Валюта бағамы: $ 378.86 416.78 6.06 ¥ 54.62

Үстіміздегі он айдағы қаржы нарығындағы ахуал хақында

Еліміздің бас банкі ағымдағы кезеңдегі инфляция және инфляциялық күтулер мен халықаралық резервтердің және ақша агрегаттарының жай-күйін мәлім етті. Статистика комитетінің деректері бойынша үстіміздегі жылғы қазанда инфляция 0,6 пайызды құрады, бұл көрсеткіш былтыр осы кезеңде 0,4 пайыз болған еді. Жыл басынан бері инфляция 3,9 пайызға жетті, өткен жылғы қаңтар-қазанда ол 3,7 пайызды құраған-тын. 2019 жылғы қаңтар-қазанда азық-түлік тауарларының бағасы 7,2 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 3,8 пайызға өсті, ақылы қызмет көрсету бағасы 0,1 пайызға төмендеді. Жылдық инфляция 5,5 пайыз деңгейде қалыптасты және 4-6 пайыз нысаналы дәліздің ішінде тұр.
Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 9,7 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 5,2 пайызға өсті. Ақылы қызмет көрсету бағасының жылдық өсу қарқыны 0,8 пайыз болды. 2019 жылғы қазанда халықтың пікіртерім нәтижелері бойынша инфляцияның бір жылдан кейін күтілетін сандық бағалауы 5,6 пайыз болды. Есепті кезеңде Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері алдын ала деректер бойынша 2,4 пайызға немесе 29,5 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайып, жылдың басынан бері төмендеуі 4,6 пайызды немесе 1,4 млрд АҚШ долларын құрады. Өсу алтынмен бағаланатын активтердің және банктер мен басқа да ұйымдардың Ұлттық банктегі шоттарындағы шетел валютасындағы қалдықтарының ұлғаюы есебінен болды. Жалпы алғанда елдің халықаралық резервтері Ұлттық қордың 59,9 млрд АҚШ долларлық шетел валютасындағы активтерін қоса алғанда, 2019 жылғы қазанның соңында 89,4 млрд АҚШ долларына жетті. Ақша базасы 2019 жылғы қазанда 8,1 пайызға, яғни жыл басынан бері 6,1 пайызға кеңейді және 7 058,8 млрд теңге болды. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 5 502 млрд. теңгеге дейін 4,9 пайызға кеңейіп, жыл басынан бері 8,2 пайызға тарылды. 2019 жылғы қазанда ақша массасы алдын ала деректер бойынша 3,3 пайызға, яғни жыл басынан бері 0,9 пайызға ұлғайып, 21 008,3 млрд теңге болды, айналыстағы қолма-қол ақша 2 231 млрд теңгеге дейін 0,1 пайызға төмендеді, сөйтіп жыл басынан бері 1,3 пайызға кеміді. Ұлттық банктің 2019 жылғы 28 қазандағы шешімімен базалық мөлшерлеме жоғары-төмен бір пайыздық дәлізбен жылдық 9,25 пайыз деңгейде сақталды. Ақша нарығында ақша-кредит саясатының операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін, яғни нысаналы мөлшерлеме болып табылатын TONIA индикаторы 2019 жылғы қазан ішінде басым түрде пайыздық дәліздің төменгі шегі және Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі деңгейі арасында қалыптасты. 2019 жылғы қазанда TONIA-ның орташа алынған мәні жылдық 8,49 пайыз болды. Қыркүйекте ол көрсеткіш 8,81 пайызды құраған-тын.
2019 жылғы қазанның соңында Ұлттық банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы немесе бас банктің ашық позициясы 3,8 трлн теңге болды. Тікелей репо операциялары бойынша Ұлттық банктің ашық позициясының көлемі 114,2 млрд теңге болды. Ұлттық банктегі банктік депозиттердің көлемі 801,3 млрд теңгеге дейін, оның ішінде депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі 467,5 млрд теңгеге дейін төмендеді. Айналыстағы қысқа мерзімді ноттардың көлемі 2019 жылғы қазанның соңында бір айда 4,8 пайызға ұлғайып, 2 986,1 млрд теңге болды. Бір мезгілде осындай, 9,25 пайыздық деңгейде ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі сақталды. Қысқа мерзімді ноттар эмиссиясының көлемі 2019 жылғы қазанда 1 063,6 млрд теңгені құрады. Сегіз аукцион өткізілді, оның ішінде 673,6 млрд теңге сомаға бір айлық ноттарды орналастыру бойынша орташа алынған кірістілігі 9,41 пайыз төрт аукцион, 180,1 млрд теңге сомаға үш айлық ноттарды орналастыру бойынша кірістілігі 9,87 пайыз екі аукцион, 73,27 млрд теңге сомаға жарты жылдық ноттар бойынша кірістілігі 10,08 пайыз бір аукцион, 136,6 млрд теңге сомаға бір жылдық ноттарды орналастыру бойынша кірістілігі 10 пайыз екі аукцион өткізілді. Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноттарын өтеу көлемі бір айда 966,45 млрд теңгені құрады. 2019 жылғы қазанда республиканың Қаржы министрлігі 19,8 млрд теңге сомаға орта мерзімді МЕОКАМ және ұзақ мерзімді МЕУКАМ мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастыруды жүзеге асырды. Төрт аукцион өткізілді, оларға бес жылдық МЕОКАМ, жеті жылдық, тоғыз жылдық және он бес жылдық МЕУКАМ орналастырылды. Олар бойынша орташа алынған кірістілік жылдық 9,13 пайыз – 9,9 пайыз аралығында болды. Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі 2019 жылғы қазанда 0,7 пайызға қысқарып, 8 123 млрд теңге болды. 2019 жылғы қазанда кірістілік қисығының қысқа мерзімді сегментінде сыйақы мөлшерлемелерінің өсуі байқалды, бұл қарастырылып отырған кезеңде шығарылған Қаржы министрлігінің он жылға дейінгі борыштық міндеттемелерінің пайдасына нарыққа қатысушылардың мүдделерінің өзгеруіне байланысты болды. Бұл ретте ұзақ мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігі де салыстырмалы түрде өсуді көрсетті. Атап өтілген өзгерістер нәтижесінде кірістілік қисығы теңеліп, оның нысанының инверсиялық деңгейі төмендеді, бұл инвесторлардың күтулерінің өзгеруін көрсетеді.

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру