Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Еуразиялық одақтың өрісі кеңімек

Үстіміздегі жылдың 29 мамырында Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойғаны белгілі. Сонымен қатар сол басқосуда Беларусь, Қазақстан және Ресей Қырғызстанның Кеден одағына кіру жөніндегі жол картасын мақұлдаған болатын. Шартқа қол қою рәсіміне қатысқан Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев жыл соңына дейін ЕАЭО құрамына кіруге ниетті екенін мәлімдеген еді. «Бүгін біз Қырғыз Республикасын Кеден одағына енгізу бойынша Жол картасының іс-шаралар жоспарына қол қоямыз деп үміттенемін. Сондай-ақ Қырғызстан Республикасы ЕАЭО құрамына қосылуға ниетті екенін жеткізгім келеді. Біз Жаңа жылды осы одақтың құрамында қарсы алсақ дейміз» деп А.Атамбаев жүрекжарды тілегін жеткізген болатын.

 

Содан бері Қырғызстанды Кеден одағына қосу бойынша қажетті нормативті-құқықтық актілерді дайындау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қырғызстан билігі жол картасын жүзеге асыру үшін, тиісті қаржы бөлу тетіктерін қарастырып, Ресеймен, Қазақстанмен келіссөз жүргізуге мүдделі болып келеді.

 

Қырғызстанның Базар, сауда және қызмет көрсету мекемелері қауымдастығының директоры Әлішер Сапарбекұлы  Қырғызстанның Кеден Одағына енуі республиканы экономикалық дағдарыстан аман сақтап қалады деп мәлімдегенін де ұмыта қойған жоқпыз. Мамандардың сөзіне құлақ түрсек, Қырғызстан табысының тең жартысын базарлардан түсетін түсім құрайтын көрінеді. Мұнда орталық азиядағы аса ірі «Дордай» және «Қарасу» базарларының бар екенінін де білеміз. Сондықтан қырғыз елі көршілерінен оқшауланып өмір сүре алмайды. Қазақстан бауырлас қырғыз елін Кеден одағы мен ЕАЭО құрамына тартуда ара ағайындық рөл атқарып келеді. Жер көлемі кішкентай болса да, базар нарқы үлкен Қырғызстанмен шекарадағы кеден бекеттерінсіз емін-еркін сауда-саттық жасау қазақстандықтар үшін де бірден бір тиімді жол.

 

Осы аптада Бішкекте қырғыз-қазақ делегациясы Қырғызстанның Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы жөнінде келіссөздер жүргізді. Қырғыз делегациясына экономика министрі Темір Сариев, ал қазақстандық делегацияға премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев басшылық етті.

 

Кездесуде сауда-экономикалық, энергетикалық және су шаруашылығы секторларындағы, агроөнеркәсіптік кешендегі, сондай-ақ қаржылық-инвестициялық саладағы ынтымақтастық пен қазақ-қырғыз байланысының бүгіні мен болашағы қаралды. Әңгіме барысында Бақытжан Сағынтаев пен Жоомарт Оторбаев іскерлік әріптестікті кеңейтудің перспективаларын және екіжақты қарым-қатынасты одан әрі тереңдете түсу қажеттігін айрықша атап өтті.

 

Сонымен қатар, тараптар Қырғызстанның халықаралық ұйым аясындағы байланысы мен Кедендік одаққа ену мәселесін талқылады. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары екі ел арасында достық қарым-қатынас қалыптасқанын және пайда болған барлық мәселелерде түсіністік табылып келе жатқанын атап көрсетті.

 

«Біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынас экономикалық тығыз байланыста, ырғақты дамуда. Қырғызстанның Кеден одағына қосылуы ынтымақтастығымызды арттырып, біздің елдеріміздің экономикалары мен халықтарының игілігіне қызмет ететін болады» деді Б.Сағынтаев.

 

Б.Сағынтаевтың айтуынша Қырғызстан Кеден одағына кіргенге дейін жол картасындағы 181 пунктің 102-сін орындау керек екен.

 

Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өткен бұл келіссөзде Қырғыз Республикасының Экономика министрі Темір Сариев Кеден одағына кіру бойынша «жол картасын» іске асыру үшін, Қазақстаннан 100 млн доллар сұрады. Т.Сариев бұл туралы келіссөз аяқталған соң журналистерге мәлімдеді.

 

«Қырғызстан Қазақстаннан грант түрінде қаржы беруді сұрады. Қазақстан бұл мәселе бойынша түсіністік танытып отыр. Қазір бұл мәселе Мемлекет басшысы деңгейінде шешіліп жатыр. Аталған мәселе хаттамаға енгізілген» деді ол.

 

Т.Сариев қырғыз жағының Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға әзір екендіктерін және талқыланған мәселелер бойынша қолдауға ие болатынына сенімді болып отырғандарын жеткізді.

 

Жалпы Қырғызстанға жол картасын жүзеге асыру үшін 377 млн доллар қажет екен. Оның 200 млн долларын Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойған күні Ресей бөлетін болып келіскен. Көп ұзамай Қазақстан да Қырғызстанға көмек көрсететінін айтты. Астана ресми Бішкекке шамамен 177 млн доллар бөлуі мүмкін дейді сарапшылар. Ал Бақытжан Сағынтаев бұл мәселені Қазақстан Президенті шешетінін атап өтті.

 

Кездесудің ең маңызды нәтижесі, Б.Сағынтаев пен Т.Сариев Қырғыз Республикасының Кеден одағы пен Бірыңғай экономикалық кеңістікке енуі мен екіжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша қырғыз–қазақ хаттамасына қол қойды. Б.Сағынтаев «Көптеген мәселелер өз шешімін тауып жатқанына қуаныштымын. Біздер бір бірімізді және мәселелерді қалай шешуді жақсы түсінетін сияқтымыз. Бірлескен жобаларымызды қабылдай беруіміз керек» деген Б.Сағынтаев, жыл соңына дейін Қазақстан мен Қырғызстанның басшылары кездесетінін, оған дейін барлық құжаттарды дайындап үлгеру қажеттігін тілге тиек етті.

 

Келіссөз қорытындысы кезінде Қырғыз Республикасының Экономика министрі Темір Сариев Қазақстанның жетістігін өздеріне үлгі тұтатынын айтты. «Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық етуінің арқасында біздің бауырлас елдер белгілі бір жетістіктерге қол жеткізгенін мақтан тұтамыз. Біз ынтымақтастығымызды белсенді ете түсуіміз қажет. Елдеріміздің мүддесі үшін кезінде ата-бабаларымыз бастап кеткен міндеттерді орындау керекпіз. Қазақстанның жетістігі – біз үшін үлгі» деп Т.Сариев өз сөзін қорытындылады.

 

Бейбіт Нәлібаев


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру