайда iрi мемлекет.

     Ал бидай өндірушілердің ішінде Қазақстан он екінші орынға ие көрінеді. Осыған қатысты мәліметтерді мына таблицадан көруге болды.

Елдер Өнім (1000 млн. тонна)

1

Еуроодақ

155,401.00

2

Қытай

126,000.00

3

Үндістан

95,910.00

4

Ресей Федерациясы

59,000.00

5

АҚШ

55,129.00

6

Канада

27,500.00

7

Пәкістан

25,000.00

8

Украина

24,500.00

9

 Австралия

24,000.00

10

 Түркия

15,000.00

11

Иран

13,000.00

12

Қазақстан

12,000.00

13

Аргентина

12,000.00

14

Египет

8,200.00

15

Өзбекстан

7,150.00

     Қалай болғанда да, Қазақстан өте маңызды бидай өсіруші және оны экспорттаушы болып табылады. Ал халықаралық рынокта осындай маңыздылықты мемлекеттің қолдауысыз сақтап қалу мүмкін емес.

     Жоғарыдағылардың өз ауыздарынан шыққан сөздерге қарағанда, ендігі жерде субвенциялық көмек доғарылуға тиiс. Неге? Өйткенi Қазақстан ДСҰ-ға кiргеннен кейiн мемлекет ауыл шаруашылығын дотациялаудан бас тартуға мiндеттi екен. Осыған қарап, бұны осы ұйымға кiретiн барлық мемлекеттер үшiн ортақ талап екен деп ойлап қалуға болады. Бiрақ iс жүзiндегi жағдай тiптi басқаша. Еуропалық Одақ өзінің аграрлық секторына жылына 45 млрд. евро көлемінде жәрдем береді. Ал АҚШ-тың бұндай көмегі 60 млрд. долларға жетеді екен. Әлі ДСҰ-ға кіріп үлгермей жатып-ақ Ресей оған мүше болған күнде өзінің аграрлық секторына жылына 13 млрд. доллар көлемінде жәрдем беріп тұру құқығын сақтау туралы келісімге қол жеткізген. Ал ауыл шаруашылығына тиесілі жерінің басым бөлігі қуаң Қазақстан ол ұйымға өз диқандары мен малшыларына ешқандай да көмек көрсетпеу міндеттемесін ала отырып, кіргелі жатқан көрінеді. Біздің лауазымды адамдардың бүйткен батырлығының еліміздің аграрлық секторына тигізер салдары ауыр болмақ.

     Өйткені ДСҰ-ның Гонконгтағы конференцияда АҚШ пен ЕО сияқтылар мемлекет тарапынан берілетін аграрлық субсидиядан жуық арада бас тартуға көнген жоқ. Америка мен Еуропаның өз аграрлық секторларына беретін осындай көмегі жуық арада сақталып қала бермек. Ресей де өз дихандары мен малшыларына миллиардтаған доллар көлемінде жәрдем беріп тұру құқығын пайдаланбақ. Ал ДСҰ-ға әне-міне дегенше кіріп кетейін деп отырған Қазақстандағы аграрлық сектор сондай көмектен жұрдай болып қағылмақ.

     Гонконгта қабылданған нақты шешімдерден Қазақстан шаруаларының ішіндегі ұтары тек мақташылар ғана болар. Өйткені мақта өндірісі мен экспортына қатысты бүкіл субсидия 2006 жылдан бастап жойылған. Ауыл шаруашылығының қалған салаларына қатысты осындай шешім алдағы уақытта ғана күшіне енбек. Ал ДСҰ-ға Қазақстан жуық арада-ақ кіреді. Сондықтан оның ауыл шаруашылығының негізгі екі саласы – егіншілік пен малшылық – салған жерден сырттан келетін экспортқа әділ бәсекелестікке жол ашып, өз импортына қатысты сондай әділдікті алдағы бір уақытқа дейін күте тұруға көнбек.

     Жеті жылда кім бар, кім жоқ дегендей. Әсіресе, өткен тарихымызда небәрі екі-үш жылдың ішінде (1931-1933 ж.ж.) осы ауылшаруашылығына қатысты сырттан таңылған өзгерістердің кесірінен халқымыздың жартысына дейінгісі аштан қырылып, қалғаны тоз-тоз болып жан сауғалап, жан-жаққа тарап кеткенін ескерсек… Қазір XXI ғасырдың басы дегенмен, әлемде аштық жойылған жоқ. Жылына талай миллиондаған адам оның қорлығын көріп жатыр.

     Қазақстандағы жағдай тіпті Ресейдегідей де емес. Ол елде қуаңшылық жоқтың қасы. Қалғанын былай қойғанда картоп кез келген дерлік жерде өседі. Және суару мен айрықша күтімді онша қажет етпейді. Ал Қазақстанда мемлекеттің көмегісіз немесе ірі-ірі агроөнеркәсіптік негізсіз ауыл шаруашылығын әлемдік бәсекелестік деңгейінде ұстап отыру тіпті мүмкін емес. Демек, көш жүре-бара түзелді дегенше, Қазақстанның ауыл шаруашылығында көп нәрсе қайта қалпына келместей болып өзгеріп кетуі әбден мүмкін.

     Мал шаруашылығында қазірдің өзінде бұрынғы экспорттық мүмкіндіктен ештеңе дерлік қалмаған. Жәндік басы күрт қысқарды. Ал егін шаруашылығының жағдайы қалай дегенде де артығырақ болған. Соңғы 20-25 жыл iшiнде қатты өзгерiстерге ұшырағанмен, Қазақстан бидай өндiрушi және эскпорттаушы ретiнде әлемдегi өз позициясын сақтап қалған. Басқаның емес, тап осының арқасында еліміздегі аграрлық сектор негізінен экономикалық сала ретінде әзірше сақталып отыр. Ал бұндай аз да болса қолайлы жағдайдың қалыптасуы мынадай екі себептің арқасында мүмкін болған. Біріншіден, ол — Қазақстанның мемлекет ретінде өз ішкі рыногын сырттан келетін аграрлық тауарға толық түрде және жергілікті өніммен тең құқықтық негізде әзірше жол аша қоймауы. Екіншіден – мемлекеттің өз дихандарына аз да болса қолдау көрсетіп, тиісті жағдай жасауы.

     Қолдаудың осы екі түрі де Қазақстан ДСҰ-ға мүше болып кірген сәттен бастап жойылмақ. Одан кейін біздің бидай өндірушілер дамыған елдердегі мемлекет көмегін алатын әріптестерімен тең дәрежеде бәсекелесу қабілетін сақтап қала ала ма? Бұндайда бір-екі жыл шыдаудың өзі өте қиын болмақ. Өйткені сырттағы рынок түгілі, ішкі рыноктың өзінде бәсекелестер бірден көбейіп шыға келмек. Іс жүзінде Қазақстанды бидай экспорттаушы елден соны импорттаушы елге айналдыруға тегеурінді талпыныстың болары айқын. Сондықтан алдағы кезеңде біздегі тек егін шаруашылығы ғана емес, бүкіл аграрлық сектордың тағдыры басқаша болып шешіліп болуы мүмкін.

 Ақас ТАЖУТОВ,

№50-51, 2014 ж.