Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Жеңілдікпен несиелеудің жемісі

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асырудың алғашқы жылында 462 жобаға 175 млрд теңге сомасында жеңілдікпен несие берілді. Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Өңдеу өнеркәсібі комитетінің төрағасы Владимир Бобров хабарлады.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың «қара­пайым заттар экономикасын» дамыту жөніндегі бастамасын жүзеге асыру­дың басталуынан бері бір жыл өтті. Атал­ған бастама арқылы отандық бизнесті қолдау мақсатында экономиканы несиелеуге 600 млрд теңге бөлінген», – деп атап өтті Владимир Бобров.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің қолдауымен 2019 жылдың наурыз айында «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту жөнінде жобалық алқа құрылған болатын. Жобаны жүзеге асырудан бастап несиелеу шарттары қайта қаралып, түзетулердің 3 пакеті қабылданды. Соның ішінде қарыз алушыға түпкі мөлшерлеме 8%-дан 6%-ға дейін төмендетілді, қарыз сомасынан 50%-ды кепілдендіру құралы енгізілді, 2 жылға дейін жеңілдік кезеңі енгізілді, жоба құнынан 50%-ға дейін қаражат айналымын толтыру мүмкіндігі белгіленді, қаржыландыруға жататын тауарлар және қызметтер тізімі 1000 аталымға дейін кеңейтілді. АӨК жобалары үшін несиелеу механизміне Аграрлық несие корпорациясы енгізілді.
«Үкіметте және бизнесте жүйелі мәселелер шешілмейінше инвестициялық жобаларды қар­жыландыру тиісті тиімділікті бермейтіні жайында нақты түсінік бар. Осыған байланысты ағымдағы жылдың 5 наурызында Үкімет жеңіл, жиһаз және тамақ өндірісі, құрылыс материалдарын өндіруді кешенді дамыту бойынша жол карталарын мақұлдады, олар «шикізаттан дайын өнімге дейін» қағидаты бойынша салалардың дамуымен бірге олардың талдауымен және жүйелік мәселелерін шешуді қарастырады», – деді Владимир Бобров.
Баспасөз конференциясы барысында өнімді өткізу мәселесі көтерілді, бұл бағыт Премьер-Министрдің ерекше бақылауында.
«Жұмыс наурыз айында бас­тал­ғанын ескерсек, 9 ай ішінде жақсы нәтижелерге қол жет­кізілді. Жеңіл өнеркәсіпте жергілікті қамту үлесі 1%-дан 17%-ға, жиһаз өнеркәсібінде – 5%-дан 22%-ға, тамақ өнеркәсібі және құрылыс материалдары бойынша – 1%-дан 21%-ға дейін артты. Бізде реттелетін сатып алулар 2018 жылы 15,8 трлн теңгені құрады», – деп атап өтті Комитет төрағасы.
Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша 15 қазанда Жобалық алқаның қызмет етуі кеңейтілді. Енді «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасынан бөлек, Жобалық алқа алаңында импорт­ты алмастыру және экспорт мәселелері де қаралуда. Сонымен қатар Ұлттық палата мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірлесіп, Қазақстан өнеркәсібінің ақпараттық жүйесін әзірлеу жұмысы басталды.
«Аталған бастаманы толығымен қолдаймыз. Жүйе кәсіпорыннан тікелей алынған ақпаратпен өнеркәсіптік саясатты жүзеге асыруға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Жүйе әрбір кәсіпорын кескінінде қарымта міндеттемелерді цифрлық форматта мониторинг жасап отыру, импортты алмастыруда жобаларды анықтау, мемлекеттік қолдау шаралары тиімділігін талдау, әр сала бойынша дамудың «сезімтал нүктелерін» анықтау үшін қажет», – деді Владимир Бобров.
Осы деректердің барлығы өнер­­­кәсіп саясатында тиімді әрі уақтылы шешімдерді шығару үшін талдамалық база негізіне алынады.
Жеңіл өнеркәсіп позициясын баспасөз конференциясы барысында «Азала-Текстиль» ЖШС директоры Гүлнара Садықбекова таныстырды. Оның айтуынша, бағдарлама тиімділігін кәсіпкерлер сезініп отыр.
«Жеңілдікпен несиелеу бағдар­ламасы шарттарын жақсарту айналым қаражаттың үлесін арттыру, кепілдендіру механимзін енгізу, мүмкін болатын қызмет түрлерін кеңейту – жеңіл өнеркәсіптегі көптеген кәсіпорындарға Бағдар­ламаға қатысуға мүмкіндік берді. Осы ретте қызмет түрлерін кеңейту мақта мен теріні алғашқы өңдеуден бастап тігін костюмдері мен сыртқы киімдерге дейін жеңіл өнеркәсіп тауарларының барлық номенклатурасын өндіруді дамытуға мүмкіндік береді», – деді кәсіпкер.
Қазіргі таңда жеңіл өнер­кәсіптің шамамен 20 жобасы жалпы сомасы 3,2 млрд теңгеге қаржыландыру алды. Тағы 22 жоба банктердің қа­рауында жатыр.
Сонымен қатар Жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы шеңбе­рінде 15 жиһаз кәсіпорны жалпы сомасы 1 млрд теңгеге несиелер мақұлдауын алды. Банктердің қарауында жалпы сомасы 6,2 млрд теңгеге 9 жоба жатыр.
«Жиһаз компанияларында ғана емес, бүкіл бизнесте айналым қаражатының жетіспеушілігі және несиеленудің жоғары деңгейі негізгі проблемалар болып отыр. Осы ретте көптеген кәсіпорындар инвестициялық бағдарламаны толығымен орындап, қажетті жабдықты сатып алып қойған. Сондықтан, осы мүмкіндікті пайдала отырып, Бағдарлама шеңберінде бізге айналым қаражатын толықтыру және қолданыстағы несиелерді қайта қаржыландыруға несие алуға рұқсат берулеріңізді сұраймын. Бұл шара кәсіпорындардың жұмысын жеңілдетіп, қымбат техниканың бос тұруын төмендетуге мүмкіндік береді», – деді «ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу кәсіпорындарының қауымдастығы» ЗТБ президенті Қанат Ыбыраев.
Спикер Үкімет қолдауының арқасында Қазақстанда өндірілген жиһазды мемлекеттік сатып алу бойынша үлкен жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. 1 шілдеден бастап жиһаз кәсіпорындарын алдын ала біліктілік іріктеуі құралы енгізілді. Осылайша, мемлекеттік мекемелер тексерілген отандық өн­дірушілерден сатып алуы керек.
Импорт тақырыбын жалғастыра отырып, «Қазақстан май-тоң май одағы» қауымдастығының өкілі Галина Онищенко отандық өнім­нің көлемі республиканың ішкі қажеттілігін жауып, экспорттауға мүмкіндік беретінін айтты.
«Импорттың жоғары үлесі қол­даныстағы қуаттылықтың майлы дақылдардың экспорты өсуіне байланысты қолдағы қуаттардың түсуі салдарынан болып отыр. Мәселен, 2018 жылы күнбағыс дәндерінің жалпы өндіріс көлемінен 35%-ы экспортқа кеткен. Жобалық алқа және Үкіметтің қолдауымен біздің май өндіру бойынша қызмет түрі «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына енгізілді. Ары қарай біз қолданыстағы өндірісті кеңейтуді жоспарлап отырмыз, атап айтқанда «қарапайым заттар экономикасы» шеңберінде жеңілдікпен несие алу», – деп атап өтті Галина Онищенко.

Әлия Кемелбекова


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру