Валюта бағамы: $ 387.37 428.55 6.06 ¥ 55.06

Ғибратты ғұмыр немесе Ғ.Маштаховтың «Заман сыры» атты тарихи-танымдық кітабы туралы

«Жақсы кітап – жан азығы» дейді халқымыз. Шынында да кітап оқысаң, тынысың ашылып, ой-өрісің кеңейеді. Жан жадырап, рақатқа  бөленесің. Мұндай кітаптар азайып кетті ме деп жүр едім. Жақында қасиетті Нарын құмында туып, ұзақ жылдар партия, кеңес органдарында басшылық қызметтерде болып, аймақтағы іргелі шаруашылықтарды басқарған, Атырау облысының және Индер, Исатай аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, көзі тірісінде абыз атанған Ғатих Маштаховтың «Заман сыры» атты тарихи-танымдық кітабын («Абзал-Ай» баспасы, 2013 ж.) оқығанда,  бұл ойымнан айнып қалдым. Кітаптың оқиғасы қызықты әрі тартымды жазылған.

 

        Оқу барысында көптеген ойларды көкейге тоқыдым.  Кітапқа  автордың жеке мұрағатында сақталған, ғасырға жуық ғұмырында көргені, түйгендері, көнекөз қариялардан естіген шежіре-әңгімелері, қазақ жұртының тарихы,  замандастарының келбеті, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жаңа дәуірдің тынысы, кейінгі ұрпаққа айтқан өсиеті жинақталыпты. Кітап бес бөлімнен тұрады.  Бес бөлімдегі қай әңгімесі де тілінің жеңілдігімен, ойының оралымдығымен өзіне баурап алады.

 

         «Заман сыры» кітабының «Нарыным – алтын бесігім» деп аталатын бірінші бөліміндегі «Әке аманаты» естелігінен үзінді келтіруді жөн көрдім. «Әкем ескіше де, жаңаша да оқыған адам. Намаз сабағын жете білмейтін, тарихи әңгімелер мен деректерге де шорқақ еді. Сөйте тұра заманының  ағымын аңғартатын, саясаттың неге бұрып бара жатқанын сезінетін зеректігі бар еді. Сауатты болмағанымен кіммен болса да тез тіл табысып, терезесі тең сөйлесетін. Мені қасына ертіп жүретін. Үйге қонақ келгенде жібермей, қасына отырғызып қойып, мына аталарыңның, ағаларыңның әңгімесін, айтқан сөзін тыңда, пайдалысын ұғып ал, үйрен деп ақылын айтатын… «Өзіңнен өзгені Құдай деп біл, адамды сыйла, әлің болса, нашарға болыс, аузыңа арам салма. Адал болсаң, әділ болсаң, еркін жүресің. Жағымпаз болма (бас кесілсе де, тіл кесілмейді), өтірік сөйлеме, орынды жерде осып ал, солай балам, қызметіңе мұқият бол да қара қазаныңның қайырын тыйма, жолдас таңдай біл, жалғызымсың ғой, қарағым, халықтан қарғыс ала көрме. Соңымда қалып бір уыс топырақ салсаң болды» деп көз жасы сақалына тамшылап, талай рет қайталаушы еді» деген әке аманаты кімді болса да толғандырмай қоймайды. Ал Ғатекең  әке өсиетін ғұмыр бойы ұстанып, ғұмырында адами мінез-құлықтан айныған емес. Міне, Ғатих атаның қадір-қасиеті, азаматтық келбеті, үлкенге құрметі, ұрпағына деген әкелік махаббаты осыдан анық көрініп тұрған жоқ па?

 

    Кітаптың екінші бөлімі «Менің замандастарым» деп аталады. Бұл топтамасында тоқсан жасқа жуық ғұмыр кешкен Ғатекең заманында талай адамдармен жұмыстас-қызметтес болғанын, ағалардан ақыл, өнеге алғанын,  тұстастарымен үзеңгілес жүргенін, олардың іскерлігі мен жұмыс істеу әдістерін, көсемдік асыл сөздерін, өзінен кейінгі толқынның ісіне сүйсінгенін сағына еске алады. Осы бөлімдегі «Хамаңды қарсы алу», «Меңдекеш Сатыбалдиев» және «Аққыстау ажары», «Мен білетін Оңайбай Көшеков», «Жүрегінде жылуы мен жыры бар», «Тұрғали», «Сұрамыс», «Қабиболла», «Хатима», «Ғатау», «Халидолла немесе досқа сыр» және тағы басқа да ой-толғамдар ешкімді де бей-жай қалдырмайтыны анық.

 

   Ғатекеңнің ел өміріндегі экономикалық, саяси-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық мәселелерге қатысты дүниетанымдық көзқарасы, береке-бірлікті, елдікті, адалдықты насихаттағаны кітапта жүйелі көрсетілген. Жастарға тәрбиеші бола білді. Көнеден қалған даналығымен, халқына қадірлі болуымен, сөзге шешендігімен, парасат-пайымының, ой-өрісінің тереңдігімен өзгелерден ерекшеленіп тұратын. Ол 2001 жылы өзінің жергілікті жердегі идеологиялық тәрбиеге Елбасының назарын аударып тәнті етсе, 2005 жылы Атырауға жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа  ақ тілегін білдіріп, ақ батасын берді.

 

    Кітаптың «Ойдан ой қозғайды»  деп аталатын үшінші бөлімінде  көпті көріп, көп түйген, көп оқып, көп білген қазыналы қарттың ақылшы ұстаздары мен ағаларына, тұрғыластары мен тұстастарына, әдебиетте, өнерде, басқару ісінде, жалпы өмірде өз қолтаңбасы бар ізбасар іні-қарындастары туралы ой-толғамдары көрініс тапқан. Ғатих Маштаховтың әдебиет пен өнердің кешегі өткен арыстары Ахмет Жұбанов, Хамит Ерғалиев, Тахауи Ахтанов, Қадыр Мырза әлі, Берік Қорқытов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова және тағы басқа да атақты ақын-жазушылармен құдай берген тума зердесі мен ғажап дүниетанымының арқасында терезесі тең дәрежеде сұхбаттасқан, дәмдес-дастарқандас болған адам болғанын аңғардық.

 

  Ол сондай-ақ нағашысы, атақты молда Ізмұхамбет, ұстазы Жұмабай Мырзағалиев, дала академигі болған Ибраш Қорқытов пен  Жұмабай Қартқожақов, Тасмағамбет Сейдалыұлы тәрізді дана қарттардан, Атырау халқының ерекше құрметіне бөленген Нұртас Оңдасынов, Мадияр Қостамбаев, Уәли Жайықов секілді азаматтардан тәлім алған, әдебиет пен өнерді жоғары бағалаған, ескілікті тарихи аңыз- әңгімелерді кейінгі буынға жеткізген құймақұлақ, зерделі де, зерек кісі еді. «Нарынның наркескені» атанған, ақиық ақын Н.Әжіғалиевтің «Таңдамалы шығармаларының» тұсаукесерінде сөйлеген сөзі, Ғ.Сабырәлиевтің «Өмір-өткел» мен М.Бектеновтің «Қосөзен мұнайшылары» кітабына байланысты пікірі жұртшылық үшін құндылығымен ерекшеленеді.

 

   Алматы қаласында  ҚАЗМУ-де оқып жүргенімде филология ғылымдарының докторы, профессор Бабаш Әбілқасымовтың үйінде болғаным бар еді. Сол жолы Ғатих аға туралы ғалым ағамыздың «ол кісі сұңғыла, құймақұлақ шежіреші, киелі өлкеміздің арғы-бергі тарихын көп білетін көкірегі қазына қарт қой» дегені есімде. Шынында да ол кісінің  өткен тарихымызды терең білетін адам екеніне кейін талай рет көз жеткіздім.  Ал «Хаттар сөйлейді» бөлімінде замандас құрдастарының, сыныптастарының, ұстаздарының, сазгерлердің, ағаларының, інілерінің, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, тарихшылардың, ел басқарған әкімдердің, ақын-жазушылардың хаттарына орын берілсе, «Мақалалар мен естеліктер» бөлімінде автордың өзінің жұмыстас болған інілері мен үзеңгілестері сөз алған. «Заман сыры» кітабының Таупих Ғатихұлының «Әкеге тағзым» естелігімен аяқталуы да ұрпақ жалғастығын білдіріп тұр.

 

        Қолжазбаны құрастырып, әдеби өңдеген екі азаматтың бірі  Ғатекеңнің ұлы Жансих болса, ал кітаптың редакторы ардагер мұнайшы, өлкетанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Қос өзен мұнайшылары», «Қасиетіңнен айналдым» танымдық кітаптарының авторы Мұрат Бектенов, суретшісі елімізге есімі кеңінен танымал қылқалам шебері Табылды Мұқатов, автордың мол мұрасын, қолжазбасын компьютерге терген теруші Жанаргүл Түсіпқалиева екенін екенін айта кеткен жөн.

 

      Бұл кітаптың құндылығы неде дейтін болсақ, өзі кетсе де артына  есте жүрерлік тағылымды да, көрікті ойды, есті әңгімені, ғибратты өсиетті, шежіре-тарихты әдемі қолтаңбасымен мәнерлеп, әрлеп, әдемілеп қалдырып кеткенін де болып отыр. «Жақсының  аты, ғалымның хаты өлмейді» деген осы. Күзде 90-ға толатын Ғатих атаның ғибратты өмірі кейінгі ұрпаққа өнеге  боларлық деп есептейміз және оны насихаттап отыру – біздің борышымыз.

 

                                                                   Аяпберген САЛИХОВ,

 

                                                                         Атырау облысы,

 

                                                                          Исатай ауданы

 

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру