Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Түйткілдер түйінін тарқатуға талпыныс

Түйткілдер түйінін тарқатуға талпыныс

Мамырдың төртінші аптасында өткен VI Астана экономикалық форумы Есіл жағасында әлемнің озық ақыл-ой өкілдерінің – ғалымдар мен  саясаткерлер, экономистер мен сарапшылардың басын қосты.

Елбасының бастамасымен осыдан бес жыл бұрын дүниеге келген, бүгінде жаһандық маңызды үнқатысу алаңына айналған Астана экономикалық форумы биыл да әлемдік озық ақыл-ой назарын ғаламдық экономика тап болған түйткілдер түйінін тарқатуға, ұтымды жолдарды іздестіруге аударды.   

Осы ретте форум аясында ғаламдық дамудың өзекті мәселелері қозғалған бірқатар маңызды басқосулар өтті. Халықаралық ауқымда маңызы зор осындай жиынның бірі – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция. Оның күн тәртібіне қойылған басты мәселе – дағдарыспен күрестің жаһандық жоспарын жасауға ұмтылыс БҰҰ Бас Ассамблеясы 67-ші сессиясының қолдауына ие болды. Осылайша БҰҰ-ның  қолдауымен, Елбасымыздың бастамасымен тұңғыш рет өткізілген Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференцияға (БДҚК) әлемнің 132 мемлекетінен келген 11 мыңға жуық саясаткерлер, сарапшылар және іс басындағы мамандар қатысты.

Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция­ның ашылу салтанатында сөз сөйлеген президент Нұрсұлтан Назарбаев жиынның басты тақырыбы – әлемдік экономика тап болып отырған жаһандық қиындықтарға тоқталды. «Жаһандық дағдарысқа қарсы күрес жоспарын белгілеу үдерісі барысында соңғы жылдары  өзіміз бетпе-бет келген бірқатар маңызды сабақтарды ой елегінен өткізуіміз керек. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, өткен жылдың соңында бүкіл әлем ХХІ ғасырдың жаһанданған экономикасының бірінші дағдарысы тарих қойна­уына кеткеніне сенгендей де еді. Бұл туралы бізді көптеген қаржы институттары барынша сендіріп бақты. Алайда әлемнің үкілі үміті ақталмады. Кипрдегі қаржы жүйесінің күйреуі бүкіләлемдік экономикалық тұрақтылық дәуірінің ауылы алыс екенін көрсетті».

Одан әрі Мемлекет басшысы ұлттық дәрежеде жасалған дағдарысқа қарсы кейбір күрес шара­ларының да жаһандық рецессияға ұрындыра­тындығын атап көрсетті. Әрине, кез келген дағдарыс жағдайында мүлде әрекетсіз қалмай, іс-қимыл жасаудың қажет екендігі сөзсіз. Қазақстан өз кезе­гінде дағдарысқа қарсы тиімді күрес жоспарын жүзеге асырғандығы белгілі. Ол жұмыс орындарын сақтауға және экономиканың өсу динамикасын сақтауға мүмкіндік берді. G-20 тобы шеңберінде жасалған  дағдарысқа қарсы ұсыныс-пікірлердің бар­лығы бірдей орындалған жоқ. Осындай жағдайлар әлемдік сауданың  өсімін тежеді, жаһандық және өң­ір­лік нарықтардағы бағалардың төмендеуіне әкеп соқты. Сондай-ақ адамдардың әлеуметтік көңіл-күйі күрт төмендеді. Жаһандық жұмыссыздық өсіп келеді. Халықаралық еңбек ұйымының болжамы бойынша, үстіміздегі жылы әлемдегі жұмыссыздар саны 200 млн адамнан асады. Биылғы жылдың басында Еуропада 26 млн адам жұмыссыз болған. Бұл осыдан бес жыл бұрынғы көрсеткіштен  1,5 есе жоғары.
Мемлекет басшысы өз сөзінде қаржы секторы жаһандық дәрежеде де, ұлттық дәрежеде де нақты өндірістен қол үзіп кеткен жағдайда дамуы мүмкін емес екеніне баса назар аударды. Сонымен бірге, Елбасы соңғы жаһандық дағдарыстың көп өлшемді ауытқымалылығын да атап көрсетті. ХХІ ғасырда әлемге жаңа экономикалық модель қажет. Ол ең алдымен алдау-арбау, жауапсыздық және талан-таражға салу болмайтын әділ де адал әлемдік қаржы жүйесіне негізделуге тиіс. Адамзат өндірген өнімдер қоғамның әрбір мүшесінің гүлденуі және бақыты үшін жұмсалуы керек.
Осыдан бір жыл бұрын мен осы форумның мінберінен «G-Global» идеясын ұсынған едім. Бүгінде әлемге жаңа жаһандық қаржы-экономикалық жүйесі және тиімді жаһандық қауіпсіздік, оның ішінде ядролық қауіпсіздік құрылымы қажет. Бұл ретте өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға бағытталған жаһандық үнқатысуды жалғастырудың орасан зор әлеуеті бар. Осы ретте «G-Global» бастамасын қолдаушылар қатары арта түсетіндігіне сенім білдірген Елбасы бұл идеяны одан әрі дамыту үшін Рим немесе Мадрид клубы үлгісі негізінде «G-Global»-дың Қамқоршылар кеңесін құруды ұсынды. 
Одан әрі соңғы екі онжылдық көлемінде ғана әлемдік саяси картада пайда болған Қазақстан Рес­публикасының экономикалық және әлеуметтік жетістіктеріне тоқталып өткен Елбасы, біз қазір жаңа саяси бағытымызды белгіледік, деді. «Қазақстан – 2050» стратегияның басты мақсаты – Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің біріне айналдыру. Бұл даму өскелең инновациялық экономикаға  және әлеуметтік қағидаттарға негізделетін болады. Бұл реттегі ең бастысы – «экономика – энергетика – экология» атты үш негізгі тұғырлардың жүйелі түрде дамуы болмақ. Бұл – алыста сағым қуған елес емес, нақты адамзаттың жоғары сұраныстарына негізделген ақиқат.
«Былтыр Рио-де-Жанейро саммитінде мен ұсын­ған Жаһандық энерго-экологиялық стратегия тура­­лы бастама және «Жасыл көпір» жоспары әлемдік қауымдастықтың қолдауына ие болды», – деді одан әрі Елбасы. «Жасыл» энергетикаға көшу және «жасыл» технологияны өндіріске енгізу – бұл жаһандық экономиканың дамушы векторы. Қазақстан табиғат­тың қазба  байлықтарына, оның ішінде  көмірсутегі кен орындарының көптігіне қарамастан, болашақта балама қуат көздерін дамытуды белсенді жүргізуге мүдделі. Біздің жаңа стратегиямызда нақ осындай келелі міндеттер қойылған. Біз алдағы уақытта «жасыл жарақтандыруға» жыл сайын ұлттық ІЖӨ-нің 2 пайызы көлемінде қаржы жұмсамақпыз. Енді төрт жылдан кейін Астанада ЭКСПО – 2017 бүкіләлемдік көрмесі өтеді. Біз оны «Болашақтың энергиясы» ұранымен өткізетіндігіміз де тегін емес. Мен төрткүл дүниенің барлық аумағындағы іскер топтарды ЭКСПО – 2017-ні дайындау және өткізу жұмыстарына белсене қатысуға шақырамын».
Сөзінің соңында Елбасы форумға қатысушы­ларға және  Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конферен­ция­ның делегаттарына жаһандық тәуекел­дерге қар­сы тұру мақсатында тиімді жол табудағы үнқатысу ала­ңындағы игілікті жұмыстарына сәттілік тіледі.
Елбасы сөзі аяқталғаннан кейін форум мінберіне көтерілген мәртебелі меймандар осындай маңызы зор жаһандық жиынды ұйымдастырғаны және ыстық ықыласпен қабылдағаны үшін Қазақстанға, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдіріп, талқыланып отырған мәселеге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
VI Астана экономикалық форумы аясындағы еліміздің экономикалық әлеуетін әлемге паш еткен шаралардың қатарында елордамыздың  даму мүмкін­діктеріне арналған IV «Astana Invest 2013» жиынын атап өткен жөн.
Сонымен қатар зияткерлік меншіктің рөлін арттыру, жандандыру және инновацияны дамытуға көмек беру мен ынталандыру мақсатында жыл сайын өткізіліп тұратын өнертапқыштық саласындағы жетістіктердің республикалық байқауы «Шапағат – 2013» жеңімпаздары марапатталып, оған қаты­сушылар 2012 жылы берілген және жарияланған өнертабыстары үшін ұлттық патент иеленушілері атанды. Сондай-ақ форум аясында «Инвестициялық Періште» халықаралық сыйлығы тапсырылғанын атап өтпекпіз.
«Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен VI Астана экономикалық форумы қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында айтылғандай, биыл осынау жаһандық жиынға 132 мемлекеттен 12 596 делегат қатысыпты. Олардың арасында 10 Нобель сыйлығының лауреаты бар. Форум аясындағы басқосуларда 350 баяндама жасалған. Жалпы қаржы көлемі 2,7 млрд долларды құраған 80-нен астам өзара түсіністік және  ықпалдастық құжаттарына қол қойылды.
Форум жұмысының қорытындылары дүниеге келгеннен бергі бес жылда оның әлеуеті арта түскендігін көрсетті. Осы жылдар ішінде форум жаһандық  үнқатысу алаңына, бизнес-қауымдастық, инвесторлар мен ғалымдар арасында іскерлік байланыстар қалыптастырып, серіктестік қарым-қатынастарды нығайтудың өзіндік бір үлгісіне айналды. «G-Global»-дың интернеттегі коммуникативті алаңының қызметі Астана форумын үздіксіз онлайн талқылаудың орталығына айналдырды. Оған ғаламдық желінің 120 мыңнан астам тұрақты тұтынушысы қатысуда. 
Ең маңыздысы дәстүрлі Астана экономикалық форумы адамзат ақыл-ойы  жетістіктерінің, ғылым-білім жаңалықтарының қазақ елінің игілігіне айналып, шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлердің еліміз экономикасын жаңғырту жұмыстарына қатысуына жол ашады.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру