АЛДА КӨП ІС КҮТІП ТҰР

1449117478_a_0

Жаңа Үкімет үшін болашақтағы жағдайдың оңай болмасы анық

      Бұрынғы Министрлер кабинетінің отставкаға кеткеніне, міне, бір ай болыпты. К.Мәсімов басшылық ететін жаңа Үкіметтің іске кіріскеніне де алдағы бір-екі күнде соншама уақыт толады. Артқа көз жүгіртіп қарасаң, осы қысқа кезең ішінде көп өзгерістер болып үлгерген сияқты көрінеді.

     Қазіргі премьер-министр осы 30 шақты күннің ішінде, мәселен, белгілі бір мөлшерде тұрақталған табыс салығының белгіленетінін, алдағы 2008 жылдан бастап жалпыға бірдей табыс туралы декларацияны тапсыру тәртіптің енгізілетінін және мемлекеттік тілге қатысты комиссияға өзінің төрағалық ететінін жария етті. Бұның әрқайсысы — өз алдына үлкен жаңалық. Бірақ жаңа Үкімет пен оның басшысын болашақта бұдан әлдеқайда көп іс күтіп тұрған болса керек.

     Бір-екі күнде бүгінгі Министрлер кабинетінің алдағы үш жылға арналған бағдарламасы жария етілмек. Оның осы уақытқа дейін жүргізілген экономикалық саясатпен сабақтас болары хақ. Өйткені бұрын істелген істер өз жалғасын және қордаланған мәселелер өз шешімін табуға тиіс.  Сондықтан осы қалыптасқан жағдайға көз жүгіртіп көрелік.

     Даниал Ахметов басқарған Министрлер кабинеті Қазақстан Республикасы тарихындағы билік басында ең ұзақ отырған Үкімет болды. Оның алдында премьер-министр болған И.Тасмағамбетов өзінің отставкаға кетуге шешкенін 2003 жылғы маусым айының 11-і күні жария еткен. Д.Ахметов осындай мәлімдемені үстіміздегі жылғы қаңтардың 8-і күні жасады.

     Осы екі аралықта 3 жыл, 6 ай және 28 күн өткен екен. Бұл аз уақыт емес. Аталмыш кезең барысында нендей істер тындырылды?

     Бүгінде осындай сұрақтың қойылуы да, оған қатысты жауаптардың іздестірілуі де орынды болар. Өйткені кезекті Үкіметтің отставкаға кетуі ел тарихындағы белгілі бір кезеңнің аяқталғанын білдіреді ғой. Олай болса, оның көтерген бастамалары мен істеген істерінің жағдайына көз жүгіртіп көрелік.

     Кез-келген елдің жалпы әлеуметтік-экономикалық жай-күйін сипаттайтын басты екі нәрсе бар. Олар – ішкі жалпы өнім мен инфляция көрсеткіштері. Соңғы үш премьер-министр – Қ.Тоқаев, И.Тасмағамбетов және Д.Ахметов – Үкімет басында болған жылдар барысында, яғни 1999 жылдың аяғы мен 2007 жылдың басына дейінгі аралықта Қазақстан экономикасы күрт даму үстінде болды.

     Бірақ алдыңғы екі үкіметбасы тұсында ІЖӨ (ішкі жалпы өнім) көрсеткішінің ұлғаюы бағалардың шектен шыға өсуіне әкеліп соқтырған жоқ. Ал Д.Ахметовтың кезеңінде олар тіпті шарықтап кетті. Бұл құбылыс, әсіресе, соңғы екі жыл барысында қатты байқалды. Ел экономикасы әлі де болса қарқынды түрде дамып жатыр. Бірақ сонымен қатар қымбатшылық дендеп барады. Оның үстіне кейінгі кезде еліміздің сыртқы қарызы бұрын-соңды болып көрмеген деңгейге дейін өсіп шыға келді. Осындай жайттер жақын болашақта-ақ Қазақстанның экономикалық дамуы екпінінің бәсеңдеуіне себепші болуы әбден мүмкін.

 «Арық айтып, семіз шығу»

      Оның қарқыны қазірдің өзінде біршама тежеле бастаған сияқты. Қалай дегенде де, соңғы екі-үш жылдағы экономикалық дамуымыздың бірқатар көрсеткіштері бұрынғы Үкімет күткендей болып шықпаған сияқты. Оны мынадай салыстырмалы мысалдан көруге болады.

     Қазақта «Арық айтып, семіз шығу» деген бар. 2002-2003 жылдары премьер-министр болған И.Тасмағамбетовтің сөзі мен ісі осыған сай болғандай еді. Мәселен, ол осы қызметке кіріскен соң, өзі бастаған Үкіметтің 2002-2004 жылдарға арналған бағдарламасын ұсынып, онда «2004 жылы адам басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткішін 1600-1700 долларға дейін жеткізу» туралы міндеттеме алған. Бірақ оған тағдыр аталған уақытқа дейін премьер-министр орнында отыруды жазбаған екен. Дегенмен, И.Тасмағамбетов әлгі міндеттемені орындап үлгеріпті. Қазақстанда адам басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткіші 2003 жылдың басында, яғни сол премьер-министрдің өз тұсында-ақ 1658 доллар деңгейіне жетті. Демек, ол міндеттемені белгіленген уақыттан бұрын Үкімет басшылығынан кетсе де орындап шыға алған.

     Ал енді Д.Ахметовтың тап осы мәселеге қатысты айтқаны мен істей алғанына назар аударайық. 2004 жылғы мамырдың 18-і күні болған Үкімет отырысында премьер-министр Қазақстанның адам басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткіші ТМД елдері ішінде бірінші орынға шыққанын аса үлкен мақтанышпен жария етті. Бұнда тұрған ештеңе жоқ. Мәселе — оның сонда алдағы уақытқа қатысты айтқан сөзінде. Премьер-министрдің сол жерде «Мы будем опережать все страны СНГ уже начиная с этого года» дегені Казахстан по объему ВВП на душу населения выходит в лидеры среди стран СНГ», 18.05.2004 ж.) бүкіл ТМД елдеріне қыр көрсете жария етілген міндеттеме сияқты әсер қалдырды. Бірақ…

     Бірақ сол  2004 жылдың аяғында еліміздің аталмыш көрсеткіш бойынша Ресейден біраз кейін қалып қойғаны белгілі болды. Демек, айтылған сөзге іс сай болмай шықты. 2005 жыл барысында да Қазақстан осы жағынан Ресейге жете алмады. Ондағы нәтиже 5300 долларға жетсе, біздегісі 3700 доллар деңгейінде қалды. Сөйтіп, «Арық айтып, семіз шығу» емес, керісінше «Семіз айтып, арық шығу» болды.

     Соңғы үш жыл ішінде Үкімет қабылдаған бағдарламалардың жағдайы да осыған ұқсас күйге түскен сияқты. Мәселен, 2005-2007 жылдарға арналған тұрғын үй бағдарламасын алайық. Мемлекеттің осы бағдарлама бойынша мойнына алған міндеттемелері негізінен тек Алматы қаласында ғана жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, оның көптеген тұстары тіпті әлі де болса орындалған жоқ. Осының дәлелі ретінде осы құжаттың «Тұрғын үй құрылысындағы бір шаршы метрдің құнын төмендету», «Халыққа оның қалтасы көтере алатын баспана өткізу» және «Төлеуге қабілетті сұранысты дамыту» атты баптарын атасақ та жеткілікті болар. Иә, бағдарламада тым жақсы шаралар белгіленген. Бірақ Қазақстан бойынша олардың орындалуы барысына көпшіліктің көңілі толады деп айту қиын.

     Немесе индустриялық-инновациялық бағдарлама мен өз өндірісімізді дамыту арқылы импорттың орнын толтыру бағдарламасын алайық. Бұл екеуінің мақсаттары тұстас екені белгілі. Индустриялық-инновациялық бағдарлама экономиканы диверсификациялау және жаңарту мен бәсекелестікке бейім өнім түрлерін шығаруға жағдай жасау экспортты ұлғайтуды көздесе, импорттың орнын толтыру бағдарламасы сол импортты қысқартуды көздейді. Бұл екеуінің қабылданып, қолға алынғанына да біраз уақыт болды. Нәтиже тіпті де мәз емес болса керек.

 «Көрпеңе қарай көсілген» жөн

      Осындай тұжырым жасауға негіз болатын нәрсе – үстіміздегі 2007 жылға деп өткен жылғы күз қарсаңында бұрынғы Министрлер кабинетінің белгілеген импортының көлемі. Сол есеп бойынша, биыл сырттан сатып алынатын бүкіл тауардың бағасы 25,6 млрд. долларға жетуге тиіс көрінеді («ҚР Үкіметінің 2007-2009 жылдарға арналған орта мерзімдік салық саясаты», Қазақстан Үкіметінің 2006 жылдың 25 тамызында шығарылған қаулысы). Бұл — 2007 жылы 11879,8 млрд. теңгені немесе 94,3 млрд. долларды құрайды деп жоспарланған ішкі жалпы өнімнің шамамен 28 процентіне пара-пар ақша шығыны. Индустриялық-инновациялық және импорттың орнын толтыру бағдарламалары ойдағыдай жетістіктерге жеткен болса, бұрынғы Үкімет 2007 жыл барысында «осыншама көп қаржы шетелдік тауар өндірушілердің қалтасына түседі» деп белгілер ме еді?!

     2003 жылы И.Тасмағамбетов отставкаға кеткенде, орыс тілді журналистер «Наследство досталось новому правительству хорошее» деп жазған. Ал бүгінгі Үкіметке қандай мұра қалды? Ол үшін алдағы уақыттағы жағдайдың оңай болмасы анық. Бұны өткен жылғы күздің басында Парламенттің қарауына ұсынылған 2007 жылға арналған бюджеттің жобасынан-ақ байқауға болады. Оның кейбір тұстары көңілге кірбің ұялатарлықтай көрінеді. Мәселен, 2007 жыл барысында бюджеттің дефициті 133 млрд. теңгені немесе 1 млрд. 136 млн. долларды құрамақ көрінеді. Бұның қаншалықты көп ақша екенін көрсету үшін мынадай бір фактіні атай кетейік.

     Қазақстанның 2000 жылға арналған бүкіл бюджеті 2 млрд. доллар болған. Үстіміздегі жылы осының жартысынан асатындай мөлшердегі ақша бюджеттің шығыс бабында болғанмен, кіріс жағынан табылмайды екен. Яғни бұл жерде «көрпеңе қарай көсілу» жоқ. Үкіметтің шығыны өскеннің үстіне өсіп жатыр. Себебі инфляцияның тегеурінді теріс ықпалына ұшырап жатқан халықтың сатып алу қабілетінің құлдырап төмен түсіп кетуіне жол бермеу үшін мемлекет әлеуметтік төлемдер ретінде жұмсалатын және әлеуметтік бағдарламаларға кететін қаражаттың көлемін ұлғайтуға мәжбүр. Ал бұл шара, өз кезегінде, инфляцияны одан әрі ширықтырмақ. Өйткені ақша массасының ұлғаю қарқыны тауар өндіру қарқынының өсімінен де, импорттың орнын толтыру қарқынының өсімінен де әлдеқайда ілгері келеді.

     Бұл мәселемен тікелей айналысуға тиісті бұрынғы Үкіметтің оның оң шешімін таба алмағаны анық болса керек. Ұлттық мұнай қорында жиналып жатқан қаржы болашақта бола қалғандай қиын заман үшін сақталады дегенмен, оған деген сұраныс қазірдің өзінде өскеннің үстіне өсіп жатыр. 2006 жылы одан бюджетке деп трансферттер түрінде 77 млрд. теңге алынған. 2007 жылы тағы да 302 млрд. теңге алу жоспарланған.

     Сондықтан да экономика қарқынды түрде дамып жатыр және мұнайдан түскен табыс барған сайын көбейіп жатыр дегенмен, осының жемісі ретінде түсетін мемлекеттің табысы қолма-қол бөліске түсіп, тарап кетіп жатыр. Түбі бұның жақсылыққа апармасы хақ. Осы бір қиын жағдайдан шығудың амалын табу міндеті бүгінгі премьер-министр мен оның әріптестеріне ауыр жүк болып артылмақ.

Ақас ТАЖУТОВ

 

«ЭКОНОМИКА»,

№1(2), 2007 ж.