Валюта бағамы: $ 334.92 395.88 5.71 ¥ 50.69

Ерлер қолдаған экономика ел еңсесін көтереді

Ықылым заманнан ел деп туған ерлер қара қазан мен  сары баланың қамы үшін  арпалысып өткені тұла бойына  қазақы қан тұнғандарға айдан анық. Топырағың торқа болғыр Қобыланды бабамыздың өзі  елдің еңсесін тіктеуге тер төккені баршамызға белгілі. Бұрымдымыз күң, тұлымдымыз құл болмас үшін сүйем жерін дұшпанына таптатпаған сондай аталарымыздың  білектің күші мен найзаның ұшына сенген замандағы ерен істері тамаша тарихқа айналды. Дегенмен, білекті бірді, ал білімді мыңды  жығатынын адамзат енді мойындағандай.  Қазір парасат майданы туып түр. Адамзаттың бір-біріне күш қолдануын әлем талқылап, жүгенсіздерді  бірлесіп тізгіндейтін  шаққа да жеткендейміз. Қысқасы қазір күш қолдану саясаты тарих сахнасынан жылыстап, саналар соқтығысына жол беруде. Ендеше ақыл-айла, кемел ой, білікті білім иесі жеңімпаз болмақ.

Елдің  ертеңі сондай тұлғаларға, олардың сіңірген үлестеріне тән. Едеше қазіргі  кезеңде адуын американың өзі де табынатындай ауыздығымен арпалысқан заманды татулығының және  бірауыздылығының арқасында ырқына ықтырып отырған Қазақ елінің  бүгінгі күнгі әлемде ойып алар орны бар екенін  айтып кетпесек қылдай да болса қиянат болар. Иә жері байдың елі бай демекші қырық жыл атом бомбасының сынағына айналсақ та, тоз-тоз болып кетпей, жұдырықтай жұмылып, дүниенің төрт бұрышындағы жүзден астам ұлыстың өкілдеріне напақысын тапқызып отырған елге деген алғыс қаншалықты екенін бір алла білер. Фәниден бақиға  дейінгі аралық тарих деп аталса керек.  Демек, шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап, топырақ оранғанға дейінгі ғұмыр пенденің еншісіндегі жәдігер! Ал осы жәдігерді ұрпақ санасына сіңдіру, ұлттық үнімізді, ділімізді ұқтыру –  мойындағы парызымыз. Нәтінде, қай салада қызмет атқарсақ та еліміздің көкейкесті талғамына орай тіршілік жасауға тиістіміз. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі кезеңде  өз тарихы мен өз тілінен бейхабар адам адам ешкімнің де шекесін қыздыра қоймас! Тарихтың ерте заман тарихы мен жаңа дәуір тарихы дейтін атаулары болса да, тарихтың көнесі де жаңасы да болмайды. Бір оқиғаны саясатқа сай мың құбылту –  пенделік, тарихты бұрмалау. Сөз басында бұрынғы замандағыдай жұдырықтың жуандығы емес ой-сананың шынарлығы бүгінгі тарихтың қозғаушы күші екенін тілге тиек еткенмін. Сол ойды бір аймақ яғни  бір ауылдың мысалында өрістетсем деп едім. Мәселен, Кенесары ханның  көтерілісіне қарсы қызмет еткен майор Томилиннің қол астындағы орынборлық отрядтың бекінісі  ретінде 1845 жылы Торғай өзенінің бойына орын теуіп, кейіннен 1868 жылы Дала ережесі енгеннен кейін уездік қала Торғай атанған елді мекенді алып көрелік. Өз заманының талғамына сай тұлғалар тудырудың үлгісін көрсеткен қарт Торғайдың әр кезеңнің кенезесін қандыра білгенін қайда қоямыз?! Қазақтың соңғы ханы Әбдіғапарды ауызға алмасақ та, кешегі Кейкі, Амангелді, Әлібилер өз кезеңінің келісті кейіпкерлері емес пе еді.  Біссімілләсі қазақ халқына хат танытпаққа арналған Ыбырай мен Ахмет Байтұрсын әлеммен араласуға ұялмайтындай бірегей әліппилер жасағап бергені қандай ғанибет! Сол әлипби дүниенің төрт бұрышына тарыдай  шашырап жүрген қандастарымыздың  атамекенмен байланысуына күні бүгінге дейін қалтқысыз қызмет қылып келе жатқан жоқ па?! Демек, Торғай ұрпақтары замана талабынан кенде қалған емес.

Ойлап отырсақ тақыр кедей тұқымынанмын деп кеуде соқтыратын кешегі кеңес үкіметінің кеселі құлан таза емделе қойған жоқ сияқты. Байлық тізгінін ұстағандарға алакөзбен қарап, өзгенің тиындарын санау әлі күнге баршылық. Ала жіпті аттамауды өсиет еткен атамыз «жоқтық ұят емес, байлық мұрат емес» дегенде ұрпағын жалқаулыққа үндемеген болар. Тек бай болу жолында қиянатқа жол берме, әр істі әліңе қарап жаса дегенді тұспалдаса керек. Дене еңбегінен ой еңбегінің нәтижелілігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, егемендік бізге жаңа көзқарас, жаңа ұстаным алып келді. Бұрындары түсімізге кірмейтін елдерде білім алу, оларға өзіңді таныту, тіпті кейбіреулерімен құдандылы болу үйреншікті әдетке айналды. Торғай өңірі де мұндай өзгерістерден құралақан емес. Торғайдың ауылшаруашылық мекемелері егін егіп, мал өсіріп, солардың өнімдерін саудаға шығарумен айналысады. Оның компаниялары мен фирмалары көпшілік тұтынатын тауарларды сатуды жүзеге асырып, автомабилдерді  жөндеумен, техникалық қызмет көрсетумен шұғылданады.

Дегенмен, әлеуметтік сфераның дамуы ауданның экономикасының өркендеуінсіз жүзеге асуы мүмкін емес. Оның дәлелі ретінде пешенесіне екі рет облыс болып құрылып, екі рет  жабылу бұйырған Торғайды торықтырмау төл перзенттерінің парызы екенін түсінген Кәкімжан Карбозұлындай атпал азаматтардың араласуымен Көкалат аулының тұрғындары талай жырға арқау болған Қабырға өзенінің суын үйіне кіргізіп отырғанына атап өткеніміз жөн болар. Үйге келіп тұрған судың арқасында ауыл мен қала арасындағы айырмашылықтың жойыла бастағанына жастардың да көзі жеткендей. Ауыл ақсақалы Кәкімжандай ақылымен Көлқамыс аталатын бөлімшеде сегіз жылдық мектеп, мед пункт, клуб, спутниктік тележелілер түкпірдегі ауылдың ажарын келтіріп тұрғаны қандай ғажап. Осы өлкеде төрт түліктің тұяғының жыл санап өсуі, тарыдай ғана бөлімшенің көк желекке орануы еліміздің өркендеуінің мысқалдай мысалын білдірсе керек. Сол шағын ғана Көкалат ауылында Қыпшақ Сейтқұл, Айса Нүрманов, Дауылбаев Оймауыт сияқты еліне елеулі болған азаматтардың ескерткіш мүсіндері, Отан соғысының құрбандарына арналған мемиорал мен күмбезі көкке өрлеген мешіт, Шәкір батырдың кесенесі келешек ұрпаққа өткенімізден хабар беріп тұрғандай.   Осындай игілікті істер Баймағанбетов Қасым мен Шакин Хамит сияқты туған жердің топырағын тұғыр тұтқан азаматтардың ел экономикасын көтерудегі  еңбектерінің жемісі екендігі көңіл қуантады. Қалауын тапса қар жанатынын әңгімеге арқау болған осы бір мысал айқын көрсетеді емес пе? Қай қоғамда да түкпірде қала беретін Торғай секілді мекенді өркендетуге арналған мемлекеттік бағдарламаларға білек сыбана араласатын азаматтар саны арта берсе екен!

Төлеухан ИМАНҚҰЛ,

 әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

профессоры міндетін атқарушы

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X