Валюта бағамы: $ 324.65 397.66 5.74 ¥ 50.73

Экономика: нарық жетегіндегі халық Біліктілікті көтеру «БОЛАШАҚТАҒЫ» ПАЙДАЛЫ СЕМИНАР

Жақында Алматы қаласында «Болашақ» қауымдастығының ұйымдастыруымен бизнес-жоспарды тиімді құруға арналған семинар-тренинг өтті. Оның жұмысына жас мамандар мен кәсіпкерлер, «Болашақ» қауымдастығының мүшелері, мүмкіндігі шектеулі жандар, студенттер, «Болашақ»  бағдарламасының түлектері, жергілікті жерде бизнес саласында жұмыс істейтін азаматтар қатысты.

 

«Болашақ» қауымдастығы 2011 жылдан бастап жас мамандардың бәсекеге қабылеттілігін арттыру мақсатында бизнес-семинарлар өткізуді игі дәстүрге айналдырып отыр. Семинарда «Business Trade» компаниясының бас директоры Әділ Қойшыбаев пен  Ресей Федерациясы президентінің жанындағы МВА Мәскеу бизнес мектебінің бизнес-жоспарлау саласындағы маманы, бизнес-консультант Әсел Бермұхамбетова спикер болды.

 

Семинар барысында шешендер бизнес-жоспардың қалай құрылатынын, оның  аса маңызды құрамдас бөліктерінің қандай болатынын, тиімді бизнес-жоспарға сүйене отырып, өз бизнесіңді қалай бастау керектігі жөнінде келелі кеңестер берді. Бұдан әрі Әсел Бермұхамбетова бизнес-жоспардың негізгі бөлімдері мен талаптарын атап көрсетіп,  инвестициялық жобаларды қалай есептеу керектігі төңірегіндегі өз ойларымен бөлісті, тыңдаушылардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, Әділ Қойшыбаев та өз әңгімесінде компанияның жұмысын жүргізу, бизнес-идеяларды тестілеу,  жобалардың сәтті және сәтсіз стартаптарының себептері, әлеуметтік желілердегі тиімді сатылымдар туралы өз ойларын ортаға салды.

 

Жас бизнесмендер шағын дәрісті тыңдап қана қоймай, топтардағы тәжірибелік тапсырмаллармен де жұмыс жасады.

 

 

 

Тиімді жоба

 

«ИННОВАЦИЯЛЫҚ АВТОБУС» СЫР ӨҢІРІНДЕ

 

Қызылорда қаласына республикалық жаңа NIF50K бизнес-жоспарлар конкурсы аясында «Инновациялық автобус» келді. Бұл жаңалық Сыр өңірі жұртшылығын үлкен қуанышқа бөледі.

 

Үздік инновациялық жобалардың жергілікті авторлары өздерінің бұл жобаларын Назарбаев зияткерлік мектебінің алаңында Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің сарапшылар тобына ұсыну үшiн жиналды. «Жоба шарты бойынша үздік идеясы барлар конкурсқа қатысады. Жеңіп шыққандарға қайтарымсыз грант: 1-ші орынға – 7,5 млн. теңге, 2-ші орынға – 2,5 млн. және үшінші орынға 1 млн теңге қаржы қарастырылған. Конкурс шарты бойынша ең үздік жобаның авторлары телешоу қатысушылары аталады», – делінген хабарламада.

 

Жобаға қатысушы меймандарды облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен, кәсіпкерлерге кызмет көрсету орталығының кеңесшілерімен және журналистермен бірге күтіп алды. Өтініш беруге келгендердің арасында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының аясында гранттық қаржыландыруға ие болып, Қызылорда қаласында алғашқы «Коворкинг орталықты» ашқан жас кәсіпкер Нұржан Тәжбенов өзінің «Сутекті газды алуға арналған қондырғы жасау» атты жаңа жобасын сарапшылар назарына ұсынды. Жобаның тұжырымдамасы бойынша аталған қондырғы автокөліктерге, авиациялық және тамақ өндірісіне қолданылатын сутекті газды шығаруға мүмкіндік береді.

 

Келесі бір қызықты идея: Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Айзат Әбдіраманованың «Қиын математикалық тапсырмаларды есептеп шығаруға арналған тригонометрикалық сағатты жасау» жобасы болды. Аталған жобаны Технологиялық даму жөніндегі Ұлттық агенттіктің басқарушы директоры Серік Маратов ерекше атап өтіп, Айзатқа Стив Джобстың кітабын сыйлады.

 

 

 

Үнемшілдік

 

ҚАЛДЫҚТАР ДА ҚӘДЕГЕ ЖАРАЙДЫ

 

Ақтөбе қаласының тұрғындары үнемшілдікке мән беруде. Нарықтың бұл да бір жақсы нышаны шығар. Ақтөбеліктер  қолданылған пластик бұйымдарды қайта өңдеуден өткізуді жөн санайды. Алайда ол үшін жаңа кәсіпорын желісін іске қосу қажет. Әзірше кәсіпкерлер тұрғын үйлердің аулаларына тегін контейнерлер орнату ісін жедел қолға алуда. Әр контейнердің құны 22 мың теңге. Бұл бір жағынан тұрғындарға қолайлы. Аптасына әр ауладан шамамен 50-60 килодай пластикалық қалдық жиналады.

 

Кәсіпкерлердің айтуынша, ешкімге керексіз, қолданылған пластик қалдықтарын  олар Ресей мен Латвия елдерінің нарығына өткізіп, соның өзінен біраз пайда тауып отырған көрінеді. Қаланың орталық көшелеріне қазір осындай он контейнер орнаттылған. Таяуда тағы да 20 шақтысын қою көзделіп отыр.

 

– Тұрғындардың қаперінде болғаны жөн. Қолданыста болған пластикалық құтылар мен басқа да ыдыстар қайта өңделсе, одан бөтелкемен қатар киімге қажет синтепон материалын да алуға болады», – дейді жобаны іске асырушылар.

 

Ақтөбедегі бұл оң тәжірибенің өзге де қалаларда қолдау табары сөзсіз. Қала кәсіпкерлері алдағы уақытта қаланың барлық бөліктеріне, әр аулаға қалдықтар жинайтын арнайы контейнерлер орнатуды басты міндет санайды. Олар болашақта синтепон өнімін шығару үшін бөтелкелерді қайта өңдейтін желі сатып алсақ деген жақсы ниетпен еңбек етуде.

 

      

 

Заңдастыру

 

ТЕЛЕКӨПІР ТҰРҒЫНДАР КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ

 

Елордада Елбасы тапсырмасына сәйкес елімізде алдағы 1 қыркүйектен басталатын Мүлікті жария ету акциясына байланысты телекөпір өтті. 10 күн үшінде еліміздің азаматтарынан 1 мың 600-ден астам сұрақ келіп түскен. 90 минутқа жалғасқан телекөпір кезінде байланыс орталығына 128 адам хабарласты. Алматы, Қостанай, Ақтау, Шымкент пен Өскемен қалаларының тұрғындары көкейдегі сұрақтарына тікелей эфир арқылы нақты жауап алды.

 

Жұртшылықтың көпшілігі мүлікті жария ету шарасының негізгі мақсатын білгісі келетіндігін жеткізді. Сондай-ақ қолхатпен сатып алынған пәтерді заңдастыруға бола ма? Жалға алынған жер телімін заңдастыруға мүмкіндік бар ма? Шетелден оралған қандастарымызға қосымша мүмкіндіктер берудің себебі неде? Осы тақілеттес сауалдарға құзырлы салалар басшылықтарының өкілдері жан-жақты жауап берді.

 

Жалпы ақшаны, мүлікті заңдастыру әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар үрдіс. Еуропадағы бірқатар мемлекеттер мұндай акцияны бірнеше рет өткізген. Бұл тәжірибеден қазақ елі де сырт қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары-Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, мүлікті жария ету мемлекетке де, ел азаматтарына да бірдей тиімді. Өйткені «көлеңкелі айналымдағы» ақшаның үлесі айтарлықтай өсіп, еліміздің дамуына жағымсыз әсерін тигізіп отыр. Соның нәтижесінде мемлекетке заңнамада көрсетілген салық түсімдері түспейді. Ал аталмыш жоба 1,5 жылдың ішінде оң нәтижесін көрсетеді. Бұған дейін екі мәрте жүргізілген экономикалық амнистия ел экономикасына қомақты қаржы түсірген. Айта кетейік, мүлікті жария ету мерзiмi ағымдағы жылдың бірінші қыркүйегінен келесі жылдың 31-ші желтоқсанына дейін жалғасады.

 

 

 

Әлеуметтік жауапкершілік

 

ҚАМҚОРЛЫҚ АЯСЫНДАҒЫ ШАРАЛАР

 

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасау ісі Солтүстік Қазақстан облысында соңғы кездері жандана түсуде. Бұл жөніндегі Елбасының тапсырмасы аймақтың барлық  жерінде байқампаздықпен жүзеге асырылуда.

 

Дерек көздеріне қарағанда, жыл басынан бері аймақта мүмкіндігі шектеулі жандарға тікелей қатысты 22 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілініп, сол арқылы  200-ден жүзден астам адам жұмысқа орналастырылған, 10 адам «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша  несие алу мүмкіндігіне ие болған.

 

Облыстың автопарк саласы соңғы кездері бірнеше жаңалықтарды өмірге енгізді. Қазіргі таңда иелігінде бірнеше әлеуметтік жеңіл көлік пен инвотакси бар «Әлеуметтік такси» қызметін 4 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар пайдаланып отыр.

 

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жөніндегі Елбасы Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес мүмкіндігі шектеулі жандарды назардан тыс қалдырмау мәселесі де ескерілген. Бұл орайда Қызылжар ауданында тұратын жеке кәсіпкерлер Жұмабек және                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                 Жанна Тәшкенбаевтардың бірінші топтағы мүгедектерге тегін қызмет көрсету қадамы құптарлық. Олар өздерінің «Астана» отбасылық такси қызметі арқылы күніне ондаған мүгедек жандарды әлеуметтік нысандарға тегін жеткізуді қамтамасыз етуде. Алдағы уақытта екінші топтағы кемтар азаматтар да мұндай қамқорлықтан тыс қалмайды.

 

                                                                                                    Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Экономика: нарық жетегіндегі халық                                            4-бет

 

Құрылыс

 

71 ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

 

Алматыда жыл соңына дейін аумағы 209,7 мың шаршы метр болатын 71 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы 24 шілдеде қала басшысы Ахметжан Есімов әкімдікте өткен жиналыста айтып өтті.

 

Жиында қалалық басқарма басшылары шаһардың соңғы 6 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Қалалық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысы Сардар Қабдоловтың айтуынша, алғашқы жартыжылдықта тұрғын үй құрылысы көлемінің артуы байқалған. «Барлық қаржыландыру көздерінен 514,7 мың шаршы метр тұрғын үй берілген. Ол өткен жылдағы осы кезеңмен салыстырғанда 7,3 % артық. Шоғырландырылған бюджетке 581,6 млрд. теңге салық және өзге де міндетті төлемдер жиналды», –- деді  ол.

 

Қала басшысы шаһардың экономикалық-әлеуметтік салаларында даму көрсеткіштері байқалатындығын жеткізді. Ахметжан Есімов тиісті органдарға жыл соңына дейін аумағы 209,7 мың шаршы метр болатын 71 тұрғын үйді, «Сайран» және «Мәскеу» метростансаларын, 3 айналма жолды пайдалануға беру туралы тапсырма берді. Сондай-ақ, Наурызбай ауданының даму жоспарын құрып, қажетті әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылдарды – жол, мектеп, емхана, балабақша салуды тездетуді ескертті.

 

 

 

Өндіріс

 

АЛЮМИНИЙ ЗАУЫТЫНА – ЖАРТЫ ҒАСЫР

 

Тоқырау жылдары ел экономикасы күйзеліске ұшырап, отандық кәсіпорындар тығырыққа тірелді. Өз күнін өзі көрген өндіріс ошақтары қарызға батып, жабылып тынды. Мұндай қауіп бұлты Павлодар алюминий зауытының басына да үйірілген еді.  Бірақ, зауыт ұжымы бұл тығырықты жеңіп шықты.    

 

Жабылудың алдында тұрған зауыт жас мамандарға зор сенім артты. Сол кездегі жас металлург, қазіргі еңбек ардагері Ғизат Бижанов: «Тоқсаныншы жылдары қөп қиындық көрдік. Жұмысшылар айлап жалақы алмаса да, жан-жаққа шашырап кеткен жоқ. Уақыт өте кәсіпорынның өндірісі өрге басып, қуаттылығы артты», – дейді өткен күндерге ой жіберіп.

 

Керекулік металлургтер Елбасының бастамасымен дүниеге келген Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шапағатын көріп отырғандарына дән риза. Құрылғанына 50 жыл толған кәсіпорын өз тарихында мұндай қамқорлық пен қолдауға тек Тәуелсіздік жылдарында қолдары жеткендігін айтады. Қазір мұндағы жағдай  мүлдем басқаша. Зауытта соңғы жылдары бірнеше жаңа өндіріс желісі іске қосылды. Мемлекет қолдауын сезінген кәсіпорын өз кезегінде 3 бірдей көпқабатты тұрғын үй мен балабақша салды. Соның рахаты мен игілігін зауыт меьаллургтерінің отбастары мен балалары көріп отыр.

 

 

 

Қаржы

 

«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНАНЫҢ» АКТИВІ САТЫЛАДЫ

 

Алдағы үш жылдың ішінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның 106 активі сатылады. Бұл туралы жақында «Самұрық-Қазына» Әл-ауқат қоры» АҚ активтері мен нысандарын сату жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы аясында қордың басқарушы директоры Нұрлан Рахметов мәлім етті.

 

«Біздің жоспарымызға сәйкес ағымдағы жылдың соңына дейін 64 актив, ал, үш жылдың ішінде 106 актив сатылатын болады. Заң жобасынша әрбір активке жеке бағалау өткізіледі», – деді аталмыш қордың басшысы. Оның сөзіне қарағанда, сатылатын активтерге қатысты толық мәліметтер қордың ресми сайтында жария етілетін болады. Бұған қоса, алдағы уақытта қор әлеуетті сатып алушыларға жан-жақты ақпарат беру үшін арнайы Call-орталығын іске қосады.

 

Бұдан бөлек, активтерге қатысты жасалған жоспарларға сәйкес жақын арада ықтимал инвесторларға арналып арнайы  семинар өткізілінетін болады.

 

 

 

КЕШЕН

 

МАЛ ШАРУШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА – 100 МЛРД ТЕҢГЕ

 

Қазақстанның мал шаруашылығын дамытуға 100 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінбек. Бұл туралы Алматы облысындағы шошқа шаруашылығы кешенінің ашылуында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева айтты.

 

Сонымен, «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамытуға 100 млрд теңге көлемінде инвестициялық демеу қаржы жұмсалатындығы белгілі болды. Олардың ішінде шошқа шаруашылығын дамытуға 14 млрд теңге қарастырылған көрінеді.           

 

Вице-министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда алдағы 7 жылда өнімділігі жылына 50 мың тонна болатын 26 ірі шошқа шаруашылығы кешені мен 4 сұрыптау-гибридтік орталық ашу жұмысы жоспарланған. Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған 100 млрд. теңгеде төрт түліктің де үлесі бар екендігі даусыз.

 

                                                                                            Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X