Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Апта тынысы Мәдениет Қуыршақтар байқауы – Алматыда

Мәдениет ошағы – Алматы қаласында Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Ортеке» II деп аталатын қуыршақ театрларының халықаралық байқауы басталды. Түркия, Тәжікстан, Татарстан, Өзбекстан мен Қырғызстан өнерпаздарының басын қосқан байқауды еліміздің Мәдениет министрлігі ұйымдастырған. Фестиваль жайында Кинематография және театр өнері басқармасының бас сарапшысы Г. Мырзашева: «Биылғы байқау ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды. Отандық қуыршақ өнерін дамыту мақсатында театр әртістерінің кәсіби және орындаушылық деңгейінің артып, халықаралық байланыстың нығаюына үлкен жол ашпақ», – деді.

Тарих

Есімі ел есінде

Батыс өңіріне қарасты Ақжайық ауданының Алғабас ауылында Кеңес Одағының Батыры Есен Орақбаевқа арналған ескерткіш ашылды. Аудан әкімі Абай Иманғалиев ұйытқы болған ескерткіштің авторы – оралдық мүсінші Рафаэль Шамсутдинов.

1922 жылы Қарағай елдімекенінде дүниеге келген Есен Орақбаев Ұлы Отан соғысында жиырма екі жасында Тисса өзенінен өтуде ерлік көрсеткен. Соғыстан кейін елге аман оралып, Жаңақала ауданына қарасты «Красногор» кеңшарында директор болып қызмет атқарған. Жерлестерінің қайсар ерлігін кейінгі жас ұрпаққа насихаттау мақсатында Алғабас орта мектебінің мұражайынан батырға арналған бұрыш ашылды.

Тұлға

Әдеби шара жалғасын табуда

Еліміздің батыс өңірінде қазақтың біртуар ұлдарының бірі Қасым Аманжоловтың туғанына 100 жыл толуына орайластырған шаралар орын алуда. Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп аталатын әдеби кеште соғыс және еңбек ардагері Бисен Жұмағалиев ақынның Оралда өткен жастық шағынан оқырмандарды хабардар етсе, ақын Ақұштап Бақтыгереева Қарағанды қаласында дүркіреп өткен Қасым ақынның мерейтойы жайында сөз қозғады. Сондай-ақ кеште ақынның Оралдағы өмірінен сыр шертетін фотоқұжаттары экраннан көрсетіліп, әндері орындалды.

Жалғасын тапқан бұл шара Теректі ауданына қарасты Қызылжар орта мектебінде де ұйымдастырылды.

Табиғат

Экология – өзекті мәселе

«Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов және химия ғылымдарының докторы Федор Лобановпен кездескен Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев отырыста қоршаған ортаның қауіпсіздік мәселесін талқылады. Сондай-ақ, іскери кездесуде кәсіпорындарды газ жүйесімен қамтамасыз ету, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу сияқты маңызды жәйттар қарастырылды. Қаланың ауа қабаты жайында Ф. Лобанов: «Өскемен қаласының табиғатымен танысқаныма 20 жыл болды. Қазақстан-Америка еркін университетінің ректоры Ережеп Мәмбетқазиевпен бірлесе жұмыс атқару нәтижесінде, қала климатының біршама жақсарғандығын байқадық. Эколог ретінде сіздердің бастамаларыңызға тек қолдау білдіремін», – деді.

Әзірлеген Мақпал САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру