Валюта бағамы: $ 314.4 343.83 5.51 ¥ 45.6

Академик Зейнолла Қабдолов туралы бірер сөз

Мен де ұлы ұстаз Зейнолла Қабдолұлының алдын көрген, дәріс алған,  қазақ әдебиеті мен тіліне қызыққан мыңдаған қазақтың ұл-қыздарының бірі екенімді мақтан тұтамын. Қай қиырда жүрсем де Зекеңді сыртынан арқаланып, қолдау көретінмін.

Осыдан қырық бес жыл бұрын шәкірт ретінде танысқанымда, сабағын әлі бастамаған, өзіне өзі келмей, қабарыңқырап тұрған қоңыр жүзі нұрлана қалып, жылы лебізбен, тіпті шаттана сөйледі: «Ой, сен Қаз дауысты Қазыбектің ұрпағы екенсің ғой, Мұқаң  тамсана жазатын Шаншардан екенсің ғой!» деп алды да, басқаларға жете таныстырып: «Орта жүз Қаракесектің шаншарлары Абайдың нағашылары әрі қайын-жұрты болады. Абайдың ата-тегін білесіңдер, ал, нағашылары да от ауызды, орақ тілді келеді, өңшең. Олар тілдің майын тамыза тербеп бергенде, өшіп бар жатқан қоламтаны қоздырып, өлгенге жан салып, тірілтетін болған», деп бір тастады. Дәл осы арада қазақ үшін сөз қадірінің, сөз құдіретінің ғажайып бағасының бір мысалы ретінде: «Алшын Қаражігіт би сөйлегенде қара арғымақты қара суға батырады, ал Қаз дауысты Қазыбек сөйлегенде сол арғымақты су бетіне шығарады деген сөз бар» деп алды да, қазақтың өзге де би-шешендері туралы келелі бір әңгімені келістіре бастап кетті.

Сол алғашқы сәтте-ақ Зекеңнің барқыттай жұмсақ қоңыр дауысы құлақта қалды, жылы шуақты жарқын бейнесі дәл қазір көз алдымызда.

Зейнолла Қабдолов басқарған ғылыми кеңесте кандидаттық қорғау үшін «Абайтанудың революцияға дейінгі қайнар көздері» деген тақырыптағы жұмысымды талқыға ұсындым. Сыншым академик Зәки Ахметов күмістей сылдыраған сырбаз дауысымен мақтап берді, тіпті «үлкен үлес», «салмақты еңбек», «бұрын мұндай сөз айтылмаған», деген сияқты мақтауларды аяған жоқ, асыра бағалап жіберді. Сонда Зекең: «Өй, мына Зәкидің айтып тұрғанының бәрі рас болса, баяғыдан бері қайда жүрген, бұл Тайшыбаев», деп балаша қуанды. Ғылым болған соң талас болады, пікір жарысады, бір уақытта қызды-қыздымен  Темірбек Қожекеев, Әбілқазы Нарынбетов, Марат Барманқұлов сияқты өңшең мықты өзара дауласып кетті. Жетекшім – Рымғали Нұрғали  сыртынан бағып отыр. Мінбеде тұрған мен жайыма қалдым. Уақыт өтіп барады. Төраға Қабдолов кеңес мүшелерін тәртіпке шақырып: «Мына Тайшыбаевқа кандидат емес, доктор берейік. Содан соң абайтанудан білмейтіндеріңді осыдан сұрап алыңдар», деп кеңкілдеп күлді. Жанындағы профессор Дәдебаевқа: «Жанғара-ау, мыналарға қой десеңші, екі жарым сағат болды, мен шаршадым, сен жүргізбесең, маған көнетін емес», деп бір қалжыңдап орнынан тұра берді. Зәки Ахметов әдетінше жарқылдап: «Қойдық, отағасы, қойдық, сіз не десеңіз – сол болады», деп залды ду еткізді. Екі академик құрдас, мәңгі бірге келе жатыр еді. Сөйтіп отырып, Ахметов Қабдоловқа «Сіз», «отағасы» деп сөйлейді. Қандай сыйластық, қандай жарастық! Нағыз қазақы әзіл, қызығатын өнеге-ақ қой, шіркін. Қазір міне, екеуі де жоқ. Тағдыр шіркін осындай. Өлшеп қана берілген өмір…

1997 жылғы 24-ші мамыр, күні бүгінгідей есімде. Бір маңызды қағазға Зекеңе қол қойдыру керек болды. Уақыт тығыз, Қарағандыға қайту керек. Зекең Алматыда жоқ дейді, қайда екенін ешкім айтпайды. Қатты қысылғанымызды көріп, ғұламаның жақсы шәкірттерінің бірі, орынбасары қатарлы Зейнол мені оңаша шақырып алып: «Зекеңді алаңдатуға болмайды. Тау ішінде, демалыс жайында маңызды шаруа жасап жатыр. Ешкімді жібермеңдер, деп қатты тапсырған. Сонда да мына қиналыстарыңыз жаныма батып тұр, айтайын», деп Зекеңнің жатқан жай-тұрағын түсіндірді. Жедел-ақ жетіп бардық. Қаймығып тұрмын. Сонда да есігін қағып, мысықша басып, бөлмесіне кірдім. Төрде, үлкен үстелге қағаздарды жайып тастап, отыр екен. Жеңіл көтеріліп, сәлемімді алды. Шаруамызды айтқанша, тоңазытқыштан қазы-қарта, шұбат алып, дастарханға қойып жатыр. Әрине, бізге ыңғайсыз. Сәбидей қуанып, елпілдеп дәм ұсынып жатқан жасамыс академиктің алдында өзіңізді қалай сезінер едіңіз. «Гүлнәр дедің бе, атыңды, келін, мына Зарқын бір тәуір көретін шәкіртім еді. Өз үйім емес, бірақ дәм де өзгенікі емес, отырыңдар, әй бала атың кім?» деп алты жастағы Тоқтарымыздың төбесінен иіскеді. Баламыз болса, академикті неғылсын, Зекеңнің биік арқалы жұмсақ орынтағына отырып алып, қаламын ұстады. Біз «қой» дегенге тыңдамайды. Зекең болса, «Тимеңдер,тимеңдер. «Менің Әуезовімнің» тынысы ашылсын, сәбидің жолы жеңіл болады», деп қауқылдап жатыр.

Академик дәл сол күндері «Менің Әуезовім» романын бастаған екен. «Қол тигізбейді. Ұсақ-түйек жұмыс. Баспа асықтырып жатыр. Күзге қарай бітіріп беруім керек», деп ағынан жарылып, ақ қағазға маржандай ұсақ әріппен тізген жазуларын да көрсетіп жатыр…    

Осыдан тура он бес жыл бұрын 1994 жылдың 24 ақпанында академик Зейнолла Қабдолов Қарағандыға келді. Дәл не шаруамен келгені есімде жоқ, Қарағанды Мемлекеттік университетінің филология факультетінде болып, студенттермен, оқытушылармен кездесті. Әлі есімде, сол жерде ғылым докторлары, тілші  Қайролла Нұрмұқанов, әдебиетші Задан Жұмағалиев, декан Мұрат Кәрменұлы, тағы басқалары болдық. Мен Зекеңнің әңгімесін неғұрлым толық түрде қағазға түсіріп алуға ыждаһаттандым. Сонда асығыс жазып алғандарым мынау екен, ескі қағаздардың арасынан тауып, тасқа бастырып ұсынып отырмын. Шамам келгенше жанымнан сөз қосқаным жоқ. Тақырыбын лайықтап, өзім қойдым.

 

Сөздер біріне-бірі сәуле түсіреді

    «Филология факультеті – жоғары оқу орнының негізгі факультеті. Мысалы, КазГУ-дің беті, ұлттың іргетасы, ұлттың болмысы, ұлттың бітімі филология факультетіне байланысты. Химия, физика, биология, тағы басқалары қанша мықты болса да, бұл мамандықтарға жер бетіндегі қай жерден болса да оқуға болады. Ал, филология факультетінің жөні басқа. Адамға анасының ақ сүтімен дарыған, адамның ары, ұлттың ары – әдебиет болса, біздің қазақ әдебиеті Абайы, Әуезові бар әдебиет. Оларды тек филфактан ғана алуға болады.

Сырты салқын болғанмен, аудиторияларыңыз ажарлы, өздеріңіздің жүздеріңіз жылы екен. Мен алдарыңызда отырмын. Менің, бәріміздің ұстазымыз Әуезов отырып оқитын. Сөз орнықты болу үшін бе, Назарбаев отырып сөйлейді, Лукьянов, Хасбулатов (кезінде КСРО халық депутаттары құрылтайын басқарғандар. – З.Т.) отырып сөйлейді…

…Творчество еркіндікті қалайды… Әдебиет деген сөздің өзінен бастап өте күрделі әңгіме.

Бірінші – әдебиеттің қазіргі халі. Бұрын Бұқар жыраудан бастап, кейін әргі ғасырлардың түпкірінен бері қарай алатынбыз. ХХ ғасыр 1900 жылдан басталмаған, 1917 жылдан басталған дейтінбіз. Қазақ совет әдебиеті деп бөлдік. Енді қазіргі қазақ әдебиетін оқытуда қандай бағыт-бағдар, мәселе, проблема бар, соны айтамын. Сіздер өз пікірлеріңізді білдіріңіздер…

Мен «Жазушы» баспасынан… Уақыт-кеңістік, мезгіл-мекен [дегендерді] бұрын философия деп қарайтынбыз. Уақыт пен кеңістікті адам ғұмырынан тыс қарауға болмайды. Қай мезгілде өмір сүріп отырмыз, қай мекенде – өздеріңіз білесіздер. Өмірдің басы-аяғы жоқ. Твардовский «Василий Теркинде» осылай дейді ғой.

Менің көркем шындығым – өмір. Сондықтан, өмірдің басы қайсысы, қазір қай жерде отырмыз? Қазіргі хаос – шындық. Табиғат өкімі сияқты, …халіміз нашар. Бұрын кемшіліктерді көрмейтінбіз. Көгілдір экраннан бәрін көрдік. Енді тоқтап жан-жағымызға қараймыз. Хаос гармонияға көшкен жоқ. Самобичевание жетіп жатыр. Шевченко айтпақшы, «өтеді күндер, өтеді күндер…»  Оны [жақсы аударуға] Қасымның ақындығы керек. Одан да артық аудару керек. Өлеңді аударыңдар, бәсекелесіп аударыңдар.

…Осындай халде әдебиет тұр. Ой қозғап жүрміз. Ұстазда шәкірт жоқ, …гармонияға үйретпеймін. Гармонияға көшіп әңгіме бастайық…

…Той үстінде ой керек. Өмір өнерге көшкенде ғана өз қасиетін танытады. Мағжан: «Сұм өмір абақты ғой, саналыға» деген. Горький «өмір – бейнет» деген. [Өмір дегеніміз] әуелі қателік, одан кейін оны түзету. Өзіміздің қатемізді жөндейік. Бәріміз жабылып бір қатені, Лениннің қатесін жөндеуіміз қажет. «Партия – халықтың ақыл-ойы, ар-ожданы» деді ғой. Осынысы – қате. Партия – ақыл-ойымыз, абыройымыз? Жоқ. Халықтың ақыл-ойы – ғылым. Ар-ожданы, абыройы – әдебиет. Жер үстінде қазақ деген халық бар десе – [нақты халықтық сипатымыз] Әуезовтің «Абайы» арқылы дүние жүзіне таралған.

Қазіргі дәуірдегі міндетіміз – тарихымызды түгендеу. «Әдебиеттің партиялығы» деген не сөз? Қазір партия көп. Соларға әдебиетті теріп бере аламыз ба?

1903 жылы партия «Әдебиет құрысын» деді, заң көрдік. Соның нәтижесінде «Совет әдебиеті» деген ғана бар дедік. Мұны тарихқа айналдырайық. Тапшылдық. Әуезов [қуғындалып, атылып] кетсе, қазақ әдебиеті болмас еді. [«Абай жолының»] екі томын ешбір халықтың жазушысы жаза алмас еді. Сөз өнерінің шыңы, шеберлік деген осы. Әуезовтың тірі қалуы – әдебиетіміздің бақыты. Алғашқы екі кітабын жазуда жасандылық жоқ еді. Таптық тартыс іздедік. 1958 жылы Алматыға Камерун жазушысы Бенджамин Матиф бастатып 38 елден жазушы келді. 38 адам президиумға отырды. Алғашқы конференция күні [Ғабит] Мүсірепов, [Әбділда] Тәжібаев, Жұбан Молдағалиев… бес адам бармыз. Президиумдағы 38 адамның біреуі [Мұхтар Әуезов] жан-жағына қарайды, залға үңіледі де отырады. Мұқаң ренжиді. Неге қарап отыр? «[Михаил] Шолохов келмей қалды, дені сау ма екен», – деп үзілісте бізден сұрады. Ұлы адамдардың бірін-бірі сыйлауы, сағынуы, іздеуі…

Үзілісте бізге қарай бір жас жігіт келе жатты. [Ортамыздағы] Әуезовтің мойнына асыла құшақтап жылап жіберді: «Осында «Абай» кітабын әкелдім. Сізді көру үшін келдім. Дүние жүзінде қазақ деген халық барын Сіз арқылы білдім. Даласы қандай ғажап! Сізді көруге [ынтық едім]. Осы даланың ғажайыбын, сол еркін халықтың керемет қасиетін көрсеттіңіз. Қыздары қандай сұлу, данышпан қарттарын былай қойғанда, жігіттері қандай көркем», деген [сөздерін] аудармашы тәтпіштеп-ақ жеткізді.

Жазушының әрқайсысында намыс болады. Соны лақтырып тастап, шеттен келген жазушы жігіт осылай жылады.

[Кеңестік идеолгия] сол Әуезовті құрту керек, [оның жазғандары] «буржуазный объективизм» деді. Завотделом культуры ЦК КПСС Поликарпов бір кеңесте осылай депті. «Тап жоқ, еңбек жоқ. Құнанбай Меккеге неге барады?» Соц.реализмді талап етті. Соңғы екі кітабы солғындау, өтірік айтқызуға мәжбүр еттік. Тап күресі жоқ  болғандықтан. Ресейге өз еркімен қосылдық деп жаз, переселен қазақты адам қылды деп жаз [осындай орынсыз талап қойылған болатын].

…Әрқайсымыз личность болуымыз керек, кісілікті болуға күш салу керек. Саясаттың сатқындыққа айналған кезінде өмір сүріп отырмыз. Көкірек көзіміз ашық болсын.

Әдебиетке көзқарас осыған байланысты өзгерді. Өшкеніміз жанды деп [қуандық], бұрынғыға қайта оралайық дейді. Бұрынғы сарын адастырады. Білімсіздік бір қиырдан бір қиырға әкетеді.  [Мысалы], Сәкен революция жыршысы дедік, енді құрысын дейміз. Сәбитті [жауып] қояйық, Жамбыл Сталинді жырлады деп жүргендер баршылық. Сәбит елуге келгенде Қасым Аманжолов «Сәбеңе» деген өлең жазды. Ұмытпасам, «Сәкелеп ердік соңыңнан…» деген сөздер бар. Бұларды жоққа шығаруға болмайды.

Осыларды оқытудың интерпретациясын, жолын табайық. «Тар жол, тайғақ кешу» болмаса сол кездегі оқиғаларды қайдан білеміз. Сәбең арқылы жетпіс жылғы өткенімізді танимыз.

Әдебиеттің екінші қасиеті – тәрбие.

[Әдебиет дегеніміз] тілімізбен жазылған, сөзбен салынған сурет.

Жазушы шеберлігі – «жазу үстіндегі азабы».

Орнын тапқан екі сөз ойнамай қоймайды. Сөздер біріне-бірі сәуле түсіреді. Екі сөз біріне-бірі сәуле түсіргенде образ басталады…

Социалистік реализм дегеніміз – біріншіден, шындықты жазу, екіншіден нақты жазу, үшіншіден революциялық даму үстінде көрсету керек дедік. Осы үшіншіден адастық.

Уақыт пен кеңістік деген ұғымды әдебиетке алып келгенде: уақыт осындай болып [отырғанда],  әдебиет дағдарыс үстінде. Осыны ойлап, ұқпағандықтан [көп қате жіберіп алуымыз мүмкін. Сондықтан да] теория жағынан түзету жасап жатырмыз. Практика жүзінде [әзірше] жақсы шығарма туа қойған жоқ. Бірақ, туады. Біздің тарихымыз, теориямыз, сынымыз бар. Осылар үйлесім табуы керек», – деген еді сол кездесуде Зейнолла Қабдолов.  

 

             

                                                                                           Зарқын ТАЙШЫБАЙ, 

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры,

филология ғылымдарының кандидаты


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X