Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Ораза айт барлық отандастарымыздың бірлігін арттырады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан Маямеровпен кездесті.

 

Кездесу барысында еліміздің рухани өміріндегі өзекті мәселелер талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстанда діни ахуалдың тұрақты екенін, түрлі конфессия өкілдері татулық пен келісім жағдайында өмір сүріп жатқандығын атап өтті.

 

Сонымен қатар, кездесуде діни білім беру мәселесі қозғалды. Нұрсұлтан Назарбаев жастарға рухани-өнегелі тәрбие берудің маңыздылығына, сондай-ақ бұл салаға мейлінше мұқият талдау жүргізу қажеттігіне тоқталды.

 

Е.Маямеров Мемлекет басшысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қазіргі жұмысы жөнінде баяндады.

 

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің барша мұсылман қауымын  Ораза айт мейрамымен құттықтады.

 

– Қымбатты отандастар! Сіздерді Ораза айт мерекесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрам әлемнің барша мұсылмандары рухани тазаруға ұмтылатын Рамазан айының аяқталғанын білдіреді. Осы кезеңде қайырымды істер атқарып, біздің көмегіміз бен жанашырлығымызға зәру жандарға қамқорлық көрсетуге деген ізгі ниет пен ықылас арта түседі. Ислам адамзат баласын татулыққа, тыныштық пен тұрақтылыққа үндейді. Осынау биік құндылықтар тек мұсылман қауымын ғана емес, бүкіл Қазақстан халқын да ұйыстыра түседі. Сондықтан Ораза айт барлық отандастарымыздың бірлігін арттыратын мереке болып саналады. Қазақстан қоғамы өзінің бай рухани мұрасын, өзара сыйластық пен келісімге негізделген іргесі берік қарым-қатынастарын орынды мақтан тұтады. Барша қазақстандықтарды осы дәстүрлерді барынша нығайтып, жасампаз құндылықтарымызды әрдайым қастерлеуге шақырамын. Қасиетті Ораза айт халқымызға рухани серпіліс, шаңырақтарыңызға бақ-береке әкелсін! – деді Елбасы өз құттықтауында.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру