Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Брест қамалын қорғауға қатысқан қазақстандықтар

Брест қамалын қорғауға қатысқан қазақстандықтар

Өткенін ұмытқан қоғамды болашақ та ұмытады. Астанада өткен Қазақстан Республикасы ұлттық  тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында осылай деген мемлекеттік хатшы Марат Тәжин тарихты бұрмалаудан, дәйексіз тұжырым жасаудан аулақ болуға шақырды. 
1941-45 жылдарғы Ұлы Отан соғысы – біздің өткен тарихымыз, аға ұрпақ ерлігінің үлгісі. Ертеңгі ұрпақ елі үшін отқа түсер отаншыл болып өссін десек, болашақтың санасын халқымыздың қаһарман ұл-қызының ерлігі рухында тәрбиелейік.  

Брест қорғанысына 3 мыңнан аса қазақстан­дық­тар қатысқан, олардың жартысынан астамы қазақтар еді. 
Кеңес халқының герман фашизміне қарсы күрестегі Ұлы Жеңісіне жеткізген жол – соғыстың алғашқы күндерінен, Брест қамалынан басталды. 
Батыс Еуропа елдеріндегі жеңіл-желпі жеңісте­ріне мастанған гитлершілдер еліміздің шекара шептеріне жеткен кезде-ақ аяқ алысынан жаңылып, батыл қарсыластарға тап болды. Брест қамалының шағын гарнизоны гитлершіл­дердің тегеурініне  төтеп беріп, ең таңдаулы деген «Ұлы рейх» армиясының 45-ші жаяу әскерлер дивизиясымен табандатқан бір ай бойы шайқасты.
Брест қорғанысы – аңызға айналған, теңдесі жоқ ерлік пен асқан батылдықтың үлгісі. Күші әлдеқайда басым жау қаһарман қамалды жеңіл жеңіп ала алмады. Фашистерге қамалды қорғаған шағын ғана гарнизонға қарсы ұрыс жүргізу басқа бір елдердегі тұтас армияға қарсы шыққандай сезілді. 
Соғыс басталған шақта қамалда 7-атқыштар және 1-барлаушылар батальоны, 2-артиллерия дивизионы болды. Сондай-ақ атқыштар полктерінің кейбір арнайы бөлімшелері мен корпустық бөлімдердің бөлімшелері, Қызылтулы 17-і Брест шекарашылар отрядының бөлім­шелері,  НКВД әскерлері бөлімінің 132-ші батальоны, басқа да әскери күштердің жауынгерлері бар болатын. Соғыс басталардың қарсаңында қамал гарнизонында 8 мыңға жуық жауынгер болды. Алайда, 1941 жылғы 21 маусым күні олардың тең жартысына жуығы қала сыртындағы әскери жаттығуға шығарылған. Қамалда санаулы ғана зеңбірек, миномет, бронемашина, танк, пулемет қалған. 
Неміс диверсиясы күн ілгері байланыс жүйелерін үзіп тастаған, азық-түлік, оқ-дәрі, дәрі-дәрмек есептеулі еді. Бақайшағына дейін қаруланған фельдмаршал фон Клютенің төртінші армиясы мен жер-көкті қанға бөктіріп келе жатқан және әскер корпусына тың күш – үш бірдей дивизия қосып алған генерал Шрот армиясы, генералдар Гудериан мен Годтың аса қуатты екі танк тобы лап қойған тұста бірінші болып қатерге бас тіккен 4 мыңдай сарбаздар кімдер еді? Бір мезгілде 300-ден астам ауыр артиллерия, екі тонналық зіл-батпан оқпен атқылағанда, әуеден көз қарықтыратын сәулемен есепсіз «мессершмидтер» үстін-үстін бомбалап, дүниенің астан-кестенін шығарғанда бойды үрейге билетпей, әр ісін ақылға, сабырға жеңдірген сайыпқыран солдаттар кімдер еді? Жаудан он есе, тіпті одан да аз күшпен текетіресіп, өліммен бетпе-бет келген сол батырларды мына біздер, тірілер, білеміз бе? Олар не үшін, кім үшін қан кешті? Адамзат баласын фашизмнен арашалап қалу үшін қан төкті ме? Жоқ Отан үшін, ел үшін, бір сүйем жер үшін бе? Онда, осындай биік мұрат жолында қыршын кеткен атпал азаматтарымыз неге ұмыт қалып барады? Бүгінге дейін олардың орысы, украин, беларусы бар, өзбек, қазағы бар – бас-аяғы жүзге жетер-жетпесінің ғана өмір дерегін, аты-жөнін (онда да біреуінің есімі, енді бірінің әкесінің аты белгісіз) білеміз, қалғандары қайда? 72 жылдан бері Брест қамал емес, қара жамылған қабірстан. Аттап бассаң, шұқып қалған жеріңнен адам сүйегі шығады. Мұндай «Зират» еш жерде жоқ. Сол қасірет ордасында 1971 жылдан композитор Шуманның «Азасы» қаралы елге жоқтау айтқандай күңірене естіледі. 
Брест гарнизонының құрамында біздің жерлестеріміз қамалдың төрт бекінісінің бәрінде және оны айнала қоршаған форттарда әскери қызметін өтеп жатқан болатын. Олардың жалпы саны 3 мыңдай болса, жартысынан астамы 1918-1920 жылдары туған, тепсе темір үзетін, кең байтақ Қазақстанның барлық облыстарынан шақырылған қазақ жігіттері еді. 
Қызыл тулы 6-шы атқыштар дивизиясындағы 44-ші, 125-ші, 333-ші, 455-ші атқыштар полкі мен 204-ші, 131-ші гаубицалық артиллерия полкінде 2 мың қазақстандықтар болса, 42-ші атқыштар дивизиясының құрамында мыңнан аса қазақстандық жауынгерлер сапта тұрды. 
1941 жылғы 22 маусымдағы ең алғашқы соққыны Брест қамалының оңтүстік шығысындағы Ковалево фортының жауынгерлері алды. Жау соғыстың алғашқы сағаттарында қамалға 500 зеңбіректен минутына 4 мың снаряд жаудырап тұрды. Бұған қосымша жүздеген самолеттері қатар ұшып, қамалды бомбаның астына алды.
Брест қорғанының күн батыс жағында Тересполь бекінісі бар. Бұл бекіністің қақпасы Буг өзенінің жарлауыт биігіне таман. Бұл бағыттағы қорғанысты ұйымдастырып, жауға табан тіреп қарсы тұрған аға лейтенант Потапов пен біздің жерлестеріміз лейтенант А.Наганов, Әуелбек Сабырбаев, Көпесбай Иманқұлов, Қасым Баталов, Қажымұрат Сыздықов, Шафкат Чултуров, Михаил Шаповалов, Александр Сопиков, Муртаза Карслиев, Занабек Байшалов, Нығмет Ильясов, Андрей Дранишников, Селебек Есембеков, Әбдіманап Жанақов, Сәметдин Батырбаев, Нұрым Сыдықов, Хамид Смағұлов, Урушан Гаджиев және басқалары бар еді. Олар бірінші болып гитлершіл жендеттермен қиян-кескі шайқасқа кірді. 
Қамалдың Кобринск бекінісінің негізгі дуалының шы­ғыс бөлігінде біздің жерлесіміз, дивизион комсомол бюросының хатшысы Григорий Деревянко өз жолдастарымен екі апта бойы кескілескен ұрыс жүргізді. Соғыс басталардан бірнеше ай бұрын ол және З.Байталов, К.Әділбаев, М.Завгородный, Б.Көккөзов, Б.Бошаев танкіге қарсы 98-ші дербес артиллерия дивизионына ауыстырылған болатын. Г.Дереянко мен оның жолдастары жаудың көптеген шабуылын тойтарды. Бір адым да шегінбей, жауға қайсарлықпен қарсыласып бақты. Батыр пулеметші мен оның жолдастары фашист самолетінен тасталған бомбадан қаза тапты. 
Брест гарнизонының 125-ші атқыштар полкі Кобрин бекінісінің солтүстік-батыс секторында ұрысқа кірді. Олардың арасында біздің жерлестеріміз – қазақстандықтар П.Карболин, В.И.Фурсов, Г.И.Технеряднев, М.Ниязов, К.Иманқұлов, Н.Сыдықов, Ф.Тұрымов, Ш.Сүлейменов, А.К.Леонтьев, Т.Сатыбалдин, П.Гончаров, А.Исламхайдаров, М.Шаповалов, М.Батыргереев, Ш.Чултуров, О.Григорян, А.Сопиков, А.Қожахметов, Б.Смаилов, М.Арсеноев, С.Желдібаев, З.Темірбаев, А.Жанасбаев, А.Үлкенбаев, Т.Федосеенко, З.Калдыбаев және басқа көптеген жігіттер болды. Бұл полктің миномет батареясының жауынгерлері соғыстың алғашқы сағатында фашистермен бетпе-бет келіп, найзаласуға дейін барып қалды, талай жауыздың көзін жойып жіберді. Ал өздері де Әбдіманап Жанақов, Селебек Есембеков (Нарынқол ауданынан), Зейнелбек Байғалов (Сарқанд ауданынан), Сәрпеков, Қарсыбаев (Кеген ауданынан), Андрей Драшников (Қызылорда облысынан), Георгий Федосеенко, Виктор Вишняков, Сергей Соломатин, Андрей Козлов, Айнур Көпесов, Сәкен Калимолдаев (Семей облысынан), Василий Железняк, Айнұр Жандарбеков, Төлен Құттыбадамов, Жантас Сейілханов, Ақәділ Жоябергенов (Шығыс Қазақстан облысынан) деген жолдастарынан айрылды, тірі қалғандары бірінші күннің алапат ұрысынан кейін әбден қалжыраған еді. 
Кобрин бекінісінің ішкі жағында да қызу ұрыстар жүріп жатты. Бұл жерде гарнизонның 44-ші атқыштар полкінің командирі майор П.М.Гаврилов қорғанысқа тікелей өзі басшылық етті. Бұл бағытта да қоршауда қалған жауынгерлер асқан ұйымшылдық көрсетіп, көп уақытқа дейін кескілескен ұрыстар жүргізді, жау алдында ешбір тізе бүкпеді. Бұл саптағы қазақстандықтар К.Байжігітов, В.Н.Горянов, А.Алтайбаев, Ж.Құдашев, С.Жұмабеков, Ә.Нұрышев, И.В.Терехин, Н.И.Качаловский, С.Ф.Дементьев, Н.И.Костенко, Ә.Адамбеков, Ж.Ермұратов, С.Соқпақбаев, Ш.Шайсұлтанов, Х.Әлқожаев, Н.Нұрмағанбетов, А.Мейірбеков, С.Алтынбеков, П.Сандомиров, тағы басқа­лары ақырғы оғы таусылғанша Кобрин бекінісінің шығыс фортын ұстап тұрды. 
Қазақстандық жауынгерлер күші басым жаудың алдында тізе бүкпеді. Олар ақырғы демі біткенше шайқасты. Оған тағы бір мысал келтірейік, қамалды қорғауға қатысқан қазақстандық Көпесбай Иманқұлов 1963 жылы желтоқсанда Брестке барып, өзінің көміп кеткен құжаттарын іздестіріп жүргенде, штыктің ұшымен жазылған «Отан үшін өліп барамын, Ахметов» деген кірпішті тауып алды. Сол қастерлі кірпіш қазірде Қазақстанның Мемлекеттік орталық мұражайында сақтаулы тұр. 
Бресте қазір семейлік лейтенант Алексей Нагановтың есімімен аталатын жасыл бақ және көше бар. Мұнда оған 1962 жылы ескерткіш орнатылған. 1949 жылы қамалдың қираған орнын аршыған кезде тастың астынан лейтенант Алексей Нагановтың сүйегі табылды. Әлі шіріп бітпеген гимнастерканың қалтасында комсомол билеті сақталыпты. Нагановтың сүйегімен қатар, оның пистолеті табылған. Оқшантайда үш оқ, төртіншісі стволда, ал пистолеттің шаппасы қайрылған күйінде қалыпты. Бұл – ержүрек офицердің жаумен шайқас үстінде жан қиғанын дәлелдейді. Наганов қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталды.
Брест қамалы үшін ерлерше күрескендердің бірі – 125-ші атқыштар полкі 3-рота пулеметшісі Нұрым Сыдықов. Ол жерлесі, нарынқолдық Айым Қоныспаевпен бірге Брестің оңтүстігінде шайқасқан. 1941 жылғы маусымның 23-нен 24-не қараған түнде басқа жауынгерлермен бірге Сыдықов та Старосельск орманына шегінеді. Осында құрылған партизандар отрядының бір ротасын басқарған Нұрым жау әскері мен техникасы тиелген үш эшелонды қиратқан. Соғыстан кейін ол Бресте қалып, қалалық милиция бөлімінде қызмет істейді. Ержүрек партизанның омырауында Қызыл Ту, ІІ дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендері және бірнеше медальдар жарқырайды. Н.Сыдықовтың ержүректілігі мен табандылығы С.Смирновтың «Брест қамалы» кітабында да асқан жылы лебізбен айтылады.

Қос қаһарман

Брест қорғаушыларынан бүгінде көзі тірі екі қаһарман ғана қалды. Олар Алматы қаласында тұратын 95 жастағы Ғаббас Жұматов пен 93-тегі қос жанары бірдей суалған зағип Қажымұрат Сыздықов.
– Біздің полк Брест қамалының оңтүстігіне орналасқан болатын. Полк дұшпанның артиллериялық батареясына қатты тойтарыс беріп, бір бөлігінің үнін өшірді. Дұшпанның тоқтаусыз шабуылына төтеп бере отырып, біздің полк бірінші болып неміс генералы Гудерианның екінші тобымен айқасқа түсті. Осы алғашқы қантөгіс ұрыста неміс-фашист әскерлерінің 18 танкіс талқандалып, бір батальонға жуық адамы жойылды. 
Міндетті әскери қызметке біз бір топ болып келген едік. ҚазПИ-дің кафедра меңгерушісі Ф.Турумов, ауыл шаруашылығы институтының оқытушысы Ш.Шолтыров, КазМУ-дің оқытушысы Т.Сатыбалдин, КазМУ-дың аспиранты Т.Деревянко, «Ленинская смена» газетінің жауапты хатшысы, журналист П.Гончаров, сондай-ақ Алматыдағы жоғары оқу орындарының студенттері Х.Сыздықов пен Ш.Сүлейменов.
1941 жылғы 25 маусымда Кобрин бекінісінің батыс бөлігіндегі ауыр шайқастан кейін досым әрі жерлесім Петр Карболиннің айтқан мына бір сөзі жадымда қалды: «Фашистердің жаяу әскерлеріне қарсы шабуылда қатардағы жауынгер Шотабай Сүлейменов қаза тапты. Ол екінші нөмірлі пулеметте еді, қасындағы пулеметші Иван Шевцовқа жау оғы тиіп, өлім халінде қалғанда Шотабай өз орнын тастап, Шевцовтың пулеметінен фашистерге тоқтаусыз оқ жаудырды. Оғы таусылған Шотабай фашистерге граната лақтырды. Бірақ осы кезде жау автоматынан атылған оқ оған дәл тиіп, көз жұмды». 
Қару-жарағымыз азайып, тек мылтығымыз ғана қалған. Оғымыз да санаулы еді. Сондай жағдайда өзімде қалған оншақты оқтың жартысын Қ.Сыздықовқа бөліп бердім. Оқты ала отырып, ол барлығын жаудың көзін құртуға жұмсайтынына серт етті. 
Тоқтаусыз жүрген соғыстан қатарымыз күн санап азая берді. Сондықтан армияның тұрақты бөлімшелеріне қосылуды ұйғардық. Шілде айының ортасында біздің топ полк штабының басшысы И.А.Лукьянчикпен бірге қоршаудан шығып, Брянск орманына келді. Гомель ауданында әскер қатарына жаңадан шақырушылар мен бұрынғы запаста жүргендердің есебінен 537-ші артиллерия полкі жасақталды. Біз осылардың қатарына қосылдық. Бізді командирлік лауазымда пайдалану керек деген шешім қабылданды. Сонымен, мен артбатарея взводының командирі болдым, содан кейін мамандығым бойынша артдивизионның радиобайланыс бастығы лауазымына тағайындалдым. Қысқы жаттығудан кейін полк Мәскеуге қарсы шабуылдың Можайск бағытындағы шайқасқа қатысты. Соғыс аймағы Звенигородтан үш шақырым қашықтықтағы орманнан басталып, оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай созылып жатты….
Өзім көзбен көріп, куә болған майдан оқиғаларын тұтастай айтып шығу мүмкін емес. Менің көз алдыма Түркістан қаласының тұрғыны, артиллерист, ҚазМУ-дің оқытушысы Тұрар Сатыбалдиннің бейнесі елестейді. Тұрар – батарея командирі, гвардия капитаны. Будапештің Батыс ауданында оларға қарсы жаудың төрт танкісі және 7 мотожаяу әскері мен бронетроанспортерлер қарсы тұрды. Тұрардың батареясы алғашқы екі ауыр «Фердинанд»  танкін жойды, ал қалғандардары кейін шегінді. Фашистер шабуылы тоқтады, ал Тұрар осы шайқаста ерлікпен қаза тапты. Сөйтіп венгр жерінде көз жұмған 140 мыңнан астам кеңес жауынгері мен офицерінің ішінде біздің ержүрек бауырымыз Тұрар Сатыбалдин де  опат болды. 
Мен соғысты Австрияда аяқтадым. Вена түбінде екі аяқтан айырылған австриялықты кездестірдім. Қос аяқтан қайда айырылғанын сұрағанымда ол: «Брест қамалында болған айқаста», – деп жауап берді. Соғыстың алғашқы күндері Брест гарнизоны жауынгерлері құрамында өзімнің де шайқасқанымды айтқанымда, оның қандай сезімде болғаны мен үшін түсінікті еді. Өйткені, біз араға төрт жыл салып, қиян-кескі ұрыстардан кейін, оның еліне жеңіспен келіп тұр едік, – дейді сол бір отты жылдар туралы Ғаббас Жұматов. 
Капитан Ғаббас Жұматов фашистердің Корсунь-Шевченко, Яссо-Кишинев тобын жоюға, Румыния, Венгрия, Австрия елдерін жаудан тазартуға қатысты. Әлденеше рет жараланып, көрсеткен ерліктері  үшін І дәрежелі Отан соғысы және Қызыл Жұлдыз ордендерімен, тағы басқа да медальдармен марапатталды.
1946 жылы елге оралып, жиырмадан асқан жасында студент партасына отырған Ғабекең 1950 жылы университетті үздік бітіріп, аспирантураға қалдырылды. Кандидаттық диссертация қорғап, тарих кафедрасында 45 жылдан астам жемісті еңбек етті. 
Брест қорғаушысы Қажымұрат Сыздықов: «Әскерге 1940 жылы ақпанда ҚазПИ-ден, студент қатарынан шақырылдым. …№204 гаубицалық артиллерия полкінің 1-ші дивизионында зеңбірек командирі болдым. Біздің полк Брестің оңтүстік-батыс жағына орналасты. Маусымның бас кезінде Қазақстаннан барған бірнеше жігіттермен әскер қатарынан босатылмақ едім. 
Маусымның 22-сі. Немістер Тересполь қақпасынан кірді-дағы, костельге қарай ұмтылды. Жау оқты төгіп, жаудырып жатыр. Біз де қарап қалмай зеңбіректерден оқ жаудырдық. Бірақ самолеттер бомбалап, бес-алтауымыз қатты жараландық. Басыма снаряд жарықшағы тиіп, сол жерде есімнен танып қалдым. 
Ұрыс казарманың ішіне ауысты. Екінші қабат біздікі, бірінші қабатта немістер. Сырттан келетін судың бәрін бекітіп тастады. Әбден титықтап, енді төтеп тұра алмайтын болған кезде командирлер: «Екеу-үшеуден бірігіп қамалдан шығыңдар», деп шегінуге рұқсат берді. Қамалдан шыққаннан кейін Шығысқа қарай жылжыдық. Жолай бір полковник кездесті. Полковник 41-ші жылы 1 мамыр қарсаңында Фрунзе академиясын бітірген екен. Біраз уақытқа дейін мен соның қасында болдым. Ептеп немісше білетінім бар еді, сол кәдеге жарады. Полковниктің басшылығымен шығысқа қарай келе жатып жолда Малькевичи деген темір жол стансасынан өттік. Осы жерде немістермен үлкен соғыс болды. Атыс кезінде аяғымнан жараланып, жүре алмай қалып қойдым. Қасымда Брестен бірге шыққан Борис Лавыгин деген жігіт. Кейін тәуір болған соң тағы шығысқа қарай жүрдік. Шығыс Белоруссияда немістерге қарсы астыртын ұйымға кіріп, одан партизандармен жалғастық. Лейтенант Гуляев отрядының құрамында болдым. Талай қиындық көрдік, қайсыбірін айтарсың. Төрт-бес-ай немістің тұтқында болдық. Ақыры опыр-топырда қашып барып Қызыл Армияға қайта қосылдық қой. Бұл – 1944 жыл, Прибалтика. Екінші Белоруссия майданы. Рокоссовскийдің әскері. Сол арада дес бергенде Брестегі бұрынғы дивизион командирім капитан Проздняков мені танып, өз бөлімінің зеңбірекшілеріне қосып алды.
Жеңіс хабарын сол Прибалтикада тұрғанымызда алдық. Елге келген соң тұтқында болғансың деп талай әуре-сарсаңға да салды. Жұмыстан да шығарып тастады. «Ерлігі үшін» медалім және  Бірінші дәрежелі Отан соғысы орденім бар. Төрт жылға созылған сұрапыл соғыстан қалған белгі­лер осылар. 
Мені Белоруссиядан шыққан «Буг в огне» деген кітапқа енгізіпті. 1976 жылы шақырумен Брестке бардым. Кездесулерде, теледидарда сөз сөйлеп, естелік айтқам. Зося Заслонова деген бір кинорежиссер сонда осы кадрларды пайдаланып, деректі фильм түсірген болатын. Осы сапарды «Казахстанская правда» газетінің Шахов деген бір журналисі ұйымдастырып еді, ішіне мені де қосып кітап шығарды, Брест туралы.
Менің ойымша, бұл соғыста, жалпы алғанда кеңестің әскери жүйесі өзінің осалдығын көрсетті. Сол себептен де соғыста көрмеген азабымыз жоқ. Өлім ғаламат көп болды. Бірақ ол біздің тарихымыз. Сол тозақтан мен аман шықтым. Көретін жарығым бар екен. Қазір Алматыда 1600 соғыс ардагері қалыппыз. Ал Брест қамалын қорғауға қатысушылар екеу ғана –Ғаббас Жұматов және мен. Бір айтатын жәйт, жеңіске жеткізген Сталин дейді. Бұл пікірге қарсылар да бар. «Олай емес, совет халқы жеңді» дейді. Мен де «Соғысты халық жеңді» деп айтамын. Соғыстың бүкіл ауыртпалығын да көтерген халық. Қиындықтардың бәрін солдаттар көрді. Тек бір ғана тілегім, ондайды енді біздің ұрпағымыз, немерелеріміз бен шөберелеріміз көрмесін («Егемен Қазақстан», 2012, 9 мамыр).
Қажекең ұзақ жылдар баспасөз саласында жемісті жұмыс атқарды. Көркем аудармамен айналысып, Лев Толстой, Бунин, Чехов, Р.Тагор, О.Генри, Ремарк, Шукшин, т.б. классиктер шығармаларын қазақша сөйлетті. Қазақ жазушыларының туындыларын орыс тіліне тәржімеледі. Сергей Смирновтың «Брестская крепость» кітабын қазақ тіліне аударды. 

Құнды деректер

1967 жылы «Қазақстан» баспасынан Н.Шаховтың «На берегах Буга» деген кітабы жарық көрді. Автор Брест қамалына барып, ондағы мұражай, мұрағат құжаттарымен танысқан, тірі қалған қамал қорғаушылармен кездесіп, олардың естеліктерін жазып алған. Кітапта Брест қамалын ерлікпен қорғаған 267  жауынгердің аты-жөндері, қандай әскери құрамада болғандығы, соғыстың алғашқы күндеріндегі қиян-кескі ұрыстар, қаза тапқандар мен тұт­қынға түскен қазақстандықтар туралы өте құнды мәлі­мет беріледі.       
   Брест қаласындағы «Ерлік» деп аталатын отыз метрлік алып монумент түбіндегі ұзындығы атшаптырым болатын қара таста бар-жоғы төрт қазақтың есімі жазылған. Олар: Ыдырыс Күренкеев (1919-1941ж.ж.), Талдықорған облысынан; Нұри Сыдықов (1919-1941 ж.ж.), Орал облысы; Ботабай Сүлейменов (1921-1941 ж.ж.), Павлодар облысы; Ұлықтымбаев, аты және туған жылы белгісіз. Семей облысының тумасы. 22.06.1941 жылы оққа ұшқан.
Брест қамалын қорғаған қазақстандықтар туралы және олардың тағдырын білу, анықтау мақсатында көп жылдан бері зерттеп жүрген журналист Марат Әбдіхалықовтың 1985 жылы 30 сәуірде «Жетісу» газетінде Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай «Брест қамалының қаһармандары» деген көлемді мақаласы шықты. Онда Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданы Таутүрген ауылынан соғысқа қатысқан 128 азаматтың аты-жөндері түгелдей дерлік қағазға түсіріп, түгенделгені, олардың 63-інің соғыстан қайтпағаны жөнінде айтылған. 
1941 жылғы шілденің орта кезінде Қызыл Армия бір миллионнан астам солдаттары мен офицерлерінен айырылды, олардың 724 мыңы тұтқынға түсті. Сол жылдың қараша айына қарай неміс лагеріндегі қызыләскерлік тұтқындар саны 3,6 миллионға жетті.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік тұтқынға түскен әр түрлі елдер өкілдерінің ішінде сан жағынан ең көбі – кеңестік тұтқындар. Олардың жалпы саны – 5,7 миллион. Әрине, бұл жағдайды соғыстың тұтқиылдан басталуы іспетті сылтаулармен түсіндіруге болар еді. Алайда соңғы жылдарда белгілі болған мәліметтерге қарасаңыз, себеп әлдеқайда тереңде жатыр. Отызыншы жылдардағы жазалау Қызыл Армияның басшылық құрамын әбден-ақ жұтатып кеткен. Соғыс қарсаңында командирлердің 7 пайызының ғана жоғары білімі болса, 37 пайызы орта әскери білім де алмаған еді («Наука и жизнь» журналы, 1987, №12, 81-б.). Жазалауға ұшыраған әскери мамандардың орнына бейбіт мамандық иелері шақырылған. Олар арнаулы дайындықтан өтіп үлгермей соғыс басталып кетті. Алғашқы күндері көптеген бөлімдер басшыларсыз қалып, топ-тобымен қоршауға түскен. 
Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында немістердің қолына түскен ресейлік әскерлердің 5,4 пайызы қаза тапса, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 58 пайызы қайтыс болды. Бұл құбылыстың себебін де сталиндік тоталитарлық мемлекеттің саясатынан іздеу керек.
Соғыс тұтқындарының Кеңес Одағына қайтқаннан кейінгі тағдыры да өте ауыр болды. М.Геллер мен А.Некричтің Лондонда, Н.Толстойдың Парижде басылған зерттеулерінде мынадай мәліметтер берілген: 1943-1947 жылдары Кеңес Одағына 5,5 миллионға жуық соғыс тұтқыны мен Германияға жұмысқа айдалған азаматтар қайтарылған; солардың 20 пайызы атылған немесе 25 жылға айдалған, ал 15-20 пайызы 5-10 жылға лагерьге жіберіледі, 10 пайызы Сібірдің алыс аудандарына жер аударылады, 15 пайызы соғыстан қираған аудандарда ауыр жұмысқа салынады, 15-20 пайызы ғана туған жеріне оралады, бірақ оларға жұмысқа орналасуға тұтқын болған «айыбы» үнемі кедергі жасап отырған. Ал 15-25 пайызының тағдыры белгісіз, мүмкін қашқан болар немесе түрмеде өлген болар. 
Демек, соғыс тұтқындарын кеңестік «отаны» екі рет сатты. Әуелі неміс тұтқынында жүргенде қорғаудан бас тартты, ал кейін, елге қайтқанда ауыр жазаға ұшыратты. Егер бүгін сол алапат соғысты басынан кешірмеген ұрпақ шындықты іздемей, соғыс тұтқындарына «сатқын» ретінде қарайтын болса, бұл оларды үшінші рет сату болар еді.
Ресейде аталған мәселені жан-жақты зерттеу жүріп жатыр, мұрағат құжаттары көтеріліп, жаңа мәліметтер табылуда. Ал біз қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күресіп, жеңісін көре алмай арманда кеткен абзал жандарды ақтай алмай отырмыз. Ешкімнен емеурін аңдымайтын тәуелсіз ел ескіден қалған қасаң саясаттан сытылып, өз халқына ізгілік ізет жасауға тиісті. Бұл ұлтты ұйымдастыруды, жер шарына шашылып қалған қазақты топтастырудың мейірімді қадамы болар еді.
1965 жылы 8 мамырда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен Брест қамалына Батыр атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медалі қоса тапсырылды. Бұл, сайып келгенде, осы қамалды қаһармандықпен қорғаған әрбір азаматқа, шейіт болғаны бар, тірісі бар – бәріне берілген ең жоғары марапат, ең биік атақ еді. 
Ал ондағы мемориалдық кешен – Брест қамалын қорғаушылар қаһармандығының символы. Бұл – бақытты өмір жолында құрбан болған аға ұрпақ өкілдеріне халықтың ризашылық сезімін танытатын асқақ ескерткіш. Ол адамдарды қырағылыққа, баянды бейбітшілік жолындағы қажырлы күреске шақырады. Брест қаһармандарының арасында қазақ жігіттерінің де болғандығы біздер үшін зор мақтаныш. Тәуелсіз еліміздің ерлік салтын қалыптастыруда олардың алатын орны ерекше. Батырлар рухы мәңгі сақталады. 

Тілеу КӨЛБАЕВ

 


Оқи отырыңыз

Пікір(5)

  • Қожасанов Даурен
    11.05.2016 at 9:25 pm

    Сіздердің ерліктерізге мың тағзым. Менің атам
    Қожасанов Сапарғали 1939жылы әскери борышын Брест түбінде өтеп,1941 жылы үйге қайттатын кезде соғыс басталған.Брест қамалын қорғау кезінде қаза болды деген қара қағаз келді.Осы кісі туралы ақпарат білсеніздер xабарласыңыздаршы. Қожасанов Даурен Серікұлы. Алматы обл.(бұрынғы шелек ауд). Асы-Саға aуылы

  • Абдикеримов Олжас
    08.05.2017 at 7:49 am

    Жуманов Абиш 1941 жылыгы брест камалын коргаушыларынын бири. Атамыз туралы деректер болса хабар берсениздер

  • Алмагул
    15.05.2017 at 3:15 am

    Мукаманов Қыдырбай Бресть1939 жылы 1фин соғысы.1941жылы военный училище одан кейін батыс кетіп барамыз деп хат келген. Бсср.г.Бресть.125стрельковый полк2баталон.2пул рота əкемнін баурын табуға көмектесіңізлерші əкемнін арманы

  • Алмагул
    15.05.2017 at 3:19 am

    Мукаманов Қыдырбай Бресть1939 жылы 1фин соғысы.1941жылы военный училище одан кейін батыс кетіп барамыз деп хат келген. Бсср.г.Бресть.125стрельковый полк2баталон.2пул рота əкемнін баурын табуға көмектесіңізлерші əкемнін арманы .Алматы обл.Райымбек ауданы (Нарынқол)с.Қайнар

  • Акылбек 87079894165
    07.05.2018 at 10:12 pm

    Аяганов жанузак Кызыорда облысы Аламесек ауылы Гомел каласында 1939 жылы аскерде болган 1941ж согыс басталган кейн каракагаз келген хабарсыз,хабар кутемиз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру