Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

ӨЗ ҚАЛАҢА ҚАМҚОР БОЛ!

Мемлекет басшысы елорда тұрғындарын әрдайым өз қаласына қожайын болуға, көшелер мен аулаларда тазалық сақтап, тұратын жеріне жауапты болуға үндеп келеді. Өкінішке орай, әдептен безгендер әркез кездеседі. Жуырда айналаны қаперіне ілмейтін осындай азаматтармен күрес бойынша тиімді инновациялық жүйе жұмысының нәтижесі хабарланды.

 

Астанада бір мезгілде 18 құқық бұзушыға қатысты үлгілі сот процесі өтті. Сотталушылардың барлығы – ұсақ әкімшілік құқықбұзушылық жасағандар. Арасында көшеде өздерін қалай болса солай ұстап, тәртіпсіздікке салынғандар (айналаны ластау, темекінің тұқылын лақтыру, т.б) баршылық. Бір ерекшелігі, қоғамдық ортада тентектік жасаған осы тұлғаларға қатысты сот отырысы елордадағы орта мектептердің бірінде жүргізіліп, оған айналасына бей-жай қарай алмайтын жергілікті тұрғындар шақырылды. Сот отырыстарын мұндай пішінде өткізу «әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру мен құқық бұзушылық жасағандарды тәрбиелеу, құқықтық тәртіпті құрметтеу, сондай-ақ, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында» делінетін қарапайым сот тұжырымдамасының нәтижесіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

 

Ең қызығы, бұл құқық бұзушылықтардың барлығы өмірлік іс-әрекеттерді кешенді түрде қамтамасыз ету жүйесі арқылы анықталды. Қазіргі таңда бұл Қабанбай батыр – Сығанақ – Сауран – Алматы төртбұрышын қамтитын пилоттық жоба болып табылады. ІІД-нің ұсынысы бойынша аталған аумақта орнатылған 100-ден аса камерамен айналада болып жатқан жағдайлар, күдікті тұлғалар, қоюға тыйым салынған жерлердегі автокөліктер, басқа да құқық бұзушылықтар толық бақыланады. Жүйе құқық бұзушыларды тануға мүмкіндік береді. Онлайн режиміндегі дабылдар басқару орталығына жетеді де, ондағы оператор белгіленген аумақта не болғанын анықтай алады. Одан соң оқиға орнына полиция жіберіледі.

 

Астана қаласы ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлағандай, алты айдың ішінде өмірлік іс-әрекетті кешенді қамтамасыз ету жүйесі арқылы бақыланған учаскеден 138 дабыл келіп түскен. Олардың 1-і дене жарақатын салу, 2-і автокөлік ұрлау, 71-і әкімшілік құқық бұзушылықтар, 28-і жол-көлік оқиғалары.

 

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясындағы осындай сәтті инновациялар елорданың басқа да аудандарында және еліміздің басқа да қалаларында қолданылатынына сенімдіміз.

 

 

 

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру