Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Көмір бағасы қалай түзілуде?

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен әкімдерге делдалдардың көмір компанияларымен сыбайласып кетуіне жол бермеу шараларын қабылдауды тапсырды. Көмір бағасына келісім орын алғанын мәлімдеген Мәжіліс депутаты Павел Казанцевтің айтуынша, кеніштегі көмірдің бір тоннасы 3,5-5 мың теңге тұратын болса, түрлі делдалдардың «елегінен» өткен отын түпкілікті тұтынушыға тоннасына 14-22 мың теңгеден сатылады екен.

Кейінгі жылдары 49 көмір жеткізуші және бір көмір өндіруші компания баға келісімі үшін жауапқа тартылып, 338 миллион теңге айыппұл салынды. Бұған қоса, үкімет баға келісушілігін болдырмау және жеткізу тізбегіндегі өнімсіз делдалдарды жою үшін бірқатар шаралар қабылдады.

Сөйтіп, көмір саудасы биржаларға өткізілді. Ресми түрде баға нарықтық жағдайда болатындай барлық жағдай жасалғанымен, әлеуметтік маңызды жүктің халыққа қолжетімділігі әлі де даулы мәселе болып қалуда. Тұрғындар тарапынан көмірді жет­кізушілерге қатысты шағымның көбейіп кетуіне байланысты қазірде ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті тексерулер жүргізді. Тексерулердің нәтижесі көмір тасымалдаушылардың үш жігін ажыратып көрсеткендей. Елдегі көмір бағасына қатысты деректермен бөліскен комитет төрағасы Қанат Байытовтың айтуынша, қазірде көмір разрездеріне өздері барып тиеп алып, халыққа жеткізетіндер, темір жол тұйықтарынан көмірді Нұр-Сұлтанның шегінде 100 шақырымға дейін жеткізіп беретіндер, сондай-ақ көмірді сатып алып, жол бойында қымбатырақ бағаға өткізіп тұратындар қалыптасқан. Тасымалдаушылардың үшінші жігі, былайша айтқанда, таксишілер көмірді сатып алып, үсте­ме бағаға қайта сатады. Десе де, мұн­дай адамдар өте аз және көмір баға­сына әсер ете алмайды.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі күні түрлі кен орындарынан өндірілген әртүрлі көмір маркасы өндіру және сату нүктесіне дейінгі арақашықтыққа байланысты 7 мыңнан 19 мың теңгеге дейін ауытқып тұрады. Мысалы, астанаға мониторинг жасау барысында қазіргі уақытта қаланың әртүрлі бөлігінде 11 нүктеде көмір сатумен айналысатын 8 компания айқындалды. 24-30 қазан аралығында елордаға 141 вагон, 9,7 мың тонна көмір жеткізілді. Оның ішінде Майкөбеден 72, Шұбар­көлден 34, Қаражырадан 35 вагон көмір келді. Шұбаркөл көмірінің тоннасы 12,5 мың, Қаражыранікі 12,7 мың, Майкөбенікі 13 мың, Богатырь-Көмірдікі 9,5 мың теңгеден болған.
Бүгінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін көмірдің жалпы көлемі тауарлық биржа арқылы өткізіледі. Энергетика және өнеркәсіп кәсіпорындарына көмір тікелей келісімшарттар бой­ынша разрездердің босатылатын бағалары бойынша тиеледі. Ком­муналдық-тұрмыстық қажет­тіліктер мен тұрғындар үшін көмір бағасы разрезде тиеу бағасына (өндірілуіне байланысты тоннасы үшін 3-7 мың теңге аралығында), тасымалдау­ға жұмсалатын темір жол тарифте­ріне, жылжымалы құрамға қызмет көр­сетуге, көмірдің биржалық баға­сына, сондай-ақ тұрғындарға көмір жет­кізетін делдал ұйымдар мен жеке тұл­ғалардың маржасына байланысты болады. Сонымен қоса, Ұлттық экономика министрлігі жүргізген талдаулар көтерме бағамен жеткі­зушілермен (делдалдармен) тауар­лық биржадан соң 1 тонна көмір­ге үстеме баға 90% құрайтынын көрсетті.
Қазір тұрғындар мен комму­нал­дық-тұрмыстық секторды 2019-2020 жылдардағы жылыту маусымында қажетті әрі сапалы көмір көлемімен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында. Жалпы, 30 қазандағы шұғыл деректер бойынша 89 млн тонна көмір өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес ке­зеңімен салыстырғанда 98% құрайды. Осы кезеңде елдің ішкі нарығына көмірді жеткізу 61 млн тоннаны құрады, оның ішінде: энергия өндіруші кәсіпорындарға 46,0 млн тонна, өнеркәсіп кәсіпорында­рына 5,6 млн тонна, коммунал­­дық-тұрмыстық қажеттіліктерге және ха­лыққа 9,1 млн тонна көмір тиелді. Өткен жылғыдай жылыту маусымы алдында көмірге қатысты дау-дамай туындатпау үшін жергілікті атқарушы органдар 2019-2020 жылдарға ар­налған коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін көмір өнімінің қажеттілігі жоспарын жасады. Есеп бойынша биыл 10,5 млн тонна көмір тұтыну, оның ішінде 2,7 млн тонна – коммунал­дық-тұрмыстық қажеттіліктерге, 7,7 – тұрғындардың тұтынуына жос­парланған. Министрлік апта сайын жоспардың орындалуы мен көмірмен қамтылуға мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар 30 қазандағы жағдай бойынша коммуналдық-тұрмыстық сектор жалпы жоспарға қатысты көмір қорымен 92,2%, тұрғындар – 76,1% қамтамасыз етілген. Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар облыстарының, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін көмір жеткізудің жылдық кестесін толық қамтамасыз етті. Ақмола облысында «Идеал-Трейд» ЖШС трейдерінің Шұбаркөл көмірін жеткізуге келісімшартты орындамауына қатысты мәселе шешіліп, көмір жоспар бойынша екі ауысымды режимде тиелуде. 25-30 қазан аралығында «Идеал-Трейд» ЖШС өтінімдері бойынша Ақтөбе облысына 14 вагон немесе 950 тонна көмір тиелді. Сондай-ақ Шұбаркөл разрезінде көмірдің өз бетімен әкетуге өткізу қабілетін арттыру мақсатында қосымша таразы іске қосылды. Разрез бүйірінде көмірді өз бетімен тасымалдау кезектілік тәртібімен жүзеге асырылады. 28 қазандағы жағдай бойынша кезек 50-60 жүк машиналарын құрайды. Өз бетімен тасымалдаудың жалпы көлемі – тәулігіне 3600 тонна. Қаражыра разрезінде өз бетімен тасымалдауда тиеу көлемі тәулігіне шамамен 1600 тонанны құрайды. Көмірді өз бетімен тасымалдауға кезекте 30-35 жүк машинасы бар. Сонымен қатар көмір тиеуді арттыру үшін «Қаражыра» АҚ өнімділігі жоғары жаңа техника сатып алды, бұл көмір тиеу көлемін 8 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік берді. «Майкөбен-Вест» ЖШС-ында өз бетімен тасымалдауда тиеу көлемі тәулігіне 2500 тоннаны, «Богатырь» разрезінде – 1500 тоннаны құрайды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру