Валюта бағамы: $ 378.65 430.07 6 ¥ 55.1

Апта тынысы Бюджет бағдары Мақсаттан ауытқымау – басты мәселе

 

Есеп комитеті республикалық бюджет қаражатын пайдалану мәселесіндегі бірқатар жүйелі проблемалар мен кемшіліктерді анықтады. Мәселен, нысаналы трансферттер нақты қажеттілік ескерілмей бөлінген, мемлекеттік сатып алу уақытында өткізілмеген, нәтижелерге қол жеткізу барысына талдау жасалмаған, сондай-ақ қосымша тартылған республикалық бюджеттің 425,6 млн. теңгесі игерілмеген.

 

Комитет ұсынған баспасөз баянына сүйенсек, «Моноқалаларды дамыту», «Өңірлерді дамыту», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту» бағдарламалары қолданыстағы заңнаманы бұза отырып және жеткілікті дәрежеде тиімді іске асырылмаған. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 566,6 млн. теңгеге осы бағдарламаның міндеттеріне сай келмейтін Қостанай қаласында жолдарды реконструкциялау жобасы іске асырылған. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында мердігерге Арқалық қаласындағы апатты жағдайдағы 12 үйді бұзу бойынша орындалмаған жұмыстарға 58,6 млн. теңге төленген. Қарасу ауданындағы Есіл су құбыры тобы учаскесінің реконструкциясы аяқталмай, мердігерге 156,2 млн. теңге негізсіз төленген.

 

Бұдан бөлек, Есеп комитеті жалпы сомасы 1 млрд. 329,8 млн. теңгеге республикалық бюджет қаражаты есебінен салынған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының 5 нысаны пайдаланылмай тұрғанын алға тартады. Ал құны 398 млн. теңгенің бірқатар нысандары мемлекеттік комиссиясының қабылдауынсыз пайдалануға берілген. Жалпы алғанда, бюджетке түсімдер бойынша – 206,9 млн. теңгеге, шығыстар бойынша – 21,1 млрд. теңгеге бұзушылықтар анықталған, сондай-ақ 6,7 млрд. теңгенің бюджет қаражаты тиімсіз  пайдаланылған.

 

Осыларды ескере келе, Есеп комитеті Үкіметке республикалық бюджет қаражаты есебінен жергілікті атқарушы органдардың инвестициялық жобаларының қымбаттауын қаржыландыру тәжірибесін алып тастауды ұсынып отыр. Өңірлік даму министрлігіне Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен бірлесіп облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері мәлімдеген бюджеттік инвестициялық жобалардың  жоғарыдағы бағдарламалардың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестігіне тексеру жүргізу тапсырылды.

 

Мораторий

 

Бизнестің тынысы кеңейе түсті

 

Мемлекет басшысының шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялау жөніндегі Жарлығының орындалуын Бас прокуратура ерекше бақылауда ұстап отыр.

 

Шара аясында Бас прокуратура шағын және орта бизнес субъектілеріне бағытталған 10 мың тексеруді тоқтатты. Жалпы биыл  40 мыңнан астам кәсіпкер тексеруден босатылатын болады. Демек мұның елімізде бизнестің дамуы жағдайын елеулі түрде жақсартары сөзсіз. Сонымен қатар, бас прокурор еліміздің конституциялық құрылымына, ұлттық қауіпсіздігіне, заңдылық пен қоғамдық тәртіпке тікелей қауіп төндіретін іс-әрекеттердің алдын алу және жою мақсатында жүргізілетін тексерулерді мақұлдау және тіркеудің ерекше тәртібін енгізді. Бұл ретте орталық мемлкеттік органның басшысы тексеру тағайындау үшін оны айрықша жағдайда жүргізуге негіз болатын құқықтық акт енгізеді. Оған бизнес субъектісінің іс-әрекеттері, бұрын жүргізілген тексерулер туралы мәліметтер бар құжаттар қоса тіркеледі. Сосын тексеруді кейінірек мерзімге қалдырмау қажеттігі туралы негіздеменің болуы да талап етілетіндігі хабарланды.

 

Тоқтала кететін жайт, осы кезеңде мораторий аясында Бас прокуратура 6 тексеруді мақұлдаса, оның 5-і қоғамдық тамақтандыру нысандарындағы адамдардың улануы оқиғаларына байланысты болып отыр. Жалпы, мораторий күшіне енгеннен бері прокуратура органдары  кәсіпкерлердің өздерінің бастамашылығына және қаржы ұйымдарының тексерулеріне байланысты шағын және орта бизес субъектілерін 1 561 тексеруді тіркеген. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес субъектілеріне қатысты Президент Жарлығына сәйкес келмейтін 16 тексеріс тоқтатылған. Олардың 6-ы ауыл шаруашылығы органдарына қатысты.

 

 

 

Статистика

 

 

 

Ең көп жалақы кімде?

 

 

 

Қазақстанда ең үлкен жалақы кен өндіру өнеркәсібі қызметкерлерінде көрінеді. Статистика агенттігінің хабарлауынша, 2014 жылғы маусымдағы бір қызметкердің орташа атаулы айлық жалақысы 124780 теңгені құрады. 

 

Агенттік мәліметтеріне қарағанда, салалық құрылымда ең үлкен жалақы кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазу саласында, ол 243,3 мың теңгені құраған. Бұл орташа республикалық деңгейден 1,9 есеге артық. Ал кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтегі жалақы – 224,0 мың теңге (1,8 есе), қаржы және сақтандыру қызметінде – 201,4 мың теңге (1,6 есе) болып белгіленген. Сонымен бірге, ең төменгі жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығы қызметкерлерінде белгіленіп, ол 69,2 мың теңгені құрады, бұл ел бойынша орта көрсеткіштен 44,5 пайызға төмен.

 

Ал өңірлік бөліністе ең жоғары жалақы Маңғыстау облысында делінуде. Бұл көрсеткіш 222,4 мың теңгеге жетіп, орташа республикалық деңгейден шамамен 1,8 есеге асады. Ал Солтүстік Қазақстан облысында мұның шамасы 85,8 мың теңгені құрап, ел бойынша орташа деңгейден 31,2 пайызға төмен болып отыр.

 

Құрылыс

 

Кешен қайта жаңғыртылуда

 

 

 

Қорқыт ата мемориалдық кешенінде қайта жаңғырту мақсатындағы құрылыс қызу жүріп жатыр.

 

Аса дәлдікті қажет ететін жұмыспен «СМП-Қызылорда» ЖШС айналысуда. Жаңа мемориалдың бұрынғыдан өзгешелігі 2,5 метр биіктікте орналасады. Ал стеласы 12 метрге ұзартылады. Сөйтіп, кешен бұрынғыдан мүлде өзгеше күйде қонақтардың көзіне тым алыстан менмұндаламақ. Ал құрылысқа соңғы үлгідегі материалдар қолданылуда. Қайта жаңғырту жұмыстарына 960 млн. теңге қаржы жұмсалады. Бұл жұмыстар қыркүйек айының ортасына дейін аяқталады. Демек, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қонақтары келетін негізгі нысанның бірі биылғы жылдың өзінде-ақ меймандарды қабылдауға әзір болады.

 

 

 

Дайындаған Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру