Валюта бағамы: $ 378.65 430.07 6 ¥ 55.1

ТҮБЕКТЕГІ ТҮЙМЕДЕЙ ТІРЛІК Үш кило болатын ірі балыққа айналады

Өзен жағалағанның өзегі талмайтынын, теңіз жағалағанның тірлігі теріс болмайтынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Бүгінде Ақжайық өңірінде бекіре балығын өсірумен айналысатын жеке фермалардың пайда бола бастағаны осыны аңғартады. Өйткені, бұл шаруашылықтың берері алтынмен пара-пар екендігін Маңғыстау түбегіндігілер жақсы біледі.

 

Еліміздегі үдемелі индустриялық-инновациялық үдерістердің игі жемісін осы саладан көріп жатқандардың еңбегі де айтуға тұрарлық. Мәселен, мемлекеттің қолдауына сүйенген Маңғыстау облысының жеке кәсіпкері Тұрсынгүл Жақыпова өзінің қатар-құрбыларына үлгі-өнеге боларлықтай өрелі бастаманың иесі атанған. Ол – үкіметтен жеңілдетілген несие алып, түбекте бекіре өсіретін тұнғыш кәсіпорын ашуға бел буған нәзік жанның бірі.

 

Тұрсынгүл бұл жобаны жүзеге асыруға ойланып-толғанып, өз мүмкіндігі мен қабылетін жан-жақты ескеріп барып, тәуекел еткен екен. Тәуекл етуге де ең әуелі жүрек керек ғой. Жүрек қалауына сенді. Жобаны ой, жүрек көзімен қарап, біраз пысықтады. Түбектегі тоған, құрылыс жұмыстары 4 жыл бойы үздіксіз жүргізілді. Кәсіпорында жұмыс істейтін мамандарды алдын-ала оқытып, тәжірибеден өткізуге айрықша мән берілді. Сөйтіп, Ресейдегі және Атыраудағы бекіре зауыттарынан әкелінген 3,5 мыңдай майда шабақтарды арнайы жасалынған аквариумдарға тоғытып, олар ерекше күтімге алынды.

 

Негізінде балық шаруашылығымен айналысқан көзі қарақты қазақ шаруасы «Бекіренің басы тасқа тигенде қайтады» деген сөзді бекерден-бекер айтпаған. Бекіре-өте өсімтал, ылдым-жылдымы мол, өжет балық тұқымы болса керек. Оның жетілуі де, өсу деңғейі де жоғары. Түймедей ғана майда шабақтарының ең кішігірімі небары 5 грамм салмақты құрайды. Олардың күнделікті күтімі мен бабы келіссе, ең майда деген шабақтарының өзі екі жылдан кейін 3 кило салмаққа жетеді екен.

 

Жеке кәсіпкер Тұрсынгүл Жақыпованың жаңадан ұйымдастырылған бекіре фермасында қазір 25 ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Бұл да кәсіпкердің өз ауылына деген қамқорлығы мен шапағаты мол жан екендігін айқындайды. Болашағы зор, табысы да қомақты жұмыстың бейнеті мен, зейнетін қатар көретін де ауыл-аймақ тұрғындары екендігі даусыз. Содан болар, кәсіпкер атқарған ісінің неғұрлым табысты болуын қалайды.

 

Өңірдегі балық шаруашылығын дамытуға жасалған алғашқы қадамға арнайы келісім-шарт негізінде ресейлік және отандық ғалымдар да көмек пен кеңес беру жағынан аянып жатқан жоқ. Ғалымдар да бұл жобаның баянды болатындығына кәміл сенімді. Сондай-ақ, «Жол картасы» бағдарламасы аясында оның инженерлік инфрақұрылымын  жүйелі жүргізуге, газ бен электр қуатының тартылуына, жол мәселесінің шешілуіне мемлекет тарапынан да қолдау, көмектер көрсетілуде.

 

Жалпы құны 582 миллион теңге тұратын жоба қуатына толық енген соң, жылына 60 тоннадай балық еті мен 8 тонна қара уылдырық береді деп күтілуде. Бұл нақты экономикалық есеп. Мамандардың айтуынша, бір килолық балықтар бір жылдан соң, ал мүлдем ұсақ шабақтар екі жылдан кейін өнім бере бастайды. Ал, қара уылдырық 4 жылдан кейін алынады.      

 

Бекіре балығын қолда өсіру оңай шаруа емес. Алайда, жұмыс бір дөнгелеп кетсе, бекіре тұқымдас балықтың бірнеше түрін өсіру, сол арқылы өнім көлемін арттыру, отандық өнімді ішкі нарыққа шығарып қана қоймай, алыс-жақын шет елдерге экспорттау мүмкіндігіне ие болатындықтарына кәсіпкер Т.Жақыпованың өзі нық сенімді.

 

Сәтті бастадған жұмыстың жемісі де тәтті болатындығы даусыз. Түбектегі түймедей тірліктің иесі – майда шабақтардың күні ертең тулаған ірі бекіре балығына айналып, қара уылдырығын маржандай етіп шашатын күннің туатындығына еш күмән жоқ. Қазірдің өзінде жергілікті тұрғындар балық өнімдеріне алдын-ала тапсырыстар беруде.

 

Бұл жұмыстың алғашқы нәтижесі ғана. Алда табысты белестер тұр.

 

 

 

                                                   Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру