Валюта бағамы: $ 387.16 428.47 6.08 ¥ 55.13

Төлем теңгерімі немесе көрпеге қарай көсілу хақында

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Қалтадағы пұлды базардағы баға билеген зама­нымыздың қабағын бағып, тиыннан сом құрауға тырысып келе жатқан қаймана жұртымыздың әлі күнге емі табылмай отырған экономикалық «сырқатын» от тілді ойшыл ақын Қадыр Мырзалиев кезінде «қазақ осы байлықты шашу үшін жинайтын» деп бір-ақ сөйлемге сыйғызып, сипаттап берген болатын. Бұл сырқат – таусылмайтын той, ысырапшылық. Ақи­қатқа жүгінген азаматтардың тоқтам-уәждеріне қарамастан көбі кредит алып жасалатын аста-төк тойдың түрі жылдан-жылға көбейіп келеді, ал осыған орай халықтың қаржылық әлеуетінен тыс шығындары да арта түсуде. Жанұя – шағын мемлекет деген бесенеден белгілі тұжырымда шындықтың бір ұшы бары рас. Жұртымызды көрпеге қарай көсілуге шақыруымыз мемлекетті де айналып өтпеуге тиіс, бұл орайда ғылым тілінде төлем балансы болмаса теңгерімі деген термин тілге тиек етіледі.
Қаржының тілі қысқа. Сөйтсе де, үстіміздегі жылғы бірінші тоқсан үшін ағымдағы операциялар шоты өткен жылғы осы кезеңдегі 0,9 млрд АҚШ долл. болған дефицитпен салыстырғанда 0,4 млрд АҚШ долларына барабар профицитпен қалыптасқаны жөніндегі еліміздің бас банкінің жедел ақпарын жағымды жаңалыққа баладық. Бағамдап қарасақ, ағымдағы операциялар шотының жақсаруы тікелей инвестициялардан ақы төлеу кірістерінің 2018 жылғы бірінші тоқсандағы 5,8 млрд АҚШ долларынан 2019 жылғы бірінші тоқсандағы 5,1 млрд АҚШ долларына дейін төмендеуіне байланысты бастапқы кірістер балансы дефицитінің қысқаруы есебінен, сондай-ақ сауда балансы профицитінің ұлғаюы есебінен орын алған екен. 2019 жылғы бірінші тоқсанда brent сұрыпты мұнайдың әлемдік бағасы орташа алғанда бір баррель үшін 63,3 долл. болып, өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 5,5 пайызға төмендеген. Төлем балансын жіктеу бойынша тауарлар экспорты 2018 жылғы бірінші тоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда 2,2 пайызға ұлғайып, 13,9 млрд долл. болған. Сауда балансының профициті 2019 жылғы тоқсанда 2018 жылғы тоқсандағы деңгейдегі 8,5 пайызға ұлғайып, 6,7 млрд. долл. болған. Тауарлардың ресми экспорты 13,3 млрд. долларды құраған, бұл 2018 жылғы тоқсандағы көрсеткіштен 4,3 пайызға аз. Мұнай және газ конденсатының құны 2018 жылғы тоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда келісімшарт бағасының қысқаруы есебінен, сол сияқты нақты жеткізулер көлемінің азаюы есебінен 9,7 пайызға төмендеген. Түсті металдар экспорты келісімшарт бағасы төмендеген кезде нақты жеткізулер көлемінің ұлғаюы есебінен 1,8 пайызға өскен. Түсті металдар экспорты құнының 25,4 пайызға қысқаруы келісімшарт бағасының төмендеуіне, сол сияқты нақты жеткізу көлемінің азаюына себепші болған. Астық экспорты 25,8 пайызға өскен. Тауарлардың ресми импорты 7 млрд. долл. болып, 3,6 пайызға төмендеген. Импорттың төмендеуі тұтыну тауарлары импортын қоспағанда, негізгі тауарлық номенклатураның барлық топтары бойынша орын алған. Инвестициялық тауарлар бойынша импорт құнының ең көп азаюы 6,4 пайыз немесе 166 млн. долларды құрады. Аралық тұтыну тауарлары 5,8 пайызға немесе 154 млн. долларға қысқарды. Тұтынушылық тауарлар импорты 3,4 пайызға немесе 62 млн. долларға ұлғайды. Азық-түлік тауарларын әкелу 7,3 пайызға немесе 54 млн. долларға төмендеді, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 10,6 пайызға немесе 117 млн. долларға өсті. Қазақстанның негізгі сауда әріптестері Ресейден және Қытайдан импорт 2018 жылғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда тиісінше 0,4 пайызға және 8,5 пайызға төмендеді. Ресейдің жалпы импорттағы үлесі 39,6 пайыздан 40,9 пайызға дейін өсіп, ал Қытайдың үлесі 15,7 пайыздан 14,9 пайызға дейін төмендеді.
Осы орайда халықаралық қызметтер балансының дефициті 2018 жылғы бірінші тоқсандағы деңгейде сақталып, 0,9 млрд доллар болғанын атап өткеніміз жөн. Бұл ретте көрсетілетін қызметтер экспорты 3,7 пайызға, ал импорт 2,3 пайызға ұлғайды. Халықаралық қызметтердің сыртқы сауда айналымы 4,2 млрд. долларға дейін 2,8 пайызға ұлғайды. Қызмет көрсету экспорты 58,2 млн. долларға ұлғайып, 1,6 млрд. долл. болды. Қызмет көрсету экспортының өсімі отандық авиатасымалдаушылардың кірістерінің 1,8 есе немесе 40,7 млн. долларға ұлғаюы арқылы қамтамасыз етілді. Бұдан басқа, резиденттердің бейрезиденттерге көрсеткен құрылыс жұмыстарынан түскен кірістер 11,6 млн. АҚШ долларына дейін өсті. Отандық көлік компанияларының республиканың аумағы арқылы мұнай және газ құбыр транзиті бойынша қызмет көрсету экспортындағы ең көп үлесті құрайтын бейрезиденттерге көрсететін қызметі 5,1 пайызға немесе 28,1 млн. долларға төмендеді және 519,4 млн. долл. болды. Бейрезиденттердің Қазақстанға іссапарының шығыстары 5,9 пайызға немесе 26,7 млн. долларға қысқарды. Халықаралық қызметтер импорты 57,8 млн. долларға ұлғайып, 2,6 млрд. долл. болды. Халықаралық қызметтер импортының құрылымында басқа да іскерлік қызметтерге шығыстар 4,8 пайызға немесе 53,5 млн. долларға өсті, ол қызметтер импорты жалпы көлемінің 45,7 пайызын құрады және негізінен бейрезиденттердің республика аумағындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысуына байланысты болды. Сонымен қатар, құрылыс қызметін көрсету импортының 12,7 млн. долларға өсуі байқалды, бұл негізінен бейрезиденттердің республика аумағындағы теміржол және автомобиль магистралдарының аяқталмаған учаскелері құрылысының жалғасуына орай орын алды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру