Валюта бағамы: $ 378.86 416.78 6.06 ¥ 54.62

ӨҢІРЛЕР ДАМЫСА – ӨМІР ДЕ МӘНДІ

Осы сейсенбіде премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында салықтық және кедендік әкімшілендіру мәселелері қаралып, өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы таныстырылды.

Микро және шағын бизнеске қомақты қолдау

Атап айту қажет, қаралып отырған күн тәртібіндегі бірінші мәселе салық және кедендік әкімшілендіруге қатысты көтерілуі – өте орынды мәселе. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов баяндап берді. Оның айтуынша, биылғы 10 айдың қорытындысына сәйкес, мемлекеттік бюджетке түсімдердің өсу қарқыны 14%-ды құраған, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 911 млрд теңгеге артық.
– Ішкі тұтыну тауарларына қосылған құн салығы 282 млрд теңгеге, корпоративтік табыс салығы 194 млрд теңгеге, еңбекақы қорынан түсетін салық 95 млрд теңгеге өскені байқалады. Сондай-ақ кедендік төлемдер де өсті. ЕурАзЭҚ қосылған құн салығы 88 млрд теңгеге, үшінші елдерден қосылған құн салығы 73 млрд теңгеге артты. Биылға арналған республикалық бюджет кірістері көлемінің (трансферттерді қоспағанда) нақтыланған болжамы 7 трлн 81 млрд теңгені құрайды, – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет отырысында мынадай аса маңызды мәселе атап көрсетілді: жыл басында шағын және орта бизнеске, сондай-ақ тамыз айынан бастап жеке тұлғаларға негізгі қарызды төлеген жағдайда есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару арқылы салықтық рақымшылық жүргізіле бастады. Осылайша, қараша айындағы жағдайға сәйкес, шағын және орта бизнестегі 42 мың борышкерге рақымшылық жасалды. Бұл, әрине, елімізде кәсіпкерлікті нығайтып, одан әрі дамытуға билік тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп отыр деген сөз.
Асқар Мамин салық және кеден салалары бойынша бизнестік үдерістерді автоматтандыруды одан әрі жалғастыруды тапсырды.
– Қаржы министрлігі ұсынған тәсілдерді қолдаймыз. Мүдделі мемлекеттік органдар осы бағытта үйлестірілген жұмысты жалғастыруы қажет. Елбасының тапсырмасы бойынша 1 қаңтардан бастап шағын және орта кәсіпкерлікке салықтық рақымшылық жасалып, айыппұлдар мен өсімпұлдар кешірілді. Мемлекеттің қолдауымен борышты жою нәтижесінде салық төлеушілердің банк шоттарындағы шектеулер алынып тасталды. Мүліктерге салынған шектеулер алынды, – деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, арнайы салық режимдерін қолданатын микробизнес пен шағын бизнес субъектілері табыс салығын төлеуден үш жылға босатылғанын да атап өтті.
– Қорыта келе, бірқатар мәселеге тоқталғым келеді. Бірінші – бюджетке түсетін түсімдер жоспарының орындалуына қатысты. Мемлекеттік бюджет түсімдерінің өсу қарқыны 14% болды. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 911 млрд теңгеге артық. Нәтиже жаман емес. Бірақ осы қарқынды төмендетіп алмай жұмысты жалғастыру қажет. Қаржы министрлігіне пысықталған жоспарды сапалы орындау үшін барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырамын, – деді ол.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы Қаржы министрлігі салық және кеден салаларында бизнес үдерістерін автоматтандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын тағы да атап өтті.
– Соның ішінде «Астана-1», «Е-терезе», «Виртуалды қойма» және басқалары бар. Бұл шараларды іске асыру үдерістерді оңтайландырып қана қоймай, салықтық операциялар мен кедендік кооперацияларды жүргізуді жеделдетуге әрі олардың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Осы жұмысты жалғастыру керек, – деді А.Мамин.
Бұдан әрі Үкімет басшысы 2020 жылғы 1 сәуірге дейін деректер базасын өзектендіруді аяқтауды тапсырды.

– Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрінің баяндамасында мемлекеттік органдардың деректер базасын өзектендіру тақырыбы қозғалды. Бұл – маңызды мәселе. Ауыл шаруашылығы, Ішкі істер, Әділет министрліктеріне, барлық мемлекеттік органдарға және әкімдіктерге «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына 2020 жылғы 1 сәуірге дейін деректер базасын өзектендіруді аяқтауды тапсырамын, – деді Асқар Мамин.

Импорт алмастыру одан әрі жүргізіледі

Сонымен қатар Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров агроөнеркәсіптік кешенді қолдаудың жаңа тәсілдері туралы баяндады. Оның айтуынша, қазір агроөнеркәсіптік кешеннің дамуын тежеп тұрған бірқатар түйткілді мәселелер бар екен.
Ең алдымен, ауыл шаруашылығы дақылдары түсімінің төмендігін және де мал шаруашылығындағы өнімділіктің аздығын атап өтуге болады. Ауыл шаруашылығымен айналысатындардың 60%-дан астамы мал шаруашылығымен емес, өсімдік шаруашылығымен шұғылданатын көрінеді. Өсімдік шаруашылығы халықты жыл бойы жұмыспен қамти алмайды. Ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының 80%-ы ескірген, деп атап көрсетті сала министрі.
Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі Nur Otan партиясының ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтыру жөніндегі сайлауалды платформасын ескере отырып, Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілетін өзгерістерді дайындаған.
– Қазір біздегі әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесіне 19 тауар енген. Оның ішінде 505 млн АҚШ доллары сомасындағы тек 6 тауар бойынша ғана импортқа тәуелдіміз. Атап айтқанда, 191,6 мың тонна немесе ішкі тұтынудың 49%-на тең құс еті, шамамен 30 мың тонна немесе импорт үлесі 39% көлеміндегі шұжық өнімдері, 21,9 мың тонна немесе жалпы тұтынудың 46,5%-ын құрайтын ірімшік пен сүзбе, 101 мың тонна немесе импорт үлесі 31,5%-ға тең алма, шамамен 250 мың тонна немесе импорт үлесі 57,3% көлеміндегі қант, 30,6 мың тонна немесе импорт үлесі 72 пайызға тең балық өнімдері осы тізімге кіреді, – дейді С.Омаров.
Ол министрлік импорттан құтылу жолдарын жан-жақты қарастырғанын да атап өтті.
– Жалпы алғанда, импорт алмастыру міндеті орта мерзімді перспективада 2024 жылға дейін іске асырылады. Бұл бойынша министрліктің нақты жоспары бар. Мысалы, жыл сайын кемінде 25 өнеркәсіптік тауарлы-сүт фермасын пайдалануға беру жоспарланған. Құс етінің импортын алмастыру үшін жылдық қуаты 200 мың тонналық құс фабрикаларын қосымша пайдалануға енгізу қажет. Алма импортын алмастыру үшін қосымша жыл сайын 1 600 гектар алаңда бақ өсіру керек. Бұл 105 мың тонна алма өндіруге мүмкіндік береді. 2020 жылы 1 655 гектарға арналған дайын жобалар бар. Қазір олар іске асырылып жатыр, – деді министр.
Сонымен қатар ішкі нарықты толықтай қантпен қамтамасыз ету үшін жаңа 2 зауыт салу және жұмыс істеп тұрған 3 қант зауытына жаңғырту жүргізу, сондай-ақ қант қызылшасы егістерін ұлғайту мәселелері оң шешімін таппақ.

Өңірлер дамуы өмірді жақсартпақ

Үкімет отырысындағы тағы бір маңызды мәселе – өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын таныстырған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов ауыл инфрақұрылымын дамыту үшін өңірлік стандарттар енгізілетінін айтты.
– Өңірлерді дамыту бағдарламасы 2014 жылдан бастап іске асырылуда. Онда агломерацияларды, моно және шағын қалаларды, сондай-ақ даму әлеуеті жоғары ауылдарды дамыту мәселелері қамтылады. Жаңа бағдарламада басымдықтар қалалық өсу орталықтарын – төрт ірі агломерацияны және өңірлік урбандалған аймақтарды, сондай-ақ тірек және спутниктік ауылдарды дамытуға бағытталған. Бұл елдің барлық өңірлерін дамытуға және өңірлердегі өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Ресурстарды шоғырландыру экономикалық тұрғыдан тиімді болмақ. Қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда инфрақұрылымды дамыту үшін өңірлік стандарттар жүйесі енгізіледі, – деді Р.Дәленов.
Ол атап өткендей, бағдарламаның бірінші бесжылдығы биыл аяқталады. Бес жылдық бағдарламаның жүзеге асырылуы нәтижесінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалалары мен оған іргелес елді мекендердің халық саны 1 млн адамға артқан. Моноқалаларда сумен жабдықтау желілерінің тозуы – 10%, электр желілерінің тозуы 12%-ға төмендеді. Бес жыл ішінде 17 мың маманға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген бюджеттік кредит берілді. Ауылдарды абаттандыру бойынша 8 мың жоба іске асырылды. 700 мыңға жуық ауыл тұрғыны үшін инфрақұрылым жақсарды. «Аталған іс-шараларға барлығы 252 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ сумен жабдықтауды және тұрғын үй салуды дамыту бойынша іс-шаралар жүргізілді. 2017 жылдан бастап тұрғын үй салу бойынша іс-шаралар «Нұрлы жер» бағдарламасымен біріктірілді. 2020 жылдан бастап су тарту, су бұру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері де «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында іске асырылатын болады. Осы бес жылда инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 1,4 трлн теңге бөлінді», – деді министр.


Үкіметтің маңызды шарасында атап айтылғандай, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауыл тұрғындарының 90%-ы немесе 7 млн адам тұратын 3477 ауылды одан әрі жақсарту жұмыстары жүргізілмек. Бұл ауылдарда халық сапалы инфрақұрылымға қол жеткізіп, сонымен қатар оларда су, жарық, жылу, жол желілері де тартылады, қажеттерінше мектептер, ауруханалар және әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтермек.
Ең бастысы, министрдің айтуынша, бағдарлама аясында қаржыландыру базалық инженерлік инфрақұрылымға және әлеуметтік нысандарға бағытталады. Мемлекеттік және жергілікті бағдар-ламаларды қаржыландыру халық үшін қолайлы жағдайлар жасауға жұмсалатын болады. Бағдарламаны жүзеге асыруға барлығы 1,3 трлн теңге бөлу көзделіп отыр. Оның ішінде ауылдарды дамытуға 2026 жылға дейін 900 млрд теңге бөлу туралы мәселе қосымша пысықталып жатыр екен.
Осы мәселені қорытындылай келе, премьер-министр Асқар Мамин соңғы 5 жылда Қазақстанның ірі қалаларындағы тұрғындар саны 15%-ға артқанын айтты. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға да назар аударды. «Елбасының тапсырмасына сәйкес, таяу 7 жылда негізгі басымдық «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына беріледі. Бұл шамамен 7 млн ауыл халқының өмір сапасын жақсартады», – деп қорытты Үкімет басшысы.
Шын мәнінде, өңірлердің дамуы, сөз жоқ қандастарымыздың басым көпшілігі қоныстанған аймақтарға жаңа тыныс беріп, өмірлерінің мәні де артары даусыз. Тек осының алдындағы «Ауыл жылы» сияқты кезекті бір науқан күйінде қалып қоймай, нақты істермен айшықталуына Үкімет нақты назар аударса ғана бұл мәселе оңды шешімін таппақ.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру