Валюта бағамы: $ 378.86 416.78 6.06 ¥ 54.62

АҚШ-қа сапар: Көшбасшы компаниялармен нендей уағдаластықтар жасалды?

Қазақстан мен АҚШ аграрлық индустрияны дамыту, механикаландырылған суару үшін жоғары технологияларды қолдану саласында бірлесе жұмыс жасауға келісті. Сонымен қатар сапар барысында Үкімет басшысы цифрлық даму, венчурлық қаржыландыру және энергетика саласындағы жетекші әлемдік компаниялардың басшылығымен кездесулер өткізді.

Премьер-министр Асқар Маминнің АҚШ-тағы аса ірі ет өнімдерін өндіруші – «Tyson Foods» компаниясының басшылығы – президенті Н.Уайтпен және директорлар кеңесінің төрағасы Д.Тайсонмен келіссөзінің қорытындысы бойынша Қазақстанда заманауи агро-мультипротеин индустриясын дамыту бағдарламасын іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Бұл құжат бірінші кезеңде Қазақстанда қуаттылығы тәулігіне 2 мыңға жуық мал басын құрайтын заманауи ет өңдеу кешенін салуды қарастырады. Кәсіпорын қазақстандық нарықтың қажеттіліктерін өтеумен қатар, өнімді шетел нарықтарына экспорттауға мүмкіндік беріп, елдегі жылдық ауыл шаруашылығы кірісін $1 млрд-тан астам көлемде қамтамасыз етуге ықпалын тигізбек. Үкімет басшысы Арканзас штатындағы Спрингдейл қаласына және Небраска штатындағы Дакота-Сити қаласына барып, «Tyson Foods» компаниясының өндірістік қуаттылықтарымен, технологиялық процесімен және ғылыми-зерттеу жобаларымен танысты.
Небраска штатының губернаторы Д.П. Рикеттспен және суару жүйелері нарығындағы көшбасшы «Valmont Industries» компаниясының президенті С. Каниевскимен келіссөз қорытындысы бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Kusto Group» қазақстандық компаниясы және «Valmont Industries» арасында Қазақстанда тиімді суару және ауыл шаруашылығындағы өнімділікті жақсарту қағидаттары туралы Келісімге қол қойылды. Аталған құжат Қазақстанда 2022 жылы қуаттылығы жылына 1 мың машина фронтальді және айналма суаруды құрайтын «Valley» ирригациялық жүйелерін өндіру зауытын салуды қарастырады. Америкалық ирригация технологиялары өсімдік шаруашылығының өнімділігін арттырып, ауыл шаруа-шылығындағы су шығынын 50% азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан әрі Қазақстандағы кәсіпорын өндірісін телекоммуникацияларға, жаңартылатын энергия мен инфрақұрылымдық құрылысқа арналған жабдықтар шығаруға дейін кеңейту жоспарланған. «Valmont Industries» бас кеңсесін аралау кезінде Үкімет басшысы кәсіпорынның өндірістік қуаттылықтарымен және технологиялық процесімен танысты.
Сапар аясында А.Мамин Сан-Франциско қаласына барып, онда цифрлық даму, венчурлық қаржы-ландыру және энергетика саласындағы жетекші әлемдік компаниялардың басшылығымен кездесулер өткізді. Кездесу қорытындысы бойынша «Төртінші өнеркәсіптік революция орталығы» мен «Астана» Халықаралық қаржы орталығы арасында Заттар интернетін (IoT) дамытуда стратегиялық әріптестік туралы құжатқа қол қойылды. Премьер-министр «500 Startups» венчурлық қорының басшысы К. Цаймен келіссөз өткізді, оның қорытындысы бойынша «QazTechVentures» АҚ қазақстандық ұлттық даму институтын «500 Startups» V Жаһандық қорына қосу туралы келісімге қол қойылды. Бұл құжат болашақта Қазақстанда Тақырыптық венчурлық қор құруды қарастырады. Жоба венчурлық қаржыландыру мен инновациялық кәсіпкерліктің дамуына серпін береді, сөйтіп, стартап компанияларды венчурлық капиталмен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ А.Маминнің «Bright Sphere Investment Group» инвестициялық тобының қаржы директоры С.Ранмен келіссөзі қорытындысы бойынша Қазақстандық тікелей инвестициялар қоры (KIDF) мен BSIG арасында алдағы жылы еліміз аумағында инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін бірлескен қор құруда ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстанда инновациялық экожүйені, венчурлық капитал мен стартап жобаларды дамыту мәселелері А.Маминнің «Plug and Play» компаниясы басшылығымен әңгімесі барысында қарастырылды, оның кеңсесін «Astana Hub» алаңында ашу көзделген. Үкімет басшысы «C3.ai» компаниясының бас атқарушы директоры Т. Сибелмен келіссөз кезінде Қазақстанның мұнайгаз және басқа да секторларында жасанды интеллект қолдану жөніндегі ынтымақтастық мәселелерін талқылады. «Cisco» трансұлттық компаниясының президенті Г. Дидрихпен кездесуде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында бекітілген мақсаттарға қол жеткізуде және ақпараттық технологиялар саласында ынтымақтастықтың жаңартылған стратегиясын іске асыру мәселелері қаралды. «One Web» компаниясының бас атқарушы директоры А. Штекельмен кездесу барысында Қазақстанның аумағын, оның ішінде шалғайдағы және жету қиын аудандарды жерсеріктік байланыс арқылы жаппай жылдамдығы жоғары кең жолақты интернетпен қамту жобасын іске асыру перспективалары қаралып, жобаны одан әрі ілгерілету туралы құжатқа қол қойылды. «Chevron» корпорациясының барлау және кен өндіру жөніндегі атқарушы вице-президенті Д. Джонсонмен әңгімелесу кезінде Болашақ кеңейту жобасы, «Теңізшевроил» жобасында тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бойынша қазақстандық қамтуды одан әрі арттыру, сондай-ақ қазақстандық жұмыскерлердің әлеуметтік қамсыздандырылуы мен еңбек жағдайларын жақсарту бойынша бірлескен шаралар әзірлеу мәселелері талқыланды. «ValvTechnologies» компаниясының президенті К.Хантпен келіссөз барысында Қазақстанда мұнайгаз секторы үшін клапандар мен тиектер шығару зауытын ашу мүмкіндігі қаралды. Сондай-ақ А.Мамин «42» компьютерлік бағдарламалау мектебінің және ІТ саласындағы «Qwasar» білім беру компаниясының негізін қалаушы К.Ямгнанемен кездесу өткізіп, Қазақстанның цифрлық экономикасы үшін мамандар даярлаудағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Бұдан басқа, Премьер-министр «Tesla» компаниясының кеңсесі мен зауытын аралау барысында компания басшылығымен Қазақстанда жанар-жағармай құю станциялары желісін кеңейту және электромобильдер үшін сервис орталықтарын ашу мәселелерін қарады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру