Валюта бағамы: $ 386.7 427.15 6.06 ¥ 54.57

ШЫҒЫСТЫҢ СҮТІНЕ СҰРАНЫС КӨП Жаңа зауытта тәулігіне 400 тонна сүт өңделіп, өнімнің 60 түрі шығады

Биылғы Астана күні қарсаңында Елбасының тікелей қатысуымен өткен телекөпір барысында Шығыс Қазақстан облысында жаңадан сүт өңдеу зауыты іске қосылған болатын. Өскемен қаласындағы бұл жаңа зауыт қазір толық қуатында жұмыс жасайды.

 

Сонымен, «Raimbek Vostok Agro» корпорациясы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында құны 1,2 млрд. теңге болатын зауытты қысқа мерзімде қалпына келтіріп, оны ел астанасы тойы қарсаңында өскемендіктерге тарту етті. Бұл кәсіпорын 1995 жылдан бері жұмысы тоқтап тұрған еді. Оның өңірге де, өзге жерлерге де қажеттігі ескеріліп, қайта қалпына клтіру жұмыстары қызу қарқынмен жүргізілді.

 

Үдемелі индустриялық-иннрвациялық даму бағдарламасының аясында қолға алынған шара өз жемісін берді. Соның нәтижесінде «Шығыс-Сүт» ЖШС базасында сатылы-біріктіру арқылы сүт кластері құрылды. Қуатты 7 сүт өңдеу кәсіпорнын бірден орнату оңай болған жоқ. Көп қаржы, көп күш жұмсалды. Сол арқылы тәулігіне 400 тонна сүтті өңдеуге, сүт өнімдерінің 60 түрін шығаруға қолдары жеткендігін зауыттықтар қазір қуана айтады. Жаңа зауытқа өңдеуге қажетті шикізатты осы өңірдегі 8 ауданның барлық шаруашылықтары жеткізіп беріп тұрады. Бүгінгі таңда зауыт өндірісінде 250 адам жұмыс істейді. Олардың бәрі де жергілікті жердің тұрғындары. Сөйтіп, жаңа өндіріс орны көптеген адамдарға жұмыс орнын тауып берді.

 

«Шығыс-Сүт» кәсіпорнының басты ерекшелігі: Еуразиялық экономикалық одақтың аясында өзі өндірген отандық өнімдерді Ресей мен Белоруссияға экспорттауды да машықты іске айналдырған. Бүгінгі күні зауыттың ірімшік өнімдері Ресейдің Омбы, Новосібір, Барнаул қалаларына тұрақты жөнелтілініп тұрады. Шығыстың құнарлы сүт өнімдеріне өзге елдердің қызығушылығы басым.

 

Шынында да, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы өскемендіктерге көп пайдасын тигізуде. Атап айтқанда, тауар мен өнім тасымалдауға, жол-жөнекей  шығындарды азайтуға, кедендік алымдарсыз еркін қозғалуға экономикалық одақтың үлкен септігі тиіп отырғандығын «Шығыс-Сүт» ЖШС-нің жұмысшылары мен мамандары жиі айтады.

 

«Шығыс-Сүт» компаниясы»Бәйтерек» ұлттық холдингінің желісі мен екінші деңгейдегі банктерден екі жоба бойынша пайыздық үстемесі төмен қаржы алған болатын. Кластерлік кәсіпорын ретінде құрылған зауытта сүтті сауудан бастап, өңдеу, өнім алуға дейінгі аралықтағы өндірістік үдеріс жолға қойылған. Зауыт басшысының айтуынша, 350 млн. теңге несиенің арқасында Глубокое ауданында «Бобровка+» роботтандырылған фермасы жұмысын ойдағыдай жүргізсе, екінші жоба ретінде 364 млн. теңгеге Өскемен қаласындағы сүт өңдеу комбинатының құрылысы салынды. Бұл жоба толық қуатымен іске қосылғанда жылына кем дегенде 30 мың тонна өнім өндіре алады. Тапсырыс пен сұранысқа орай өнім көлемін арттыруға мүмкіндік бар.

 

Алдағы уақытта зауыт сүт өнімдерінің 100 түрін шығаруды жоспарлап отыр. Кәсіпорында индустрияландыру картасы шеңберінде ұсынылып отырған несие үстемесінің бизнесті өркендетуге өте қолайлы болып отырғанын байқау қиын емес. Мәселен, кәсіпкерлер бұрын 15 пайыздық үстемемен қаржы алса, бүгінде 6 пайыздық үстемемен қаржы алу мүмкіндігі туып отыр. Бұл-үлкен жеңілдік.

 

Зауыт қайта жарақтандырудың нәтижесінде. Италия, Жапония, Швеция және Ресейден әкелінген жоғары технологиялық құрал-жабдықтар орнату мүмкіндігіне ие болды. Өнімнің өзіндік құны мен сапасының сәйкес келуін ұштастыру үшін ұтымды жұмыстар атқарылуда. Зауыттың қуаты облыс аумағында өндірілетін сүттің барлығын өңдеуге толық жетеді.

 

 

 

                                                                            Ибрагим БКМАХАНҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру