Валюта бағамы: $ 352.54 415.15 5.31 ¥ 51.53

Ақсуатта – айшықты істер

Ақсуатта – айшықты істер

Мұнай өңдеушілер сергектік танытты

Теректі ауданындағы Ақсуат ауылдық окру­гіндегі бірқатар тұрғын үйлер жақында қат­ты соққан дауылдан зардап шекті. Ауылдар­дың тұрғындарына келтірілген залалдың орнын толтыруға мұнай өңдейтін жергілікті «BN Wester MunaiGas LTD» ЖШС компаниясы көмек қолын созды. 


Ауылдық округтің әкімі Любовь Исқа­лиева­ның айтуынша, БҚО бойынша тө­тен­ше жағдайлар жөніндегі департа­мент­тің мамандары келген материалдық шы­ғынның шамасын анықтап берген. Содан кейін округ әкімі аталмыш компанияға көмек сұрай барған. Өткен жылдың ая­ғында осы окургте өз жұмысын бастаған мұнай өңдеуші компанияның басшылығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген мәселеге атүсті қарамай, тұрғындарға шұғыл көмектескен. Әуелі қажетті үй шатырын жамауға шифер және профлист, құлаған қабырғаны жөндеуге кірпіш сатып алынған. Содан кейін компанияның бір топ жұмысшылары қысқа мерзім ішінде 23 үйдің шатырын жөндеп, құлаған қабырғаларын қайтадан өріп берді. 
Жаңадан ашылған өңдеу кәсіпорны округтегі тұрғындардың өтініш-тілектеріне ел­гезектік танытып жүр. Мысалға, Магистральный ауылындағы мектепке құдық қа­зып, шегендеп берді. Бүгінде компанияның жұмысшылары Ақсуат орта мектебінің спорт залына жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Ұлы Жеңіс күні осы округтегі соғыс және тыл ардагерлеріне сый-сияпат жасады. Кәсіпорын мектеп оқушыларын Шалқар көлі жағасындағы лагерьге апаруға жанар-жағармай бөліп отыр. Сондай-ақ, осы округке қарасты Пойма ауылынан Ақсуат ауылындағы мектеп жанындағы лагерьге балалардың күн сайын қатынауы үшін бензинмен қамтамасыз етуді өз мойындарына алған.
Аталмыш компанияның бас инженері Вадим Айташевтің  айтуынша, жаңадан ашыл­ған кәсіпорында осы округке қарас­ты ауыл­дардың тұрғындары жұмысқа тартылды. Олардың жалақысы тұрақты әрі әлеуметтік пакеті бар. Айта кетерлік бір жайт, серіктестік қоршаған ортаны қорғау мәселесіне сергектікпен қарайды. Жақында өңдеу кешенінің қасына жаңа қондырғы орнатылды. Ол қондырғы ауаға шығарылатын қалдықтарды едәуір азайтады.

Ауылда техника құрастырады

Теректі ауданындағы Ақсуат ауылдық окру­гіне қарасты «Ақсуат» ЖШС егіншілік­пен қатар өндіріске де ден қойған. Шаруашы­лық­тағылар шөп тайлағыш техниканы құрасты­руды қолға алды.
 Теректі ауданының да бір кездері төрт түлікке қыстық мал азығын дайындайтын суармалы жерлері қараусыз қалды. Соңғы қуаңшылық жылдары малдың жем-шөптік базасын нығайтпайынша, мыңғыртып мал өсіру мүмкіндігінің шектеліп қалатынын еске салғандай болды. Шаруалар мал азықтық дақылдарды егуді қайтадан қолға алуда.  Солардың бірі – осы «Ақсуат» ЖШС.
– Шаруашылықтың картасында 372 гек­тарға еркек шөп өсіріледі деп белгіленген­мен, онда өсіп жатқан көк шөп жоқ. Өткен жылы 70 гектарға қара бидаймен бірге еркек шөп  ектік. Енді екі жылдан кейін шаруашылық өзінің алқабынан шөп оратын болады. 200 гектар парға арналған жер бар. Биыл күзде оған күздік немесе қара бидаймен бірге еркек шөп егуді жоспарлап қойдық, – деді  «Ақсуат» ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Бауыржан Тілекқабылов. Осындай жұмыстардың нәтижесінде шаруашылық өзіне қарасты 350 гектардай алқапта көпжылдық шөп өсіріп,  одан мал азығы дайындауды жоспарлап қойған. Екі жылдан кейін картада бидайық өсіріледі деп көрсетілген, алайда тақырға айнала бастаған еркек шөп алқабын жыртып, көпжылдық шөп өсіруге бет бұрады. Ақсуаттықтар биылғы көктемде 50 гектарға жаздық арпа, 30 гектарға тары екті.  
Өткен жылдан бастап шаруашылық өзінің өндірістік базасында ПРС-145 (250 келіге дейін) және ПРС-180 (400 келіге дейін) шөпті орамдап жинайтын кешенді құрастыруды қолға алды. Өткен жылы ондай машинаның 70 шақтысын жинап, тұтынушыларға тапсырыстар бойынша өткізді. Біз барған уақытта Белоруссия­дан әкелінген 10 кешен қаңқасының біріншісі құрастырылып болған екен.  Шөп жинағышты  құрастыру жұмыстарына құрастырушысы, сырлаушысы, дәнекерлеушісі және өзгесі бар 10 шақты жігіт тартылған. Басшылықтың айтуынша, жігіттер әдетте тәулігіне үш кешенді еш қиналмай құрастырады. Олардың барлығы да осыдан екі жыл бұрын Минск трактор зауытынан біліктілікті арттыру курсынан өткен. Жұмысшылардың орташа айлық жалақсы 40 мың теңге шамасында және оларға түскі тамақ компанияның есебінен беріледі. Сондай-ақ жұмысшыларға жем-шөп жағынан көмек беріледі. 
– Жазда шөп жинайтын кешенге тапсырыс молаяды. Мұның біреуінің бағасы 1 млн. 680 мың теңге тұрады. Өніміміздің бағасы арзан, өйткені біз техника бөлшектерін Белоруссиядағы зауыттан тікелей аламыз. Бұрынғы «Ақсуат» шаруа қожалығы мен «Жинис» жеке кәсіпкерлігі бірігіп, осы «Ақсуат» ЖШС болып құрылдық. Қазір серіктестік беларусьтық трактор зауытының осы өңірдегі өкілі болып табылады. Тапсырыстар тек батыс өңірлерден ғана емес, өзге облыстардан да түсіп тұрады. Қостанай, Ақтөбе жағынан аяқтай келіп сатып алушылар болды. Қазір нарықта бізге бәсекелес компаниялар бар. Бірақ оларға қарағанда бізде құрастырылған техниканың бағасы қолжетімді, – деді Бауыржан Тілекқабылов.
Шаруашылық Ақсуат ауылындағы ескі шеберхананың ғимаратын жөндеп алған.  Алып зауыттағыдай болмағанмен, цехтың ішіне өндіріске қажетті станоктарды орнатқан. Кәдімгі қазақы ауылға ірі қаладағы үлкен зауыттың шағын көшірмесі көшіп келгендей. Бүгінде қирандыға айналған екінші ғимарат жөндеуден өтуде. Онда жаңа технология бойынша жергілікті балшықтан салқын сығымдау әдісі арқылы кірпіш жасау жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл жоба іске асып жатса, ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындары ашылады.
Ақсуат ауылдық округінің әкімі Любовь Исқалиеваның айтуынша, қыс айларында округтердегі ауыл көшелерін қардан тазарту, көше жолдарын аршу сықылды жұмыстарға «Ақсуат» шаруашылығы өз техникасын бәлденбей беріп, қандай жағдай болмасын көмек қолын созады. Ауылдық округте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете түсінетін шаруашылықтың болуы қандай жақсы…

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Батыс Қазақстан облысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру