Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

МҮГЕДЕК ЖАНДАРДЫҢ 68 ПАЙЫЗЫ ЕҢБЕККЕ ҚАБІЛЕТТІ

Үкімет: іргелі істер үрдісінде

Елімізде мүмкіндігі шектеулі елу мың адам еңбекке араласып жүр. Бұл жұмыс істеуге қабілеттілердің 12 пайызы ғана. Тағдыр тауқыметін тартқан мұндай жандарды мемлекет кәсіби оқытуға, әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтуға тиіс. Үкіметтің селекторлық тәртіптегі отырысында мүгедек жандардың өмір сүру деңгейін жақсарту және олардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету шаралары бойынша жоспарды жүзеге асыру барысы қаралды.

Премьер-министр Серік Ахметов еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың хал-жағдайы Мемлекет басшысының жіті бақылауында екендігін, бұл ма­ңыз­ды мәселе үнемі Үкімет пен қоғам назарында тұратындығын атап өтті. 
Мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету жүйесін жаңғырту мәсе­лелері, әлеуметтік көмектің көп деңгейлі салалары туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С. Әбденов баяндады. 
Қазіргі уақытта Елбасының тапсырмасы бойынша «Әлеуметтік жұмыс орны туралы» заң жобасы әзірленуде. Бұл бағытта мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсететін ұйымдарға қатысты заң тармақтарына да өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Мұнымен қоса «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында жарымжан жандардың білімін жетілдіру, қажет жағдайда қосымша мамандыққа қайта оқыту мүмкіндіктері қарастырылуда. Көзделген міндеттер ауқымын мүгедек жандардың құқын қорғау мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, әлеуметтік инфрақұрылымның нақты нысандарына мүгедектердің қолжетімділігін және тиісінше қызмет көрсетілуін қамтамасыз ететін қанатқақты жобаларды әзірлеу, мүмкіндігі шектеулі жандардың мұн-мұқтажына жеткілікті деңгейде назар аударып, түсіністікпен қарау, ықпал ететін ақпараттық науқанды ұйымдастыру мәселелері құрайды.

Денсаулық сақтау министрі С. Қайырбекова мен Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұлов, Павлодар облысының әкімі Е. Арын, сондай-ақ Алматы облысының әкімі А. Мұсаханов талқыланған тақырыпқа орай баяндама жасады. Өз кезегінде «Шырақ» мүгедек әйелдер ассоциациясының басшысы Ләззат Қалтаева: «Еңбекпен қамту бағдарламасы мүгедектігі бар адамдар үшін көптеген мүмкіндіктер беруде. Олар еңбекке машықтанып, табыс тауып қана қоймай, қоғамға керектігін, ел дамуына шама-шарқынша үлес қоса алатындығын сезінуде», – деп атап өтті.  Ассоциа­ция басшысы мүмкіндігі шектеулі адамдардың ашық еңбек нарығына шығып, бағын сынауына болатынына да назар аударды. Тағдырдан теперіш көрген жарымжан жандарға керегі – тұрақты жұмыс орны. Былтыр «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының игілігін 1049 адам көрді. 244 мүгедек жан кәсіби білім алып, 566-сы әлеуметтік жұмысқа орналасты. Әйтсе де еңбек етуге қабілеттілердің 68 пайызының 12 пайызы ғана жұмыспен қамтылып отыр.

Бүгінде елімізде 609 мың мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Олардың 543 мыңы ересектер болса, қалғаны 18 жасқа дейінгі бүлдіршіндер мен жасөспірім балалар. Денсаулық сақтау саласы басшысының айтуынша, мүгедек балалардың арасында туғаннан талма ауруына шалдыққандар мен жүйке жүйесі бұзылғандар және психикалық ауытқуға түскендер саны басым болып отыр. Ал ересек мүгедектер қатарында жүрек қан тамыры, қатерлі ісік ауруларына ұшырағандар саны көп. 
Мемлекет басшысының тапсырмасымен әлеу­мет­тік жаңғырту аясында 2050 жылға дейінгі Қазақстан дамуының жалпыұлттық тұжырымдама­сының жобасы Үкіметтің қарауында. С. Ахметов бұл жоба жүзеге асса, әлеуметтік сала дамуында жаңа кезең басталатынын атап өтті. 
Жобаны жүзеге асыруда халықаралық талаптар ескеріліп, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары соған лайықты болуы тиіс. Мүгедек­тердің еркін еңбек етуі үшін әлеуметтік-экономикалық жағдай жасалып, олардың қоғамдық өмірдің толыққанды мүшесі, белсенді қатысушысы болуы үшін барлық жағдайлар жасалуы қажет. Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жауапты мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, бұл бойынша іс-шаралардың 2014-2015 жылдарға арналған жобасын әзірлеуді тапсырды. Жергілікті басшыларға мүмкіндігі шек­теулі адамдардың тұрғын үйлерге, қоғамдық орындарға, емханаларға, спорт нысандарына қиналмай кіріп-шығу мүмкіндігін қамтамасыз ету қажеттігін нығыздап айтты. «Мұндай жағдайда ешқандай немқұрайдылық болмауы тиіс», –  дей келе, Премьер-министр жаңа әлеуметтік нысандарды қабылдау кезінде мемлекеттік комиссия ғимараттың мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қаншалықты қолай­лы жасалғандығына назар аударуы қажеттігін ескертті. Сондай-ақ ел өңірлерінде мүмкіндігі шек­теулі азаматтардың жүріп-тұруын қамтамасыз ету бағы­тында да тиісті іс-шаралар атқарылуы қажеттігі пысықталды.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру