Валюта бағамы: $ 385.76 427.89 6.04 ¥ 54.79

ҚАЙТА ЖАНДАНҒАН САЛА Қызылордада қағаз өнімдерін шығару қолға алынды

Бүгінде Сыр өңірінің астанасы – Қызылорда қаласы таңғайжайып өзгерістерді бастан кешіруде. Қала күннен-күнге көркейіп, сән-салтанаты жағынан көз сүйсінерліктей архитектуралық жаңа пішін мен мазмұнға ие болуда. Оның үстіне тазалығы, көріктентірілуі жағынан да ешкімге дес бермейтіндей дәрежеге көтерілген. Жаңа индустриялық-инновациялық үдерістерге сай бой көтеріп жатқан кәсіпорындар мен  тұрмыстық үйлердің ғимараттары да көріктілігімен көз тартады.

 

Сыр өңірінде өткен ғасырдың орта тұсында Қызылорда целлюлоза-картон комбинаты жұмыс істегенін, сол зауыт арқылы еліміздің көптеген аймақтарын, тіпті, алыс-жақын шет елдерді қағаз өнімдерімен қамтамасыз етуге кең мүмкіндік жасалғандығын жергілікті тұрғындар әлі ұмыта қойған жоқ. Алып комбинаты бар сол кездегі қаланың тіршілігі жайлы әсем әннің шыққаны да халық жадында әлі сақтаулы. Сол бір әсем әннің: «Дарияның жағасында бір қала бар, айналған Сыр елінің мақтанына. батыстан бой ктеріп келе жатқан, бір өзі комбинаттың жарты қала» деп шырқалатын жолдары осы целлюлоза-картон комбинатының даңқын алысқа асқақтата түскен еді-ау сонда!

 

Қазір Қызылордада осы комбинаттың мұрагері ретінде тұрмыста жиі пайдаланылатын гигиеналық, және бір реттік қол сүртетін қағаз сүлгілері мен дәретхана қағаздарын шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Кәсіпорын жұмысы қазірдің өзінде табыстылығымен көзге түсуде. Өйткені, күнделікті тұрмыста жиі пайдаланылатын қағаз бұйымдарына өңірде сұраныс жоғары.

 

Жеке кәсіпкер Досболовтың жобасына бар-жоғы 10 млн. теңге қаржы қажет болыпты. Сөйтіп, ол  кезінде тоз-тоз болып тарап, орны ғана қалған ескі комбинаттың өзі болмаса да, көзі деуге тұрарлық қағаз өңдеу кәсіпорнын ашып, саланы қайта жандандыруға ұйытқы бола білді. Қала тұрғындарының сол үшін де жеке кәсіпкерге және билік орындарына алғыс сезімдерін жаудырып отыр. Өйткені, өшкені жанып, өлгені тіріліп жатса, халық бұған қалай қуанбасын?! Қалада өркенді істер көп-ақ, қалалық әкімдіктің ақпараттарына сүйенсек, ағымдағы жылы Қызылорда қаласында бірден 8 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың жалпы құны 3,1 млрд. теңгені құрайды. Бір жыл ішінде жұмысын бастайтын кәсіпорындар 250-ден аса адамды жаңа жұмыс орнымен қамти алады.

 

Қалада құрылыс көп салынса, екі қолға да жұмыстың тез табылатындығын өмірдің өзі көрсетіп отыр.

 

                                                                                                   Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру