Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

АСҚАР МАМИН МАҢЫЗДЫ БАСТАМАЛАР ҰСЫНДЫ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Ташкент қаласына сапары аясында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Үкіметтер басшылары кеңесінің (ҮБК) 18-ші отырысына қатысып, онда Ұйымға қатысушы елдердің сауда-экономикалық, цифрлық, көлік және басқа да салалардағы нақты ынтымақтастығын нығайту бойынша бірқатар бастамалар көтерді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.

Бұл туралы ресейлік «РИА Новости» агенттігі де Шанхай Ын­тымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің ҮБК-нің отырысында өзара іс-қимылдардың негізгі бағыттарын, сондай-ақ осы сала жұмысының қағидаларын айқындайтын «ШЫҰ Қалаларының экологиялық қолайлылығын дамыту бағдарламасын бекіту туралы» шешімге қол қойылды, деп жазды.
Бұдан да бұрынырақ Sputnik радиосы ШЫҰ және БРИКС (бес жедел дамушы Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка елдерінің бірлестігі – ред.) бизнес-форумдары 2020 жылы халықаралық болып құрамдасуы мүмкін, деп хабарлаған болатын. Демек, таяу жылдары бұл екі ұйымның да өз қатарларын басқа қызығушылық танытқан мемлекеттер есебінен одан әрі көбейтуі әбден мүмкін.
Енді Тәшкендегі отырыс жайына қайта оралар болсақ, шағын құрамдағы кездесу барысында А.Мамин ШЫҰ Банкін және ШЫҰ дамыту қорын құру бойынша жұмыстарды жандандыруды, Ұйымға мүше мемлекеттердің өзара есептесулерінде ұлттық валюта үлесін арттыру жөніндегі Жол картасын бірлесіп әзірлеуді, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қаржы министрлері мен орталық банктерінің басшыларының кездесулерін қайта жаңғыртуды ұсынды.
Қазақстан Үкіметінің басшысы тараптардың көлік-логистикалық бағыттағы нәтижелі жұмыстарын атап өтті. А.Мамин бақылаушы мемлекеттердің ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің теміржол са­ласындағы өзара іс-қимылы те­тіктеріне қатысуын кеңейтуді, жүктерді автомобильмен тасымалдау үшін рұқсат бланктерін берудің автоматтандырылған жүйесін енгізуді жеделдетуді және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бірлескен Автомобиль жолдарын дамыту бағдарламасын бекітуді ұсынды.
ҚР Премьер-Министрі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көп­жақты сауда-экономикалық ынты­мақтастығы Бағдарламасын іс жүзіне асыру жұмыстарына кәсіпкерлердің ұлттық палаталарын тарту қажеттігі туралы мәлімдеді, сондай-ақ ШЫҰ Хатшылығының халықаралық қаржы мекемелері­мен байланыстарында ілгерілету үшін ШЫҰ инвестициялық жо­баларының Бірыңғай тізімін әзір­леудің маңыздылығын айтты.

Кеңейтілген құрамдағы отырыста Қазақстан Үкіметінің басшысы ШЫҰ, ЕАЭО, АСЕАН және ЕО арасындағы көпжақты диалог форматында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту қажет­тігін баса айтты.
«Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Еуропа мен Азиядағы ірі аймақтық бірлестіктермен және жобалармен серіктестік қарым-қатынастар орнату бойынша «Үш диалог» туралы бастамасы ерекше назар аударуға тұрарлық», – деді А.Мамин.
Қазақстан Үкіметінің басшысы ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерді АХҚО алаңын жаңа қаржы өнімдері мен технологияларын тестілеу үшін пайдалануға шақырды.
«Бүгінде Қытай, Ресей және Өз­бек­стан қаржы технология­ла­ры компаниялары осындай мүм­кіндікті пайдаланып та үлгер­ді», – деп атап өтті ҚР Премьер-Министрі.
А. Мамин Цифрлық экономиканы дамыту жөніндегі кеңесті құру бастамасын көтерді.
«Бұл кеңес 5G, «Ақылды қала­лар», ауқымды деректер, блокчейн, цифрлық активтер тәрізді жаңа техно­­логиялық элементтерді біздің елде­рімізде енгізу бойынша өзара тиімді серіктестікті дамыту, сондай-ақ дата-орталықтарды салу және орналастыру, деректер транзитін дамыту, цифрлық қызметтердің жаһандық нарығына қатысу алаңына айналар еді», – деді ҚР Премьер-Министрі.
Үкімет басшысы ШЫҰ елдерін Қазақстанда құрылған «Жасыл» технологияларды дамыту және инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын тұрақты даму стратегиясын дамыту және озық тәжірибелерді алмасу үшін пайдалануға шақырды.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Шанхай Ынты­мақтастық Ұйымының рөлі мен әлеуеті әлі түгесілген жоқ. Бұл Ұйы­м­ның болашағы зор» деп санайды», – деді А.Мамин.
ШЫҰ ҮБК шағын және кеңей­тілген құрамдағы отырыстарының қорытындылары бойынша 14 құжат қабылданды, оның ішінде бірлескен коммюнике, Көпжақты сауда-экономикалық ынтымастастық бағдарламасының жаңа редакциясы, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің теміржол көлігі саласындағы темір­жолда әкімшілендірудегі Өзара іс-қимыл тұжырымдамасы, ШЫҰ Экономикалық сараптау орталықтары консорциумының регламенті, ШЫҰ Қалаларының экологиялық қо­лайлылығын дамыту бағдарламасы және т.б. бар.
Іс-шара аясында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесті. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, транзиттік-көлік, құрылыс, то­қыма, автомобиль жасау, мәдени-гуманитарлық, туристік және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша кең ауқымды мәселелер талқыланды.
2019 жылғы 9 айдың қорытын­дысы бойынша ҚР мен ӨР ара­сындағы өзара сауда-саттық 25%-ға $2,6 млрд дейін өсті. Алдағы жыл­дары тауар айналымын $5 млрд дейін жеткізу жоспарда бар.

Исатай ҚАМБАРОВ

 


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру