Валюта бағамы: $ 387.37 428.55 6.06 ¥ 55.06

Күн тәртібінде – экологиялық қауіпсіздік

Елімізде ауыл шаруашылығы дақылдарына, көпжылдық екпе өсімдіктерге, шабындықтар мен жайылымдарға алуан түрлі арамшөптер, өсімдік аурулары зиян келтіруде. Сондай-ақ қатерлі биологиялық нысандардың шекарадан еніп кету және таралу қаупі және бар. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша жыл сайын республикамызға 100-ден астам елден әртүрлі карантинді өнімдер әкелінеді екен.

Ғалымдардың дерегінше, 1993 жылы карантинді тексеруден 3,4 мың тонна жүк өтсе, 2010 жылы бұл көрсеткіш 5 млн. тоннадан асқан. Сонымен қатар еліміз арқылы карантинді бақылауға жататын транзитті жүк тасымалданады.
Дүниежүзінің көптеген елдерінде соңғы жылдары жаңа карантинді нысандардың пайда болуы мен таралуынан фитосанитарлық жағдай күрт нашарлаған. Олармен күресу үшін едәуір мөлшерде қаражат қажет. Ресейде капр қоңызын жою үшін 1,4 млрд. рубль бөлінсе, АҚШ-та бұл карантинді нысанмен күресу үшін жыл сайын 1 бір млн. доллардан астам қаражат жұмсалады.
Бірқатар елдерде көптеген жеміс және екпе ағаштарын америкалық ақ көбелектің зақымдауы нәтижесінде фермерлер аса көп экономикалық шығынға ұшырауда. Осы зиянкесті мысалға ала отырып, егер карантин ережелері сақталмаса, мұндай нысандар қаншалықты тез таралатынына көз жеткізуге болады. Ол екінші дүниежүзілік соғыстың алдында Еуропаға әкелінген-тін, ал 1970 жылы тек Венгрияда ғана онымен зақымдалған аудан 300 мың га құрады. 2003 жылы ол Алматы, кейінірек Жамбыл облысында байқалды.

Республикадағы карантинді нысандарға байланысты жағдайдың нашарлығы баршамызға аян, деп мәлімдейді ҚР ҰҒА академигі, «Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның бас директоры Абай Сағитов. Қазірдің өзінде жатаған укекіре 39 тұқым шаруашылықтарында таралып, онымен зақымдалған аудандар 3 млн. гектардан асқан. Қызылорда облысының барлық аудандарында бақша дақылдарының егістігіне қауын шыбыны зиян келтіруде. Сондай-ақ осы зиянкестің ошағы Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарынан табылып отыр. Өсімдік карантині мемлекеттің айрықша құзыретіне ие болуға тиіс, ұлттық қауіпсіздік мақсатында шетелдерден карантинді зиянкестердің, ауру қоздырғыштарының және арамшөптердің енуі мен өз территорияларында таралуын қатаң бақылап отыруы қажет. Республикамыздың карантинді зиянды организмдер тізіміне зиянкестер, аурулар және арамшөптердің 100 шақты түрі енгізілген.

Өсімдік карантині жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлу қажет, деп санайды ғалым. Республикамыздың сауда-саттық, экономикалық байланыстарының нығаюымен елімізге шет елдерден әкелінетін өсімдік жүктеріне үнемі мониторинг жүргізу қажеттілігі туындайды. Бұл фитосанитарлық бақылаудың жаңа технологияларын жасау жөніндегі зерттеулермен байланысты. Әкелінген тауардың карантинді нысандарын зерттеу, фитосанитарлық қауіптілік талдауын жүргізу, карантинді нысандар ошағын оқшаулау және жою шараларын жасау, карантиндік сараптама тәсілдерін жетілдіру, нормативті құжаттарды жасау жұмыстары да маңызды.

Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысы халқы тығыз шоғырланған аймақ, мұнда әлеуметтік және экологиялық кауіпсіздік мәселелері әрдайым бірінші орында тұрады. Айталық, 100 мың гектардан астам мақта өсірілетін Мақтарал ауданында жеке елді-мекендер мақта егістігіне жақын орналасқан. Мақта және басқа дақылдар зиянкестеріне қарсы қорғау шаралары жүргізілетін маусым-тамыз айларында халық пестицидтердің буымен демалуға мәжбүр. Бұл бүйрек, жүрек, аллергия және басқа. аурулармен ауыратын адамдар санының өсуіне әкеліп соғады. Пестицидтерді жыл сайын қолдану зиянкестердің төзімділігін дамытып, нәтижесінде пестицидтер тиімділігінің төмендеуіне себепші. Сондықтан шаруалар өнімдерін сақтау үшін пестицидтің жұмсалу мөлшері мен қолдану ретін бірнеше есеге жоғарылатуға мәжбүр. Сондықтан да еліміздің экологиялық, азық-түліктік және биологиялық қауіпсіздігін сақтау үшін ауыл шаруашылық жерлерінің фитосанитарлық жағдайын жақсарту, қауіпті зиянкестердің, арамшөптердің таралуын болдырмау, зиянды организмдердің енуіне жол бермеу қажет.

Мұрагер Сералы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру