Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Шын мәніндегі тарихи оқиға Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өткен аптада болған Мәскеудегі жұмыс сапарының аясында Ресейдің «РИА Новости» және «Интерфакс» ақпарат агенттіктеріне сұхбат берді. Әңгіменің басты арқауы кедендік одақтың мүшелері – Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасындағы экономикалық ықпалдастықтың жаңа жауапты сатысы туралы болды.

Айта кетейік, Мәскеуде өткен Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекет басшыларының кездесуі барысында Еуразиялық экономикалық комиссия құрылып, 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Біртұтас экономикалық кеңістіктің (БЭК) жұмыс істеуі үшін құқықтық негіз қалайтын шешуші құжаттарға қол қойылған болатын. Кеден одағына және БЭК-ке дейін, одан әрі Еуразиялық экономикалық одаққа кірігуге дейін кезең-кезең бойынша дәйектілікпен жүріп келе жатқан үш мемлекеттің ЕурАзЭҚ-тан басталған эволюциялық ынтымақтастық жолы осындай. «РИА Новости» агенттігі атап жазғанындай, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы КСРО аумағындағы Еуразиялық одақ құру туралы барынша тиімді интеграциялық жобаның авторы болып табылады.

Елбасы өзінің ресейлік жетекші ақпарат агенттіктеріне берген сұхбатында сонау 1994 жылы көтерілген идеяның арада осыншама уақыт өткенде жүзеге асырылуына және елдер арасындағы ықпалдастықтың одан әрі даму болашағына кеңінен тоқталып өтеді. «Идеяның көбіне өз уақытынан бұрын жүретіндігі белгілі. Белгілі классик айтқандай, идеялар тәжірибе жүзіне асуы үшін бұқараны баурап алуға тиіс. Кеңестер Одағы күйрегеннен кейін барлық мемлекеттердің өз тәуелсіздігін сезінуі үшін, олар бұдан әрі қалай дамитындығын, олардың әрқайсысы басты мүддесінің не екенін түсінуі үшін, жан-жақтарын бағдарлап алуы үшін уақыт керек болған шығар.

Бүгінгі жаһандану әлемінде өз шекарасының шеңберінде тұйықталып қалған мемлекетті елестету мүмкін емес. Бұл тығырық, бұл кез келген мемлекет үшін тұралап қалумен бірдей. Бүгінде әлемде 240 интеграциялық бірлестіктің өмір сүріп отырғандығы да тегін емес. Олардың ішіндегі ең ірілері – Еуропалық Одақ, солтүстікамерикалық NARTA, оңтүстікамерикалық MERCOSUR, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, АТЭС. Ал посткеңестік кеңістік ішіндегі ірі де ең салиқалысы – Кеден одағы, енді, міне, Біртұтас экономикалық кеңістік болып отыр.

Мен Мәскеу мемлекеттік университетінің қабырғасында интеграциялық идея туралы айтқаннан бері де 17 жыл уақыт өтті. Нақ сол кезеңде, бұл идеяға халықтар үнемі қолдау көрсетіп келсе де, біздің барлық мемлекеттеріміздің элиталары және мемлекет басшылары оны қолдамады. Міне, ақырында ол іс жүзіне асты. Оның тәжірибе жүзінде іске асуы Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің белсенді қолдауы арқасында мүмкін болды. Тағы бір атап айтатын мәселе, сонау 2005 жылы Владимир Путин президент болып тұрған кезде Сочиде біз Кеден одағын құру туралы пікірлескен болатынбыз. Яғни, Еуропалық Одақ 40 жыл уақыт жұмсаған жолды біз 5 жыл ішінде еңсердік. Бұл үшін орасан көп заңдар қабылдауға және ратификациялауға тура келді. Енді біз интеграцияның екінші кезеңіне: біртұтас экономикалық кеңістік құруға көштік. Осы мақсат үшін 17 келісім қабылданды, олардың орындалуы БЭК-тің жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай туғызады. Енді бізге монополиялық инфрақұрылымдық қызметтердің біртұтас тарифін келісу, жұмыссыздық деңгейі, инфляция деңгейі, мемлекеттік қарыз мөлшері сияқты макроэкономикалық көрсеткіштерді біріздендіру туралы заңдар қабылдау керек. Бұл үдеріс 2015 жылы аяқталады. Сонда біз Еуразиялық экономикалық одақ құру кезеңіне аяқ басамыз. Дәл қазіргі кезеңде біздер үшін өте қажет одақ құруға үш мемлекет қана қабілетті болды және саяси жігер танытты», – деді Президент.

Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына байланысты көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақ көп. Солардың бірі – ортақ валюта мәселесіне қатысты Президент өз ойын былай тұжырымдайды: «Интеграциялық бірлестік еркін сауда аймағын, Кеден одағын, біртұтас экономикалық кеңістік құрудан басталады. Одан кейін экономикалық одақ құрылады және содан кейін барып қана Еуропадағы «экю» (European Currency Unit – еуро қабылданғанға дейін ЕО ішінде есеп айыру үшін қолданылған клирингтік валюта, еуропалық валюта бірлігі – «РИА Новости») сияқты есеп айырысу бірлігі кіргізілетін болады. Ең алдымен, интеграцияның бірінші кезеңінен өтуіміз қажет. Содан кейін бір­тұтас валюта туралы ойланатын боламыз. Алайда, қазірдің өзінде Қазақстан мен Ресей арасында ірі тауар көлемі бойынша сауда дол­лармен емес, рубльмен және теңгемен жүргізілуі үшін негіз қалануда. Біз ВТБ банкінде болдық. Осы банк арқылы тәулік сайын 600-800 миллион теңге айналымға түседі. Қазақстандық валюта рубльден кейін екінші дәрежені иеленеді. Біз өзара сауда жасаған кезде ұлттық ақшаларымызды пайдалануымыз керек. Бұл бірінші қадам болып табылады. Алдымен біз өзіміздің экономикалық кеңістігіміздің тең құқылығын және пайдалылығын өзіміз үшін дәлелдеуіміз керек. Содан кейін біртұтас валюта туралы мәселе сөзсіз туады. Алайда, мен бұл рөлді орындауға бір де бір ұлттық валюта, оның ішінде ең қуатты деп саналатын рубль де жарамайды деп есептеймін. Басқа валюта, басқа атау қажет».

Биылғы жылы еліміздің саяси өмірінде көп оқиғалар болды. 3 сәуірде Президент сайлауы өтті. Оның ізінше, депутаттар жұмыс істеп тұрған Парламентті мүмкіндігінше тарату керектігі туралы әңгіме қозғады. Бұл еліміздің Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес, мемлекеттің басты заң қабылдаушы органында кемінде екі партия болуы керек екендігінен туындаған болатын. Қазір әртүрлі саяси қозғалыстар бар. Алайда, бір партия – «Нұр Отан» ғана басымдыққа ие. Екінші айғақ – біздің барлығымыз дағдарыстың екінші толқыны келе жатқанын көріп отырмыз және болады деп есептейміз. Оны біз денеміз тітіркене сезінудеміз. Дағдарыстың болмауы да мүмкін. Дегенмен, Еуропадағы, Америкадағы және басқа мемлекеттердегі болып жатқан жағдайларға қарағанда, оның болуы әбден мүмкін. Осыған байланысты парламентарийлер 2012 жылы сайлауға алаңдаудан гөрі, нақты іспен шұғылдану керектігін алға тартты. Үшіншіден – Қазақстан қуатты индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруда. Тек екі жыл ішінде ғана 350 жаңа кәсіпорын іске қосылады. Қазірдің өзінде экономикамызда өңдеу өнеркәсібі басымдық алып келеді. Бұл бүкіл еліміз үшін және барлық азаматтар үшін аса зор жұмыс. Депутаттар оны жүзеге асыруда жаңа заңдар қабылдайтын Парламентке жаңа адамдарды әкелу қажет деп есептейді. Мен бұл дәлелді тұжырымдармен санаспай тұра алмадым. Оның үстіне бұл Парламент өзінің соңғы сессиясы бойынша жұмыс істеді. Мен тарату жөніндегі айғақты дәлелдермен келістім. Конституция бойынша Президенттің депутаттар ұсыныс жасамай-ақ Парламент лидерлерінің келісімі бойынша да таратуға құқы бар. Бұл қалыпты, конституциялық, заңды құбылыс. Қазіргі күні парламенттік сайлау қарсаңында тұрған еліміздің саяси өміріндегі тыныс-тіршіліктің тамыр соғысын Елбасы өз сұхбатында осылай түсіндіріп берді.

ТМД елдері тарапынан дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөнінде келіссөздер жүріп жатқалы біраз уақыт болды. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Дегенмен Ресей мен Қазақстан өзара үйлесімді үрдіс арқылы ДСҰ-ға мүше болып кіре алмады. Ресей бірінші кіргелі отыр. Бұл Ресей мен Қазақстанның байланыстарына және еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістерге әсер етпей ме деген көкейде жүрген тағы бір өзекті сауалға орай Президент: «Біз Кеден одағын құрудың алғашқы күндерінен бастап бұл тақырыпты көтердік. Қазір іс жүзінде келісімдерді бітірдік: 2012 жылдың соңында ұйымға қабылдау үшін Қазақстан да дайын болады. Алайда, ДСҰ-ға ұжымдық түрде кіру үлгісі жоқ», – деді.

Елбасының пайымдауынша, Қазақстан үшін Ресейдің БСҰ-ға алдымен кіруі өте маңызды. Біздің Еуропаға шығатын барлық көлік дәліздеріміз Ресей Федерациясының аумағы арқылы өтеді. Егер Ресей кірмейтін болса, біз Қырғызстанның жағдайына тап боламыз. Ол БСҰ-ға кірді, алайда бұл ұйымға мүше емес мемлекеттердің ортасында қалды. Сонымен бірге, біз үштік (Ресей, Қазақстан, Беларусь) келіскенбіз және Қазақстан мен Ресей арасында да БСҰ-ға мүше болғаннан кейін Мәскеу біздің мүшелігімізді барлық жағынан қолдайтындығы туралы келісім бар. Ресейдің ұйымға мүше болып кіріп отырған жағдайы Қазақстан үшін өте тиімді. Өйткені, Ресей тарапы қазір бізде қолданыстағы тарифтерден гөрі өзіне барынша жоғары тарифтерді келісіп алды. Сондықтан Қазақстанның БСҰ-ға Ресейден кейін мүше болуы қалыпты жағдай деп есептеймін. Бұл біздің Кеден одағына ешқандай әсер етпейді.

Елбасы сұхбатында сонымен қатар Шанхай ынтымақтастық ұйымын кеңейту болашағы, араб елдері аумағында үкіметтерге қарсы бағытталған жаппай толқулар сабағы, көрші өңірдегі жағдай, экономиканың энергетика, газ-мұнай салаларының дамуы мен болашағы, көсірсутегі шикізатын тасымалдау бағыттары, Ресейде өтетін сайлау және басқа да көптеген мәселелер сөз болды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру