Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Интеграция бәріне тиімді болуы керек

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Интеграция бәріне тиімді болуы керек

Астанада Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина және Қырғызстан мемлекеттері басшыларының қатысуымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы болып өтті. Биыл бірінші рет өтіп отырған жоғарғы деңгейдегі бұл кездесуде өзара тиімді ықпалдастық үдерістерді одан әрі дамыту мәселелері сөз болды. 

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысын ашқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде «былтыр біз желтоқсанда Еуразиялық экономикалық одақты құру және ықпалдастық үдерістерді одан әрі дамыту жөніндегі құжаттарды қабылдау қарқынын төмендетпеу үшін жиі кездесуге уағдаласқан едік», деп атап өтті. 
– Бүгінгі отырыс – сол уағдаластықтың аясындағы жоғарғы деңгейдегі алғашқы кездесуіміз. Ең бастысы – бұл біздің ықпал­дастықты одан әрі дамытуға деген ұмтылы­сы­мыз, – деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы интеграция қатысу­шылардың барлығы үшін тиімді болуы керек­тігін атап көрсетті. «Мемлекеттер жалғыз ша­масы жетпейтін, өзгеден оқшау күйде қол жеткізе алмайтын мәселелерді интеграция, ықпалдастық байланыстарды жолға қою арқылы шеше алады. Ықпалдастық үдерісі эволюциялық жолмен, сатылап жүруі, кезең-кезеңімен жүзеге асуы шарт. Сондықтан біз осы тұрғыда күш-жігер біріктіруіміз керек», – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан, Ресей және Беларусь Кедендік одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістігінің жоғарғы органы – Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Астана отырысы аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев пен Украина президенті Виктор Януковичтің кездесуінде екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелері сөз болды.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев елдер арасындағы өзара серіктестік қарым-қатынастардың жақсы дамып келе жатқанын атап өтті.
–  Менің шақыруымды қабыл алып, Сіз біздің елге Кеден одағы аясында жүріп жатқан жұмыспен танысу үшін келіп отырсыз. Біздің барлық кездесуімізге Сіздің қатысуыңыздың пайдасы тиеді деп ойлаймын. Одақтың жұмысының алғашқы кезеңінде сауда айналымы 30-40 пайызға артты.  Қазақстан мен Украина арасындағы екіжақты қарым-қатынастар да осындай қарқынмен дамып келеді. Өзара сауда былтыр 24 пайыздан асып түсті, бізге осы деңгейді ұстап тұру қажет. Біз қолда бар «жол картасы» есебінен бұдан да маңыздырақ нәтижелерге қол жеткізе аламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Интеграция бәріне тиімді болуы керек
Өз кезегінде Виктор Янукович  жоғарғы деңгейдегі кездесу және ықпалдастық мәсе­лелерін кең ауқымда талқылау мүмкіндігі үшін алғысын білдірді. «Біз Кеден одағының көбінесе Сіздің ертедегі идеяларыңызға, экономикалық дағдарыстан әлдеқайда бұрын айтылған ұсыныстарыңызға негізделгенін  білеміз. Экономиканың өсімі тек барлық мүм­кіндіктер пайдаланылғанда, барлық күш-жігер жұмсалғанда, инновация барда, өнер­кәсіпті жаңғырту жүргізіліп, өзіндік құны жоғары өнім артқанда ғана мүмкін болатынын біз жақсы түсінеміз. Бәсеке серіктестердің ауқымы кеңейгенде ғана нығаяды», – деді Украина президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесу барысында бұл Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттер басшыларының жоғары деңгейдегі биылғы бірінші кездесуі екенін атап өтті.

– Талқыланатын бірқатар мәселелер мен шешімдер жобалары бар. Бұл Еуразия экономикалық одағын құру жөніндегі құжаттар дайындау аясындағы өте маңызды да мәнді кездесу деп санаймын. Екіжақты қарым-қатынастарымыздың дамуына келсек, сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқыны жақсы және оны арттыру үшін айтарлықтай әлеует бар. Біздердің экономикалармыз бір-бірін өзара толықтырады және Кеден одағы оның бұдан әрі дамуына септігін тигізетін болады, – деді Н.Назарбаев.
Сонымен қатар Н. Назарбаев екі ел арасындағы қарым-қатынастар дамуын нақты талқылау үшін А.Лукашенконы Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Әңгімелесу кезінде Беларусь президенті Александр Лукашенко өзі елі үшін Қазақстан тартымды және келешегі кемел әріптес деп санайтындығын жеткізді. «Біздің елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастар қарқынды дамып келеді. Бұл жолда кездесіп жататын түрлі проблемалар мен кедергілер жоғары деңгейде шешімін тауып отыр, сонымен қатар біздің мамандарымыз бен үкімет те жақсы жұмыс істеуде», – деді белорусс президенті.
Сонымен қатар А.Лукашенко жақында Қазақстан премьер-министрінің Беларусь еліне сапарының табысты болғанын атап өтті. «Біз үкімет басшысымен кездесуде көптеген мәселелерді талқыладық. Қазақстандық делегация біздің елдің барлық дерлік өңірлерінде болды», деді ол.
«Біз Қазақстандағы атқарылатын шараларға белсенді түрде қатысудамыз, сондай-ақ бұдан әрі қарай да қатысуға дайынбыз. Бізде  жобалар аз емес және оларды жүзеге асыруда ешқандай проблема жоқ. Бұл өз кезегінде біздің ынтымақтастығымыздың деңгейін байқатып отыр», деген     А.Лукашенко Қазақстанға келу мүмкіндігі үшін алғысын білдіріп, интеграциялық үдерістерде Қазақстан елордасының маңыздылығын атап өтті.
Айта кетейік, 2012 жылы Белоруссияның Қазақстанмен сыртқы сауда көлемі $1 миллиардтан асты. Екі ел арасындағы өзара сауда айналымы 2011 жылмен салыстырғанда 14,5 пайызға өсті, ал Қазақстанға белорусс экспортының көлемі 20 пайызға ұлғайды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің отырысы аясында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен кездесу барысында үш мемлекет басшысының бүгінгі кездесуінде маңызды құжаттар жиынтығы қаралатынын атап өтті.    
Қазақстан мен Ресейдің екіжақты қарым-қатынас­тарына қатысты Мемлекет басшысы ХХІ ғасырдағы тату көршілестік және одақтастық туралы әзірленіп жатқан барлығын қамтитын келісімшартқа биыл қол қойылады деген үмітін білдірді.   
– Біздің міндетіміз – өзара сауданы дамытып, Кеден одағын нығайту.  Басшылары Астанаға келген Украина мен Қырғызстан тараптарынан да қызығушылық байқалады. Олардың бұдан әрі шешім қабылдау үшін интеграциялық  үдерістер барысымен жақынырақ танысуға жақсы мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, орайлы сәтті пайдаланып, Сізге G-20 саммиті жұмысына қатысуға ша­қыр­ғаныңыз үшін алғысымды білдіргім келеді, – деді Қазақстан Президенті.
В.Путин өз кезегінде мемлекет басшыларының бүгінгі кездесуі ұйымдастырылғаны үшін алғысын білдірді.
– Біз Ресей-Қазақстан қарым-қатынасын дамытуға Сіздің қаншалықты зор ықылас бөлетініңізді көріп отырмыз. Осы тікелей атсалысудың арқасында біздің қарым-қатынастарымыз өте тиімді түрде әрі жедел дамып келеді, тауар айналымының көлемі өсуде. Сіз интеграциялық  үдерістерде, әсіресе оның ең мәнді сипаты мен түрлері бойынша сөзсіз көшбасшысыз. Сондықтан біздің нақ осында, Астанада кездесуіміздің символдық мәні бар.  Кездесуіміз жемісті және пайдалы болатынына сенімдімін, – деді Ресей Президенті.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы аясында өткен келіссөздер нәтижесіне байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар маңызды шешімдерге қол қойылғандығын хабарлады. «Біріншіден, Еуразиялық экономикалық комиссияның қызметіне сауда саласындағы халықаралық келісімдер жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер енгізілді. Бұл құжат Кедендік одаққа мүше-мемлекеттерге белсенді өзара іс-әрекеттерді дамытуға жол ашады, коммерциялық алаңдар ұйымдастыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ, бұл біздің сауда жөніндегі әріптестеріміздің қатарын кеңейте түседі. Ал өз кезегінде бұл өзгерістер ықпалдастықты одан әрі нығайту үшін аса қажет», – деді Н. Назарбаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, отырыс барысында Кедендік одаққа мүше-мемлекеттердің агроөнеркә­сіп­тік саясат тұжырымдамасы келісіліп, интеграциялық-ақпараттық жүйені дамыту жөнінде уағадаластықтар жасалды. Статистика саласындағы өзара ақпараттық байланыс мәселелері де  қамтылды.
Мемлекет басшысы келіссөздер барысында Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің көкжиегін кеңейту мәселелері жеке топтамада қаралғандығын, Қырғызстанның Кедендік одаққа қосылуы және Украи­наға бақылаушы мәртебесін беруге қажетті құжаттарды әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылғандығын атап өтті. 
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отыры­сының қорытындыларына арналған брифингте мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ 2015 жылдың 1 қаңтарында іске қосылатындығын айтты. «Бүгін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында аса өзекті мәселелерді, оның ішінде Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің болашағын талқыладық. Сонымен қатар бұл отырыста Еуразиялық экономикалық одақ құрудың жұмыс барысы талқыланды. Бірінші кезекте, интеграцияның негізгі бағыттары туралы шешімдер қабылданды», – деп атап өтті Н.Назарбаев.
Президенттің айтуынша, осы шешімдер арқылы 2015 жылдың 1 қаңтарында іске қосылуы көзделіп отырған Еуразиялық экономикалық одақты құру және оны дамыту негіздері қаланды. Бұл үшін 2014 жылдың 1 мамырында мүдделі мемлекеттер басшыларының қарауына тиісті құжаттар ұсынылатын болады. 
«Біз бүгінгі отырыс барысында интеграцияны сатылап жүзеге асыру туралы келістік. Қазіргі басты мақсат – Кедендік одаққа қатысты барлық кемшіліктерді жою және Бірыңғай экономикалық кеңістікті түпкілікті қалыптастыру. Бұл жұмыстың негізінде біз интеграциялық үдерістерді одан әрі тереңдету туралы шешім қабылдайтын боламыз», – деген Мемлекет басшысы бұл жерде әңгіме барлық мемлекеттер үшін өзара тиімділікке негізделген, тек экономикалық интеграция туралы болып отырғандығын ерекше атап өтті.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру