Валюта бағамы: $ 352.54 415.15 5.31 ¥ 51.53

Президенттік сыйлық: мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік

Ақорда

Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен ҚР Президентінің БАҚ саласындағы 2013 жылғы сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және Алғысын жариялау жөніндегі қоғамдық комиссияның отырысы өтті.

Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы Қазақ­станның мемлекеттілігін нығайтудағы бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды рөлін атап өтіп, БАҚ өкілдерін алда келе жатқан кәсіби мерекесімен – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күнімен құттықтады.  
– Біз ХХІ ғасырдың ақпарат ғасыры екенін білеміз. Осы орайда маңызды міндеті мемлекеттік саясатты кеңінен жариялап, көрсету және жұрт­шылыққа шынайы ақпарат тарату болып табылатын БАҚ-тың қоғамдағы рөлі артып келеді. Бұқа­ралық ақпарат құралдары жалпыұлттық сананы қалыптастыруға және қазақстандық патриоттық сезімді дамытуға белсене үлес қосуға тиіс. Биыл сыйлықтарды беру, гранттарды тапсыру және Алғыс жариялау қағидаларына елеулі өзгерістер енгізілді. Қағидаға сәйкес, Президент сыйлығы енді тек ең үздік екі журналиске ғана беріледі. Сонымен бірге, гранттар 35 жасқа дейінгі БАҚ өкілдеріне тапсырылады. Бүгін Комиссия алдында маңызды міндет тұр. Комиссия мүшелері президенттік награда беруге кандидаттар арасынан ең лайықты үміткерлерді таңдайды деп сенемін, – деді М.Тәжин.
Мемлекеттік хатшы гранттар санының қыс­қар­тылуы ҚР Президенттік сыйлығы мен гранты­ның мәртебесін көтеру мақсатында жасалып отыр­ғандығын атап өтті.
Биыл Қоғамдық комиссияның атына 79 ұсыныс, оның ішінде 66-сы журналистерден, 13-і шы­ғар­машылық ұжымнан келіп түсті. Бұл ретте 43 ұсынысты мерзімді басылымдар, 23-ін электронды БАҚ, 11-ін қоғамдық бірлестіктер, 2-ін мемлекеттік органдар жолдаған.
Комиссия мүшелері журналистік материалда­рдың деңгейі жоғары екенін, сондай-ақ олардың қазіргі заманғы Қазақстанның аса маңызды қо­ғам­дық-саяси және әлеуметтік-экономикалық да­му­ының қырларын жариялап-көрсетуге қосқан үлес­терін атап өтті.
Талқылау қорытындысы бойынша БАҚ сала­сын­дағы президенттік сыйлықтарды беру қағида­ларына сәйкес, Қоғамдық комиссия Мемлекет басшысына БАҚ өкілдеріне екі сыйлық беру, екі грант тапсыру және төрт шығармашылық ұжымға Президент Алғысын жариялау жөнінде ұсыныс енгізуді ашық дауыс беру арқылы бірауыздан қаулы етті.
Айта кетейік,  президент сыйлығының мөлшері 2 млн  теңгеге, грант мөлшері 1,5 млн теңгеге дейін көтеріліп отыр. Бұрын жыл сайын 6 президенттік сыйлық пен 6 грант берілетін. Бүгінге дейін пре­зиденттік сыйлық пен гранттарға 139 журналист ие болды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру