Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Кедендік одақ: ықпалдастықтың жаңа сатысына бет алды Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Мәскеуде Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық интеграция туралы құжаттарға қол қойды. Сөйтіп үш ел бұдан бір жыл бұрын құрылған кедендік одақ аясындағы экономикалық ықпалдастықтың келесі – күрделі де жауапты кезеңіне қадам басты.

Өткен аптада Мәскеуде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Дмитрий Медведев және Беларусь президенті Александр Лукашенко Еуразиялық экономикалық ықпалдастық туралы декларация мен Еуразиялық экономикалық комиссия туралы келісімшартты бекітті. Мемлекет басшылары Жоғары экономикалық кеңестің мүшелері ретінде Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысының тәртібі туралы шешімге де қол қойды.

Мәскеу қаласында өткен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің 1-ші отырысында және Кеден одағына мүше мемлекеттер басшыларының кездесуінде бір үстел басында бас қосқан Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері 2012 жылдың 1 қаңтарында күшіне енетін Біртұтас экономикалық кеңістік туралы халықаралық келісімшартқа байланысты Еуразиялық кеңістіктегі интеграцияның өзекті мәселелерін талқылады. Кездесу барысында ықпалдасудың келесі сатысына көшу жөніндегі біріккен жұмыстарға – Еуразиялық экономикалық одаққа, сондай-ақ ықпалдасу үдерістеріндегі ұлтаралық органдардың басқаруын жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.Әрине, жоғарғы дәрежедегі бұл кездесулердің басты тақырыбы – үш елдің арасындағы экономикалық ықпалдастықты одан әрі дамыту, еуразиялық экономикалық одақ идеясын жүзеге асыру жайы болды.

2011 жылдың 1 шілдесінде үш елдің арасында біртұтас кедендік шекараның негізі қаланды. Сөйтіп Кеден одағы аталған үш мемлекет арасындағы мемлекетаралық интеграциялық құрылымның бірі ретінде өмірге жолдама алды. Бүгінде Одақ аясында үш елдің экономикалық бағыттағы бастамалары жүзеге асырылып, болашақта атқарылар жұмыстар турасындағы келіссөздер жүйелі түрде өз жалғасын табуда. Оның айқын бір көрінісі – Кеден одағына мүше елдер мемлекет басшыларының үшжақты кездесуі барысында ортақ мүддеге негізделген, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды бірқатар келісім-шарттардың қаралуы. Және осының нәтижесінде Еуразиялық экономикалық комиссия туралы келісімшарттың, осы келісімшарт негізінде Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысының тәртібі, Еуразиялық экономикалық ықпалдастық туралы декларацияның қабылданғандығын атап айту керек.

Мемлекет басшыларының үшжақты кездесуінен кейін журналистерге арналған баспасөз мәслихатында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейінде өткен алғашқы отырысына тоқталды. «Бұл отырыс біздің, яғни Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыру жөніндегі ортақ қызметіміздің аясында өткізілді. Оның барысында біз Кеден одағын дамыту және Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастырудың негізгі бағыттары туралы бірқатар мәселелерді талқыладық. Кеден одағының тетігі іске қосылған күннен бастап, өзара сауда айналымына қатысты көптеген кедергілер жойылды, біздің елдер экономикасының инвестициялық тартымдылығы жақсара түсті. 165 миллион тұтынушыны біріктіретін ауқымды нарық құрылды. Отандық кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Тек өткен жылдың өзінде Қазақстанның Ресеймен және Беларусьпен арадағы тауар айналымы 40 пайызға артты. Ал биылғы жылдың өзінде өнім 46 пайызға жетіп отыр. Өткен жылдың желтоқсан айында Мәскеуде Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыру туралы декларацияға қол қойылды. Бұл құжатта үш елдің Еуразиялық экономикалық одақ құруға мүдделілік танытуы көрініс тапқан», – деді Н. Назарбаев.

Одан әрі үш мемлекет басшыларының кездесуі аясында қол қойылған құжаттар жайына тоқталған Қазақстан президенті олардың мән-маңызын атап өтті. Бүгін біз Еуразиялық экономикалық интеграция жөніндегі декларацияға қол қойдық. Бұл құжатта Кеден одағының жеткен жетістіктері көрсетілген және 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастырудың тәжірибелік үдерістерін бастауға деген біздің ынта-ниетіміз көрініс тапты. Өзара ықпалдасудың келесі сатысы саналатын Еуразиялық экономикалық одақ құру мәселесіне көшу жайы, соған қатысты мақсат-міндеттеріміз айқындалды, деді Президент.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бірінші шешімі аталған комиссияның жұмыс тәртібін бекіту болып табылады. Еуразиялық экономикалық комиссия Кеден одағы комиссиясының негізінде құрылады. Сол арқылы Еуразиялық экономикалық кеңістіктің ұлттық органына айналады. Комиссия Еуразиялық экономикалық кеңістіктің қызметін жолға қойып, өзінің құзыреті аясында арнайы ұсыныстар әзірлеп отырады. 5 жылдық мерзім ішінде бұл органға 175 ұлттық қызметтік мүмкіндіктер өкілеттігі берілмек. Олар техникалық оңтайландыруға, сани­тарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық бақылауға, сыртқы және өзара сауда байланысы жөніндегі статистикаларға, өзара бірлескен макроэкономикалық және монополияға қарсы саясатты жүргізуге бағытталады. Өздеріңіз білетіндей, 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап 17 үшжақты келісімшарт жүзеге асырылмақ. Олар Біртұтас экономикалық кеңістіктің нормативтік-құқықтық арқауын қалыптастырып қана қоймайды, еуразиялық интеграцияның сапалық тұрғыдағы жаңа кезеңін анықтауға негіз болады, деді Елбасы.

Президент одан әрі Кеден одағы аясында тауар айналымы еркін қозғалысының қамтамасыз етілуіне жол ашылғанын атап өтті. Осының нәтижесінде Елбасы атап өткендей, Кеден одағы біздің мемлекеттерімізге үлкен пайда әкелді. Жалпы алғанда, үш елдің сауда айналымы 40 пайызға өсті.Еуразиялық экономикалық кеңістік аясында жалпыға ортақ нарық қызметі, капитал мен жұмыс күшін қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктер қамтамасыз етіледі. Барлық отандық компаниялар Еуразиялық экономикалық кеңістікке мүше елдердің табиғи монополиялары мен көліктік инфрақұрылымдары қызметіне теңдей қолжетімділікке ие болады. Олардың барлығында да бірдей бәсекелестік жағдай қалыптасады. Олар мемлекеттік сатып алу бойынша өтетін тендерлерге қатысу үшін БЭК-ке мүше кез-келген елдердің жергілікті кәсіпкерлерімен тең, бірыңғай бәсекелестік жағдайда болады. Еуразиялық экономикалық кеңістіктің өз ішіндегі еңбек миграциясына қатысты барлық шектеулер алынып тасталады. Атап, айтқанда, бір елдің азаматы Еуразиялық экономикалық кеңістікке мүше екінші бір елдің аумағында өкілетті органдардың тіркеуінен өтпей-ақ 30 күндей жүре алады, деді Н.Назарбаев.

Президент Еуразия экономикалық ықпалдастық туралы декларацияға қол қойылуы Кедендік одақтың табысы, Бірыңғай экономикалық кеңістік үдерісінің 2012 жылдың 1 қаңтарында іс жүзіне енуінің көрінісі, ықпалдасудың келесі сатысына көшудегі міндет – Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы екеніне тоқталды.Толыққанды жұмыс істейтін Еуразиялық экономикалық одақ құру Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы монополиялар бойынша макроэкономикалық көрсеткіштер мен тарифтерді ойдағыдай келісу арқылы жүзеге аса алады. «Бұл жерде бірнеше ескеретін жайттар бар. Біріншіден, біз елдеріміздің макроэкономикалық көрсеткіштерін келісуіміз керек. Бұл сыртқы қарыз, инфляция деңгейі, ішкі тарифтер, капиталдың еркін қозғалысы мен жұмыс күші сияқты басқа да көрсеткіштер. Екіншіден, біз монополия жөніндегі мәселелерді келісеміз, бұл теміржолдардағы бірыңғай көліктік тариф, ал 2015 жылға қарай мұнайгаз құбырлары арқылы тасымалдайтын бірыңғай тарифтер», деп түсіндірді Президент.

Елбасының пайымдауынша, бұл көрсеткіштердің жетістіктері Еуразиялық экономиалық одақтың құрылғандығы мен оның толыққанды жұмыс істейтінінің дәлелі бола алады. Сол үшін алдағы бес жыл ішінде ұлттық органдарға 175 ұлттық уәкілеттік тапсырылап, ондағы шешімдер ұйымға кіретін елдердің егемендігіне ешқандай нұқсан келтірмейтін жалпыға ортақ пәтуа негізінде қабылданатын болады.

Президент сондай-ақ Кеден одағына мүше үш елдің ұйымға мүше мемлекет азаматтарын көші-қон саласында тізімге алу мен үш елдің аумағы бойынша азаматтардың еркін жүріп-тұруын қамтамасыз ету жөніндегі қабылданған шараларын атап өтті. «Оның үстіне, біз елдеріміз ДСҰ-ға өтер алдында өз арамызда экономикамызды бәсекеге қабілетті етіп дайындамасақ, аталған ұйымдағы жұмыстарға дайындала алмаймыз», – деп толықтырды Елбасы.

Н. Назарбаев өз сөзінде жалпы мән-маңызына байланысты ортақ интеграциялық одақ ауқымды бірлестік екенін, оны құрудағы басты мақсат – халқымыздың өмір сапасы мен әл-ауқатын көтеруге бағытталатынын атап өтті. Бүгінде үш елдің ІЖӨ-сі 2 триллион долларға, өндірістік әлеуеті 600 миллиард долларға, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару көлемі 115 миллиард долларға пара-пар. Президент мұндай келіссөздерге жету үшін күрделі кезеңдерді бастан өткізуге тура келгенін, алайда бірлескен бастамалар бүгінгі күннің өзінде өз жемісі мен нәтижесін беріп жатқанын атап көрсетті. Сөзін қорытындылай келе, Н. Назарбаев бірлескен интеграциялық кеңістіктің қозғаушы күші саналатын Ресейге, оның халқына үлкен табыс тіледі.

Ресей президенті баспасөз мәслихатында кездесуді биылғы жылдың ең маңызды оқиғасы деп атап көрсетті. Дмитрий Медведев Еуразиялық экономикалық одақ қалыптастыру бағытын көздеген тағы бір кезекті әрі батыл қадам жасалғанын және бұл биылғы жылдың аса маңызды оқиғалары санатынан орын алатынына сенім білдірді. «Бұл қадам біздің елдеріміздің болашағын айқындай түсетін болады. Мен, бірінші кезекте, өзімнің әріптестеріме ризашылық сезімімді жеткізгім келеді. Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды білдіре келе, мынаны анық әрі нақты түрде атап өтсем деймін: Нұрсұлтан Әбішұлы бұл ортақ интеграция жөніндегі идеяны сонау, қиын-қыстау 90-шы жылдары-ақ, айтқан болатын. Сол бір кезеңде «интеграция» сөзі кеңестік кезеңнің лексикасы ретінде дұрыс қабылданбайтын еді. Бірақ соған қарамастан, Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің күш-жігерін аямай, посткеңестік кеңістік шеңберінде интеграциялық үдерістерге бару қажеттігін көпшілікке түсіндіріп, ұғындырумен болды. Әрине, бұған көп уақыт кетті. Бірақ қашанда алға қойған мақсаттан қайтпайтын күш-жігер кез-келген күрделі жағдайдың түйінін шешуге көмектесетіні белгілі. Осы орайда бүгінгі таңда біз қолға алып отырған бастамаларымыздың барлығы да жоспарлы жұмыстарымыздың нәтижесі дер едім. Бұл жұмыстар тарихи мазмұнға ие болады деп ойлаймын. Сондықтан мұндай маңызды қадамдар көпшілік тарапынан бүгін де, болашақта да өз бағасын табатынына сенімдемін», – деді Ресей президенті.

Мемлекет басшылары мүдделі елдердің Кеден одағын дамыту және Бірыңғай экономикалық кеңістікті құру жөніндегі мақсатты жұмыстарды жалғастыруға ниетті екендігін атап өтті. Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері басшыларының қатысуымен өткен бұл жолғы Мәскеу отырысы маңыздылығымен ерекшеленді. Оның аясында өткен үшжақты кездесулерде мемлекет басшылары Біртұтас экономикалық кеңістіктің негізгі құжаттарын бекітті. Осының нәтижесінде үш ел арасындағы Кеден одағы 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап өзінің жаңа сатысына көтеріледі.


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Rustem
    13.01.2015 at 3:25 pm

    Құрметті отандастар!
    Менің саясатымның ұраны ол қазақ халқыны аялау. Бүкіл саясат осыған арналады. Билікке менің ойымша қазақты аялайтын саясаткерлер келу керек деп ойлаймын.
    Егеменді ел болу бұл не, меніңше бұл тәуелсіздік пен қазақ ұлтының гүлдену идеясының аясында бірігіп, ел үшін, болашақ үшін ерең еңбек ету. Егеменді ел болу ол ешкімге тәуелді болмау, ешкімге қарыз болмау, ешкімнің алдында жалтақтамай, ешкімге жалынбай дербес жолмен жүріп қарқынды даму. Егеменді ел болу ол өз өзін әртүрлі өнімдермен қамтамасыз етіп, еліміздің қауіпсіздігін сақтап, тапқанымызды қадыр тұтып мемлекетіміздің көсегесін көгерту. Егеменді ел болу меніңше, ана тілімізді қорғап, ұлттық мәдениетімізді дамытып, ақпараттық кеңістігімізді қорғап, бабалардың аманатына адал болып, осы қасиетті жердің және жер қазба байлықтарының қадірлі иесі болу. Егеменді ел болу менің ойымша, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіріп, жастарға сапалы білім беріп қазақтың жарқын болашағын қамтамасыз ету. Егеменді ел болу меніңше, жаңа инновациялы техника мен технология арқылы, ғылым арқылы еліміздің экономикасын дамыту. Осының бәрі егеменді ел болу деген сөз. Біздің Орта Азиялық көршілеріміз осы жолмен жүріп, дамып келе жатыр.
    Бізге толыққанды тәуелсіздік алу үшін, біздің жер қазба байлықтарымыз мемлекетке және халыққа қайтарылу керек, мысалы бүкіл мұнай кең орындарды Қазмұнайгазға беріп, Теңізді, Қарашығанақты, Құмколді қысқаша бәрін. Менің ұстанымым осы.
    Ардақты ағайын!
    Қазақ мемлекетінің саясаты әлеуметтік тұрғыда бағытталып, оның ортасында Қазақстан азаматы тұруға тиісті. Қазақстан азаматтарының дендері сау болу керек. Сондықтан біз адамдардың, әсіресе, жас ұрпақтың денсаулығын қамтамасыз етуде барлық жағдайды жасауға тиістіміз.
    Жалпы алғанда, еліміздің барлық аймақтарында жаңа емдік-диагностикалық орталықтары құрылып, ал жұмыс істеп тұрғандары жөндеуден өту керек. Адамдар денсаулығы біз үшін ең маңызды мәселе. Денсаулықты қамтамасыз ету үшін, ең алдымен, сапалы медициналық қызмет пен диагностика мүмкіндігі жоғары дәрежеде бола отырып, ол тегін жұмыс істеуі қажет. Өз басым, Қазақстанның әр азаматына жылына бір рет диагностикалық тексеруден өтіп тұруға кеңес беремін. Осылайша, бізде түрлі аурулардың алдын алу мен профилактикалық шаралар жасалады.
    Айтып өткенімдей, білім – менің басымдылықтарымның бірі. Сондықтан мен оған әрқашан көңіл бөлемін. Кәcіптіліктің, білімнің, оқытудың, зияткерліктің негізі мектепте қаланады. Сондықтан мектепте алған білім адам өмірінде маңызды рөл атқарады. Әр адамның болашағы, тағдыры оның мектеп жылдарында сабаққа деген көңілі мен бағасына тікелей байланысты болады.
    Әрбір адам үшін, мемлекет үшін білім беру ең маңызды да шешуші фактор болып саналады. Бұны балалар жиі естиді. Бірақ бұл – шындық, адамның болашағы үшін, оның өмірдегі орны үшін білім жоғары тұрады. Мектептер құрылысы мен оқыту үрдісі табысты іске асып, жастар мен балалар болашақта Қазақ мемлекетіне кәсіби деңгейде қызмет етуі үшін біз тырысуымыз керек. Әр елдің болашағы мен бүгіні оның зияткерлік әлеуетіне байланысты. Дамыған елдер тәжірибесіне жүгінсек, ғылыми-техникалық прогресс интенсивті дамитын, ғылым-білімге мол инвестиция құйылатын елдер ғана дами алады. Қазақстан да дәл осы жолды таңдауы тиіс.
    Дамыған елге айналу үшін, тамаша инфраструктура мен тапсырмаларға ие болу жеткіліксіз. Дамыған елге айналу үшін, қоғамның зияткерлік әлеуетінің жоғары болуы қажетті. Мемлекет білім беру саласын дамытуда нақтылы шараларды жүзеге асыруы керек. Бүгінгі қазақ жастарының болашақта атамекеніміздің лайықты азаматтары болып, өз қызметтерін отанына арнайтынына нық сенемін.
    Болашақта елімізді жастар басқарады. Еліміздің қалай дамитыны соларға байланысты. Сол үшін біз қазір жастарымыздың ақылды, дарынды, білімді, рухани бай, отаншыл, еркін, қуатты, өз тілін білетін және сүйетін, халқының тарихы мен мәдениетін мақтан тұтатын болып өсуі үшін бәрін жасау керекпіз. Тек осындай жастар ғана болашақта қазақ халқын жаңа белестерге жеткізеді.
    Менің ойымша, Қазақстан дамуының маңызды факторлары – экономиканы экологизациялау мен адамның өмір сүруіне ыңғайлы орта қалыптастыру. Өмір сүру сапасының жоғарылауы, ресурстық тиімділік, жаңа инновациялық материалдар мен өнімдердің қолданылуы республиканың негізгі басымдылықтарына айналуы қажет, бұлар – ХХІ ғасырдың жетекші трендтері.
    Біз «жасыл» стандарттардың енгізілуін бастай аламыз, яғни ол стандарттар өндіруші объекттер мен өндірілуші өнімнің экологиялылығына, ормандарды күзету мен қалпына келтіру саласында халықаралық стандарттарды қолдануға, орманды-саябақты жерлер территориясын кеңейтуге бағытталады.
    Республика астанасы мен Алматы қаласы үшін тұрақтардың жеткіліксіздігі маңызды мәселеге айналып барады. Бұдан былай тұрғын үй кешенінің болсын, іскерлік кешеннің болсын құрылысы тұрақтар құрылысынсыз жүргізілмеуге тиіс.
    Мемлекеттер мен халықтар арасындағы құрметті байланысқа негізделген өзара тиімді серіктестікке Қазақстан ашық болуы керек.
    Бейбітшілікті сүю мен көпвекторлық, прагматизм және жалғасушылық – республика саясатының қалаушы тастары. Арамызда қанша қашықтық болмасын, шетелдік серіктестерімізбен тығыз және интенсивті байланысқа дайын болу керекпіз. Бастысы – өзара тиімді ынтымақтастықтағы түсіністік пен мақсаттылық.
    Қазақстанның жеткен жетістіктерін сақтап, балаларымызға жеткізу – жарқын болашақ кепілі. Сондықтан осы мақсатқа жету үшін біз қадірменді ағайын аянбай қызмет етейік, бұл біздің парызымыз.
    Мәселе Қазақстан мен оның жоғары құндылығына байланысты болып тұрғанда, менің материалдық жағдайым ғана емес, жеке өмірім де ештеңеге тұрмайды. Мен ел мүддесін қорғауға міндеттімін және солай бола береді де!
    Данышпан және еңбекқор қазақ халқының мақсаттары жоғары. Бұл мақсаттарды ең жақсы түрде іске асыру – біздің парызымыз, құрметті отандастарым. Сол үшін бізге еңбек пен білім, еркіндік пен шешушілік, шығармашылық ой мен оптимизм қажет.
    Тарихымыз үйреткендей, бізде даналық таныту, өте жақсы дайындыққа ие болу, жақсы білім, ақпараттандырылушылық, еңбекқорлық пен мақсаттылық жатыр. Сол кезде міндетті түрде жетістікке жетеміз. Мақсатымыз – мықты да гүлденуші мемлекет құру.
    Еркін мемлекеттің еркін де белсенді азаматтарымен бірге халқының жүрегінде Президент Қазақстанның рухани өсімі мен мәнділігінің жоғарылауына әсер етуге міндетті. Сондықтан мен кітап жазамын және оны отандастарымның арасында таратамын.
    Мәдениет пен руханилық – ол тек білімділік қана емес. Ол адамның өркениеттілігінің жоғары деңгейі, дәстүрге құрмет, нағыз азаматтылық, отаншылдық, туған тілді білу.
    Ештеңе ойлап шығарудың қажеті жоқ. Тек қана – бабалар дәстүрін ұстану, туған тіл мен мәдениетті сүю, отан игілігі үшін оқу және қызмет ету, мықты және тату тәтті отбасы құру, дені сау балаларды тәрбиелеу, нақ ортасында адам мен оның құндылықтары тұратын экономиканы құру.
    Мемлекеттің нығаюы үзіліссіз үрдіс болғандықтан, сіздерді, достарым, үнемі халқымызға пайда әкелуге, республика игілігіне жұмыс істеуге, ал осы талпыныстарымыз максималды тиімді болу үшін, сіздерді оқуға және үнемі зияткерлік деңгейлеріңізді көтеріп отыруға шақырамын. Еңбек және білім, теория және тәжірибе шығармашылық ой-өріспен байланыстырылған жерде ғана үлкен жетістіктер болады. Сондықтан, достар, аянбай еңбек етіп, білім алып және жұмысқа шығармашылық тұрғыда аралассақ, еліміз міндетті түрде гүлденеді.
    Құрметті отандастар!
    Нәтижелі экономиканың негізі ретінде инновация, технологиялық жаңару, өндірістік салада ғылыми еңбектердің қолданылуы қызмет етеді. Инновациялардың рөлі жыл сайын артып келеді, олар барлық салаға енуге тиіс. Яғни, инновацияның нағыз нәтижелерінің алынуы – тек мемлекеттің ғана мәселесі емес. Аймақтық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін, бұл үрдіске бизнесті де, ғылымды да, барлық қоғамды да қатыстыруымыз қажет.
    Бүгін, модернизация – тек техникалық инновациялар ғана емес. Оның басты мақсаттары жаңа қоғам, жаңа инфрақұрылым, жаңа адам құруда, халықтың, билік органдарының және бизнес-қоғамдар күшінің бірігуінде жатыр, бұлар бізге халықаралық аренада жетекші елдермен бәсекеге шығуға мүмкіндік береді.
    Құрметті достар, сүйікті Отанымыз үшін құрбан ететін біздің өміріміз бір, болашағымыз бір, армандарымыз бір. Отан үшін ерең еңбек етейік!
    Сіздердің Қазақстанды нығайтудағы істеріңізге күш-қуат тілеймін.
    Назарларыңызға рахмет! Қазақ елі жасасын!

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру