Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Экономика: нарық жетегіндегі халық Өндіріс Авиация зауыты ашылды

Елбасы Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында авиация зауытының ашылуына қатысты.

Жалпы құны 1,6 млрд теңге тұратын аймақтағы осы жоба үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында жүзеге асырылуда. Елімізде ресейлік әріптестердің көмегімен мамандандырылған ауыл шаруашылығы ұшақтарын шығару жолға қойылатын болды.

Жобаны жүзеге асыруға «ҚазАгроҚаржы» АҚ «ҚазАвиаСпектр» ЖШС-ға 846 млн теңге мөлшерінде несие берді. Бұдан басқа жоба «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша қолдауға ие болды – инфрақұрылым құрылысына 202 млн теңге қаржы бөлінді, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Авиазауыт алқаптарды химикаттармен өңдеуге арналған «Фермер-2» және «Фермер-500» түріндегі ұшақтарды шығаратын болады. Авиамашиналар полимерлі-композиттік материалдардан жасалады, бұл оның жеңіл болуына септігін тигізеді. Конструкторлардың айтуынша, ұшақтардың салмағы 960 келіні құрайды, жылдамдығы – сағатына 200 шақырым. Олар бір ұшқанда 30-дан 180 гектарға дейін алқапты өңдей алады.

Жаңа зауыт жылына 36 ұшақ жасап шығарады. Жоспарға сәйкес, алдағы кезеңде отандық конструкторлық бюроны құру көзделген. «Келесі жылдан бастап жылдамдығы сағатына 1500 шақырымды құрайтын аэрофототүсірілімдерге, мұнай құбырларын бақылауға, іскерлік ұшуларға пайдаланылатын төрт орындық «Сұңқар» ұшақтарын шығаруды бастау жоспарлануда. Сонымен қатар, шағын кеме, байдарка, жанармай құятын сыйымдылық және басқа да өнімдер шығару белгіленіп отыр», – дейді алда атқарылар іс-шаралар жоспарымен бөліскен компания өкілдері.

Өңірлік даму

Балабақшалармен қамтылды

Павлодар облысының Май ауданында жұмыс сапарымен болған аймақ әкімі Бақытжан Сағынтаев атап өткендей, өңірде «Балапан» бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Бүгінде ауыл балаларының 83 пайызы мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленуде.

Жыл соңына дейін Көктөбе, Ақшиман, Май ауылдарында 150 орындық үш балабақшаның жөндеу жұмыстары аяқталады. Бұл аудан бойынша мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшалармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ауылдық мектептердің материалдық базасы жылдан-жылға жақсарып келеді, олардың бәрі де интернетке қосылған, сыныптар заманауи компьютерлермен жарақтанған. Оқушылардың білім сапасы да жақсаруда, биыл мектеп түлектерінің ҰБТ-дан орташы баллы 82,3-ті құрады, ауданда алғаш рет екі түлек «Алтын белгіге» ие болды.

Аймақ басшысының айтуынша, өңірде «Жұмыспен қамту – 2020» және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары ойдағыдай жүзеге асырылуда. Ауданда 17 адам өзін-өзі еңбекпен қамтып, наубайхана, шаштараз, жиһаз жөндейтін, киім тігетін шеберханалар ашуда. Болашағы жоқ ауылдардан көшірілетін халық үшін үй тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар желісін кеңінен дамытуға, мал тұқымын асылдандыруға, шаруа қожалықтарының мал шаруашылығымен айналысуына мүмкіндік беруде.

Ірі бизнес

Дағдарыс қыспағынан шыққанын көрсетеді

«Эксперт –100 – Қазақстан» жобасы шеңберінде өтіп жатқан ІІІ экономикалық форум барысында айтылғандай, «Эксперт Қазақстан» рейтинг агенттігінің бағалауы бойынша Қазақстандағы ірі бизнестің 2010 жылғы рейтингі ел экономикасының дағдарыстың терең фазасынан шыққанын дәлелдейді.

Мәліметтерге қарағанда аталмыш рейтингке қатысушы компаниялардың жинақталған табысы 13 трлн теңгеден асқан. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда 25 пайызға, 2007 жылмен салыстырғанда 50 пайызға артық көрсеткіш. Бұл өсім «Әлемнің ең қауырт дамыған экономикасы» дәрежесін иемденуге мүмкіндік береді. Ernst&Youngтің мәліметінше, осы дәрежені иемденуші мемлекеттер арасында бірінші орында – Катар, екінші орында –Қытай, үшінші орында Қазақстан тұр.

Ал ұлттық экономиканың көшбасшысы ретінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры танылды. Былтыр оның табысы 3,6 трлн теңгені құраған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 23,9 пайызға көп. Сондай-ақ алғашқы ондықтың қатары биыл «АрселорМиттал Теміртау» АҚ (8-орын) және «Қазмырыш» ЖШС (10-орын) сияқты алыптармен толықты. Экономиканың локомотиві саналатын өнеркәсіп компанияларының табысы былтыр 37,3 пайызға ұлғайған. Дегенмен өсімнің өсуі негізінен өндіруші саланың еншісінде. Бұған әлемдік нарықтағы мұнай мен металдар бағасы өсуінің ықпалы зор болғаны даусыз. Рейтингтегі барлық компаниялар жиынтық табысының шамамен 71 пайызы мұнай және тау-кен металлургия компанияларының үлесінде. Мұнайшылар табысы былтыр 34 пайызға өскен болса, тау-кен металлургия компанияларының табысы 47,7 пайызға артты. Ал агроөнеркәсіп кешеніндегі табыс көлемі былтыр –26,6 пайызға, көлікте – 24,3, телекоммуникацияда – 16,1 пайызға артты. Әзірге көтеріле алмай отырған құрылыс саласы. Былтыр құрылыс компанияларының табысы 11,4 пайызға төмендеген. 2007 жылдан бері құрылыс саласына байланған ірі банктердің де табысы айтарлықтай төмендегені белгілі. Алайда бұл жағдай екінші деңгейлі банктердің көтерілуіне мүмкіндік берді. Қазіргі күні оларда өсім тұрақты. Соңғы төрт жыл ішінде екінші деңгейлі банктердің қаржы жүйесіндегі үлесі 8 пайыздан 15 пайызға өскен.

Баспана

Ауылда жаңа үйлер сап түзеді

Павлодар облысының Ертіс ауданында болашағы бар деген жеті ауылда «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының аясында екі пәтерлік отыз үйдің құрылысы басталды.

Аймақтағы келешегі жоқ ауылдардан қоныс аударатын тұрғындар үшін ауданға 300 млн теңгеге жуық қаржы аударылды. Биыл жыл соңына қарай болашағы бұлыңғыр ауылдардан көшірілетін отыз отбасы жаңа ауылдағы жайлы үйлерде қоныс тойын атап өтпек.

Ертіс ауданына қарасты ауылдарда бұған дейін де жаңа үйлер салынған болатын. Олар негізінен өз қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етуді көздеген шаруа қожалықтарының есебінен бой көтерген еді. Биыл Бұланбай ауылында «Алтай-Қарпық», «Сайдолла-Сарытоқа» қожалығы жылқышылар үшін екі екі пәтерлі үй тұрғызды.

Кәсіпкерлік

Жан-жақты мағлұмат алды

«Дастан» бизнес-орталығында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ бөлімшесінің Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен бірлесіп ұйымдастыруымен халықаралық «Жаһандық кәсіпкерлік апталығы» аясында кәсіпкерлер үшін Ашық есік күні өтті.

Ашық есік күніне келген кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарымен танысты. «Даму» қорының Ақтөбе облысындағы өкілдері, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мамандары кәсіпкерлерге субсидиялаудың пайыздық мөлшерлемелері және банк несиелері бойынша ұсынылатын кепілдендіру шарттары мен тетіктерін түсіндірді, кәсіпкерлерді инфрақұрылымдық қолдау және мемлекеттік көтермелеу шаралары туралы ақпарат берді. Сондай-ақ кәсіпкерлер «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ жүзеге асырып жатқан ауыл шаруашылығындағы қолдау бағдарламалары туралы жан-жақты мағлұмат алды.

Еңбек нарығы

66 мың адам оқумен қамтылды

Биылғы өткен он айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова келтірген мәліметтерге сәйкес, «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында 66 мың адам оқумен қамтылған.

Есепті кезеңде негізгі күш-жігер «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасын әзірлеуге және іске асыруға бағытталды. Бағдарламаны іске асырудың ілкі жылында алғашқы 4 айдың қорытындысы бойынша бағдарламаға қатысуға байланысты жұмыспен қамту орталықтарына 72 мыңнан астам адам келді,деді министр.

Г. Әбдіқалықованың айтуынша, қаралған өтініштер негізінде биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 47 мың адам бағдарламаға қатысушылардың қатарына енгізілсе, олардың ішінде 45,4 мыңы әлеуметтік келісімшартқа қол қойған. «Әлеуметтік келісімшартқа қол қойғандардың 56 пайыздан астамы жастар», дейді министр. Аталған бағдарлама аясында 66 мың адам оқумен қамтылған. Олардың ішінде қазіргі күні 44 мыңы кәсіптік даярлықтан өтіп жатса, 19 мың адам қайта даярлауға, ал 3 мың адам біліктілігін арттыруға жіберілді.

Тарту

Денсаулық сақтау нысандары бой көтерді

Денсаулық сақтау министрлігі Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай еліміздің аймақтарында бірқатар денсаулық сақтау нысандарын ашуды жоспарлап отыр

Министрлік мәліметтеріне қарағанда, 7-желтоқсанда елордамыз – Астана қаласында 500 орындық көпсалалы стационар іске қосылады. Аталмыш нысанның ашылу салтанатына Мемлекет басшысы қатысады деп күтілуде. Ал 28-желтоқсанда Қызылорда қаласында 500 орындық қалалық емхана ашылады. Сондай-ақ 30 қарашада, Алматы облысының Талғар ауданында 150 орындық аудандық аурухананың, 5 желтоқсанда Жамбыл облысының Шу ауданында 150 орындық аудандық аурухананың, 16 желтоқсанда Жамбыл облысының Аса ауылында 250 орындық аудандық емхананың ашылу салтанаттары өтеді.

Көрме

Болашақ энергиясы

Парижде өтіп жатқан Халықаралық көрмелер бюросы бас ассамблеясының 150-і сессиясы аясында қазақстандық делегация EXPO-2017 халықаралық мамандырылған көрмесін өткізуге қатысушы үміткер ретінде өз кандидатурасын қорғауда.

Қазақстан делегациясын EXPO-2017 жобасы ұйымдастыру комитетінің төрағасы, премьер-министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев басқаруда. 30-минутттық тұсаукесерінде Қазақстан жағы EXPO көрмесін өткізу аумағының 3-D форматындағы моделін ұсынды. Ал ХКБ делегаттары Астананың инфрақұрылымдық мүмкіндіктерімен танысумен қатар, Қазақ елінің кең көлемді көрмені өткізуге дайындығы туралы хабардар болды.

Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа EXPO-2017 көрмесін өткізу барысында «Болашақ энергиясы» атты тақырыпты ұсынады. Аталған тақырып қазіргі кезде адамзат үшін өзекті мәселеге айналып отырған энергия сақтау проблемасын ашып көрсетуге мүмкіндік берері сөзсіз.

Делегация басшысы Ө. Шөкеевтің айтуынша: «Қазақстан – мұнай, газ, уранға бай мемлекеттердің бірі. Дегенмен бұл байлықтың бір кездері сарқылатынын түсінеміз. «Болашақ энергиясы» тақырыбы Қазақстанға жаңа технологияларды тартудың жақсы жолы, сондай-ақ ғылыми-техникалық ойды дамытуға түрткі болары сөзсіз».

Қазақстан 14 жылдан бері халықаралық көрмелер бюросының мүшесі болып келеді. Осы уақыт аралығында біздің еліміз өзін белсенді қатысушы ретінде көрсетіп, Аичи, Сарагоса, Шанхай қалаларындағы көрмелердің нәтижелі өтуіне қомақты үлес қосты. Қазір мемлекетіміз Кореянің Ёсу қаласында өтетін EXPO-2012 көрмесіне дайындалу үстінде.

EXPO-2017 көрмесін өткізу құқығын иелену Қазақстанның халықаралық деңгейде алға жылжуында үлкен қадам болмақ. Ұсынылып отырған EXPO-2017 көрмесі 3 айға – 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін созылады деп жоспарлануда. Көрмеге әлемнің 100-ге тарта елі мен 10 халықаралық ұйым қатысады, 5 миллион адам келеді деп күтілуде.

Мұнай

Өнім көлемі ұлғайды

Батыс Қазақстан облысында биыл он айда 36228,8 млн теңгенің мұнай өңдеу өнімдері өндірілді. Статистика деректеріне қарағанда, бұл өткен жылғыдан 1,4 есеге артық.

Жыл басынан бері сондай-ақ 4411,4 млн теңгенің минералдық өнімдері шығарылған, бұл былтырғы осы есепті кезеңмен салыстырғанда 1,4 есеге жоғары. Құрылыс мақсатындағы бетон бұйымдары, құрылыс қоспасы арта түскен. Металлургия өнеркәсібіндегі өнім көлемі 3743,5 млн теңгені құрады, бұл өткен жылғыдан 4,7 пайызға кем. Дегенмен ұнтақталған шар, профнастил шығару өскен. Электрмен қамту, газ, бу бөлу кәсіпорындарындағы өнім көлемі 18,6 млрд теңгеге жетіп, 0,4 пайызға көбейген. Сумен қамту, кәріздік жүйе, қалдықтар жинау мен бөлуді бақылау кәсіпорындарындағы өнім көлемі 4,0 млрд теңгені құрап, өсім 17,4 пайызға артқан.

Қоршаған орта

Шөлейтті алқаптарда – жасыл желек

Атырау облысында «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» (НКОК) және «Аджип ККО» компаниялары «Болашақ» мұнай-газ кешенді даярлау қондырғысы мен «Самал» вахталық кенті аралығында орманды алқап жасауға кірісті.

Қашаған кенішін игерудің алғашқы кезеңінде 137 мың ағаш пен бұталар егу жоспарланып отыр. Орманды алқап жасау таныстырылымында «НКОК» компаниясының сыртқы байланыстар директоры Пьер Дельпон: «Бұл шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу қарсаңында өткізілуінің зор маңызы бар», деп атап өтті. Орманды алқапты отырғызу топырағы тұзды, ауа-райы құбылмалы, желі қатты шөлейтті аймақта жүзеге асырылмақ. Жобаны орындауға сарапшылар мен халықаралық ғылыми-зерттеу институттары тартылып, барлық жұмыстарды жергілікті мердігерлер ғана атқарады. Ғылыми жұмыстарды жүргізуге Қазақ ауыл шаруашылығы институты мен Болонья, Флоренция және Неаполь университеттерінің ауыл шаруашылығы факультеттерінің мамандары қатысады. Ағаш отырғызу жұмыстарын жергілікті мердігерлік компаниялардың 120 қызметкері жүзеге асырады. Жобада 300 000 ағаш отырғызылатын тәлімбақ жасау көзделген.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру