Валюта бағамы: $ 389.62 429.98 6.06 ¥ 55.08

МҰНАЙЛЫ ӨҢІР, ШЫРАЙЛЫ ӨМІР «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Бақыт Иманбаевпен сұхбат

Қазақстан Республикасының Президенті, Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған  биылғы  «Қазақстан жолы – 2050: Бір  мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының ұзақ мерзімдік  стратегиялық бағыттарының тұжырымдалғаны, сондай-ақ, жаңарған Қазақ елін әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосу міндеті қойылғаны белгілі. Тағы бір мерейлі сәт, Елбасының бастамасымен «Мәңгілік ел» идеясының өмірге келуі. Бұл абыройлы меже, асқаралы міндеттің биігінен көріну Елдігіміздің белгісі. Осы жолда қажырлы еңбек ету, бірлік пен бекемдікті сақтау, заманауи жаңашыл  үрдістерге тереңірек бой ұру қажеттілігі де қаперден шықпауы тиіс. Ең бастысы, ел экономикасын тұрақты дамыту. Мұнда әр аймақтағы алып компаниялардың атқаратын рөлі орасан зор. Сол үшін де біз қара алтынды аймақтағы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары  Бақыт Алтайұлы Иманбаевты әңгімеге тартқан едік.

 

 – Бақыт Алтайұлы, республикадағы мұнайлы өңірдің, шырайлы өмірдің  қайнаған қызу ортасында тірлік кешіп, бел шешіп еңбек етіп жатқан мұнайшылардың еңбегі әркезде де шынайы құрметке лайық. Осы орайда жарты ғасырлық тарихы бар алып компанияның қазіргі беталысы, кен орындарының игерілуі, өндірістегі жаңа жетістіктері хақында не айтуға болады?

 

Мемлекеттік кәсіпорын болып құрылғанына 50 жыл толған  «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ республикадағы ең ірі бес компанияның бірі. Осынша ғұмырында жер қойнауынан 214 млн. тоннадан астам қара алтын қазған кәсіпорын еліміз бойынша мұнайдың 8 пайызын, аймақ бойынша 31 пайызын өндіреді. Жылына өндіретін 6 млн. тоннадан астам мұнай, яғни шикізат түгелге жуық экспортқа шығарылады. Компания құрамында Оңтүстік Жетібай, Шығыс Жетібай, Асар, Айрантақыр, Оймаша, Солтүстік Аққар, Придорожное, Ащыағар, Солтүстік Қарақия, Бұрмаша, Алатөбе, Бектұрлы, Солүстік Придорожное барлығы 36 мұнай-газ кен орындары бар. Бұлардың 15-і өндіріске пайдаланылуда. Сондай-ақ, Каспий қайраңындағы бірақатар барлау телімдері мен еліміздің батыс өңірінде орналасқан кейбір кен орындары да акционерлік қоғам құрамына кіреді. Осынша ауқымдағы ірі компанияда қазір 4 мыңнан астам мұнай ұңғымасы жұмыс істеуде. Ал қор жағынан Жетібай мен Қаламқас ірі кен орындары болып саналады.

 

Компания тарихындағы елеулі жаңалық – қытайлық мұнай компаниясымен бірлескен кәсіпорын болуы. 2009 жылы Елбасымыз Н.Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао келісімдері негізінде екі елдің ірі мұнай компаниялары – «ҚазМұнайГаз»  ұлттық мұнай-газ компаниясы мен Қытайдың CNPC компаниясы бірлескен компания «Mangistau Investments B.V» арқылы біздің АҚ-ның 100 пайыздық акцияларын сатып алған еді. Қазір екі жақ пайданы тең бөліседі. Соңғы жылдар ішінде мұнай өндіру деңгейі оң екпінді байқатып келе жатқан «Маңғыстаумұнайгаз» осыдан он жыл бұрын 5 млн. тонна үстінде мұнай өндірсе, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 6  млн. тоннадан асты. Нақтырақ айтқанда, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның 2014 жылдың басынан бергі жұмыс өнімділігі тіпті артып, жарты жылдықтағы өндірістік көрсеткіштері төмендегідей болды:

 

№ к/н

Көрсеткіштер

     атауы

Өлшем бірлігі

2014 жылдың маусым айындағы ҰТШ орындалуы

2014 жылдың басынан ҰТШ орындалуы

жоспар

нақты

ауытқу

жоспар

нақты

Ауытқу

1

Мұнай өндіру

тн.

506 899

518 693

11 794

3 031 205

3 095 818

64 613

 

"Қаламқасмұнайгаз" ӨБ

тн.

347 000

347 033

33

2 089 177

2 090 366

1189

 

"Жетібаймұнайгаз" ӨБ

тн.

159 899

171 660

11 761

942 028

1 005 452

63424

2

Мұнай тапсыру

тн.

504 539

514 534

9 995

3 017 756

3 087 109

69353

 

"Қаламқасмұнайгаз" ӨБ

тн.

346 150

347 363

1 213

2 084 671

2 087 434

2763

 

"Жетібаймұнайгаз" ӨБ

тн.

158 389

167 171

8 782

933 085

999 675

66590

3

Ілеспегазынөндіру

мың. м3

26 103

27 513

1 410

151 973

162 518

10545,181

 

"Қаламқасмұнайгаз" ӨБ

мың. м3

8 675,0

8 675,4

0,4

52 230

52 259

29,15

 

"Жетібаймұнайгаз" ӨБ

мың. м3

17 428

18 838

1 410

99 743

110 259

10516,031

 

 

 

Мұнай өндіру бойынша негізгі жоспар 3 031 205 тонна болса, нақты өндірілгені 3 095 818 тонна, яғни ,64 613 тонна  жоспардан тыс  болды. Ал, мұнай тапсыру – жоспарланған 3 017 756 тоннадан 69 353 тоннаға артық орындалып,  3 087 109 тоннаға жетті. Ілеспе газын өндіру көрсеткіші бойынша 10 545,181 мың м3-қа артық орындалды. Болашақта бұдан да зор өнім өндіру ойымызда бар. Қысы-жазы боран, аптапқа қарамастан, қажырлықпен еңбек етіп жатқан мұнайшыларымызға өзіңіз айтқандай, қандай құрмет көрсетсітілсе де артық емес.

 

Сіздердің компанияларыңыз мұнай өндірісіне заманауи жаңа технологиялар мен озық әдістерді енгізу тәжірибесі жөнінен де республикада көшбастаушылық рөл атқарып жататындығын жиі естиміз. Енді осы жұмыстың жай-күйіне тереңірек  тоқталсаңыз?

 

Елбасымыз Үдемелі индусстриялық-инновациялық даму бағдарламасын  тегіннен-тегін қойып отырған жоқ. Қазақтың кең даласының асты да, үсті де тұнған байлық. Мақсат соны ел игілігіне жарату. Өз байлығымыздың рахатын өз еліміз көруі керек. Жыл сайын мемлекет қазынасына 25 млрд. теңгеден астам қаржы түсіретін компания соңғы үш жылда жергілікті бюджетке 711 млрд-тан астам салық, өзге де төлем түрлерін аударды. Мұның өзі жаңа технологияны өндіріске батыл енгізудің арқасында мүмкін болған шаруа.

 

Ашығын айту керек, мұнай өнімділігін арттыру ісіне біз осы заманғы озық әдіс-тәсілдерді, жаңа технологияларды енгізу арқылы қол жеткізіп отырмыз. Бұл біріншіден, еңбек өнімділігін арттыру арқылы өндірілген тауардың өзіндік құнын төмендетудің жолы, екіншіден, жұмысшы-қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апатты жағдайлар мен бақытсыздық оқиғалардың қатерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай озық әдістердің қатарына мұнай-газ қабаттарының арасын сумен ашу, тереңнен мұнай соратын бұрандалы насостар қою, болат құбырларды шыны-пластикалық құбырлармен алмастыру сияқты іс барысында өзін-өзі ақтаған жаңа тәсілдер жатады. Елімізде ең бірінші болып мұнай көздерін жоғары қысыммен жару тәсілін қолдануы да «Маңғыстаумұнайгаздың» батыл қадамдарының бірі. 1999 жылы Жетібайда, 2003 жылы Қаламқаста өндіріске енгізілген бұл әдіс өзінің тиімділігін көрсетті. Ғылым мен техниканың үздік жетістіктерін пайдаланып, мұнай қабатын сумен жару әдісінің арқасында 2012 жылы 90,4 мың тонна мұнай артық өндірілді. Осы тәсіл енгізілгелі бері кәсіпорын жыл сайын 200 мың тоннадан астам қосымша мұнай өндіріп келеді.

 

Осы орайда ескеретін бір жәйтке тоқтала кетейін. Үстіміздегі жылдың маусым айында Ақтау қаласында Мұнай-газ өнеркәсібінің Ұлттық Кластері Активінің Конгресі өтіп, онда мұнай-газ саласының және кластерлік бастама құрамының одан әрі даму іс-әрекеттері талқыланған болатын. Маңғыстау облысының әкімдігі мен ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы бірлесіп ұйымдастырған Конгресс жұмысына Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев, «Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ АҚ өкілдері және тағы басқа еліміздің мұнай-газ секторының құрамына кіретін кәсіпорындар өкілдері қатысқан болатын.

 

Сол Конгресте сөйлеген сөзінде аймақ басшысы Алик Айдарбаев: «Маңғыстау облысында мұнай-газ өндірісіне қызмет көрсету кластерін құру қажет. Оны одан әрі дамытуға өңірдің мүмкіндігі зор. Сонымен қатар, облысымыздағы алдыңғы қатарлы мұнай компаниялары мұнай өндіру көлемінің артқанын дәлелдеп отыр. Соның ішінде, «ескі кен орындар» қатарындағы Қаламқас, Өзен, Қаражанбастың өндіру көлемі жоғарылағанын атап айтқым келеді. Мұндай үрдіс «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ-дарындағы модернизациялаудың ауқымды бағдарламасы арқасында мүмкін болып отыр», деген еді өз ойын ашық айтып.

 

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның барлық өндірістік және технологиялық жұмыс процестері толықтай автоматтандырылған және компьютерлендірілген. Жаңа компьютерлік технологиялардың көмегімен кен орындарын өңдеу жағдайын талдауда әрі бақылауда ұстауға және сол арқылы мұнай беру деңгейін жер қойнауына барынша зиянсыз етуге мүмкіндік беретін мұнай мен газдың геологиялық және гидродинамикалық қазбалар кені жасалуда. Мұнай-газ саласында инновациялық технологияларды игеру және пайдалану мұнай өндіру мен салық түсімін арттыруға, адами капиталды және экономиканың сабақтас салаларын дамытуға байланысты елеулі әлеуметтік-экономикалық тиімділікке қол жеткізді. Көлденең ұңғымаларды бұрғылау мұнай өндірудің ең тиімді инновациялық әдістерінің бірі болып табылады. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ өндірістік бағдарламасы бойынша 2013 жылы 46 көлденең ұңғымалар бұрғыланды. Сонымен қатар, мұнай өндіруді ұлғайтудың негізгі себебі ұңғымаларды тік бұрғылау болып табылады – жоспардағы 75 ұңғыманың орнына нақты 76 ұңғыма бұрғыланды. Нәтижесінде қосымша 175,8 мың тонна өнім алынды, ал қабатты сумен жару әдісі арқылы қосымша өндірілген мұнайдың көлемі 98,5 мың тоннаны құрады.

 

Бүгінгі таңда жаңа инновациалық жобаларды жүзеге асыру жалғасуда, геологиялық зерттеу саласы бойынша жоспарлауды автоматтандыру, тауарларды, жұмыс пен қызметті сатып алуды жүзеге асыру мен қадағалау, қоймадағы қордың қимылын бақылап, қадағалау процесін автоматтандыру, электронды құжат айналымы жүйесін жаңарту сынды жобаларды айтуға болады.

 

Өндірілген табиғи газ және мұнай өнімдерін тұтынушыларға тасымалдау жұмысы қалай ұйымдастырылады? Жұмыс барысында іркіліс немесе басқадай кедергілер болып тұрмай ма?   

 

  Өндірілген табиғи газ «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ өзіндік қажеттілігіне пайдаланылады, сосын «Қаламқас-Қаражанбас» газ құбыры бойынша тұтынушыларға тасымалданады. Ал мұнай өнімдері «Атырау-Самара» бағытындағы «Достық» құбыр желісімен және Ақтау порты арқылы тасымалданады. Портта әрқайсысының сыйымдылығы 12 000 тонналық 4 танкер қатар тұрып, бір мезгілде мұнай толтырып ала алатын 4 айлақ бар. Бір кездері «Достық» мұнай құбыры арқылы Польшаның Гданьск портына мұнайдың 70-80 пайыздайы жөнелтіліп келді. Бұл бағыт кәсіпорын үшін экономикалық жағынан әлі де тиімді.                 

 

Қазіргі таңда Бакумен екі арада Қазақстанда жасалған тұңғыш танкер – «Астана» қатынап жүр. Ол бір сапарында 12 мың тоннаны бір-ақ алып кетеді. Бұған дейін Ресей мен Әзірбайжаннан жалдаған шетелдік танкерлердің сыйымдылығы 5-7-ақ мың тонна болатын. «Астана» танкері олардың екі рет таситын мұнайын бір сапарында-ақ жеткізеді. Осының өзі тасымалға жұмсалатын қаражатты екі есе үнемдеуге мүмкіндік береді. Кен орындарымыздың инфрақұрылымы дамыған мұнай құбырлары мен порт терминалдарына өте жақын орналасуы да іске барынша оңтайлы. Сондықтан да тасымал жұмысында анау айтқандай, іркіліс немесе орынсыз кедергілер жоқ. Оның үстіне ЕАЭО-тың құрылуы біздің жұмысымызға үлкен тың серпін береді деп ойлаймын.

 

Бақыт Алтайұлы, біздің қазақ «Өзім дегенде өгізқара күшім бар» дейтін халық ғой. Компания қарауындағы жұмысшы-қызметкелердің, бір сөзбен айтқанда, мұнайшылардың еңбегін бағалау, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, өмір сүру әлеуетін көтеру бағытында Сіздерде қандай оңтайлы тәжірибелердің қалыптасқандығын білуге болар ма екен?

 

Әлбетте. Бұл орынды сұрақ. Компания қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға, жұмыс орындарын сақтап, лайықты еңбекақы алуына, өндіріс қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жұмыс берушілермен іскерлік ынтымағын қалыптастыруға бағытталған 2013-2016 жылдарға арналған Ұжымдық шартқа 2013 жылдың 7 қарашасында қол қойылды. Өткен жылдардың тәжірибесі ескеріліп, әр жұмысшыға қолжетімді және тәжірибеде қолдануға ыңғайлы етіп жасалынған, әлеуметтік саладағы басты айқындамалар сақталып, жақсарған, еңбек ақы саласы, еңбек шарты, денсаулық сақтау, кәсіподақ ұйымдарының міндеттері нақты жазылған. Бұл шартта қоғам жұмысшыларына төленетін сыйақы мөлшері, жұмысшылардың еңбек демалысына қоса денсаулығын жақсартуға берілетін материалдық көмек, отбасында сәби дүниеге келгенде, жас жұбайлар шаңырақ көтеріп, некеге отырғанда, қызметкердің ата-анасы, жақын туыстары, т.б. қайтыс болғанда, үйлері өрттен зардап шеккен жағдайларда да, оқу жылы басында мектеп оқушыларына құрал-жабдық сатып алуға берілетін қосымша төлемдер реті көрсетілген. Ардагер мұнайшылар ай сайын компания тарапынан атаулы жәрдемақы алып тұрады. Компаниядан зейнетке шыққан 1300 зейнеткер әрдайым компанияның қамқорлығында. Орталықтан жылу берілмейтін жеке тұрғын үйлерде тұратын зейнеткерлердің әрқайсысына 3 тонна тегін тас көмір түсіріліп беріледі немесе 20 мың теңгеден көмек беріліп тұрады.

 

Жаңа Ұжымдық шарт негізінде біздің АҚ ауылдық жерлердегі қызметкерлерімізді жұмыс орнына тасымалдау, тәлімгерге жаңадан жұмысқа келген жас маманды өндіріске үйретіп, баулығаны үшін үстеме ақы төлеу, бала күтіміндегі әйелге жәрдемақы төлеу, науқастанған қызметкерге көмек сынды қолдаулардың көп түрі қарастырылған. Кен орындарында жұмыстағы мұнайшылардың ахуалын жақсарту үшін жатақханалар, асханалар мен спорт залдары салынып, пайдалануға берілді. Отбасыларының, балаларының жазғы демалыс орындарында демалып, тынығуларына да қолайлы жағдай туғызылған.

 

Мұнайлы өңірдің халқына да шарапат, шапағаттарыңыздың мол тиіп жатқандығын көз көріп, көңіл сүйсінетіндігі рас. Бұл маңызды өмірлік мәселенің кейбір жарқын тұстарын өз аузыңыздан естігіміз келеді?

 

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ өңірдің әлеуметтік әлеуетін арт­тыруға белсене араласып келеді. Мысалы, Маңғыстау ауданында әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуына 188 млн. теңге қаражат бөлініп, осы қаражатқа Шетпе, Ұштаған, Шайыр ауылдарының  жолдары жөндеуден өткізілді, жасанды көгалды жаңа спорт алаңдары салынды. Тұщықұдықтағы Мәдениет үйінің төбесі жөндеуден өтті. Жергілікті ауыл мектептері автобустармен, компьютерлік техникамен, музыкалық аспаптармен, спорт жабдықтарымен қамтамасыз етілді. Сайөтес ауылындағы тұрғын үйлерде су құбырлары мен канализация жүйелері ауыстырылды, Жыңғылды, Ақшымырау ауылдарындағы  тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көмек  көрсетілді.

 

     Қарақия ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту үшін бөлінген 146 млн. теңгеден  астам  қаржыға  Жетібай кентінде  жасанды  көгалды  спорт алаңдары  салынды. Мешіт ғимараты,  көше жарық- шамдары  жөнделді. Жетібай селосында су  тапшылығы орын алуына байланысты  мәселе  оң  шешімін апты.           

 

Ақтау қаласындағы перзентхана үшін отбасылық үлгідегі облыстық балалар  бөліміне қаржылай көмек көрсетіліп келеді. Шебір елді мекеніндегі спорт кешені «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның бас демеушілігімен салынып, пайдалануға берілді. Бұл құрылысқа компания бюджетінен 98 млн. теңге қаржы жұмсалды.

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың:  «Әлеуметтік жаңалау динамикасы индустриалды  дамумен бір келеді және олар бір-бірінен озып түспегені дұрыс. Өңірдің дамуында әлеуметтік артта қалушылық барда, өндірістік дамудағы жетістіктердің болуы екі талай» деген нұсқалы сөзі бар. Мемлекет басшысы айтқан «жалпы жауапкершілік» қағидасы тек мемлекеттік билік органдарына ғана емес, жеке кәсіпкерлер мен инвесторларға да ой салуы қажет. Сөзімді түйіндеп айтар болсам, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның екі инвесторы тарапы да «Жалпы жауапкершілік» қағидасын толықтай қолдайды және бұл  бағыттағы жұмыстарды саликалы түрде жалғастыра беретін болады.

 

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдаудынан туындайтын міндеттерді орындау жолына, яғни, бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ үшін қажырлы еңбек етіп, қолайлы әрі бақытты өмір сүрудің керектігін мұнайлы өңірдің, оның ішінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның ұжымы да жақсы түсінеді, ел игілігіне өздерінің лайықты үлестерін қоса түседі деген сенімдеміз. Бір сөзбен айтқанда, ортақ мақсат әлемдік отыздықтың қатарынан көрінуге, Қазақстанның азаматтары мен әлеуметтік жауапты бизнестің өкілдері ретінде басшымыз бар, қосшымыз бар лайықты үлесімізді қосуға міндетті екендігімізді бірдей сезінсек нұр үстіне нұр емес пе?!

 

Компанияның алдында тұрған маңызды міндет, ой-жоспарларды тағы бір пысықтап өтсеңіз жақсы болар еді?

 

Компанияның 2014-2016 жылдарға арналған геологиялық барлау жұмыстарының ауқымы өте зор. 2014 жылы Жетібай, Бектұрлы кен орындарында 3Д сейсмобарлау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстардың нәтижесінде өнімді юралық және триастық шөгінділердің геологиялық құрылымы анықталып, өндірістік мұнай мен газ қоры бағаланады. 3Д-МОГТ сейсмобарлау мәліметтерін өңдеу және талдау жұмыстары арқылы мұнай қорын бағалау ұңғыларын қазу жоспарланып отыр.

 

2015 жылы мұндай барлау Придорожное, Оңтүстік Жетібай және Шығыс Жетібай кен орындарында жүргізілмек. Сондай-ақ, Асар кен орнында 2006 жылы жасалған 3Д сейсмобарлаудың нәтижелері бойынша юра шөгінділерінен төмен орналасқан триас шөгінділерінде үміт күтетін қабаттар белгіленген болатын. Іздестіру-барлау және пайдалану бұрғылау мәліметтері бойынша 2740 метрге дейінгі, яғни триастан жоғары шөгінділер ғана қазылды. 2013-2014 жылдары жүргізілетін 3Д сейсмобарлау жұмыстарының нәтижелері бойынша тау-кендік қабатты тігінен 3500 метр тереңдікке дейін қазу үшін қадағалаушы органдар тарапынан рұқсат алсақ, триас шөгінділерінде көмірсутегі шикізаттары болу мүмкіндігі зерттелмек.

 

2016 жылы Бұрмаша кен орнында сейсмобарлау жұмыстарын қолға алып, бұл кен орнының күрделі геологиялық құрылымы мен кен қабаттарының шектері анықталып, соған байланысты мұнай қорын арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, АҚ  қарамағындағы Махамбет, Бөбек учаскесінде жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

 

Соңғы кездері еңбек тәртібінің нығайып, әлеуметтік мәселелерді шешуде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басшылары тарапынан және облыс әкімі тарапынан дұрыс шешімдер қабылданып соның нәтижесінде еңбек ырғағы өзінің үдемелі қалпын сақтап отыр,

 

Жарты ғасырлық тамаша тарихы, қажымас еңбек дәстүрі бар «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның алдында биік міндеттер тұр. Оның ең бастысы, ел экономикасын жоғары деңгейге көтеруге лайықты үлес қосу.  Сонда ғана Маңғыстау өзінің мұнайлы өңірде, шырайлы өмірде тірлік кешіп, еңбек етіп жатқандығын дәлелдей түседі.

 

  • Әңгімеңізге мың да бір рахмет! Ылайым, солай болсын!

 

                                                                                        Әңгімелескен

 

Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИЕВ,

 

                                                                        «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Маңғыстау облысы бойынша өкілі


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру