Валюта бағамы: $ 378.86 416.78 6.06 ¥ 54.62

Baikonyr invest – Қызылордаға қызықтырды

Осы аптаның басында Қызылордада ХІ «Baikonyr Invest» халықаралық инвестициялық форумы өтті. «Қызылорда: тұрақты өрлеу, инвестициялық ынтымақтастықтықтың жаңа мүмкіндіктері» атты форум аясында жалпы құны 100 млрд теңгеге жуықтайтын жобаларды жүзеге асыру үшін 25 меморандум мен 1 келісім-шартқа қол қойылыпты.

Соңғы кездері жыл сайын тұрақты өткізіліп, дәстүрге айналып келе жатқан бұл форум инвестициялық жобалар көрмесінен басталды. Еліміз бен шетелден келген кәсіпкерлер, инвестициялық компания жетекшілері, ғылыми-зерттеу институттары өкілдері көрмеде осы бағыттағы облыс мүмкіндігімен танысты.
Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов форумның облыс экономикасына тигізген пайдасы жайлы жан-жақты тоқталды.
– Осыған дейінгі өткен форумдарда 130-дан астам меморандумға қол қойылып, облыс экономикасына 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Ал өткен жылғы форум «жасыл экономика» тақырыбына арналып, жаңғырмалы энергия көздері, инвестициялық жобаларды дамыту және «жасыл технологияларды» енгізу саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Соның нәтижесінде қазір Жалағаш және Шиелі аудандарында күн-электр стансалары салынуда, – деді облыс басшысы.
Шын мәнінде, Қызылорда облысы – тиімді логистикалық жағдайға ие өңірдің бірі. Сырдария өзені бүкіл облысты көктей өтіп жатыр, аудан орталықтарының бәрін қамтитын теміржол және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық магистралінің 800 шақырымнан астам бөлігі осы өңір аумағымен өтеді. Инвесторларға да керегі осы емес пе?
Білікті маман, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рақым Ошақбаев модераторлық еткен форумда шетелдік дипломатиялық корпус өкілдері, кәсіпкерлер, инвестициялық компаниялар басшылары да өз пікірлерін білдірді. Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Маджид Самад­заде Сабер екі ел арасындағы экономикалық байланыстарға тоқталды. Соңғы жылдары Иранның Гүлістан, Мазендеран аймақтарымен Қазақстанның оңтүстік өңірлері арасында барыс-келіс, алыс-беріс ұлғайғанын атап айтты.
Нидерланды корольдігінің төтенше және өкілетті елшісі Андре Карстенс «Шелл» компаниясы экономикалық байланыстың негізіне айналғанына тоқталды. Мұнай-газ саласынан бөлек ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан алдыңғы қатарлы мемлекет саналатын Нидерланды инвестициясымен Ақтөбеде ірі жылы­жай кешені салынған болатын. Сондай кешеннің бірін алда Қызылордада салу жоспарланып отыр.
Қазақстандағы Корея Республикасының елшісі Ким Дэ Сик Корея мен біздің ел арасындағы «Самал жел» атты экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы жайында әңгімеледі. Көлік және логистика, құрылыс, өнеркәсіп, инфрақұрылымды дамыту, тау-кен металлургия және жер қойнауын пайдалану, сауда-экономикалық ынтымақтастық, энергетика, инновация, ауыл шаруашылығы, қаржы, денсаулық сақтау мен мәдениет, туризм және білім беру салаларын қамтитын бағдарлама шеңберінде Сыр өңірінде аурухана салу жоспарда бар.
Сонымен қатар Франция, Германия, Македония, Канада, Словения, ҚХР, Ресей Федерациясы инвесторлары қатысқан бұл форумда облыстың әр саладағы мүмкіндігі сарапқа салынып, облыс, қала әкімдіктері мен инвесторлар арасында бірқатар меморандумға қол қойылды.
Қазақстан билігі мен бизнес арасындағы диалог алаңына айналған алқалы шарада Байқоңыр арнайы экономикалық аймағын құру, ауыл шаруашылығында фермерлікті және мал шаруашылығы кластерін дамыту, мемлекет-жекеменшік әріптестікті дамыту перспективалары талқыланды. Түптеп келгенде, «Baikonyr Invest» форумы өңірдің экономикалық әл-ауқаты ауқымды екенін танытып, инвесторларды Қызылордаға қызығушылық танытуына ұйтқы болған маңызды шараға айналды.

Иса ҚАМБАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру