Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Сан дәстүр, сан тіл сайраған, Қазаны бірге қайнаған! Мақпал САҒЫНДЫҚ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың іскери шақыртуымен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің I Саммитіне Әзербайжан басшысы Илхам Әлиев, Қырғыз Республикасының президенті Роза Отунбаева және Түркия Республикасы премьер-министрінің орынбасары Бекир Боздағ қатысқан алқалы жиын өз мәресіне жетті.

Діні мен тілінде, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінде ерекше ұқсастық тапқан түркі халықтарының алғашқы саммиті ең алдымен елдің экономикалық деңгейінің жай-жапсарын талқылаудан басталды. Іскери ынтымақтастық барысында Қазақстан президенті Түркия елінде орын алған апатты жағдайға байланысты түрік ағайындардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жиынның ашылу сәтінде:

– Түркі Кеңесі деп аталатын ортақ отауымыздың жоғары деңгейде орын алған алғашқы кездесуінде бас қосып отырмыз. Ыстамбұл қаласында былтыр өткен Алматы Саммитінің негізгі тақырыбы да көпшілігіңізге мәлім. Осыған байланысты біздің бұл жолғы басқосуымыз түркітілдес мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастық мәселесіне арналады. Саммиттің күн тәртібі аталмыш кеңеске мүше елдерге алдын ала жолданған болатын, – деді.

2009 жылдың 3 қазанында Әзербайжан Республикасының Нахчыван қаласында Түркітілдес мемлекет басшыларының 9-ші саммиті өткен еді. Бұл саммитке Әзербайжан басшысы И. Әлиев, ҚР президенті Н. Назарбаев, Қырғыз елінің сол кездегі басшысы Қ. Бакиев, Түркия мемлекетінің басшысы А. Гүл және Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Х. Сапарлыев қатысқан болатын. Аталған басқосуда Түрікменстан елін қоспағанда, Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін» құру жайындағы Келісімге қол қойылды. Іскери маңызға ие бұл құжат ТМЫК немесе Нахчыван келісімі деп аталды.

Былтырғы жылы Түркия саммитінде бекітілген Түркі Кеңесінің бас хатшылығының Ыстамбұлдағы қызметіне тоқтала келе Елбасы:

– Түркі әлемі өз кезегінде Еуразия аумағының 40-тан астам ұлт пен ұлыстардың басын біріктіріп отыр. Түркі Кеңесі аясында құқықтық негізге ие құрылтай құжаттары бекітіліп, хатшылық қызметін реттейтін маңызды құжаттар қабылданды. Менің ұсынысыммен жүзеге асқан Түркі елдері Парламентаралық ынтымақтастық және Ақсақалдар кеңесі мемлекет арасындағы ықпалдастықтың дамуына ерекше серпін беруде. Жаңадан ашылған Түркі академиясының жұмысы да бауырлас елдеріміздің тарихи тамырын зерттеп, мәдениеттіміздің алға жылжуына үлесін қосуда, – дей келе, Астанада орналасқан академияның қызметіне тоқталды.

2010 жылдың 15-16 қыркүйек аралығында Стамбұл қаласында Түркітілдес мемлекеттердің 10-шы Саммиті өтті. Жиын нәтижесі негізінде Стамбұл декларациясы қабылданып, ТМЫК бірінші саммиті Қазақстанда 2011 жылдың қазанында өткізілу жоспарланды.

2010 жылдың 23-25 қарашасында Анкарада ТМЫК Аға лауазымды тұлғалары комитетінің бірінші отырысы өтіп, қазақстандық тарап дайындаған Түркия Республикасының Үкіметі мен ТМЫК арасында Хатшылық туралы келісім, ТМЫК Рәсімдік ережелері және Түркітілдес мемлекеттердің Ақсақалдар кеңесі туралы ереженің жобалары қаралған болатын. Қазіргі уақытта Ақсақалдар кеңесінің құрамына Қазақстан атынан – Президент мәдени орталығының директоры М. Жолдасбеков, Түркия елінен – ТР Президент әкімшілігінің басшысы М.Исен, Әзербайжан елінен – Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Б. Будагов, қырғыз тарапынан – Қырғызстанның бұрынғы мемлекет хатшысы И. Абдуразаков мүшелік етуде.

– Қазақстан үшін Түркі Кеңесіне тұңғыш төраға болу – үлкен мәртебе. Біз өзіміздің ортақ күш-жігерімізді түркітілдес елдерді жақындастыру, ұйым қызметінің тиімділігі мен Кеңестің мәртебесін арттыру үшін жұмсаймыз. Сондай-ақ біз әлемдік дағдарыс дауылына қарсы тұруға бағытталған ортақ әрекеттердің тиімді тетіктерін қалыптастыру мәселесін қарастырдық. Мемлекет арасындағы транзиттік мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану жолдарын айқындадық, – деді Елбасы.

Жиында Елбасы 2012 жылы Түркістанда өтетін «Қазіргі түркі әлемі: нақты ахуал және даму болашағы» атты халықаралық симпозиумда және «Астана – түркі әлемі мәдениетінің астанасы» атты көлемді бағдарлама аясында мәдени мәнге ие іс-шаралардың жүзеге асуын ұсынды.

– Күллі түркі елінің қасиетті шаңырағына айналған Қазақстан – тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап, осы бағытта нақты шараларды іске асырып келеді. Біз этносаралық үйлесім мен келісім, өзара төзімділік идеяларын берік ұстанамыз, – деді Мемлекет басшысы.

ҚР сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық Кеңесіне мүше мемлекеттердің отырысында:

– Өңірлік жалпытүркілік бірлестік – Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық Кеңесінің 1-ші саммиті Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан тәуелсіздіктерінің 20-жылдығында өтуінің рәміздік белгісі бар. Алматы саммиті тарихымыздың, тіліміздің және мәдениетіміздің ортақтығына негізделген еліміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытып, нығайтуға бағытталған жаңа асулы кезең. Түркі кеңесі қандай да болмасын үшінші елдерге қарсы бағытталмаған. Өз қызметінде біздің елдеріміз өкілдік ететін БҰҰ мақсаттары мен қағидаттарына, халықаралық құқық нормаларына, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде қабылданған міндеттемелерін толық қолдайтындығын атап өту маңызды, – деген болатын.

Саммит нәтижесі бойынша түркітілдес мемлекет басшылары арасында Алматы декларациясы мен Түркі кеңесінің рәсімдік ережелері қабылданды. Сондай-ақ Түркі кеңесінің келесі саммиті жиынға қатысушылардың ұйғарымымен Бішкек қаласында «Білім, ғылым мен мәдениет саласындағы ынтымақтастық» тақырыбы аясында өтетін болды.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының президенті:

«Біз бір-бірімізге көмектесіп, экономика министрлеріне тапсырма беріп, екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуымыз керек. Сауда-саттықты ұлғайтуымыз қажет. Әрине, ол нарық жүйесінде болуы керек. Қазіргі заманда ешкім-ешкімге бекерге ештеңе бермейді. Бірақ та көмектесуімізге болады».

Илхам ӘЛИЕВ, Әзербайжан Республикасының президенті:

«Тәуелсіздікке қол жеткізген аралықта біздің елдеріміз қарқынды экономикалық даму мен саяси тұрақтылықта үлкен белестерді бағындырды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен Қазақстан тамаша табыстарға жетті, ел өте серпінді және тиімді дамуда. Сіздердің табыстарыңыз жасампаз істеріңізден, қалалар келбетінен, барлығын сүйсіндіріп отырған жаңа елорда – Астананың әсем келбетінен көрінеді. Қазақстан – әлеуеті орасан ел. Сіз жүргізіп келе жатқан реформалар болашаққа бағытталған. Бүгін қолда бар әлеует әлеуметтік мәселені, экономикалық реформа мәселесін тиімді шешуге мүмкіндіктер туғызып отыр. Біз үшін Қазақстан барлық уақытта достас, бауырлас ел болды. Әсіресе, тәуелсіздік жылдары екі елдің арасындағы қарым-қатынас барынша нығайды. Қазір біздің делегацияларымыз экономика, көлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы жобаларды талқылауда. Бұл екіжақты қарым-қатынас әлеуетімізді нығайтуға өз ықпалын тигізеді. Біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы зор қарқынмен өсуде, алайда тауар айналымының көлемі бізді қанағаттандырмайды, сондықтан мемлекетішілік орасан әлеует толықтай жүзеге асырылуы тиіс».


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру