Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Әдеттен тыс әрекет ететін кез келді

Елімізде көптеген шағын және орта бизнес өкілдерін біріктіріп отырған AsiaBusinessGrupp – HoldingPartners-EL холдингтік компаниясы мемлекеттің қатысуынсыз шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықты нығайтып, бірлескен іс-қимылдарды жүргізуге дайын. Осы негізде Мемлекет басшысының шетелдік капиталды тарту мен қор нарығын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындауға атсалысу мақсатында компания таяуда бірқатар ведомстволардың қолдауымен елдегі бизнес-климатты әрі қарай жақсартудың перспективаларын қарастыратын халықаралық іс-шара өткізбек. Тың бастамалар жайында ком­пания президенті Мелятхан ХАЙРАНОВ толығырақ айтып берді.

– Мелятхан Дәулетханұлы, Мемлекет басшысы зор маңыз беріп отырғандай, экономика дамуы әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал ететін тың шешімдермен байланысты болуы керек. Осы бағытта сіздер ұсынып отырған механизмдердің тиімділігі неде?
– Елбасының былтырғы Жол­дауында экономикадағы бәсекелестікті дамыту үшін батыл шаралар қабылдау – басым бағыттардың бірі ретінде айқындалды. Ағымдағы жылдың мамырында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемле­кеттің экономикадағы қатысуын шектеу мақсатымен жаңа мемле­кеттік компанияларды құруға мораторий жариялады. Сондай-ақ отандық бизнесті қолдау, инвестициялық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету және халықтың іскерлік белсенділігін ынталандыру – Президент бағдар­­лама­сында айтылған маңызды міндеттер. Мұнымен қоса жа­қында өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин министрлерге және облыс әкімдеріне экономиканың түрлі салаларында негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.
Қазіргі дамудың жаңа кезеңі халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге және қоғамның әлеуметтік-саяси тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал ететін проблемаларды стандарттан тыс, жедел шешуді талап етеді. Әлемнің дамыған мемлекеттерінде экономикалық қарым-қатынастардың жаңа, нәтижелі құрылымдары жасалып, кең қолданыс табуда. Ол іскерлік ахуалды жақсарту мен экономикалық әлеуетті дамыту мақсатында қажетті ресурстары бар тараптардың пайдалы шарттарына негізделген. Осыған орай қажетті ресурстары бар және оларды пайдалану мүмкіндіктеріне ие тараптар бәсекелестік артық­шылыққа ие болуда. Сондық­тан AsiaBusinessGroups – HoldingPartners-El холдингтік ком­па­ниясы ЖШС әлемдік на­рықтық экономиканың ұзақ­­мерзімді тәжірибесін зерделей келе, еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму жағдайында халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды қолға алып, ұтқыр экономикалық әдіс-тәсілдерге ден қоюда. Біз қаржы­лық қызметтерге қол­жетімділікті арттырудың тиімді құралын ұсына отырып, Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін шешумен қатар, әрі қарайғы экономикалық даму жолдарын қарастырамыз. Дамудың жаңа құралы эконо­миканың басым бағыттарын жаң­ғыртуға кепілдік береді.

Бұл ретте экономикалық тұрғы­­дан ең тиімді болып табылатын биржа­лық меха­низмнің құрылымы пайдаланылады. Осылайша, экономика­ның жекелеген бағыттарын қаржы­лан­дыру мемлекет есебінен емес, бәсекеге қабілеттілік пен өндіріс тиімділігі есебінен жүзеге асырылады және қаржыланды­ру жүйесі белгілі бір өзгерістерге ұшы­райды. AsiaBusinessGroups – HoldingPartners-El холдингтік компаниясы серіктестігі бизнес құрылымын қаржыландыру саласында өзара серіктестік құру арқылы бірлескен іс-шаралар атқарады. Нәти­жесінде жоба мердігерін, тапсырыс орындаушысын және инвесторларды біріктіретін үшжақты, былайша айтқанда үш­бұ­рышты экономикалық құрал енгізіледі. Яғни, өндірушілер үшін қар­жы­ландыру көзі – төмен пайыздық мөлшерлемемен несие бере алмайтын банктер емес, тиісті деңгейде қаржыландыру мүмкіндігі бар бизнес өкілдері болмақ. Мұндай қадам еліміздің экономикалық өмірінің тұрақты дамуына кепіл бола алады. Сонымен қатар AsiaBusinessGroups -HoldingPartners-El холдинг компаниясы: экономи­каның түрлі салаларында бизнес-жоспарларды әзірлеп, іске асыруда; жобалық қар­жы­ландыруды қолжетімді ететін тікелей инвестициялау механизмін енгізуде; биржалық құрылымдарға қолайлы әлеуметтік пакетті құрайтын эконо­ми­калық құралдарды тартуда; орта­лық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы диалогты ұйымдастыруда; кәсіпорындардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік беретін қолайлы жағдай жасауда; әлеуметтік-экономикалық және басқа да қажет­тіліктерді қана­ғат­тандыру үшін клас­терлер мен кәсіпорындардың мүд­делерін қорғауда жәрдем көрсетеді. Осылайша, HoldingPartners-El түрлі секторларда өнімділікті арттыруға жағдай жасайтын мемлекеттік мекемелер мен басқа да құрылымдардың жұмысын жандандыруға ықпалын тигізеді. Біз HoldingPartners-El үш­жақты құралы аясында еліміз­дің экономикасын дамытуға бағыт­талған қолайлы жағдайлар жаса­мақпыз. Алдағы форум аясында таныстырылатын Aleminvestor модулінің негізгі тұжырымдамасы – экономиканың басым бағыттарын жаңғыртуға кепілдік беретін әлеу­мет­тік-экономикалық дамудың жаңа механизмін қолдану­мен нарық­тық тәсілдерді жаңартуға белсенді қатысу. Осылайша, елді эко­но­ми­калық өсудің жаңа моделіне жеткі­зетін экономикалық кластер құрылады.
– Ел экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі бастамаларды қолдауда белсенді азаматтық позицияларыңыз ерекше қуантарлық. Білуімізше, сіз бас­қаратын компания дамыған өңірлік орталықтарда экономикалық бел­сенділікті арттыруға бағытталған біре­гей инфрақұрылымдық жобаларды да іске асыруға ниетті.
– Иә, жобаны жасаушылар бірнеше жылдар бойы заманауи инже­нерлік жабдықтарды, дамыған теле­коммуникациялық жүйелерді қолдана отырып, инфрақұрылым­ды мұқият ойластырды. Жобалау кезін­де жаңа архитектуралық шешім­дер қолданылды. Ішкі, сыртқы құрылысқа жаңа, жоғары сапалы материалдар ұсынылды. Сондай-ақ ландшафт дизайнының жоспарланған элементтеріне, қаланы жарықтандыру мен безендіруге көп көңіл бөлінді. Жоба авторлары «Қала жүрегі» бірегей модулінің орналасатын жерін мұқият таңдап, оған болашақта ел­дің стратегиялық маңызды да бе­делді бұрышына айналатын Алматы қаласын лайық деп шешті. Бұл жобаның жалпы құны 470 миллион АҚШ долларын, ал жалпы аумағы 24,5 гектар жерді құрайды. Алматы – үлкен ұлттық мәнге ие еліміздің қаржы-экономикалық орталығы. Бұл іскерлік және саяси белсенділікті жүзеге асыратын бірден бір орын. Мұның бәрі тарихи, мәдени және іскерлік орталықтың бүкіл аумағының таңғажайып бір­лігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ғимараттардың интерьері мен қас­беті заманауи дизайнның үлгісі болады. Жалпы, бұл жоба қалаға ерекше эстетикалық сәулет келбетін береді. Жобаны іске асыру қала мен өңір экономикасы мен мәдениетін дамыту үшін әлеуетті әзірлеушілер мен инвесторларды тартуға, зама­науи инфрақұрылымы бар жаңа шағын аудан құруға, іргелі мегаполисте мәдени, іскерлік орталықты қалыптастыруға, жастарға өз жұмыс­тары мен идеяларын жүзеге асыруға, біліктілікті арттыру институттарын, кадрларды қайта даярлау курстарын ұйымдастыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, қала тұрғындары мен оның қонақтары үшін кешенді қызметтер нарығын кеңейтуге жол ашады.
Көпфункционалды қала – «Әке­лер арманы» жобасы – біздің болжауымыз бойынша көрікті таулармен қоршалған, қарлы шың­дардың арасындағы жасыл түсті қалашық. Іле Алатауы тауларының емдік кли­маты шетелдік келушілер мен қазақстандықтардың өздері үшін маңызды экологиялық тұрғыдан қаланың толық әл-ауқатын қамта­масыз етеді. Дұрыс жоспарланған ландшафт сәулеті табиғи сұлулы­ғымен үйлеседі. Қа­лалық жобада жас ұрпақтың білім беру мекемелеріне үлкен мән беріледі. Білім беру нысандарының құрылысы өркендеп келе жатқан ғылымды, өнерді, жетекші озық технологияларды дамытуға арналған алаңды қамтамасыз етеді. Қалада ғылым, өнер, неке сарайлары, галереялар, көрме залдары, мұражайлар, кинотеатрлар бой көтереді. Спорт әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағынын тартып, халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге жағдай жасалады. Жанкүйерлер ағыны эконо­миканың ең тиімді салала­рының бірі – туризмнің дамуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар муниципалитет, әлеуметтік ны­сандар, медициналық, сауықтыру орталықтары, демалыс үйлері мен пансионаттар жұмыс істейді. Қаржы, бизнес орталықтары, конгресс-холлдар конференцияларға, саммиттерге және басқа деңгейдегі іс-шараларға іскер серіктестерді тартады. Авторлар қала бүкіл елдің гүлденуін қамтамасыз ететін Қазақстанның экономикалық, қаржылық айлағына айналады деп үміттенеді.
– Ізгі ниеттен туындаған көркем идеялардың нақты өмірде нәтижелі болуы маңызды. Жалпы, қазіргі сәтте экономиканың басым салаларында өміршең жобаларды жүзеге асыру үшін компания нендей жұмыстар атқаруда?
– AsiaBusinessGrupp – Hol­ding­Partners-EL холдингтік компаниясы өзара серіктестікті құру, бизнес-құрылымдарды қаржыландыру са­­ласында бірлескен қызметтерді жүр­­гізуде. Үшжақты экономикалық әріптестік шеңберінде мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен біз серіктестерімізбен бірлесе отырып ауыл шаруашылығы, тағам өнімдерінің қаптамасы, көлік салаларында бірқатар жобаларды жүзеге асыра бастадық. Бүгінгі таңда түрлі салада бірлескен бизнесті жүргізу бойынша Қытайдың іскер өкілдерімен келіссөздер жүргізілуде, сондай-ақ Австрияның, Бельгияның инвестициялық қорларымен отан­дық бизнеске инвестиция салу жө­нінде келісімдер жасалды. Мысалы, инновациялық агрокешен жобасы бойынша Алматы облысында өсімдік өнімдері мен тұз өңдеу кешені құрылып, онда экологиялық таза, табиғи өнімдер өндіру қолға алынды, қарқынды технологияларды қолданумен жеміс-жидек өсіріле бастады. Сонымен қатар бүгінде астық шикізат түрінде сатылатын болғандықтан, бидайды тереңдетіп өңдеу зауытын салуды ұсынып отырмыз. Өңдеу барысында бидайдан әлемде үлкен сұранысқа ие крахмал, глютен, жемдік қоспалар алу көзделуде. Өңделген бидайды өткізу оның экономикалық тиімділігін 5-6 есе арттырады. Бұдан бөлек, ASTM стандарты бойынша мыс құбырлары өндірісін құру жоспарлануда. Зауыт­тың жобалық қуаттылығы – жылына 13 000 тонна. Құбыр өндірісін құру озық технологияларға негізде­леді. Жоба қазіргі таңда жылдам қарқын­мен дамып келе жатқан мұнай өңдеу, ма­шина жасау салалары, құрылыс индус­триясы үшін құбырларға тұрақты қа­жет­тілікті ескергенде, өте маңызды болып табылады.
– Келелі диалогыңыз үшін көп рақмет.

Сұхбатты жүргізген –
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру