Валюта бағамы: $ 378.86 416.78 6.06 ¥ 54.62

Өзара тиімді ынтымақтастық: Жаңа мүмкіндіктер мен тың бастамалар серпінді дамуға негіз болмақ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы ретінде Еуропалық одақ елдеріне алғашқы ресми сапарын Германиядан бастады. Еуропалық одақтың негізін салушылардың бірі, мыңдаған жылдық тарихы мен тамыры тереңге тартқан өзіндік салт-дәстүрі бай Германия – бірқатар өнеркәсіптік және технологиялық салаларда әлемдік көшбасшы, өмір сүру деңгейі өте жоғары индустриялды дамыған ел. Желтоқсанның алғашқы аптасында неміс еліне ресми сапармен келген Қазақстан президентін қарсы алу рәсімі Федералдық канцлердің ведомстволық ғимаратының алдында өтті. Қазақстанның, Германияның және Еуропалық одақтың тулары көтеріліп, Бундесвердің бас оркестрі екі мемлекеттің әнұрандарын орындады.

Ресми қарсы алу рәсімінен кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия канцлері Ангела Меркель кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Келіссөздер барысында екіжақты байланыстарды жандандыруға және стратегиялық экономикалық серіктестік орнату перспективаларына баса маңыз беріліп, білім, ғылым және мәдениет салаларындағы өзара ықпалдастық мәселелері сөз болды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан президенті мен Германия канцлері кеңейтілген құрамдағы келіссөздердің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.
Қазақстан президенті Германия канцлеріне қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, Меркель ханымның екі ел арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын айтты. Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қазақстан өзінің сыртқы саясатындағы сабақтастықты сақтап, Тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын жалғастыра беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев президент ретінде Еуропа одағына алғашқы ресми сапарын Германиядан бастағанын айтып, Қазақстан үшін осы елмен ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор екеніне тоқталды. Сондай-ақ мемлекет басшысы бұл сапардың басты мақсаты екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен саяси ықпалдастыққа жаңа серпін беру екенін жеткізді. «Германия экономикалық әлеуеті жағынан әлемдегі төртінші мемлекет болғанымен, бізге тікелей инвестиция салып отырған елдердің ішінде 12-ші орында. Қазақстан әр түрлі саладағы 700-ден астам жобаны жекешелендіретін болады. Бұл неміс инвесторлары мен компанияларына жақсы мүмкіндік туғызады деп санаймын. Неғұрлым инвестиция көп тартылса, соғұрлым екі ел үшін де тиімді болмақ», – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Германия инвесторлары үшін арнайы жеңілдіктер ұсынып отырғанын, бұл екі тарапқа да өте тиімді болатынын айтты.
Журналистер баспасөз мәслихатына қатысушыларға бірқатар сұрақтар қойды. Қазақстаннан Германияға экспортталатын тауар көлемінің соңғы 8 айда 21,4%, яғни 2,258 миллиард еуроға төмендеп кетуінің себебі неде, мұны сарапшылар мұнай нарығындағы жағдаймен байланыстырады деген сұраққа Қасым-Жомарт Тоқаев: «Расында, мұндай үрдіс бар. Бүгінгі сапарымның басты мақсаты – осы жағдайды мейлінше өзгерту. Сондықтан келіссөздер барысында канцлер ханымға бірнеше нақты ұсыныстарымды жеткіздім», – деп жауап берді.
Мемлекет басшысына дуальді білім беру саласына қатысты екі-жақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективасына байланысты да сұрақ қойылды. «Дуальді білім беру жүйесінде неміс тәжірибесін қолданып келеміз. Алдағы уақытта білім беру саласында ынтымақтастықты жалғастыра береміз», – деді президент.

Өз кезегінде Германия канцлері Ангела Меркель Қазақстанмен арада берік ынтымақтастықтың орнағанын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен өзара түсіністікте жұмыс істегенін атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел арасындағы ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді, сондай-ақ бүгінгі келіссөздердің нәтижелі өткенін айтты.
Мемлекет басшысы Берлинге сапары барысында неміс бизнесінің бірқатар өкілдерімен кездесті. Атап айтқанда, «CLAAS Group» компаниясы бақылау кеңесінің төрайымы Катрина Клаас-Мюльхойзермен кездесу барысында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. «Біздің негізгі стратегиямыз – елімізге тартылатын инвестицияларды әртараптандыру. Инвестиция тұрғысынан Германияның негізгі стратегиялық серіктесі болғымыз келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Катрина Клаас-Мюльхойзер Қазақстанның ірі компаниялармен ғана емес, сондай-ақ орта деңгейдегі компаниялармен де ынтымақтастық орнатуға ниетті екеніне ризашылық білдірді.
«Linde AG» компаниясының атқарушы вице-президенті Кристиан Брух кездесу барысында кәсіпорынның Қазақстанда жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобалары мен алдағы жоспарлары туралы айтып берді. «Канцлер Ангела Меркельмен және президент Франк-Вальтер Штайнмайермен жүргізілген бүгінгі келіссөздер жоғары деңгейде өтті. Осы келіссөздер екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін», – деді мемлекет басшысы.
Кристиан Брух өз компаниясының 2013 жылы «Арселор Миттал Теміртау» АҚ базасында техникалық газ өндіру жобасын іске асырғанын атап өтіп, оған 95 миллион евро көлемінде инвестиция салғанына тоқталды. «Бүгінде «Linde AG» компаниясы жобаның екінші кезеңін қолға алды. Жаңа жобаға шамамен 80 миллион еуро инвестиция салуға ниеттіміз», – деді Кристиан Брух.
Сонымен қатар неміс бизнесмендері «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-мен Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында газ өңдейтін зауыт салу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты.
«Schaeffler Group» компаниясының бас директоры Клаус Розенфельдпен кездесу кезінде өзара тиімді ынтымақтастық бағыттары талқыланды. Автомобиль жасау, өнеркәсіп және ғарыш саласы үшін қажетті қосалқы бөлшектер шығаруға маманданған кәсіпорын басшысы Қазақстан президентіне компанияның өндірістік және инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтып берді.
Президентке мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салынатын онкологиялық орталықтың жобасын ұсына отырып, «Siemens Healthineers» компаниясының бас директоры Бернд Монтаг еліміздің өндірістік әлеуетін арттыруға септігін тигізетін ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін атап өтті.
Берлинге ресми сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жетекші неміс компаниялары өкілдеріне арналған іскерлік дастархан басында Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуеті туралы әңгімеледі, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан президенті Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің ішінде Германияның Қазақстан үшін негізгі сауда-экономикалық серіктес екенін атап өтіп, еліміздің ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін жеткізді. Президент Қазақстанның өз стандарттарын жақсартуға, болашақта Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының толыққанды мүшесі болу үшін заңнамаларды осы ұйым деңгейіне дейін көтеруге ұмтылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар Қазақстанның қолайлы географиялық жағдайы мен орнықты сыртқы экономикалық саясаты шетелдік инвесторлар үшін зор мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты. «Қытаймен, Ресеймен және Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Біз Шығыс пен Батыс арасындағы маңызды көлік хабы болып табыламыз. Барлық трансқұрлықтық бағыттағы жолдардың 70 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі жүк тасымалына кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік береді. Биыл Қытайдың Сиань қаласынан Германияға тасымалданатын жүк небәрі он күнде жеткізіліп, ректордтық көрсеткішке жетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы «Volkswagen», «Mann», «Siemens», «Knauf», «Bayer», «METRO» секілді жетекші неміс концерндері Қазақстанда белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. «Heidelberg Cement» және «Linde Group» корпорациялары ел экономикасына ірі көлемде қаржы құйып, табысты экономикалық ынтымақтастықтың жарқын мысалы болып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев неміс кәсіпкерлерін агроөнеркәсіп кешені, жоғары технологиялар мен цифрландыру салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына атсалысуға шақырды.
Іскерлік дастархан басындағы әңгімеге жиырмадан астам, атап айтқанда, «WILO», «CLAAS Group», «SMS Holding GmbH», «Schaeffler AG», «Airbus Defence and Space», «Linde AG», «Mangold Consulting GmbH», «Herrenknecht AG», «Knorr-Bremse AG», «Euler Hermes», «Siemens Healthineers», «John Deere», «Deutsche Bank AG», «Tönnies Holding», «BAUER COMP Holding» және т.б. неміс компанияларының жетекшілері қатысты.
Кездесу барысында неміс іскер топтарының өкілдері Қазақстан нарығында жұмыс істеу тәжірибелерімен бөлісіп, алдағы жоспарлары мен ұсыныс-тілектерін айтты. «Сіздің бүгінгі сапарыңыз саяси қатынастарымызға ғана емес, экономикалық байланыстарымызға да оң ықпал ететініне сенімдіміз. Қазақстан үшін Германия бизнесі сенімді серіктес екеніне сендіремін. Болашақ ынтымақтастығымыз бен Қазақстан экономикасындағы неміс инвестициясын арттыру үшін бізге зор мүмкіндіктер ашылады деп есептеймін», – деді «WILO» компаниясының басшысы Оливер Гермес.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық жобаларды неміс бизнесінің қатысуымен жүзеге асыруда ынтымақтастық орнатуға Қазақстанның дайын екенін мәлімдеді. «Біз барлық мәселенің оң шешілуіне көмектесуге мүдделіміз. Бүгінгі кездесуде айтылған жобалар Үкіметіміздің ерекше назарында болады. Қазақстанда сіздердің бизнестеріңіз жүзеге асырып жатқан бірлескен жобаларға қолдау көрсетуге баса мән береміз», – деді мемлекет басшысы.
Германияға ресми сапарының екінші күні Қасым-Жомарт Тоқаев Берлин еуразиялық клубының 28-ші отырысына қатысты. Мемлекет басшысы АХІСА конгресс-орталығында өткен жиында сөйлеген сөзінде Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Берлин еуразиялық клубы өз маңыздылығын дәлелдегенін атап өтті. «Аталған диалог алаңы Қазақстан мен Германия, Қазақстан мен Еуропа қатынастарының әлеуметтік-саяси және экономикалық мәселелерін кең ауқымда талқылауға зор мүмкіндік береді. Бұл – еліміздің Еуропадағы алғашқы жобасы. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында мұндай институттың рөлі арта түседі деп санаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Соңғы үш жыл ішінде әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық ахуал елеулі өзгерістерге ұшырады. Санкциялар мен сауда-саттық шектеулер дәстүрлі дипломатиялық құралдарды жиі алмастыра бастады. «Әлемдік экономика елдер мен өңірлердің дамуында диспропорция, технологиялық теңсіздік, қаржы жүйесіндегі әлсіздік сияқты «созылмалы дертке» тап болуда. Осындай күрделі жағдайда еліміздің сыртқы экономикалық және сауда саясаты ашық, прагмативті және қарапайым – Қазақстан әртүрлі бірлестіктермен, елдермен және компаниялармен өзара тиімді ынтымақтастық орнату үшін ашық болып қала береді», – деді мемлекет басшысы.
Президент Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтарына тоқтала келіп, Еуропа одағымен қарым-қатынастың еліміз үшін аса маңызды екенін атап өтті. «Біз Еуропада болып жатқан оқиғаларды мұқият қадағалап отырамыз, Еуропа көшбасшыларымен тұрақты түрде сындарлы диалог орнаттық. Қазақстан Еуропа одағының Орталық Азия өңіріне қатысты жаңа ұстанымдарына қолдау көрсете береді. Біздің Еуропамен ықпалдастығымыз, негізінен, Германиямен арадағы экономикалық, тарихи, мәдени байланыстар бойынша ерекшеленеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысы форум қатысушыларының назарын Қазақстанның қарқынды өсіп келе жатқан инвестициялық әлеуетіне аударды. «Біздің көрші елдермен тығыз интеграциямыз іргелес нарықтарға шығуға қолайлы жағдай жасайды. Бүгінде 500 миллионнан астам адам бізбен шекаралас көрші елдерде тұрады. Еуразиялық экономикалық одақ аясында еңбек қозғалысы, қаржылық қызмет көрсету, капитал және сауда секілді төрт еркіндік бойынша басымдыққа ие болғымыз келеді. Біз Орталық Азиядағы жақын көршілерімізбен тығыз ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз. Яғни Қазақстанда жұмыс істеп жатқан неміс компаниялары үшін жаңа нарыққа шығуға мүмкіндік ашылады», – деді президент.
Үкімет ауыл шаруашылығына, жаңа технологиялар мен цифрлық қызметтер көрсету салаларына неміс инвестициясын тарту ісіне қолдау көрсетуге әзір. «Біз «Цифрлық Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарламасын қабылдадық. Германиядағы Фраунгофер институты осы стратегиялық бағдарламаны әзірлеуге қатысты. Өңіріміздегі барлық стартаптарға қолдау көрсету мақсатында Астана-хаб және ІТ-университет аштық. 3 жылдан кейін еліміздің ІТ саласында дарындылар пулы қалыптасады деп үміттенеміз. Жалпы, біз цифрландыру саласында үкіметтік құрылымдар деңгейінде де, жеке компаниялар деңгейінде де ынтымақтастық орнатуға дайынбыз», – деді мемлекет басшысы.
Президент Германияның Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін тағы да атап өтіп, еліміздегі неміс бизнесіне тиісті жағдай жасалатынын айтты. «Біз сіздерге барынша жеңілдіктер жасауға дайынбыз. Соның ішінде арнайы экономикалық аймақтарда салықтан босату, инфрақұрылым ұсыну және басқа да жеңілдіктер бар. Мен «Қазақинвест» пен Қазақстанның тікелей инвестициялар қорына Германия инвесторларымен ынтымақтастық жасайтын арнайы офис ашу жөнінде тапсырма бердім», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Германия бизнесінің еліміздегі жобаларын іске асыруға «Бәйтерек» холдингі мен Қазақстан даму банкі қолдау көрсететін болады. «Бұл еліміздің инвестициялық жүйесі үшін жаңа шара болып саналады. Біз бұған дейін ешқандай елге мұндай жағдай жасаған емеспіз. Осы бастама дұрыс ұйымдастырылған жағдайда Үкімет пен инвесторлар мұны тиімді жұмыс істейтін тетікке айналдырады деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Берлин еуразиялық клубының 28-ші отырысына ГФР үкіметінің жоғары лауазымды қызметкерлері, сарапшылар, журналистер және неміс бизнесінің 250-ден астам өкілі қатысты.
Мемлекет басшысы ресми сапарының екінші күнгі бағдарламасы аясында неміс компанияларының басшыларымен бірнеше кездесу өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Baumann Gmbh» компаниясының бас директоры Роберт Бауманнмен кездесуінде Алматы облысындағы агроөнеркәсіп кешені саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жайы сөз болды. Кәсіпкер Қазақстанда қой етін өндіру жұмыстарын қалай жолға қойғанын айтып, өз бизнесін одан әрі дамыту жөніндегі ой-жоспарымен бөлісті.
Президент бұл жобаға оң бағасын беріп, мемлекеттік құрылымдардың жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті. «Мақсаттарыңыз биік – қой санын жылына 750 мыңға жеткіземіз деп отырсыздар. Мемлекет басшысы ретінде сіздің Қазақстандағы жобаңызға оң баға беремін. Сіздерді өркендей беруге шақырамын. Туындауы мүмкін мәселелерді шешу үшін неміс бизнесімен ынтымақтастық орнату жөнінде жұмыс тобы құрылды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Deutsche Bahn AG» компаниясының халықаралық бизнесті дамыту жөніндегі директоры Нико Варбанофф және инфрақұрылым жөніндегі басқарма мүшесі Рональд Пофаллмен әңгіме барысында көлік саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Мемлекет басшысы сонымен қатар «Volkswagen AG» концернінің сыртқы байланыстар жөніндегі бас директоры Йенс Ханефельдпен кездесті. Әңгіме барысында инвестиция саласындағы ынтымақтастық мәселесі талқыланды.
Кездесуді қорытындылай келіп, Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен Германияға екі ел арасындағы байланыстарға дәнекер болу үшін келдім. Бізге сіздердің инвестицияларыңыз бен бизнеске қатысуларыңыз қажет. Кеше Германия басшылығына біздің экономикамыздағы неміс инвесторларының санын арттырғымыз келетінін ашық айттым», – деп түйіндеді.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру