Валюта бағамы: $ 386.7 427.15 6.06 ¥ 54.57

«ҚАЗАҚМЫС» ҚАЙТА ҚҰРУ КЕЗЕҢІНДЕ «бұл компания енді өз атауын KAZ Minerals PLC деп өзгертетін болады

«Акционерлер мен реттеуші органдар мақұлдаған жағдайда жариялық компания өз атауын KAZ Minerals PLC деп өзгертеді, ал «Қазақмыс» атауы жеке компанияда қалады», делінген компания баспасөз қызметінің таратқан ақпаратында.

 

Осымен қатар компания Қазақмыс Топты болжамды қайта құру аясында Қарағанды, Жезқазған мен Балқаштағы өндірістік алаңдардың кемел активтерін иелері Владимир Ким мен Эдуард Огай болып табылатын Cuprum Holding компаниясына беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілгендігі туралы хабарлады. Келісім реттеуші органдар мен акционерлердің мақұлдауын қажет етеді. Аталған активтер өз қызметін жеке әрі жариялық емес компания ретінде жалғастыратын «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің құрамына кіреді. 12 кеніш, 4 кен байыту фабрикасы, 2 мыс балқыту зауыты, 2 көмір кеніші мен 3 қосалқы электрстансасы «Қазақмыс» корпорациясының құрамында қалады. 2013 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша, корпорация құрамындағы активтердің  қызметкерлерінің жалпы саны 43 мың адамды құрайды.

 

Шығыс Қазақстан облысындағы қолданыстағы төрт кеніш пен үш кен байыту фабрикасы, үш өркендеу жобасы – Бозшакөл, Ақтоғай мен Көксай, сондай-ақ Қырғызстандағы Бозымшақ кеніші жариялық компания құрамында қалады. 2013 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша, бұл активтердің қызметкерлері саны – 10 мың адам.

 

Владимир Ким екі компанияның да негізгі акционері болып қалады және жариялық компаниядағы өз үлесін өзгертуді жоспарлап отырған жоқ. Олег Новачук жариялық компанияның бас басқарушы директоры болып қалады. Эдуард Огай бұрынғыдай «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның басқарма төрағасы қызметін атқарады, бірақ  KAZ Minerals PLC компаниясының Директорлар кеңесінен шығады.

 

Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, активтерді тапсырумен қатар, Қазақмыс Тобы 150 млн АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол қаражатты қоса есептегенде, ағымды сәтте шамамен 240 млн АҚШ долларын құрайды деп бағаланған айналым қаражатын; берілетін активтердің жоспарланған, алайда 2014 жылдың 1 қаңтары мен 31 шілдесіне дейінгі аралықта жұмсалмаған шамамен 80 млн АҚШ долларын құрайтын капиталды шығындарын; ПҚӨС мөлшерлемесінің төмендетілуіне және ҚҚС қайтарылуына байланысты шамамен 10 млн АҚШ долларын, сондай-ақ, 2014 жылдың 1 тамызынан бастап транзакция аяқталғанға дейінгі аралықта «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның операциялық қызметінен түскен таза қаражатын Cuprum Holding компаниясына аударады.

 

Қайта ұйымдастыру аяқталған соң, екі компания дербес шаруашылық қызметін жүргізеді. Өндіру, бастапқы өңдеу, мыс балқыту секілді негізгі өндірістік, коммерциялық және өзге де процестерді қамтамасыз ету үшін, өтпелі кезеңге тараптардың қазақстандық активтері арасында бірқатар ұзақ мерзімді келісімшарттар мен сервистік келісімдер жасалады. Атап айтқанда, жариялық компания шығыс өңірде өндірілген концентратты «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің Балқаш өндірістік алаңында өңдейтін болады. Сондай-ақ, шахта қазба және сервистік өндірістер кешенінің қызметтерін пайдаланып, электр қуатын сатып алады.

 

– Қайта ұйымдастыру барысында әр компанияның өзіндік ерекшелігі, соның ішінде географиялық жағдайы, өндірістік қызметі, инвестициялық қажеттіліктері секілді көптеген мәселелер ескеріледі. Басты шарттардың бірі – екі компанияның өз шаруашылық қызметін дербес, табысты жүргізу мүмкіндігі. Осылай, қайта ұйымдастыру шарасы кәсіпорындарға өздерінің басым бағыттары бойынша табысты дамуға және өз қызметкерлерінің тұрақты болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Қазақмыс тобының Бас басқарушы директоры Олег Новачук.

 

                                                                                                           Ыбрай ЕМЕНДӘУЛЕТ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру