Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Қазақстанның жетекші экономикалық әріптесі

Германия – Қазақстанның Еуропалық одақтағы жетекші экономикалық әріптесі. Бұл туралы Елбасы АҚШ, Германия және Бразилия мемлекеттері елшілерінен сенім грамоталарын қабылдау кезінде айтты.

«Германия Федеративтік Республикасы Қазақстанның Еуропалық одақтағы жетекші экономикалық әріптестерінің бірі болып саналады. Соңғы жылдары екі елдің өзара тауар айналымы 4 есе өсіп, 2010 жылы 3,5 млрд АҚШ долларынан асты», – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы ГФР канцлері Ангела Меркельдің Астанаға былтырғы сапары ықпалдастықты дамытуға жаңа серпін бергенін жеткізді. «Қарым-қатынасымызда экономикалық, инвестициялық ынтымақтастық, шикізаттық емес салалардағы жобаларды жүзеге асыру жоғары орынға қойылды», – деді Н. Назарбаев. Бұл тұрғыда Президент индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру, бірлескен өндірістер ашу және басқа да бағыттардағы байланыстарды нығайтуда өзара мүдделілік бар екенін атап өтті.

Н. Назарбаев былтыр Қазақстандағы Германия жылы табысты өткенін, осы бағытта  мәдени байланыстарды тереңдетудегі шаралар жемісті болғанын жеткізді. Сенім грамоталарын тапсырғаннан кейінгі брифингте Германияның төтенше және өкілетті елшісі Гидо Герц екі елдің арасында шикізаттық, технологиялық және өнеркәсіптік салалардағы байланыстар табысты екеніне тоқталды. «Бұл күндері біз Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен қатар екі елдің арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнауының 20 жылдығын атап өтудеміз. Германия Қазақстанмен дипломатиялық байланыстарды бірден орнатқан мемлекеттердің қатарында», – деді елші.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру