Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

«Үркерге» бес жыл!

«Үркерге» бес жыл!

Жақында Қазақ  мемлекеттік  қыздар педагогикалық университетінде жастардың  сүйіп оқитын  «Үркер» әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси журналының  бесжылдық мерейтойы атап өтілді. Аталмыш білім ордасының ректоры Динар Жүсіпәліқызы Нөкетаева жиынды салтанатты түрде ашып, мерейтой иесі – «Үркер» ұжымының шығармашылығына сәттілік тіледі.

– Біз көпшілік жастардың сүйіп оқитын «Үркер» қоғамдық-саяси, әдеби журналының  бесжылдығын  бірегей  Қыздар  университеті шаңырағында атап өтіп отырғандығымызға қуаныштымыз. 2008 жылы роман-газет болып тұсауы кесілген «Үркер» журналы бүгінде бағытын өзгертіп, жастардың әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси басылымы ретінде  жаңа мазмұнда оқырмандарға  жол тартып келеді. Жылдан-жылға журналдың тақырып аясы барынша кеңейіп, басылым әдебиеттің босағасын имене аттаған жастардың еңсесін көтеріп, шығармашылығын шыңдап, қолдаудың үлгісін көрсетіп келе жатыр. Соның бірі ретінде проза, поэзия жанры бойынша жас қаламгерлерге арналған «Үркер – үміт» бәйгесін айтуға болады. Байқау қолына қалам алған дарынды жастардың алғашқы шығармаларының тұсауын кесіп, көптеген таланттардың жолын ашуда, – деді университет ректоры.
Аталмыш шараға  «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы  Жұмабек  Кенжалин  бастаған серіктестікке қарасты басылымдардың  бір топ редакторлары,  жалынды  студенттер мен әдебиет қайраткерлері қатысты. Сонымен қатар, кездесуге аталмыш оқу орнының «Жас ақындар» клубы, «Інжу-маржан», «Назқоңыр» әдеби үйірмелерінің мүшелері де ат салысты. 
Жиында сөз алған «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин:  «Жас зиялыларға арналған танымдық басылым өзі артқа тастаған бесжылдық белесте талай оқушының қиялын ұштап, шығармашылығын шыңдады. Білімге деген құштарлығын арттырып, өрісін кеңейтті», – деп атап өтті. 
Өз кезегінде «Үркер» журналының бас редакторы  Қуандық Түменбай қазіргі уақытта  жас оқырмандар арасында «Үркер» журналының сүйікті басылымдарының біріне айналғандығын айта келе: «Бағыт-бағдарын айқындап, айтарын сараптап алған журналдың оқырмандарына берері мол. Әсіресе, жас ұрпақ тәрбиесіндегі және жас таланттардың талабын ұштау жолындағы көтерер жүгі өте салмақты. Қазіргі уақытта жас ұрпақты мөлдір рухани дүниелермен сусындату, өзекті мәселелердің қатарында тұр десек, қателеспейміз.  «Үркер» журналы осы бағытта маңызды рөл атқарып келеді. Соңғы жылдары басылымның тақырыптық көкжиегі көтеріліп, тынысы кеңейе түсті. Журналдың әр санында түрлі айдарлар мен алуан ойлар алмасып жатыр», – деді. Сонымен қатар, айтулы шарада «Ана тілі», «Экономика», «Ұйғыр Авази», «Мысль» басылымдарының бас редакторлары «Үркер» журналының шығармашылық  ұжымы мен оқырмандарын құттықтап, еңбектеріне толағай табыстар тіледі.  
Айналаны әдеби әуезге бөлеген кеш өте әсерлі өтті. Бүгінгі жастардың әдеби шығармашылығы бұл кездесуде көпшілікке кеңінен таныстырылды. Осы орайда, «Үркер» журналының бас редакторының орынбасары Жарас Сәрсек жастардың ізденісі мен болашағы жайында өзіндік ойымен бөлісті.  «Соңғы 10 жылда поэзияға келіп жатқан жастардың санында шек жоқ. Сондықтан  тәубе дейік. Бұл қазіргі кезде ауылды жерлердегі әдебиетке деген дүбірдің басталғанын білдіреді. Әдебиеттің заманы қайта айналып келе жатыр» деп ақын жастарды алға қарай ұмтылуға, жігерлі жыр шумақтарымен оқырмандарды сусындауға шақырды. 
Поэзия мен прозаға жаны құштар жастардың легі осы университетте көптеп шоғырланған десек, қателеспеспіз. Олардың ішкі дүниесінен нөсерше төгіліп жатқан жыр шумақтары жиынның ажарын кіргізгендей болды. Туған тілінің тарихын тереңінен түсініп, қазақ  әдебиетінің ізін жалғастырушы осындай талантты жастарды көргенде бір марқайып қалғанымыз анық. Кеш бойы олардың көздерінен болашаққа деген батыл қадамның жалыны сезіліп тұрғандай болды. 

Мақпал Сағындық


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру