Валюта бағамы: $ 378.86 416.78 6.06 ¥ 54.62

Мұнай көлемі межеден асты

Елімізде биылғы мұнай өндіру жоспары біршама асыра орындалып, жыл соңына дейін 90,5 млн тонна көлемінде күтілуде. Үкіметтің баспасөз орталығында энергетика вице-министрі Әсет Мағауов Қазақстанның мұнай саласының дамуы мен перспективалары туралы айтып берді.

Негізгі өндіріс үш ірі жобаның үлесінде: қара алтын өндірудің 60%-ін Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындары қамтамасыз етеді. Биыл осы үш ірі жобада жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, күрделі жөндеуден соң Қашаған кен орнында мұнай өндіру тәулігіне 370 мың баррельге жетті. Теңіз кен орындарын келешекте кеңейту және Қашаған кен орнында газды кері айдау қуаттарын кеңейту жобалары есебінен 2023 жылдан бастап өндіру көлемін 100 млн тоннаға арттыру болжануда. Дегенмен, қалған компаниялар бойынша мұнай өндірудің табиғи төмендеуі болжануда. Соның ішінде негізгі кен орындарында өндірістің кешеуілдеуіне байланысты Қызылорда өңіріндегі кен орындарында мұнай алу төмендеуі мүмкін. Вице-министр маңызды инвестициялық жобалар құрылысы: ұңғыма сағасының қысымын басқару, Қарашығанақты кеңейту және Қашаған кен орнының Шығыс бөлігін одан әрі игеру қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. Ұңғыма сағасының қысымын кеңейту-басқару жобасының жалпы құны $36,8 млрд көлемінде бағаланып отыр. Жалпы орындау жоспары бойынша ілгерілеу қазірдің өзінде 72% құрайды, $28,5 млрд-қа жуық қаржы игерілді. Сондай-ақ қазіргі өндіру көлемін Қашаған кен орнында $11,5 млн тонна деңгейінде ұстау бойынша ауқымды жобаны іске асыру көзделген. Жалпы салымдар $3 млрд мөлшерінде бағаланып отыр. Қашаған кен орнын одан әрі кеңейту бойынша серіктестер кен орнының Шығыс бөлігін толыққанды игеру тұжырымдамасын әзірлеуде.
Вице-министрдің атап өтуінше, биыл мұнай өнімдерін өндіру көлемі өңдеудің артуына және МӨЗ-дердің жаңғыртылуының аяқталуына орай біршама артқан. Сонымен, жыл соңында күтілетін өңдеу – 17,169, яғни өткен жылғы көрсеткіштерден 4,7% жоғары. Өткен 11 айда 4 078,9 мың тонна (өткен жылғы ұқсас кезеңге 114,2%) автобензин, 577,2 мың тонна (өткен жылғы ұқсас кезеңге 170,4%) авиакеросин, 4 446,5 мың тонна (былтырғы ұқсас кезеңге 107,9%) дизель отыны, 2 496,1 мың тонна (былтырғы ұқсас кезеңге 97,6%) мазут өндірілген.
Бұдан басқа, вице-министр болашақта еліміздің ішкі нарығын қамтамасыз еткен соң еркін көлемдер болған жағдайда жоғары октанды қазақстандық бензин экспортының көлемін ұлғайту жоспарланып отырғанын хабарлады. «Бензиннің экспортын болжау біздің әкімшілік шараларымыздың мұнай өнімдерінің көлеңкелі ағынын бақылау үшін қаншалықты жеткілікті екендігіне байланысты. Жазда біз бензин экспорты айына 50-80 мың тонна болады деп болжадық. Өкінішке орай, бізде отын аз болғандықтан 8-10 мың тонна ғана экспортқа шығара алдық», – деп түсіндірді ол.
Осы ретте шекаралас облыстардан мұнай өнімдерінің санкцияланбаған ағымын болдырмау мақсатында Энергетика министрлігі қаржы, ішкі істер министрліктерімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп мұнай өнімдерін автомобиль көлігімен тасымалдауға тыйым салу туралы бұйрықты бекіткен бойдан жеткілікті қор көріне бастады. Осылайша, алдын-ала мәліметтер бойынша қараша айына жанармай экспорты 80 мың тоннаны құрайды. Желтоқсанда бензин қалдығының бұдан да көп қорының қалатыны болжанып отыр, демек, экспорттың желтоқсандағы көлемі 100 мың тоннаға жуық болуы тиіс. Бұл еліміздің бюджетіне экспорттық кеден салығы түріндегі салық түсімдерін арттырады. Жанармайдың әр тоннасынан бюджетке экспорттық кеден салығы ретінде $50-55 жуық қаржы түседі.
Соңғы екі жылда бензин мен дизель отынының бағасы реттелмейді. Яғни, тапшылық кезінде баға жоғарыласа, бензиннің мол қоры байқалғанда төмендеу үдерісі орын алады. Бұл ретте бүгінгі бағалар өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда біршама төмендеген. Жанармай бағасы мен мұнай өнімдері нарығындағы бағаны реттеу туралы мәселеге түсінік берген Ә.Мағауов Қазақстан жанар-жағармай станциялары болып табылатын түпкі өткізушілер мен бензиннің көтерме көлемін жеткізушілер және өндірушілер арасында ашық өзара қарым-қатынас орнатуға ұмтылатынын атап өтті. Өйткені, түпкі тұтынушы бұл көлемдерді делдалдарсыз алуы керек.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру