Валюта бағамы: $ 326.88 364.9 5.47 ¥ 47.85

Өркенді өңір басшысын қабылдады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетовты қабылдады. 

    Ақтөбе облысы еліміздегі ең ірі өңірлердің бірінен саналады. Нұрсұлтан Назарбаев облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың маңызды екенін атап өтті және жергілікті инфрақұрылымға, атап айтқанда, құрылыс пен жол жөндеуге, тұрғындарды газбен және сумен қамтамасыз етуге, мектеп, аурухана және өзге де әлеуметтік нысандар салуға  көбірек көңіл бөлу керектігін қадап айтты.

     А.Мұхамбетов Ақтөбе облысының 2012 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуы және өңірде индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының орындалу барысы туралы баяндады. Сондай-ақ облыс әкімі республикалық Индустрияландыру картасына енгізілген ең ірі жобалардың іске асырылу барысы туралы айтып берді. Олардың қатарында шыны құрылысы, рельстіарқалық, газ өңдейтін және ферросплав зауыттары бар.

      Қазіргі күні Индустрияландыру картасы аясында Ақтөбе облысында құны 633,8 миллиард теңгелік 74 жоба іске асырылуда. Оларды пайдалануға бергенде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

     Жалпы осы есепті мерзімдегі өңірдің әлеуметтік-экономикалық  даму көрсеткіші орташа республикалық деңгейден жоғары тұр. Мысалы, өнеркәсіп өндірісі 1 триллион 315 миллиард теңгені құрады. Құрылыс жұмысының көлемі 23 пайызға өсті, өңірде 430 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 4,7 пайыз жоғары. Бұдан бөлек, Ақтөбе облысында 430 миллиард теңге инвестиция тартылды, оның жартысын шетелдік тікелей инвестиция құрайды.

     Кездесудің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы облыста индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылу барысын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X