Валюта бағамы: $ 364.95 416.99 5.55 ¥ 52.58

ОРТАҚ ИГІЛІК ЖОЛЫНДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР

ОРТАҚ ИГІЛІК ЖОЛЫНДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысып, облыстағы бірқатар әлеуметтік және индустриялық-инновациялық нысандарды аралады.

Елбасы Шығысқа сапары барысында алдымен ат басын тіреген мекеме – Өскемен қаласындағы Ана мен бала орталығы болды. Ана мен бала орталығы – бұл қоршаған орта мен экологиялық жағдайдың адам денсаулығына қолайсыз әсері аз болмай тұрған бүгінгідей күрделі ахуалында нәрестенің ана құрсағында дұрыс өсіп-жетіліп, аман-сау дүниеге келуіне, ана мен бала денсаулығын қорғау және жоғары білікті дәрігерлік көмек сапасын арттыруға ықпал ететін тиімді технологияларды енгізу мақсатындағы жұмыстар жолға қойылған, уақыт талабына сай жарақтандырылған медициналық кешен. Орталықтың жанында, биыл үшінші жыл, медициналық генетика лабораториясы жұмыс жасайды.  

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет отандық ден­сау­лық сақтау саласын дамытуға зор мән беріп отырғанын, соның арқасында ана мен бала өлімі бірден азайғаны, өмір сүру ұзақтығы артқаны байқалғанын атап өтті. Қазақстан Президенті қазіргі уақытта қабылданған шаралар дені сау ұлтты қалыптастыруға ықпал ететініне тоқталды.

ОРТАҚ ИГІЛІК ЖОЛЫНДАҒЫ  ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР

Ана мен бала орталығы – осы реттегі мемлекет қамқорлығының жарқын көрінісі. Аналарға, жаңа туған сәбилерге көрсетілетін арнайы медициналық көмек туралы әңгімелеп берген орталықтың бас дәрігері Рая Рахимова: «Биыл бізге 66 жоғары білімді дәрігер келді. Оның 12-сіне пәтер бөлінді. Дәрігерлердің жалақысы 150-170 мың теңгені құрайды. Медициналық орталықта 575 төсектік аурухана бар, 700 адам еңбек етеді», – деді. 
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Президентке 2008–2012 жылдарда облыстық ден­саулық сақтау саласында атқарылған жұмыс­тар мен «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағ­дар­ламасының іске асырылу барысы туралы баяндады. Биыл облыстың денсаулық сақтау саласына 54,3 млрд теңге қаржы бөлінген. Қазірде бұл қаржының 40 пайызы игеріліп, Семей қаласында 300 орындық аурухана мен облыстық онкология диспансері радиология бөлімшесінің құрылысы, сондай-ақ тағы да медициналық бес нысан тұрғызылған. Осылайша халыққа медициналық қызмет көрсетудің материалдық-техникалық базасы біршама жақса­рып, жоғары және орта арнаулы білімді мамандармен қамтамасыз ету де дәйектілікпен шешімін табуда.

ОРТАҚ ИГІЛІК ЖОЛЫНДАҒЫ  ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР
Елбасы келесі кезекте Өскемендегі жаңадан ашылған Оқушылардың шығармашылық са­рай­ының жұмысымен танысты. Сарай жұмы­сының басты мақсаты балалардың функционалды сауаттылығы мен шығармашылық қабілетін дамытуға, қосымша білім беруге бағытталған. Атап айтқанда, мұнда көркем-эстетика, сәндік-қолданбалы, техникалық, экологиялық-биоло­гиялық, әлеуметтік-педагогикалық, дене шынық­тыру және спорт салаларымен қатар бірнеше бағыт бойынша 2500-ден астам бала қосымша білім алып, қазақстандық патриотизм рухында тәрбиеленеді.
Оқушылар сарайын аралау кезінде Мемлекет басшысына балалардың математикалық модельдеу, экономика, экология, физика және өзге де салалардағы ғылыми жобалары таныстырылды. Бір айта кетерлігі, жазғы демалыс басталысымен жасөпірімдер мұнда уақытша жұмысқа орналастырылады. Бұл тұрғыда жыл сайын тілек білдіргендер санында шек болмайды. 
Нұрсұлтан Назарбаев оқушыларға зор ден­саулық және оқуда табыс тіледі, сондай-ақ Шы­ғармашылық сарайға жайлы жабдықталған автобус сыйлады.
Мемлекет басшысы жұмыс сапарының аясында Өскемендегі отандық KAZ PV кремнийі негізінде фотоэлектрикалық пластиналар мен ұяшықтар шығарушы интеграциялық өнеркәсіптік желінің өзегі болып табылатын «Kazakstan Solar Silicon» зауытында болды. Бұл – елімізде баламалы энергетика түрлерін дамытуға, сонымен қатар бәсекеге қабілетті жаңа технологиялар алуға жол ашатын жоғарытехнологиялық бірегей өндіріс.
2012 жылы басталған зауыт құрылысына 23 млрд 817 млн теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда аса күрделі құрылғыларды монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. 
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан үшін жаңа өнім – фотоэлектрикалық пластиналар шығаратын кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесіп, олар еңбек ететін зауыттың бірегей өндіріс орны екенін атап өтті. «ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін елімізде өткізу Қазақстанның атақ-абыройын асқақтататыны сөзсіз. Энергетиканың баламалы түрлерін дамытып, жаңа, бәсекеге қабілетті технология түрлеріне қол жеткізу еліміз үшін үлкен табыс болмақ. Аманшылық болса, қарашада өзім келіп, зауытты ашамын.Сіздерге шығармашылық табыс, амандық-саулық тілеймін», – деді Елбасы зауыт жұмысшыларына.
Франциямен бірлескен бұл жобаның біре­гейлігі сол – мұнда шикізат өндіруден бастап Astana Solar зауытында жоғарытехнологиялы инновациялық өнім құрастыруға дейінгі толық өндірістік тізбек қамтылған. Бүгінге дейін күн батареяларын шығаратын дәл осындай толық интеграцияланған өнеркәсіптік тізбек әлемнің АҚШ, Канада, Жапония және Қытай секілді төрт елінде ғана болғандығын айта кеткен жөн. 
Бұдан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шы­ғыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Семейдегі «Семей инжиниринг» зауытын қайта құру жөніндегі ірі жобаның іске асырылу барысымен танысты.
Кәсіпорын қызметінің негізгі бағыты – бронды танк техникалары мен қару-жарақтарын дайындау, өндіру және жөндеу, сондай-ақ оларды күш құрылымдардың пайдалануы үшін жаңғырту.
Зауытты аралау кезінде Мемлекет басшысына полигонда бронды танк техникасының тәжірибелік үлгілері және оның әлеуетті мүм­кіндіктері көрсетілді. Мемлекеттік қолдаудың нә­тижесінде соңғы екі жылда өндіріс көлемі 17 есе ұлғайып, жұмысшылар қатары жүзден мыңға дейін өсті, ал кәсіпорын бойынша айлық орташа жалақы мөлшері 118 мың теңгені құрады. Биыл жалпы алғанда 10 млрд теңге көлеміндегі тапсырысты орындау жоспарланып отыр.  
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сон­дай-ақ Семейдегі 1-жылу электр орталығында болып, кәсіпорын жұмысымен танысты, жұмысшы-қызметкерлермен әңгімелесті. Президент бір кездері түйткілді болған қаланы жылумен қам­тамасыз ету мәселесінің шешімін табу Семейді әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі рес­пуб­ликалық бағдарламаның басты бағытының бі­рі етіп алынғанын атап өтті. Елбасы 1-жылу электр орталығын одан әрі қайта құрылымдау жөніндегі жұмыстардың барысы және оның өндірістік қуатын арттыру жоспарлары туралы хабардар етілді. Бүгінде үш кезеңге жоспарланған жаңғырту жұмыстарының екі кезеңі аяқталды. Қазіргі күні жүріп жатқан жаңғыртудың үшінші кезеңінде 1-ЖЭО-да 1931-1980 жылдар аралығында қойыл­ған ескі бу қазандықтарын бұзу, сондай-ақ жаңа ғимараттың құрылысы мен қуаттылығы 90 т бу қазандығы және 12 мегаваттық турбиналарды орнату жұмыстары қолға алынған. 1-жылу электр орталығын жаңғыртудың нәтижесінде Семейдің Ертістің солтүстік жағалауында орналасқан бөлігін жылумен қамтамасыз ету мәселесі толық шешімін табатын болады.
Мемлекет басшысы сондай-ақ қала жұртшы­лығы өкілдерімен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев кездесу барысында Семейдің мемлекет назарынан ешқашан тыс қалмайтынын, сондай-ақ қалалықтардың өмірін жүйелі түрде жақсарту жөнінде қажетті шаралар қабылданатынын атап өтті.
– Мен қалаларыңызға келгенде маған сіз­дер жылуға қатысты қиындықтар барын айтты­ңыздар. Ол кезде Семейде 140 қазандық станса жұмыс істейтін, олардың түтінінен бүкіл қала зардап шекті. Қазіргі уақытта 37 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінгені арқасында, оның 24 млрд теңгесі 1-жылу электр орталығын қайта құрылымдауға бағытталды, қалада көптеген проблема кешенді түрде шешілуде, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы қосымша қаражаттың медицина мен білім беру мекемелері құрылысына және қала жолдарын жөндеуге де бағытталғанына тоқталды.
– Қазір жаңа аурухана салынуда, зияткерлік мектеп салынатын болады. Мемлекет тарапынан қаланы дамытуға барынша көңіл бөлініп келеді. Ең негізгі көрсеткіш – бұл тұрғындар саны. Бұл көрсеткіш азайған жоқ, жоспарлы түрде артуда және қазірдің өзінде 300 мыңнан астам адамға жетіп отыр. Бұл өмірдің жақсара түскенін, адамдардың қайта оралып, осында тұрғылары келетінін білдіреді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы «Семей инжиниринг» бронды техникалар жөндеу зауытын жаңғырту мыңдаған жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бергенін және жаңа отандық өндірісті ұйымдастыру жөнін­дегі жұмыстың жалғаса беретінін де айтты.
Қала жұртшылығы өкілдері Мемлекет басшысына Семейді дамыту мәселесіне көңіл бөліп отырғаны үшін алғыстарын жеткізіп, мемлекет қабылдаған шаралар қала тұрғындарының игілігі мен олардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталатынын атап өтті.
Семейге жұмыс сапарын қорытындылай келе, Нұрсұлтан Назарбаев өз тапсырмаларының мер­зімді уақытында орындалып жатқандығын, мемлекеттік бағдарламалар қалалықтардың игілігіне жұмыс істейтіндігін, тұрғын үйлер мен мектептер, әлеуметтік нысандар салынып, бүлдір­шіндерді балабақшалармен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тауып отырғандығын атап өтті. Ең бастысы – адамдарда жұмыс істеп, лайықты өмір сүруге деген құлшыныс, ертеңгі күнге сенім бар.
Осының алдында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысында жұмыс сапарымен болды. Еліміздегі бүкіл химия өнімдерінің 40 пайызы, металдың 20 пайызы өн­дірі­летін Павлодар облысы – Қазақстанның негізгі индустриялық өңірі болып саналады. Электр энергиясының қомақты бөлігі де осында өндіріледі. Елбасы жұмыс сапарының аясында Павлодар қаласының №4 емханасында, «Нефтехим LTD компаниясы» ЖШС-інде, Мәліметтерді өңдеу және Жастарға қызмет көрсету орталықтарында болып, ондағы жұмыс барысымен кеңінен танысты және ұжым мүшелерімен еркін әрі ашық әңгімеге ұласқан кездесулер өткізді. 
Павлодар облысына жұмыс сапарын қаладағы №4 емханадан бастаған Мемлекет басшысына «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының өңірде іске асырылу барысы туралы баяндалды, сондай-ақ заманауи емдеу жабдықтары көрсетіліп, емхананың жұмысы туралы мәлім етілді.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары елімізде жалпы денсаулық саласын, сонымен қатар кардиохиругияны дамытуға зор көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Қазіргі таңда республикамызда ашылып жатқан ірі медицина орталықтары қазақстандықтардың ем алу үшін шетелге шығып, қымбатшылыққа ұрынбай, елімізде жоғары сапалы дәрігерлік көмек алуына жағдай жасайды.
«Нефтехим LTD» ЖШС-інде Елбасына зауыт шығарып жатқан полимерлік өнім түрлері көрсетілді. Басты мақсат – ішкі нарықтағы сұранысты қамта­масыз ету. Зауыт алдағы уақытта австриялық Starlinger компаниясының құрал-жабдығында түйір­шектелген полипропи­леннен қақпақшалы қорап және стандартты тігілген қап шығаруды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі – 3,375 млрд теңге. Жобаның жүзеге асырылуы нәтижесінде 174 адам жұмыспен қамтылады.
Кәсіпорын қызметімен танысқан Мемлекет басшысы еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Әңгімелесу барысында кәсіпорын жұмысшылары Мемлекет басшысына әйелдердің зейнет жасын ұзартудың бастапқы мерзімін 2018 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру жөнінде шешім қабыл­дағанына қолдау көрсетіп, алғыс айтты.
Президент зейнетақы реформасын жаңғырту еліміздің қазіргі заманғы дамуына негізделген қажетті қадам екенін, осынау әлеуметтік реформаны халықтың барлық тобы үшін мейлінше ауыртпалықсыз жүргізу қажеттігін атап өтті.
– Егер біз зейнет жасын 2018 жылдан арттыр­сақ, онда қазір зейнет жасына келгендердің жағ­дайын ескергеніміз. Осы уақыт ішінде адамдар өмірі жақсарады, еңбекақы артады, зейнеткерлік төлемдер көбірек болады. Сонымен қатар, бізге әйелдерді әлеуметтік тұрғыда қолдау қажет. Біріншіден, зейнеткерлік жасқа таяған әйелдерді жұмыстан шығаруға заң жүзінде тыйым салып, оларды жұмыспен қамту керек. Екіншіден, мен бала күтіміне байланысты еңбек демалысында болған әйелдердің зейнетақы есебіне еңбекақысынан 10 пайыз аударуға тапсырма бердім. Үшіншіден, бала күтімі кезінде зейнетақы төлемдері төмендеуге тиіс емес. Бұған қоса, жұмыс беруші барлық зейнетақы төлемдеріне салықтық жеңілдік ала отырып, қосымша 5 пайызды аударуға тиіс. Бұл азаматтардың зейнетақы жинақтарының көлемін арттырады. Шахтерлер, металлургтер, химиялық өндіріс жұмысшылары тәрізді зиянды және қауіпті мамандықтардың өкілдері зейнеткерлікке басқа мамандық иелерінен бұрын шығатын болады. Олардың лайықты соманы жинақтауына көмектесу үшін жұмыс беруші жарнаға тағы да 5 пайызды қосатын болады. Жалпы, 2018 жылы осы шарттарды орындай отырып, біз отандық зейнетақы жүйесінің тиімділігін едәуір арттырамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесуде Президент елімізде іске асырылып жат­қан маңызды әлеуметтік және инфра­құ­рылымдық жобаларға да тоқталып өтті. Атап айтқанда, биыл Астана – Павлодар автомобиль жолының құрылысы басталды. Осы және басқа да жобалар барша қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Мемлекет басшысы Павлодарда «Қазақтеле­ком» АҚ пен Hewlett-Packard компания­сы­ның бір­лес­кен жобасы болып табылатын ТМД-дағы ірі иннова­циялық қызмет көрсететін Мәліметтер өңдеу орталығының жұмысымен танысты. Қазіргі кезде тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдаланудан өту үстіндегі Мәліметтер өңдеу орталығы – барлық нысанның жөндеу-профилактикалық жұмысты тоқтаусыз жүргізуіне мүмкіндік беретін, жоғары сенімділік деңгейін көрсететін Tier III сыныпты Орталық Азиядағы алғашқы Дата-орталық.
Облыс әкімі Ерлан Арын қазір ауылдық жерлерге электронды қызмет көрсету жеткізіліп жат­қандығынан хабардар етті. Соңғы бір жылдың ішінде ғана электронды қызмет түрлерін пайдаланушы ауыл тұрғындарының саны 6 мыңнан 116 мыңға дейін өскен. Жүйені одан әрі дамыту жалғасын табады, деді өңір басшысы.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұ­мыс сапарының соңында Қазақстан Президен­ті­нің Кубогы үшін волейболдан әйелдер командалары арасында XX халықаралық турнир өтіп жатқан Павлодар қаласындағы «Астана» мұз айдынында болды.
Елбасы Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары барысында өңірдің тыныс-тіршілігін оң бағалады. Жалпы облыс биыл жақсы даму үстінде, мұнда жүзеге асырылып жатқан 80 индустриялық жоба аясында алты мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Мемлекет басшысы Өскеменде Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына жұмыс сапарлары туралы айта келіп, индустриалдық-инновациялық, тұрғын үй, сондай-ақ денсаулық сақтау және ха­лықты жұмыспен қамту мақса­тында қабылданған маңызды мемлекеттік бағ­дар­ламалардың іске асырылу барысы қаралған­дығын атап өтті.
– Тұтас алғанда, өңірлер тұрақты даму үстінде. Орташа алғанда байқалып отырған 6,8 пайыз өнеркәсіптік өсімнің негізгі үлесі ауыр өнеркәсіп пен машина жасау саласына тиесілі. Сонымен қатар әлеуметтік саланың дамуы да жаман емес, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму саласының көрсеткіштері де жақсы. Бұл өз кезегінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жалпы қоры­тын­дыларынан көрініс табады. Яғни тұрақты даму үстіндегі Павлодар және Шығыс Қазақстан облыс­тарының халқымыздың ортақ игілігі жолындағы оң өзгерістерге қосып отырған үлесі қомақты, – деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру