Валюта бағамы: $ 378.65 430.07 6 ¥ 55.1

«Бәйтерек» ҰБХ: АЛТЫ АЙДЫҢ НӘТИЖЕСІ АУҚЫМДЫ Жарты жылда таза табыс 12 миллиард теңгеге жуықтады

Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ директорлар кеңесінің отырысында  холдинг пен оның еншілес ұйымдары қызметінің 2014 жылғы бірінші жартыжылдығындағы нәтижелері қаралды.

 

Директорлар кеңесі мүше­ле­ріне ұсынылған ақпаратқа және аудиты жүргізілмеген алдын ала деректемелерге сәйкес, алты ай­дың қорытындылары бойынша холдинг активтерінің көлемі 2 триллион 113 миллиард 449 миллион теңгені құрады. Со­ның ішінде холдинг табысы 73 миллиард 775 миллион теңгені, ал таза кірістің көрсеткіштері – 11 миллиард 851 миллион теңгені құрады.

 

Жартыжылдықтың қоры­тын­дылары бойынша «Бәйтерек» ком­паниялары тобының басты оқи­ғалары: «Қазақстан – 2050» стра­тегиясын іске асыруға бағыт­­талған холдингтің 2014-2023 жылдарға арналған даму стра­тегия­сын бекіту, өңдеу өнер­кә­сі­біндегі шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі бағдарламаны іске қосу, ЭКСПО-2017 бағ­дар­ламасы шең­берінде жылжымайтын мүлік нысандарының құрылысын қаржы­ландырудың тетігін айқындау, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын сүйемелдеу орталығын құру, сондай-ақ халықаралық рейтинг агенттігінен BBB+ (болжамы тұрақты) кредиттік рейтингісін алу болып табылады.

 

Холдингтің еншілес ұйым­дары 32,7 млрд.теңге сомасына 7179 тұр­ғын үй займдарын бе­ріп, 54,3 млрд.теңге сомасына 15 жобаны қар­жыландырды. құны 46,8 млрд.теңгені құрайтын 6 жобаны пайдалануға берді, 1,7 млрд.теңге сомасына 17 экспорттық операцияны қолдады. Қаржыландырылғандардың арасында «Toyota» лицензиясы бойынша автокөлік өндірісін кеңейту, Ақтөбе қаласында рельс-бөрене зауытының құрылысы, Қостанай қаласында сұрыпты прокат шығару зауыты, сонымен қатар, үй құрылысы комбинаттарын ұйымдастыру бойынша лизингтік мәмілелер, трансформатор шығаратын зауытты жаңғырту және қуаттылығын ұлғайту секілді жобалар бар.

 

Отырыс барысында Ди­рек­торлар кеңесі республикалық ұлттық қордан бөлінген қара­жатты пайдалану туралы ақпаратты талдады. Бүгінгі күні 13 екінші деңгейдегі банктер жалпы сомасы 71 473 млн. теңгеге өңдеу өнер­кәсі­біндегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 290 жобасын мақұлдаған.

 

Директорлар кеңесінің отырысында 2013 жыл үшін холдингтің басқарма төрағасы мен мүшелері қызметінің түйінді көрсеткіштер карталарының нәтижелілігі бе­кі­тілді. Оған қоса, Директорлар кеңесі холдингтің корпоративтік шиеленісті және мүдделік шиеленісті реттеу саясатын, сондай-ақ, ақпа­раттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саясатын бекітті.

 

Қазіргі уақытта холдинг жүргізіп отырған инвестициялық саясат холдинг пен оның барлық еншілес кәсіпорындарындағы инвестициалық қызметті мейлінше тиімді, әрі ашық түрде жүргізуді мақсат тұтуда. Бұл қызмет: жоғары деңгейдегі өнім мен еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған жобаландыруды қаржыландыру; аймақтық және әлеуметтік тепе-теңдікті сақтап тұру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыс деңгейін қазіргі қалпында ұстау; шағын және орта бизнесті дамыту мен жандандыруға көмек көрсетіп, қолдау білдіру; халыққа қол жетімді үйлерді жақындату мақсатында тұрғын үй саласындағы құрылысқа кең мүмкіндік беру; экономиканың шикізаттық емес секторындағы жобаларды инвестициялау; холдинг пен компаниялардағы және экономикада басымдық берілген барлық күйзелістегі активтерді қайта қолға алуды қарастыру мәселелеріне арналған.

 

Алдағы жоспарға сай, республикалық бюджет пен ұлттық қордан холдингті қаржыландыруға жұмсалатын қаржы көлемі біртіндеп азайып, 2017 жылы мүлдем тоқтатылуы тиіс. Ал халықаралық және жергілікті нарықтан, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің депозиттері тарапынан тартылатын қаржы көбейе түспек.

 

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру