Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

ШОБ: Қолдау күшейіп, қаржыландыру артты

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалық етуімен Үкімет мүшелері «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы мен бизнесті қолдаудың 2025 жылға дейінгі жаңа тәсілдерін, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру жайын және алдағы жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарын қарады.

Алдағы бесжылдыққа арналған бизнесті қолдау бағдарламасының жобасы туралы ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, бизнес жүргізу негіздеріне оқыту мен кәсіпкерлерге кеңес беру істері жөнінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А.Мырзахметов баяндады.
«Елбасы мықты бизнес – экономика тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі екендігіне мән берді. Осы жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында ШОБ-тың рөлін күшейту және оның ел экономикасындағы үлесін 2025 жылға қарай кем дегенде 35%-ға жеткізу міндетін қойды. Ал 2050 жылы бұл көрсеткіш 50%-ға жетуі керек. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр, соның ішінде заңнамаға өзгерістер енгізілуде», – деді А.Мамин.
Үкімет басшысы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдегенін атап өтті. Мысалы, 2010 жылдан бастап оны іске асырудың нәтижесінде 342 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, 94 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған. Шағын және орта бизнестің еліміздің ІЖӨ-дегі үлесі 2015 жылғы 24,9%-дан 2018 жылы 28,4%-ға дейін өсті. ШОБ өнімдерінің көлемі 10 трлн теңгеге – 13,3-тен 23,4 трлн теңгеге дейін өсті. Саладағы субъектілер саны 300 мыңнан астам цифрға – 900 мыңнан 1,3 млн-ға де­йін көбейді. Биыл Қазақстан Дүние­жүзілік банктің «Doing Business» бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде 28 орыннан 25 орынға көтерілді. 2015 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға 282 млрд теңге бөлінген болса, жаңа «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында бір жарым есе көп қаражат – 421 млрд теңге қарастырылған. Алдағы бес жылдық кезеңде бизнестің ыңғайласпа міндеттемелерін: жұмыс орындарын сақтау мен ұлғайту, төленетін салықтар мен бағдарламаға қатысушылардың кірістерін ұлғайтуды енгізу, франшизаларды сатып алуға және қайта қаржыландыруға несие беру мақсаттарын кеңейту көзделген. Сонымен қатар мемлекеттік гранттың мөлшері, айналым қаражаттарын несиелендіру ұлғайтылады. Бағдар­ламаға екінші деңгейлі банктермен қатар, микроқаржы ұйымдары да қа­тысушы ретінде қосылады. Осы ретте Премьер-министр Ұлттық экономика министрлігіне осы жылдың қараша айының соңына дейін «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының, 2019 жылдың соңына дейін қажетті нормативтік құқықтық актілердің қабылдануын қамтамасыз етуді, «Атамекен» ҰКП және «Даму» АҚ-мен бірлесіп, кәсіпкерлер арасында жаңа бағдарламаның тәсілдері мен мүмкіндіктері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы Елбасы мен Президенттің тапсырмалары бойынша әзірленіп жатқан аудандар, қалалар мен облыстар бойынша аумақтарды дамытудың өңірлік бағдарламалары үшін берік негіз бола алады. Аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Премьер-министрдің орынбасары Р.Скляр, өңірлердегі жағдай туралы бірқатар облыстардың әкімдері баяндады. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жаңғырту, оларды Өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне келтіру. Бүгінде жаңа әдістеме бойынша 3477 перспективалы ауыл іріктелді, онда 6,6 млн адам немесе ауыл халқының 85%-ы тұрады. 2027 жылға дейін жобаға бөлінетін қаражатты 900 млрд теңгеге дейін жоспарланған қосымша арттыруды ескерумен ауылдық жерлерді дамытуға бағытталған басқа мемле­кеттік бағдарламалармен бірге қаржы­ландырудың жалпы көлемі 2 трлн теңгеден асады, ал жобалар саны 30 мыңнан асады.
А.Мамин жобаны іске асыру аясында 7 жыл ішінде ауылдардың барлық инфрақұрылымын жаңарту, 7 мың шақырымнан астам жолды және ауылішілік көшелерді салу мен жөндеу тіршілікті қамтамасыз ететін инженерлік желілерді салу, сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз ету, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт объектілерін реконструкциялау және салу, сонымен қатар 130 мың жаңа жұмыс орындарын құру арқылы 7 млн-ға жуық ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту күтіліп отырғанын атап өтті. Үкімет басшысы «Ауыл – ел бесігі» жобасын қаржыландыруды ұлғайту туралы ұсыныстарды енгізуді, жылдар бойынша топтастырып және қажетті қаржыландыру көлемімен тірек және спутниктік ауылдық елді мекендердің тізімін қайта қарауды, сондай-ақ ағымдағы жылдың соңына дейін 2020-2026 жылдарға арналған жаңартылған «Ауыл – ел бесігі» жобасын дайындауды тапсырды.
Отырыста әділет вице-министрі Н.Пан Үкіметтің заң жобалау жұмыс­тарының 2020 жылға арналған жос­­парының жобасы Елбасының стра­тегиялық нұсқаулары мен Пре­зиденттің тапсырмаларын ескере отырып әзірленгенін атап өтті. Құжат әлеуметтік қамсыздандыру, дене шынықтыру және спорт саласын, арнайы тауарларды бақылау, арнайы мемлекеттік орган­дардың қызметкерлері мен әскери қызмет­шілердің тұрғын үй қатынас­тары, визуалдық ақпарат және басқа салаларды одан әрі дамытуға бағытталған 16 заң жобасын әзірлеуді қарастырады. Жоспарланған заң жобалары Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарымен толық сәйкес келеді және халық үшін маңызды салаларда құқықтық қатынастарды жетілдіруге бағытталған.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру