Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Мәңгілік ел ұлттық идеясы – жасампаз еліміздің жарқын болашағы

«Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті. Ал ең бастысы – еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы жарияланды. 
«Мәңгілік ел» идеясы – елімізді өз мақсатына талай дәуір сынынан сүріндірмей жеткізетін тұғырлы идея.

Бұл дамыған 30 елдің қатарына кіруімізге жаңа серпін беретіні сөзсіз. Әрбір Жолдауында Ұлт Көшбасшысы халықтың жағдайын бір сәтке де ұмытқан емес. Күні бүгінге дейін айтылған міндеттердің бәрі жыл өткен сайын бірте-бірте орындалу үстінде. Өз тәуелсіздігінің жиырма екі жылын артта қалдырған егеменді еліміз бүгінде жаңа экономикалық өрлеу жолында. 

Ал ендігі кезекте 2050 жылға дейінгі мақсат пен міндеттерімізді айқындап алуымыз — заңды құбылыс. Елбасының «Қазақстан жолы – 2050» Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ Жолдауы жастарға да үлкен аманат жүктеп, салмақты жүк арқалатып отыр. Елбасы өз сөзінде: «Біріншіден, барлық дамыған елдердің сапалы бірегей білім беру жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды. Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс» деген болатын. Мемлекет болса, өз тарапынан жастардың сапалы білім мен саналы тәртіп алуына, қажетті мамандықты игеруіне, өз арман-мақсаттарын жүзеге асырулары үшін бар мүмкіндіктер жасап келеді. Осыларға әлемдік деңгейдегі Назарбаев Университеті, Назарбаев Зияткерлік мектептері, «Болашақ» бағдарламалары дәлел. Біздің ата-аналарымыз жете алмаған мұрат-мақсаттар, мүмкіндіктер, біздің алдымызда айқара есігін ашып тұр, біз өз кезегімізде осы мүмкіндіктерді іске асыру барысында бар күш-жігерімізді аямай, табысты жұмыс жасауымыз қажет. Осы жолда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Экономика және бизнес Жоғары мектебінің Қаржы кафедрасы ұжымы да тәуелсіз қазақ елінде тынбай еңбек етіп, еліміздің  өркендеуіне жоғары білімді маман кадрлар дайындауда өз үлестерін қосып келеді. Осы Жолдау қазақстандық жастарды біріктіріп, биік белестерден көрінуге апаратын жарқын жол іспеттес. 

Жолдауда айтылғандай «Жетекші университеттерді академиялық және басқару-шылық автономияға біртіндеп көшіруге жоспарлы түрде кірісу қажет. Үлгерімі жақсы студенттер мен оқушыларды қолдаудың тиімді жүйесін жасау қажет. Үкіметке 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап стипендиялар мөлшерінің 25 пайызға өсірілуін қамтамасыз етуді тапсырамын» делінген болатын. Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы жұмыстың ұзақмерзімді басымдықтары белгіленген. Біз мына басым бағыттар бойынша бірқатар мәселелерді шешуіміз керек. Олар: Инновациялық индустрияландыру трендін түзеу және күшейте түсу , Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру, Ғылыми қамтымды экономика құру , Инфрақұрылымдық үштаған – агломерацияның, көліктің, энергетиканың қарқынды дамуын қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті дамыту және біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Елбасы ұсынған елімізді өркендетудің бағыттары өте  маңызды. Оның ішінде білім саласының қызметкерлері, біздер үшін өте маңызды болып табылады. Ол — жоғары білімді ұлт қалыптастыру қажеттігі. Бұл бағыт білім беру саласында еңбек етіп жүрген ұстаздарға жаңа міндеттер жүктейді. Оқыту әдістемелерін жаңғырту, отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді және құралдарды қарқынды енгізуге тиістігі заман талабы. Жаңа заман талабына сай пәндерді өзгерту, ескірген немесе сұраныс жоқ ғылыми және білім пәндерінен арылу, сонымен бірге, сұраныс көп және болашағы бар бағыттарды күшейту мәселесін шешу қажет.
Жолдауда Елбасы бүгінгі күннің ең маңызды мәселесі ел бірлігі мен тілге баса назар аударды. Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады». Бүгінгі Қазақстанның жеткен жетістіктері мен алған шыңдары бірліктің арқасы. Сондықтан қазақтың бірлігі — елдігіміздің кілті, жаң қазақстандық патриотизмнің идеялық негізі. Ел бірлігі — ең асыл қасиет», — деген Елбасы тұжырымы Отанын сүйген әр азаматтың жүрегінен орын тебуі керек. Тілге деген көзқарас — шындап келгенде елге деген көзқарас. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн, — деп Президент ел бірлігінің басты белгісі — қазақ тілі екенін баса атап өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050» Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ атты Қазақстан халқына Жолдауын әрбір қадамын сенімді басқан мемлекетіміздің әлемдік қауымдастықтар қатарынан қалмай, болашақты оптимисттік көзқараспен болжамдап, өзінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдей алатын, өркениетті даму жолындағы жаңа бағыттарын айқындаудың жолы деп білеміз.
Елбасы бұл жолдауында мемлекетте білім алып, еңбек етіп жатқан азаматтарға ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруді міндеттеп отыр. Әрине, біздің еліміз үдемелі индустриалды-инновациялық бағытта шарықтап, тез дамып келе жатқан елдердің қатарында. 2030 – 2050 жылдар аралығында еліміздің ғылыми қамтымды және жасыл экономика қағидаттарына негізделген орнықты дамуын қамтамасыз ету қажет. Біз қуатты өңдеуші өнеркәсіп қалыптастырамыз.Дәстүрлі салаларда жоғары өңделген өнімдер шығаруға көшу жүзеге асырылып, ғылыми қамтымды экономиканың базасы ретінде инжинирингтік қызметтер дамиды. Сол себепті жаңа өзгерістерге әруақытта да қазақстандық азаматтардың дайын болулары керектігін Елбасымыз ашық айтты. Елбасының осындай саясатын жете түсінген ел азаматы өзінің кәсіби біліктілігін үзбей жетілдіріп, озық технологияларды меңгеру жолында тынымсыз еңбек етуі керек шығар. Елбасы өз жолдауында прагматикалық стратегия құра отырып, қазақстандықтарға жаһандық технологиялық төңкерістің бөлшегіне айналу мақсатын қояды. Ол үшін инновациялық зерттеулер мен әзірлемелер дайындап, ауқымды халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына қатысу мүмкіндіктерінің бар екендігін баса айтады. Қазіргі уақытта еліміздің кейбір ғалымдары ғана өз жобаларының аясына бірен-саран шетелдік ғалымдарды тартып, бірлесе жұмыс істеп жатыр деп айта аламыз. Алайда бұндай қадамдар баяу түрде іске асып, саны жағынан да саусақпен санарлықтай ғана. Елбасының келешек ұрпағымыздың өсіп-өнуі үшін жасап жатқан парасатты қадамдары өте мол. Еліміздің балабақша, мектеп, колледж, жоғары оқу орындарына арналған стратегиялық білім беру бағдарламалары жастардың білім мен ғылым жолында жан-жақты дамуларына, жаңа өзгерістерге төтеп бере алатын, заманауи техниканы меңгерген, өз ісінің шеберлері ретінде қалыптасуларына мүмкіндіктер беріп жатыр. Елбасының бұл Жолдауда көрсеткен бағыттарын барлық қазақстандықтар түсініп, қолдайды деген ойдамыз. Өйткені стратегиялық инновациялық бағыттар бойынша шетелдік ғылыми-зерттеушілік қоғамдастықпен ықпалдасу біздің еліміздің экономикалық дамуына зор ықпалын тигізеді. Бұл қадам арқылы қазақстандықтар жаңалықты меңгереді, шыңдалады, тәжірибе жинақтайды, бір сөзбен айтқанда, еліміздің басқа шет елдермен бәсекеге қабілеттілігін арттырып, терезесін теңестіреді. Бізді айрықша қуантқаны — мемлекеттің саяси, экономикалық, мәдени дамуының жолдарын белгілей отырып, Жолдауда ұлттың рухани жаңғыруына баса көңіл бөлінгені. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Біз болашаққа көзтігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық» деп тағы бір мақсатты айқындап, сол мақсатқа жетуде қазақ халқының рөлін көрсетіп, алдағы уақытта біздің мемлекет жаңа қазақстандық патриотизмге негізделген қазақ тілді мемлекет болатынын айтып өтті.
  «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсіп жүр. Осы мақсатта біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар екендігін паш еттті. Ол – Мәңгілік Ел идеясы. Қазақстан Президенті қашанда ел ертеңі білімді ұрпақтың қолында екенін айтып, ұдайы білім беру саласын қолдап отырады. Ендігі мақсат — Мемлекет басшысы Жолдауында келтірілген, алдымызға қойылған міндеттерді басшылыққа алып, жұмыс істеуіміз керек. Жаңа бағдарламаны іске асыруда өз үлесімізді қосып, алдыңғы орында болатынымызға сенеміз.
Сонымен қатар Елбасының баса назар салып айтып кеткені, әрине, таяудағы 2-3 жылда дуальдік, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру керектігі. Келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіруді қарастыру қажет екендігін баса айттты. Өскелең жастарға берілетін білім әлемдік стандарттарға сай озық оқыту технологиясымен жабдықталған оқу орындары атап айтсақ, әр облыстағы бой көтеріп жатқан Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Назарбаев университеті сияқты білім ордаларына қарап бой түзеу. «Қазақстан-2050» стратегиясында Елбасымыз жоғарғы оқу орындарында халықаралық үлгідегі сертификаттарға ие болатын инжинерлік және техникалық мамандықтарды даярлау көзделіп, жоғарғы оқу орындары жалғыз білім беру саласымен шектеліп қана қоймай, сонымен қатар қолданбалы және ғылыми зерттеу салаларын құрып, оны одан әрі дамыту көзделген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Экономика және бизнес Жоғары мектебі Қаржы кафедрасының ұжымы Елбасы Жолдауынан үлкен рух алып, алға қойған міндеттерін саралай отырып, «Мәңгілік Елдегі» жас қаржыгерлерді жан- жақты дайындауға бар күш-жігерлерін салады. Осындай оқу орындарын аяқтап, үлкен мамандық иесі болған өскелең ұрпақтың еліміздің елеулі азаматтары болатынына кәміл сенімдіміз. 

Гүлназым Супуғалиева, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
«Қаржы» кафедрасының 
аға оқытушысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X