Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Су электр станциясы іске қосылды

Су электр станциясы іске қосылды

Жамбыл ауданына қарасты Шу ауданында қуаттылығы 9,2 мегаватты құрайтын Тасөткел су электр станциясы өз жұмысын бастады. «Жасыл экономика» саласындағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру барысында іске асырылған станция осы өңірде қолға алынған алғашқы бастама емес. Жамбыл облысы ауқымды жобаларды орындауда алдыңғы қатарда тұр. Электр қуатын жаңартылған немесе балама көздерден өндіру бойынша мұнда соңғы үш жыл қатарынан 9 жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Шу ауданындағы Тасөткел су электр станциясы да бар.

Осында орналасқан төрт турбинаның әрқайсы­сының қуаттылығы 3,2 мегаватты құрайды. Сонымен қатар, мұнда жылына 48 миллион кВатт/сағат электр қуаты өндіріледі. Қуатты өндіретін турбиналардың төртеуі жерге орнатылған. Астынан ағып жатқан өзен суының ағысынан оның әрқайсысы 3-4 мегаватт мөлшерінде қуат өндіреді. Жинақталған энергия екі бірдей ауданды тұтас жарықтандыруға мүмкіндік бермек. 
Су электр станциясы ашылмай тұрып, облыс­та күн және жел электр станциялары пайдалануға берілген болатын. Алдағы күндері ауыл тұрғындары судан өндірілген жарықты тұтынуға мүмкіндік алды. Бұл мүмкіндік әрине, жаңадан жұмысын бастаған гид­ро­электр станциясының арқасында туып отыр. Жобаның жалпы құны  – 1 миллиард 350 миллион теңгені құрайды. 
Маңыздылығы басым шараның ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев қатысып, электр қуатын бұл тәсілмен өндіру алдымен қоршаған ортаға зиянсыз, екіншіден табиғат мүмкіндіктерін пайдалануға жол ашадытындығына кеңінен тоқталып өтті. «Еліміз үшін барлық табиғи мүмкіндіктерді пайдалана отырып, экологиялық та­за энергия қуатын өндіру келешекте ұтымды жоба­лардың бірі болмақ. Бұл өндірісте 30 жаңа жұмыс орыны ашылатын болады. Өндірілген электр қуаты жергілікті тұрғындарға және өндіріс орындары үшін өте қолайлы болары сөзсіз. Құрметті Шу ауданының тұрғындары! Сіздерді жаңа станцияның ашылуымен құттықтаймын! Пайдалануға беріліп отырған Тасөткел су электр станциясы алдағы уақытта ел игілігіне айналсын!» деп облыс басшысы жылы лебізін білдірді. 
Аталмыш жобаның құрылыс әрі монтаждау жұмыстарына жергілікті азаматтармен қатар, көрші мемлекеттерден арнайы мамандар шақырылған. Сондай-ақ, станцияға қажетті техникалық құрал-жабдықтардың барлығы автоматтандырылған жүйе­ге енгізілген және олар Қытайдан жеткізілген. Жоба­ның инвесторы – «IT Энерго» ЖШС. 
Жаңадан ашылған жобаның басты артықшылығы – Шу өзеніне қыстың кезінде де мейлінше көп су жіберілетін болғандықтан, жыл он екі ай тоқтаусыз жұмыс істейді. Келешекте өндіріс қуатын әрі қарай артады деп күтілуде. Компания өндірген өнімін алты  жылға дейін электр тарату мекемелеріне беруге міндеттелген. Қуатты аймақ тұрғындармен қоса өндіріс орындары да тұтына алады. Әр киловаттың құны 11 теңгеден аспайды.

Мақпал САҒЫНДЫҚ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру