Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын көтеру Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойын ежелден ауыр индустрияның орталығы болып саналатан Қарағанды облысы да экономикалық және әлеуметтік салалардағы айтулы табыстармен қарсы алуда.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында аймақ халқының тәуелсіздік жылдарында қол жеткен толағай табыстары, кенді өлкедегі өркенді өзгерістермен танысты. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл сапардың басты мақсаты индустрияландыру бағдарламасының жүзеге асырылу барысына бақылау жасау.

Елбасы алғашқы күні қалада жаңадан салынып, халық игілігіне берілген спорттық кешендерде болды. Мемлекет басшысы Қарағанды қаласындағы жаңа теннис орталығын ашты. 5300 шаршы метрді алып жатқан теннис орталығының аумағында үш жабық және бес ашық корт орналасқан. Осында өтетін спорттық жарыстарды бір мезгілде 400-ден астам көрермен тамашалай алады. Бұл орталықта стол теннисі бойынша облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резервтер мектебі орналасқан. Мектепте теннис, стол теннисі, бадминтон, гандбол, волейбол тәрізді спорт түрлері бойынша бөлімдер жұмыс істейді.

Жаңа корттағы ең алғашқы ойын Елбасының қатысуымен өтті. Қарағандының жас теннисшілеріне үлкен теннистен һас маманның шеберлігін көрсеткен Нұрсұлтан Назарбаев жас спортшылармен әңгімелесіп, сыйлықтар тапсырды.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы қалалақ бокс орталығында болды. Кешен бокс бойынша оқу-жаттығумен шұғылдануға арналған. Мұнда 800 көрерменге арналған зал, сондай-ақ спортшылар жаттығатын және тренажерлік залдар бар. Бұл кешенде Қарағанды облыстық бокс федерациясының кеңсесі орналасатын болады. Жаңа орталықта бокстан ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарын, сондай-ақ республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Елбасы орталықты аралау кезінде бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы Серік Сәпиев пен ресейлік чемпион Виталий Дахненконың жекпе-жегі өтіп жатқан болатын. Жекпе-жек жерлесіміздің пайдасына шешілді.

Келесі кезекте президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан соғылған мұз айдыны сарайында болды. Сарай аумағында көлемі 1800 шаршы метр болатын ашық хоккей корты орналасқан. Мұз айдыны сарайында шайбалы хоккей бойынша облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резервтер мектебі орналастырылған. Енді жас сырғанаушылар мен шорт-трек шеберлері осында жаттығатын болады. Мұз айдыны сарайы Қазақстан чемпионатын, құрылықтық хоккей лигасы деңгейіндегі халықаралық жарыстарды, әлем, Азия чемпионаттарын өткізуге мүмкіндік беретін техника мен технологияның соңғы жетістіктері негізінде жарақтандырылған. Сондықтан қазіргі заманның жоғары талаптарына барынша сай келеді.

Елбасының осынау бірегей спорт кешенін аралап, танысуы кезінде мұнда қазақстандық және ресейлік спортшылардың, оның ішінде қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, ресейлік танымал мұз үстінде мәнерлеп сырғанаушылар Алексей Ягудин мен Дмитрий Лапшиннің қатысуларымен музыкалық қойылым көрсетілді.

– Мен қарағандылықтарды Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып іске қосылған тамаша спорт нысандарымен құттықтаймын. Бұлар – менің тапсырмам бойынша Тәуелсіздігіміздің айтулы мерекесіне тартылған тамаша сыйлық. Қазақстан Тәуелсіздік мерейтойын экономикада және әлеуметтік салаларда үлкен табыстармен қарсы алуда. Егер тәуелсіз еліміз болмаса, мұндай нысандар да болмас еді. Жастарды спортпен белсене айналысуға шақырамын. Қашанда тек терең білімді, денсаулығы мықты адам ғана жеңіске жетеді, – деп атап көрсетті өзінің жас ұрпаққа арнаған тілегінде Мемлекет басшысы.

Президент сонымен бірге қаладағы жаңадан салынған үлкен мешітте болды. 4000 адамға арналған мешіт құрылысы өзінің көркемдігімен алыстан көз тартады. Ғимарат көркін биіктігі 49 метрлік төрт мұнара, 12 метрлік бас күмбез бен 8 шағын күмбез толықтыра түседі. Ішкі безендірілуінде қазақ ою-өрнектері мен классикалық үлгідегі сән элементттері қолданылған. Мешіт босағасы қазақтың дәстүрлі өрнектерімен, сондай-ақ Құраннан алынған сүрелермен көркемделіп безендірілген. Терезелер көркем-витраж техникасы алғаш рет қолданыла отырып салынған. Мешіт құрылысына жергілікті материалдар пайдаланылған, ал ішкі әрлеу жұмыстарын отандық шеберлер атқарып шыққан.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мешіттің ашылуына жиналған жұртшылықпен әңгімелесті. Облыс имамы Президентке дін саласына үнемі көңіл бөліп отырғандығы және мемлекеттің қолдауы үшін алғыс айтты.

Осы күні түстен кейін Мемлекет басшысы Теміртау қаласында болып, «АрселорМитталТеміртау» АҚ МК №2 жаңа домна пешін іске қосу рәсіміне қатысты. №2 домна пешін қайта құрылымдау жобасының жалпы құны 15 млрд теңгені құрайды. Қайтақұру жұмыстарының нәтижесінде пеш көлемі 2035-тен 2460 шаршы метрге ұлғайтылған. №2 домна пеші тәулігіне 3700 тонна шойын балқытады, яғни пештің еңбек өнімділігі бұрынғы қарағанда 25 пайызға артық. Аталған көрсеткіш жылына 1,3 млн тонна шойынды құрайды. Қайта құрылымдау жұмыстарының арқасында пештің жұмыс істеу мерзімі ұлғайтылды, кокс шығыны мен зиянды заттар көлемі қысқарды.

Президент мұнан кейін «АрселорМитталТеміртау» АҚ МК №3 жаңа үздіксіз құйма шығаратын машинаның іске қосылуына қатысты. Жобаның жалпы құны 5,5 млрд теңгені құрайды. Жобаны іске асыру есебінен 88 қосымша жұмыс орны құрылды. Өндірілетін өнімнің жалпы көлемі жылына 800 мың тонна құйманы құрайды. Бұл машинаның іске қосылуы кәсіпорынның өндірістік қуаттылығын жылына 4 миллоннан 5 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа желі тек өндіріс қуаттылығын арттырумен шектелмейді. Ол болашақта Теміртауда арматура, бұрыш, швеллер, таңба сұлбасының сапалы сорттарын прокатқа шығаруға мүмкіндік береді. Зауыттағы кездесуден кейін Н. Назарбеав Қазақстан Республикасының 20 жылдық мерейтойына орай металлургтер қаласында бой көтерген жаңа тарихи-мәдени орталықпен танысты.

Президенттің жұмыс сапарының екінші күні Қарағандыдағы «ҚазАвиаСпектр» ЖШС «Сұңқар» авиациалық зауытын аралаудан басталды. Жобаның жалпы құны – 1 млрд 648 млн теңге. Жобаны іске асыру аясында 125 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Кәсіпорында полимерлік-композиттік материалдардан жасалатын ұшақтар өндірісі игерілетін болады. Олар шыны талшықтары, көмірсутек талшықтары және нанотүрлендірілген көмірсутек талшықтары негізінде қолданылады. Бұл материалдарды қолдану ұшақ жасау саласының негізгі міндеті болып табылатын, кең ауқымды жеңіл және мықты бұйымдарды алуға мүмкіндік береді. Өндірістің негізінде келесіде термотұрақтандырушы конструкцияның матрицалық-вакуумдық қалыптастыру технологиясы жатыр. Жобаны іске асыру кезеңінде бірқатар шығарылатын авиатехникалардың моделін үздіксіз жаңарту және жаңа үлгілерін жобалау мен құру үшін отандық конструкторлық бюро құрылатын болады.

Зауытты аралау барысында облыс әкімі Серік Ахметов Президентті өңірдегі инвестициялық жобалармен таныстырды. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде жалпы өңірлік өнім көлемі едәуір өсіп, 2010 жылдың қорытындысы бойынша 2 трлн теңгені құрады. Биыл облыс экономикасына бір жарым трлн теңгеден астам инвестиция құйылды, оның ішінде өңдеуші секторда –600 млрд теңгеге жетті. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын одан әрі іске асыру 2015 жылы инвестиция көлемін кемінде 30 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Индустрияландыру картасына енгізілген, өңір үшін елеулі мәні бар 50 инвестициялық жоба облыс экономикасына 300 млрд теңгеге жуық қаржы тартып, 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруы тиіс.

Одан кейін Мемлекет басшысы «онлайн» режимінде кәсіпорынның 6 маңызды өңірлік инвестициялық және әлеуметтік жобаларын іске асыру барысымен танысып шығып, бірқатар жаңа өндірісті іске қосты. Олардың қатарында: «Қарағанды ТЭЦ-3 Турбогенератор №5», «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС, «Электроотехнологиялық кешені өндірісін ұйымдастыру» «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «LAN локалды жүйесі үшін телекоммуникациялық кабель өндірісі» «Кэлсис» ЖШС, «Құс фабрикасын жаңғырту және дамыту» «К.Маркс атындағы құс фабрикасы» ЖШС, «Кеңдала-2 шағын ауданындағы балабақшасының құрылыс алаңы» бар. Облыстағы қазыналы аймақ – Жезқазған өңірін дамытуға 130 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінетін болады. «Менің тапсырмам бойынша Жезқазған өңірін дамытудың әлеуметтік-экономикалық бағдарламасы әзірлену үстінде. 5-6 жылдың ішінде Жезқазған халқының жағдайы айтарлықтай жақсаратын болады. Бұл мақсаттар үшін жалпы алғанда 130 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді», – деп атап өтті Н. Назарбаев инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске қосу бойынша өткен телекөпір барысында. Қаражат республикалық және облыстық бюджеттен бөлінеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар, «Қазақмыс» корпорациясы жобалардың жартысын қаржыландырмақ.

Президент өз сөзінде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының маңызына тоқталып өтті.

Жаңа өндірісте жаңа жұмыс орындары ашылады. Мысалы, Қазақстанда авиациялық өндіріс ешқашан болған емес. Біз өзімізде ешқашан болмаған тепловоздарды жинаудамыз, вагондарды құрастырып, нысандарды салудамыз. Оларда жаңа мамандықтарды, жұмыстың жаңа түрлерін қажетсінетін жаңа жұмыс орындары құрылуда. Ол жұмысшылардың біліктілігі үлкен мәнге ие. Оларда еңбекақы өте жоғары. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру екенін көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Бағдарлама аясында қазірдің өзінде 920 млрд теңгенің 234 нысаны, ал биылғы жылы тағы 600 млрд теңгенің 122 нысаны іске қосылды. Тек осы екі жылда ғана 44 мың тұрақты жұмыс орны құрылатын болады. Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ел экономикасы жоғары көрсеткішке қол жеткізуде. Ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі нақты алғанда 7 пайызға артты. Экономикасы жас Қазақстан өсу қарқыны бойынша әлемде 3 орынды иеленген.

Елбасы ұзақ мерзімді табысқа қол жеткізу үшін таяу келешекте бірқатар маңызды міндеттерді шешу қажеттігіне тоқталды. Біріншіден, бұл инновациялық технологияны ендіру және кәсіпорынның энергия тұтыну көлемін төмендету жолымен еңбек өнімділігін арттыру. Президенттің тапсырмасы бойынша үкімет тарапынан «Еңбек өнімділігі – 2020» арнайы бағдарламасы әзірленді. Ол екі міндетті шешеді: қазіргі заманғы басқару технологиясын енгізе отырып кәсіпорынды жаңғыртудың сапалы бағдарламасын әзірлеу және оларды ұзақ мезімдік қаржыландыру, жабдықтар лизингісі, инновациялық кепілдіктер алуға қолдану.

Екіншіден, қазақстандық қамтуды арттыру жөнінде жүйелі жұмыс қажет. Қарағанды облысындағы жүйе құрушы кәсіпорындардағы тауарлар, жұмыстар мен қызмет көрсету салаларындағы қазақстандық қамтудың бүгіндегі үлесі ағымдағы жылдың 9 айында бар болғаны 17,3 пайызды құраған. Жалпы еліміз бойынша қазақстандық қамту үлесі – 21 пайыз.

Үшіншіден, кәсіпкерлікті дамыту. Мемлекет бизнеспен айналысу үшін барлық жағдайды жасап келеді. Мемлекет шағын және орта бизнеске ішінара кредит бөлуді кепілдендіруді және сыйақының кредиттік мөлшерлемесін субсидиялауды алғаш рет өз міндетіне алды. Өндірістік инфрақұрылымды дамыту, бизнеске сервистік қолдау көрсету, мамандарды даярлау мәселелері қарастырылған.

Төртіншіден, елді кең көлемде индустрияландыру үдерісіне өзін-өзі қамтыған тұрғындарды белсенді тарту. Президенттің тапсырмасына сәйкес «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы әзірленді. Оны іске асыру үкіметтің және барлық деңгейдегі әкімдердің қызметінің негізгі басымдығының бірі болуы тиіс.

Бесіншіден, елдің экономикалық дамуының маңызды бағыты агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл халқының әл-ауқатын арттыру және ел аумағындағы селоларды дамыту болып табылады. Биылғы жылы астықтан рекордтық өнім алынды. Сонымен қатар, өзге де ауылшаруашылық дақылдарын, оның ішінде мал шаруашылығы жемшөптік дақылдарды дамыту қажет.

Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қайта құрылымдау бағдарламасын одан әрі дамыту қажеттігін атап өткен Президент Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында жүзеге асырылып отырған бағдарламалардың бәрі де қарапайым адамдардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға арналғанын қадап айтты.

Қарағанды өнеркәсіптік өңір – бұл еліміздің қуатты индустриялық орталығы. Осында қуатты көмір өнеркәсібі, энергетика, қара және түрлі-түсті металлургия, машина жасау, химия өндірістері және ауыл шаруашылығы бар. Біз Қарағанды өңірінде индустриялық бағдарлама қалай дамып келе жатқанын көрдік. 20 жылда жалпы өңірлік өнім 3 миллиард теңгеден 2 триллион теңгеге дейін артты. Өңірде индустрияландыру картасы бойынша барлығы 49 жаңа нысан іске қосылуда. Қарағанды ең алдыңғы қатарда келеді. Осында көп ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Тұрақтылықтың, төзімділіктің, достықтың арқасында біз өркендедік, бізді күллі әлем мойындады. ЕҚЫҰ-ның саммитін Астанада өткізіп, халықаралық деңгейде кеңінен танылдық. Қазіргі уақытта біз Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалық етудеміз. Біздің экономикалық рейтингіміз көтерілуде. Облыс бойынша менің тапсырмаммен Жезқазған ауданын кешенді дамытудың жоспары әзірленді. Онда тұратын адамдардың өмірін жақсарту үшін көптеген жұмыстар атқарылатын болады. Ең басты мақсат – қазақстандықтардың өмірін жақсарту, – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапарының соңында еліміз егемендігінің 20 жылдығына орай облыс орталығында бой көтерген Тәуелсіздік монументінде болды. Монументтің биіктігі 47 метрлік стелада қыран мен күн бейнеленген. Монументтің төрт бұрышында – елдің бүгіні мен келешегін өзара байланыстырушы, халық рухының символы – тұлпарлар бейнесі орнатылған. Тәуелсіздік монументі бой көтерген алаңда Мемлекет басшысы облыс жұртшылығының өкілдерімен әңгімелесті. Олар Президентке Қарағанды өңірінің дамуына тұрақты назар аударып отырғаны үшін алғыстарын жеткізді.

Қазақстан осы жылдары мүлдем басқаша өзгерді. Біз жаңа ұрпақты тәрбиеледік. Біз жаңа өндірістерді құрдық. Қазақстан әлемге танылды. Біздің экономикамыз қарқынды даму үстінде. Мұның бәріне еліміздегі тұрақтылықтың, Қазақстанда өмір сүріп жатқан әртүрлі ұлыстардың достығы мен өзара түсіністігінің, толеранттығы мен шыдамдылығының арқасында қол жеткізілді. Біз тұрақтылықты сақтауға тиіспіз. Сонда табыс та бізде болады, –деп атап өтті Президент.

Иә, «алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді».Тәуелсіздігінің жиырма жылдығын өркенді өзгерістермен қарсы алып отырған халқымыз өз ауызбіршілігі мен береке-бірлігінің арқасында ата-баба арманының асқақ туын биік ұстары анық.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру