Валюта бағамы: $ 311.2 347.77 5.52 ¥ 45.17

Үкімет: іргелі істер үрдісінде БИЫЛДЫҢ ЕНШІСІНДЕ – БЕЛСЕНДІ ІС-ШАРАЛАР

Премьер-Министр С. Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Астанада ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрмесін өткізуге дайындық барысы қаралды. Отырыста көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі 2013-2018 жылдарға арналған ұлттық жоспар қабылданды.

ЭКСПО-2017 халықаралық ма­ман­дан­ды­рылған көрмесін ұй­ым­дастыру және өткізу жөніндегі ұл­ттық жос­пар туралы және «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компания­сы» акционерлік қоғамын құру туралы қаулылардың жобаларын Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев таныс­тырды. Оған дейін аталған құжаттар С.Ахметовтың төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында қа­ра­лып, мақұлданған болатын.

Е. Досаевтың хабарлағанындай, ұлттық жоспар 10 тараудан және 78 іс-шарадан тұрады. Іс-шараларға 12 мемлекеттік орган, барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларының әкім­діктері, олармен қатар «Самұрық-Қазына» қоры тартылып отыр. Көрменің Тіркеу құжаты 2013 жылдың қазан айында Халықаралық көрмелер бюросының Атқарушы комитетінде бекітілгеннен кейін Ұлттық жоспар 2014-2018 жылдарға арналып, түзетілетін болады.

Осы уақытта халықаралық көрмені дайындау жөніндегі Үкімет жұмысының ұйымдастыру схемасы әзірленіп болды. Премьер-Министрдің орынбасары Қ.Келімбетов басшылық ететін Ұйымдастыру комитеті құрылды. Мемлекеттік комиссияның Атқарушы органы болып табылатын бұл комитет көрмені ұйым­дастыру мен оны өткізудің негізгі бағыттары бойынша 8 жұмыс штабының жұмысын үйлестіреді.

Биыл дайындық шараларының басым бөлігі атқарылады. Соған орай «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы, Ұлттық консультант кеңсесі және Қала нысандарын дайындау және жаңа нысандар салу жөніндегі дирекция құрылмақ. Е. Досаев: «Ұлттық компанияның басты міндеті тіркеу құжатының мазмұнды бөлігін іске асыру, ЭКСПО-2017 жобасының аумағында инфрақұрлымдар мен нысандарды жобалау мен оларды салу болады», деп атап көрсетті. Ұлттық консультант кеңсесі қазақстандық делегациялардың Халықаралық көрмелер бюро­сы­ның Атқарушы комитеті мен Бас Ассамблеясының отырыс­тарына қатысуын қамтамасыз етумен, тіркеу құжатының жобасын әзірлеумен айналысады. Ал Астана әкімдігінің жанынан құрылатын Қала нысандарын дайындау және жаңа нысандар салу жөніндегі дирекция көрмені табысты өткізу үшін қала инфрақұрылымдарын даярлау және дамыту мәселелерімен айналысатын болады.

Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 көрмесін қол­дау қоры қол қойыл­­ған меморандумдар бойынша міндеттемелерді орындау ая­сында Халықаралық көр­ме­лер бюросына мүше ел­дер­мен ынтымақтастық бойынша жұмысты жалғастырып, жаңартылатын энергия көздері саласындағы ғылыми жобаларға қолдауды қамтамасыз етеді. Осыған тоқтала келе министр қордың қаражатын толықтыру үшін қажетті сома 5 млн. еуроны құрайтынын айтты.  «Аталған соманы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» акционерлік қоғамының қаржысы есебінен бөлуді сұраймыз», деді Е.Досаев.

С.Ахметов тір­кеу құжатының алдын-ала жобасын 2013 жылдың наурыз айына дейін дайындау қажеттігін ескертті. Көрмені ұйымдастыру комитетінің жетекшісі, Үкімет басшысының орынбасары Қайрат Келімбетовке Ұйымдастыру комитетінің жұмысын қамтамасыз ету, штабтар құру және тіркеу құжатының жобасын жасауға кірісіп, наурыз айында құжаттың алдын-ала нұсқасымен таныстыру тапсырылды.

«Мемлекет басшысы алдымызға көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ұзақмерзімдік ұлттық жоспарды іске асыру бойынша міндеттер қойды. Көрменің табысты ұйымдастырылуы бұл міндеттердің дұрыс орындалуына байланысты болмақ», деді Премьер-Министр. Бұл мақсатта қыруар істер атқарылары белгілі. С. Ахметов Ұлттық жоспарды сапалы да уақытылы іске асыру үшін барлық орталық және жергілікті органдар жұмыла отырып, маңызды шаралар қабылдауы қажет екендігін баса айтты. Отырыс қорытындысы бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X