Валюта бағамы: $ 378.86 416.78 6.06 ¥ 54.62

Бюджет түсімі, импорттан арылу, өңірлік теңдік: Отырыста нендей тапсырмалар берілді?

Сейсенбіде Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен кезекті Үкімет отырысы өтіп, онда салықтық және кедендік әкімшілендіру мәселелері қаралды. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың жаңа тәсілдері талқыланып, өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы таныстырылды.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә.Смайылов 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша салық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге қатысты министрліктің жұмыс нәтижелері мен алдағы міндеттер туралы баяндады. Оның айтуынша, осы мерзімде мемлекеттік бюджетке түсімдердің өсу қарқыны 14% құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 911 млрд теңгеге артық. Ішкі тұтыну тауарларына қосылған құн салығы бойынша 282 млрд теңгеге, корпоративтік табыс салығы 194 млрд теңгеге және еңбекақы қорынан салықтар бойынша 95 млрд теңгеге өскені байқалады. Сондай-ақ кедендік төлемдер де өсіп, ЕАЭО-дан қосылған құн салығы бойынша 88 млрд теңгеге және үшінші елдерден ҚҚС 73 млрд теңгеге артты. 2019 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің (трансферттерді қоспағанда) нақтыланған болжамы 7 трлн 81 млрд теңге сомасында айқындалды. 2018 жылдың фактісіне кірістердің өсуі 1 трлн 233 млрд теңгеге немесе 121% болжанып отыр. Қаржы министрлігі тәуекелдерді басқару жүйелерін үнемі жетілдіруде, бұл бақылау үшін субъектілерді дәлірек іріктеп, атқарылатын іс-шаралардың нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте салық тексерулері бойынша анықталған бұзушылықтар сомасы 129 млрд теңгеге дейін артқан.
Үкімет басшысы министрлікке тәуекел деңгейі жоғары бағыттарды бақылауға баса назар аударумен бюджетке түсімдердің жасалған жоспарын сапалы орындау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін ауыл шаруашылығы, ішкі істер, әділет министрліктеріне, барлық мемлекеттік органдарға және әкімдіктерге, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына деректер базасын жандандыруды аяқтау тапсырылды. «Мемлекеттік кіріс органдары мен әкімдіктердің микро және шағын бизнес субъектілерінің онлайн бақылау-кассалық машиналарды, pos-терминалдарды қолдану толықтығын, кірістер мен шығыстарды жеңілдетілген есептеуді кезең-кезеңмен енгізуді қамтамасыз етуінің маңызы зор», – деді А.Мамин.
Жиында агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың жаңа тәсілдері жөнінде ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров баяндап берді. Қазірде АӨК саласында жалпы көлемі 4,4 трлн теңге болатын 113 инвестициялық жоба пысықталу және іске асырылу үстінде. 2024 жылға қарай елдің құс етіне (49%-і импортталады), шұжық өнімдеріне (39%), ірімшік пен сыр өнімдеріне (46,5%), алма (31,5%) мен қантқа (57,3%) қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында өнеркәсіптік сүт-тауар фермаларын, құс фабрикаларын, алма бақтарын ашу, қант зауыттарын салу мен жаңғырту жоспарланған. Аграрлық саланың сапалы дамуын ынталандыру мақсатында 2020 жылдан бастап АӨК-тің экспорттық әлеуетін арттыруға және импорт алмастыруға бағдарланған бірқатар тиімсіз субсидиялар алынып тасталады, жаңалары енгізіледі. Жаңашылдықтар 2017-2021 жылдарға арналған АӨК дамытудың осыған дейін қабылданған мемлекеттік бағдарламасына сай келеді. Субсидиялар тұқымдарға, тыңайтқыштар мен пестицидтерге бөлінеді. Сонымен қатар, аграрлық саладағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды субсидиялау енгізіледі. Өзгерістер сонымен қатар тауарлық-арнайы және инвестициялық сусбидиялар тобына қатысты болады.
А.Мамин импортқа тәуелділікті азайту мақсатында ішкі өндірісті ұлғайту – ауыл шаруашылығын дамыту басымдықтарының бірі болып белгіленгенін атап өтті. Жоспарланған шаралардың арқасында алдағы 3-5 жыл ішінде республиканың импортқа деген тәуелділігін жойып, елімізді барлық әлеуметтік маңызы бар тауарлармен толық қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.
Агломерациялардың, моно және шағын қалалардың, сондай-ақ әлеуеті жоғары ауылдардың даму мәселелері туралы ұлттық экономика министрі Р.Дәленов баяндады. Жаңа бағдарламада басымдықтар қалалық өсу орталықтарын – төрт ірі агломерацияны және өңірлік урбандалған аймақтарды, сондай-ақ тірек және спутниктік ауылдарды дамытуға бағытталған. Бұл бағытта қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда инфрақұрылымды дамыту үшін Өңірлік стандарттар жүйесі енгізілетін болады. Ұлттық экономика министрі хабарлағандай, бағдарламаның бірінші бес жылдығы осы жылы аяқталады. Бағдарламаның ерекшелігі – өсу орталықтарын дамыту, оларды басым түрде қаржыландыру болып табылады. Бағдарламаны іске асыру шеңберінде мемлекеттік бағдарламалар, аумақтарды дамыту бағдарламалары, кешенді жоспарлар және стратегиялар синхрондалатын болады. Кешенді іс-шараларды іске асыру есебінен еңбек, қаржы ресурстарының экономикалық шоғырлануына қол жеткізіледі. Бағдарламаның: урбандалған аймақтар арқылы өсу орталықтарын дамыту; «Ауыл – ел бесігі» шеңберінде тірек және спутниктік ауылдарды жаңғырту; халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін Өңірлік стандарттар жүйесін енгізу секілді жаңа бағыттары айқындалған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 7 млн адам тұратын 3 477 ауыл жаңғыртылады.
Үкімет басшысы урбанизацияның адамдардың табысы мен өмір сүру сапасын арттыруда аса маңызды екенін айтты. «Біз кенттену процесін айқын басқарылатын үрдіске айналдыруға ұмтылудамыз, сондықтан қалаларды дамытудың салмақталған саясатын одан әрі де жүргізу қажет. Бұл ретте біздің басты міндетіміз – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, қалалыққа жуықтайтын инфрақұрылым құру», – деді А.Мамин.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру